Редакция ұсынады

Неліктен Дисней ханшайымдары – еліктеу үшін жаман үлгі?

Барлығын психологқа жіберу керек

Неліктен Дисней ханшайымдары – еліктеу үшін жаман үлгі?: Барлығын психологқа жіберу керек

Дисней ханшайымдары кеңінен танылған мультфильмдер кейіпкерлері болғанымен әрі көптеген балалар мен ересектердің пікірі және мінез-құлқына айтарлықтай әсер еткенімен еліктеу үшін әрдайым мінсіз бейне бола бермейді.

Мультфильмдердің басқа да кейіпкерлері секілді ханшайымдар көрермен арасында алуан түрлі эмоционалдық реакцияларды тудыруы мүмкін. Дегенмен олардың хикаялары және персонаждарының кейбір тұстары мен қырлары нағыз психологиялық жарақатқа соқтыруы ықтимал, әсіресе, қабылдау және әсерге тез берілгіш келетін балалар үшін қауіпті.

Мәселен, әрқашан күрделі жағдайларға тап болатын және құтқаруды қажет ететін ханшайымдар туралы таптаурын түсінік өзін сол ханшайыммен салыстыра бастайтын қыздардың өзін-өзі бағалауы мен өзіне деген сенімділігіне кері әсер етуі мүмкін (негізінен ата-аналардың өздері де қыздарын кішкентай ханшайым деп атай отырып, отқа май құйғандай болады).

Тағы бір жағымсыз тұстардың бірі – кейбір ханшайымдар ер адамдардың, яғни, ханзада немесе әкесінің айтқандарынан шықпай, оларға бағынуы тиіс жағдайлар көрсетіліп отырады. Бұл балалар арасында әйелдердің тәуелділігі және олардың өз бетімен шешім қабылдаудың мүмкін еместігі секілді ұғымды қалыптастыруы ықтимал.

Сонымен қатар кейбір хикаялар мен персонаждар зорлық-зомбылық пен қатыгездік көріністерді көрсетуі мүмкін. Мәселен, өздерінің мақсаттарына жетуге кедергі келтіретін ханшайымды немесе басқа кейіпкерлерді өлтіргісі келетін жауыз әйелдер. Бұл балалардың қорқынышы мен үрейін тудыруы әбден мүмкін (егер мен әдемі болсам, менде әртүрлі мәселелер туындауы мүмкін, онша сұлу емес және әлдеқайда күшті әйелдер маған міндетті түрде зиян келтіруге тырысады), әрі озбырлықтың арқасында түйткілдерді шешуге болады деген қате түсінікті қалыптастырады.

Психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, Дисней ханшайымдары дамудың әртүрлі кезеңдеріндегі әйелдердің типтік архетиптері болып саналады. Әрбір ханшайым қоғамда орын алатын белгілі бір сипаттамалар мен көзқарастарды бейнелеп тұрады.

Сондай-ақ оқу Мүлдем ұят емес Қазақстандағы жыныс сауаты туралы жобаны кім және не үшін іске қосты?

Мәселен, «Мұзды өлке» атты мультфильміндегі Эльза кейіпкері өмірдегі өз орнын іздеп жүрген, әрі өзін қабылдау жолындағы әртүрлі қиындықтарға тап болатын әйел бейнесін сомдайды. Оның кейіпкері өзанықталым мен жеке қабілеттерінің дамуы арқасында өзін-өзі таныта білу идеалын бейнелеп тұрғандай.

«Алладин» мультфильміндегі Жасмин ханшайымы, «Кішкентай су перісі» хикаясындағы Ариэль, «Сұлу мен құбыжық» фильміндегі Бэль – өз бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген әйелдер мысалдары. Олар әйелдердің дәстүрлі рөлдеріне қарсы тұрып, оларды жеке тұлға ретінде қабылдауы үшін және өз ережелерімен сәйкес өмір сүруге тырысады.

Дегенмен, үлгі тұтар мысалдардан бөлек, бұл кейіпкерлерде психологиялық жарақаттардың бар екендігі де байқалады, солардан арылу арқасында ғана олар өз-өздерін «табады».

Мәселен, «Сұлу мен құбыжық» хикаясындағы Бэльді алып көрелік, – ол «Стокгольм синдромына» ие типтік ортақ тәуелділігі бар құрбан, әкесі үшін жанын пида етуге дайын, ал ақырында, тіпті, оны биік мұнараның ішінде бұғаулап тастаған құбыжыққа ғашық болып қалады (иә, көрермендерге бұл хикаяны үлкен шытырман оқиғаларды көксеу мен жиһанкездік пен жанқиярлыққа құмарту ретінде көрсеткенімен, шындыққа тура қарайықшы: әуел баста құрбан болмаған, әрі эмоционалдық тұрғыдан сау әйел өзінің жазалаушысының тұлғасынан «әдемі ханзаданы» көруі екі талай). Не болмаса Күлшеқызды алайық, – бұл нағыз инфантильдік бикеш (жағдайлардың құрбаны), өгей анасының дегеніне бағынып, өмірін қандай да бір жолмен өзгертуге күш салмайтын, ал балдан кейін, тіпті, ханзадамен танысса да, өзінің қиын тағдырына мойынсұнып, қайтадан қайдағы бір «ғажайыптарды» күтіп отырады.

Жалпы алғанда Дисней ханшайымдары мықты, тәуелсіз және табанды әйелдер ретінде көрсетілген, әрі олар өздерінің құндылықтары мен құқықтары үшін күресуден қорықпайды. Олар қазіргі заманғы қоғамда көкейкесті мәселе болып саналатын өзанықталымның, жеке бас бостандығы және өзін-өзі танытудың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар ханшайымдардың бейнелері өскелең ұрпаққа күштеп таңылатын және оларда жалпы болмыс шындығы турасындағы екі түрлі әсер тудыруы мүмкін кейбір таптаурындарды да бірге алып жүреді.

Сұлулық ең маңызды нәрсе

Көптеген Disney ханшайымдары ерекше әдемі етіп бейнеленеді, осылайша, сыртқы келбет ең маңызды қасиеттердің бірі ретінде атап көрсетіледі. Бұл өз кезегінде сыртқы келбеттің ең маңызды қасиет деген таптаурынды нығайта отырып, ал ақыл-ой, дарын және тұлға секілді басқа қасиеттердің мәнділігі онша жоғары еместігін білдіріп тұрғандай болады.

Құрбандық пен қорғансыздық

Disney әлемінің кейбір ханшайымдары әртүрлі жағдайлардың құрбанына айналады да, бақыттарына жету үшін ер адамдар (өгей шешелерінен, басқа жағдайлардан) тарапынан құтқарылуын қажет етеді. Бұл өз кезегінде әйелдердің әлсіз және ерлерге тәуелді болуы керек деген секілді қате хабарламаны жолдауы мүмкін.

Әйелдерді «жақсы» және «жаман» деп бөлу

Disney фильмдерінің көбісінде ханшайымдар жақсы жандар ретінде, ал басқа әйелдер – жаман адамдар етіп көрсетіледі. Мысалы, «Күлшеқыз» бен «Малефисента» хикаяларындағы ханшайымдардың өгей шешелері нағыз зұлым адамдар болып саналады. Бұл әйелдердің тек бір типті, яғни, жақсы немесе жаман бола алады деген таптаурынды нығайтуы мүмкін.

Дәстүрлі гендерлік рөлдер

Ханшайымдардың дені дәстүрлі гендерлік рөлдерде бейнеленген, бұл жерде олар үй шаруасымен ғана айналысады және отбасыға қамқорлық танытады да, ал ер адамдар оларды қорғайды. Бұл ерлердің тек қана қорғаушы болуға тиістігін, ал әйелдер – үй шаруасындағы қамқор әйелдер болуы керек деген таптаурынды нығайта түседі. Алайда, шын мәнісінде, бүгінгі таңда көптеген әйелдер кәсіпқойлық тұрғыдан өте табысты және жоғары сұранысқа ие болып отыр.

Экзотикалық таптаурындар

Жасмин және Покахонтас секілді кейбір ханшайымдар экзотикалық әрі жұмбақ кейпінде суреттеленген, бұл өзге мәдениеттерге жататын әйелдер «басқа» және ерекше келеді деген таптаурынды нығайтуы әбден мүмкін.

Әрекетсіздік (инфантильдік)

Кейбір Дисней ханшайымдары оларды белгілі бір нәрселерге мәжбүрлегенде ғана әрекет ете бастайды. Бұл әйелдердің белсенді және табанды бола алмайтындығы туралы хабарламаны жолдауы ықтимал. Сонымен бірге тәуелсіз шешімдерді қабылдау олар үшін, тіпті, қажеті де жоқ іспетті.

Әлбетте, Дисней ханшайымдары мейірімділік, жанашырлық, батылдық және т.б. секілді көптеген жағымды қасиеттерге де ие. Дегенмен, олар ойдан шығарылған кейіпкерлер екендігін және олар шынайы өмірде әрқашан үлгі тұтарлық жақсы мысал бола бермейтіндігін ұмытпаған абзал. Олар әдетте қамалдарда өмір сүретін және ханзадаларға тұрмысқа шығатын әдемі, мейірімді, ақылды және дарынды қыздар ретінде бейнеленеді. Осы тұста балаларыңызбен өмірде шындығында да маңызды қасиеттердің, соның ішінде өзін-өзі бағалау, өзіңді және өзгелерді құрметтеу және т.б. заттардың мәні туралы талқылап отырғаныңыз маңызды.

Әрбір адам бірегей және оның өзіндік мықты және әлсіз жақтары болады. Сондықтан біреуге еліктеуге емес, тіпті, ол ойдан шығарылған кейіпкер болса да, оның орнына өзіңіздің жеке қасиеттеріңізді дамыту және өзіндік мақсаттарға қолжеткізуге тырысқан жөн.

Дисней ханшайымдарына теңелудің орнына балаларға табысты және өмірдегі мақсаттарына жеткен шынайы адамдарға қарап шабыт пен қолдау іздегендері абзал. Мысалы, өздерінің ата-анасына еліктеу.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

4
2
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз