Редакция ұсынады

Тамақ ішіп отырғанымызда кенелер бізді қалай жейді?

Пикникке шақырылмаған қонақ

Жаз мезгілі уақытты табиғат аясында өткізуге тартып тұратындай. Алайда ультракүлгін сәулелер мен кенет жауып кетуі ықтимал жаңбырдан бөлек бізді басқа да жағымсыздықтар, яғни, кенелер аңдып тұрады. Кішкентай ғана өрмекшітәрізді қан соратын жәндіктер, олардың кейбірі, тіпті, адам үшін мүлдем қауіпсіз, дегенмен қауіпті аурулардың жұқтырушысы болуы бек мүмкін.


Кенелер қайда мекендейді?

Шын мәнісінде – барлық жерде: орманда да, ауылда да, қалада да. Кенелер ұйқысынан сонау сәуір айында, яғни, ауа температурасы +5 градустан жоғары көтерілген кезде оянады, ал қазан-қараша айларында ұйқыға кетеді. Маусым айы нақ осы кенелер белсенділігінің шыңы болып саналады. Олар негізінен бұталық пен биік шөптің арасында ормандар, үй іргесіндегі телімдер, өзендер мен көлдердің жағалаулары секілді көлеңкелі және ылғалды жерлерде мекендейді. Кенелер әсіресе таңертеңгі және кешкі уақытта, соның шінде жақсы ауа райы кезінде аса белсенді болып келеді – аптап ыстықта, салқын немесе жаңбырлы күндерде кененің шағып алуына тап болу ықтималдығы әлдеқайда төмен келеді, алайда бұл ықтималдықты мүлдем жоққа шығаруға болмайды.

Кенелер несімен қауіпті?

Кенелер өте баяу қозғалады, сондықтан олар өздерінің олжасын қуаламайды, оның орнына биік шөптің арасында отырып алып, қолайлы әлдебіреудің өте жақын жерден өткенін күтеді. Тіпті, дененің үстіне отырған кезде де кене бірден шақпайды екен, ол терісі нәзік келетін анағұрлым қолайлы жерді – мойын, қолтық асты шұқыры, шап, құлақтың артындағы кеңістікті іздейді. 

Жалпы алғанда кене шағуының өзі ауырсынбайды: басқа да қан соратын жәндіктер секілді кенелер өздерінің сөлімен шаққан жеріндегі ауырсынуды басуға қабілетті болып келеді, сондықтан шаққан сәттен денеде кенені тауып алғанша дейін бірнеше сағат немесе, тіпті, бірнеше тәулік өтіп кетуі әбден мүмкін. Дегенмен кенелер көбінесе кене энецефалиті мен Лайм ауруы (немесе кене боррелиозы) секілді күрделі дерттердің жұқтырушылары болып саналады. Бұл аурудың екеуі де аса ауыр өтуі ықтимал, сонымен бірге адам ағзасы үшін өте жағымсыз салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін.

Қазақстанда энцефалит кенелері негізінен Алматы және Шығыс-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласы мен оның айналасында кездеседі. Дегенмен соңғы жылдары энцефалитке шалдығу жағдайлары Ақмола облысында да тіркеліп отыр.

Кенелерден қорғанудың жолы?

Саябақ, орман, тау немесе, тіпті, әжеңіздің ауылына барған кезде белгілі бір сақтық шараларды ұстанған абзал: 

●     ақшыл және бір түсті киімді таңдаңыз: мұндай киімнің үстінде шақырылмаған қонақты жеңіл байқауға болады;

●     әрбір 1,5–2 сағат сайын өз киіміңізді, тері көрінетін ашық жерлерді, үй жануарларын тексеріп отырыңыз;

●     жәндіктерге қарсы спрей мен жақпа майларды қолданғаныңыз жөн. Олардың кейбіреулері терінің үстіне жағылады және өзінің ащы иісімен жәндіктерді қорқытады, ал кейбіреулері адам терісі үшін зиянды болғандықтан, тек қана киімнің үстіне қолданылады, дегенмен кенені өлтіруге қабілетті болады.

Шағып алды. Не істеу керек?

Ең алдымен – дүрбелеңге салынбаған дұрыс. Нақ жұқтырушы кенеге тап болу қаупі аса жоғары емес. Ең жақсы шешім – жақын жердегі медициналық көмек көрсетілетін орынға бару, сол жерде хирург кенені алып тастайды да, оны талдауға жібереді. Кенені өз бетіңізбен де алып тастай аласыз, алайда мұндай жағдайда оны езіп жіберу немесе өлтіру тәуекелі бар. Ешбір жағдайда шағылған жерді сірке суы немесе маймен жағуға болмайды – бұл кенені өлтірмейді, дегенмен жәндік ішіндегі вирустарымен бірге қанды құсып тастауы әбден мүмкін. Сондай-ақ кенені кенет жұлып алудың да қажеті жоқ – жәндіктің басы немесе бізтұмсығы денеңізде қалып қоюы ықтимал. Егер сіз бәрібір кенені өз бетіңізбен алып тастаған болсаңыз, жараны йодпен немесе басқа ерітіндімен майлағаныңыз жөн. Шаққан жердің қалай жазылып жатқанын, әрі өзіңіздің хал-жайыңызды міндетті түрде қадағалап отырыңыз.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз