Тұз – ең басты және бірінші дәмдеуіш. Онсыз бірде-бір тамақты елестету мүмкін емес. Бірақ қантпен қатар тұзды «ақ өлім» деп атайды, себебі ол жүрек-қан тамырлар ауруларының және инсульттың пайда болу қатерін арттырады. Тұздың тәуліктік ұсынылатын көлемі – 5 грамм, алайда мамандар оны көп адамның бұл көрсеткіштен екі есе артық тұтынатынын, осылайша денсаулығына зиян келтіретінін айтады.

Тұтынылатын тұздың көлемін азайту үшін қандай негізгі ережелерді ұстанған жөн?

1. Тамаққа дайын соус, әсіресе майонез негізінде жасалған тұздық қоспауға тырысыңыз.

2. Жүрек жалғап алғыңыз келсе, үйреншікті чипсының орнына кептірілген немесе балғын жеміс-жидек алып көріңіз.

3. Гарнир әзірлеген кезде қоңыр күріш, киноа, арпа жармасы секілді өңделмеген азық-түлікті қолданып көріңіз.

4. Тамақтың дәмі кірмей тұрса, тұздың орнына лимон шырынын немесе бальзам соусын пайдаланыңыз.

5. Ең бастысы, өзіңізді бірден шектемеңіз, керісінше, пайдалы әдеттерді біртіндеп қалыптастыруға тырысыңыз: мәселен, көбірек су ішіңіз, өзіңізге ұнатын спорт түрімен айналысыңыз, фаст-фуд жеуді азайтыңыз.