Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Жаман әдеттердің себептерін анықтаудың жолы қандай?

Отбасылық дәрігер Елена Хегай айтып береді

Неліктен адамдар темекіні жиі тартады? Жаман әдеттердің даму себептері қандай? Мұнымен қалай күресуге болады? Қазақстандықтар негізінен қандай мәселелер бойынша терапевтке жүгінеді? «Кішігірім мақсаттар» тактикасы дегеніміз не? Әрі неліктен Қазақстанда отбасылық дәрігердің рөлі жете бағаланбай отыр? Осы және басқа да маңызды сұрақтарға әйгілі отбасылық дәрігер Елена Хегай жауап берді.


Жаман әдеттердің себептері қалай анықталады – неліктен адамдар темекіні жиі тартады, неліктен адамдар ішімдікті жиі ішеді, неліктен адамдар түйткілдерге тап болса, оны бір сәтке ұмыту үшін тамақ жеуге ұмтылады және тағы да сол секілді жайттар?

– Жаман әдеттердің даму себептері алуан түрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың пайда болуына нақты не себеп болғандығын анықтап алу үшін тек қана медициналық тексеру ғана емес, сонымен қатар кешенді психологиялық баға берудің қажеттілігі туындайтын жағдайлар да көптеп кездеседі. Көбінесе жаман әдеттер мен тәуелділіктердің дамуына әкелетін қоздырғыштар депрессия, мазасыз ауытқулар және басқа да менталды түйткілдер болып келеді.

Сонымен бірге әдеттер мен тәуелділіктерді ажырата білген маңызды. Әшейінде әдет деп біздің еріккенімізден немесе күйзеліс (мазасыздық) кезінде баратын әрекеттерімізді атайды. Мәселен, олардың қатарына теледидарды қарау барысында тырнақты тістелей беру немесе жұмыс істеудің орнына Reels-ті шексіз көруді жатқызуға болады. Менің ойымша, мұндай жағдай әрқайсысымызға да таныс шығар. Дегенмен, егер де адам өзін мазасызданған, ренжіген, ашуланған немесе көңілсіз сезінген жағдайлардың әрқайсысында белгілі бір әрекеттерге жүгіне берсе, онда бұл жерде тәуелділік бар деген сөз. Сонымен адамдардың темекі тарту, ішімдікке салыну, есірткіні тұтыну, шамадан тыс тамақ ішу және т.с.с. денсаулықтарына айқын түрде зиян тигізетін әрекеттерді саналы түрде жасауының себебі неде? Әрі неліктен біз қалаған кезде өзіміздің өмір салтымызды жай ғана өзгерте алмаймыз? Мұның негізгі себебі әдеттерді қалыптастыру механизмінде жатыр. Әдеттер белгілі бір әрекеттердің автоматизмге жеткенге дейін көп қайтара қайталана беруі арқылы қалыптасады.

Әдеттердің қалыптасуы барысында «сыйақы циклі» маңызды рөлді атқарып отырады, осы тұста біз үшін жағымды бір ынталандырма миымыздағы «ләззат алу орталығын» қоздырады да, әрі дофамин, яғни, «қуаныш гормонының» бөлінуін тудырады, бұл біз үшін сол мезетте жағымды бір сезімдермен бірге жүріп жатады. Дәл осы жағымды «кері байланыстың» механизмі жаман әдеттердің жылдам бекітілуіне септігін тигізеді. Мәселен, темекі тарту бастағы айқындық, денедегі жеңілдік пен бойыңды еркін ұстау секілді сезімдерді тудырады; шамадан тыс тамақ ішу қан құрамындағы қант мөлшерінің күрт көтерілуіне әкеліп соқтырады да, бұл күш-қуаттың (қысқа мерзімге) артуымен ілесіп жүреді; алкогольді тұтыну адамдардың өздерін еркін сезінуге септігін тигізеді: сондықтан күйзеліс немесе көңілсіздік кезінде адамдардың жағымды сезімдерді қайта-қайта жаңартқысы келетіндігі де таңқаларлық нәрсе емес – міне, дәл осылай тәуелділік дами түседі.

Жаман әдеттерінен құтылғысы келетін қанша адам көмегіңізге жүгінеді, қанша адам өз дегендеріне жетеді?

– Мен негізінен емханалық кезеңде терапевттер, ЖТД және педиатрлардың темекі тарту, ішімдікке салыну және артық салмақ секілді әдеттері бар адамдарды жиі кездестіретіндігін айтар едім. Жалпы алғанда біздің пациенттеріміз бастапқы буындағы дәрігерлердің (терапевттер, педиатрлар, ЖТД) пікірін жаман әдеттерге қарсы күрес жүргізу мәселелерінде аса беделді деп санамайды. Көптеген адамдар хелз-коучтердің, фитнес-жаттықтырушылардың, тәлімгерлердің, шикілей жеу ұстанымы жақтаушыларының, нутрициологтар және «сауықтыру қызметтерінің» басқа да өкілдерінің көмегіне жүгінуді жөн көреді.

Маған келудің басты себебі ретінде жаман әдеттерінен құтылу болып келетін пациенттер саны аса көп емес. Әдетте бұл «қызығушылық» қабылдау кезінде белсенді түрдегі сұрақ қою барысында анықталады. Мәселен, өз басым пациенттерден темекі тартатындары немесе алкогольді тұтынатындары жайында міндетті түрде сұраймын. Егер «иә» деген жауап болса, онда қандай мөлшерде екендігін білуге тырысамын. Мысалы, егер де пациент темекі тартса, мен одан осы әдетінен арылу туралы ойлары бола ма екендігі турасында сұрастырамын. Және тіпті, «жоқ» деген жауап болған жағдайда да, мен оларға әшейін ғана, егер қызық болса, біз әрдайым осы тақырыпқа орала алатынымыз туралы және темекі шегуден бас тарту немесе кем дегенде денсаулық үшін зиянды төмендету мақсатында шегілетін темекінің санын азайту үшін әлеуетті стратегияларды талдай алатынымыз жайлы айта кетемін. Бұл алкогольді тұтыну немесе тамақтану сипатына байланысты да айтылып отырады. Дегенмен қабылдау кезіндегі уақыттың тығыздығы салдарынан мен пациенттің негізгі келу себебіне ғана басты назар аударуыма тура келеді – көбінесе бұл қандай да бір ауру болып келеді, ал өмір салтын өзгерту бойынша кеңес беру үшін бөлек қабылдау қажет, алайда ол үшін барлығы бірдей орала бермейді. Мұндағы жақсы жаңалық деп пациенттерімнің арасында өз өмір салтын әйтеуір өзгертуге шешім қабылдағандардың барлығы дерлік қойған жеке мақсаттарына қол жеткізгендерін айтуға болады.

Темекі тартуға, алкогольді ішімдіктерді ішуге және дұрыс тамақтанбауға толық тыйым салудан басқа салауатты баламалар бар ма? Әлемдік тәжірибеде дәрігерлер әртүрлі тәсілдемелерді пайдаланып келеді. Ал қазақстандық терапевттердің қандай да бір әдістері бар ма екен? Пациенттеріңіздің белгілі бір көрнекті, мотивациялық хикаяларын мысалға келтіре аласыз ба?

– Әлбетте, жаман әдеттерді әлдеқайда пайдалы (немесе зияны анағұрлым азырақ болатын) әдеттермен алмастыру бойынша тәсілдемелер мен әдістер өте көп, алайда олардың негізгілері мотивациялық әңгімеге (мотивациялық сұхбатқа) келіп тіреледі, бұл жерде әрбір пациенттің жеке уәждемесі және мақсаттары анықталады (бұл жаман әдет оларға несімен кедергі келтіреді және олар қандай нәтижеге қол жеткізуді қалап отыр), сондай-ақ дербес жоспар құрылады, пациент белгіленген уақыт аралықтарында шағын кезеңдерге бөлінген осы жоспар бойынша белгілі бір межелерге қол жеткізуі керек. Бір өкініштісі, Қазақстанда болашақта дәрігер болатын студенттерді де, терапевттерді де, әрі ЖТД мамандарын да мұндай тәсілдемелерге үйретпейді. Қазіргі уақытта бүкіл білетінім мен істей алатынымның барлығы да – бұл менің шет елде оқуымның және шетелдік серіктестермен жұмыс істеу тәжірибемнің жемісі болып келеді.

Мен жұмысымда көбінесе «кішігірім мақсаттар» тактикасын қолданып келемін, яғни, түпкі мақсатты көптеген шағын, дегенмен анағұрлым қолжетімділеріне бөліп беремін. Мәселен, темекі шегу жағдайында күніне 20 шылым тартатын пациенттерге шегілетін темекінің санын айына бір данаға азайтуды ұсына аламын: демек келесі айда темекі қорабын сатып алған кезде бір шылымды бірден қоқысқа тастай салып, ал қорап ішінде қалғандарын тарта беруге болады. Әрі осылай ай сайын жасау қажет – сонда пациент жылдың аяғында шегілетін темекінің санын 12 данаға қысқарта алады. Әрине, бұл мінсіз нұсқа болмаса да, дегенмен айтарықтай жақсы тәсіл. Артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан пациенттерге келесі жайтты түсіндіруге тырысамын: біз рекордтық мерзім ішінде арықтау мақсатын қоймаймыз – салмақтың дене массасының бастапқы көрсеткішінен, тіпті, 5%-ға төмендеуінің өзі адамның денсаулығына оң әсер етеді, сондықтан бірінші айда 2% деген мақсатты қоюға әбден болады.

Жақсы әдеттерді қалыптастыру үшін де сол бір қағидаттар қажет – белгілі бір әрекетті ұдайы қайталап отыру (автоматизмге дейін жеткізу) және жағымды «кері байланыс» (ләззат алу) болуға тиіс. Бір айдан кейін темекінің бір данасына кем шылым шегілсе, не болмаса әуел бастағы салмақтың 2% жоғалтқан жағдайда – біз өзімізге риза боламыз және өзімізді мақтан тұта бастаймыз, әрі бұл жұмысымызды ары қарай жалғастыра беруге ынталадыра түседі. Сондықтан осындай «қолжетімді» мақсаттарды жеке түрде және әрбір пациентпен бірлесіп таңдаған өте маңызды болып саналады.

Өмір салтын өзгерту тұрғысынан қарайтын болсақ, мен үшін экспаттармен (шетелдік пациенттермен) жұмыс істеу аса қатты ұнайды. Мен олардың және біздің менталитеттеріміз арасында үлкен айырмашылықты байқап келемін. Қалай дегенмен шетелдіктер біздерге қарағанда өз денсаулықтарына әлдеқайда зор жауапкершілікпен қарайды және осы тұста өте тәртіпті болып келеді. Менің есімде қалған бір американдық пациентім болды, қабылдауыма алғаш рет келген кезде ол 27 жаста еді, әрі отбасында қант диабетіне байланысты ауырлаған анамнездің бар екендігін айтып берген болатын – оның анасы да, әкесі де ІІ типті қант диабетіне шалдыққан екен, екеуінде де – айқын семіздік бар, ал жақында әкесіне табанын кесіп тастау бойынша ота жасалған (бұл бақыланбайтын қант диабетінің жиі кездесетін асқынуы). Өзінің әкесіне қарап, менің пациентім, өзі жас болса да, дегенмен семіздікке шалдыққан және қан құрамындағы қант деңгейінің көрсеткіші де жоғары болғандықтан, денсаулығына қауіп төніп тұрғандығын түсінді. Ол қант диабетіне, әрі одан кейінгі асқынуларға тап болғысы келмеді. Шынымды айтсам, ұсыныстарды жаза отырып, сондай-ақ ол үшін үш айға арналған дербес жоспарды құрғанымда өз ішімнен оны қайтадан көретініме мүлдем сенбедім.

Тура үш айдан кейін ол қабылдауыма қайта келіп мені бір таңғалдырды, өзі 10 кг арықтаған және қан құрамындағы қант деңгейі де қалыпты дерлік болып шықты. Тағы да үш айдан кейін оның салмағы норманың жоғарғы шегіне жақындап қалды, ал қант деңгейі енді ешқандай алаңдаушылықты тудырмады. Бұл мен үшін нағыз сабақ болған шүбәсіз, өйткені дәрігер ретінде өзімнің пациенттеріме де көбірек сенуім керек екен.

Сіздің тәжірибеңізде өзінің белгілі бір тәуелділігін жеңе алатынына сенбейтін эмоционалдық тұрғыдан күйзеліске ұшыраған пациентпен жұмыс істеу жағдайы болған ба? Осы тұста сіз қандай тәсілді қолданып көрдіңіз?

– Шыны керек, мұндай жағдай болған, алайда ол пациент емес, менің жақсы бір танысым еді. Оның ішімдікке деген тәуелділігі болатын, дегенмен оның бар екендігін әуел баста, тіпті, танысымның өзі де, отбасының мүшелері де жете түсінбеген. Мен оған жалықтырмай, әрі кінә тақпай түйткілдің мәнін жеткізуге тырыстым, сөйтіп арамызда бірнеше «риясыз әңгіме» болған. Біршама уақыттан кейін мен жетістікке жеттім, алайда ол қанша талпыныс жасағанымен, өз бетінше ішімдіктен бас тарта алмайтыны белгілі болып шықты. Әрбір кері қайту, яғни, ішімдікке салыну жағдайынан кейін ол өзін жолы болмаушы адам деп атап, әрі ол үшін ішімдікті тастау жолындағы талпыныстары барған сайын қиынырақ бола түсетін. Мен одан депрессия және мазасыз ауытқулар туралы сауалнаманы толтыруды сұрадым да, нәтижесін көргенімде, оған антидепрессанттарды қабылдауды және психотерапевтпен жұмыс істеуді ұсындым. Бірнеше айдан кейін ол маған осы емнің көмегі тигені туралы және алкогольдің енді қажетсіз екендігін хабарлады. Тәуелділіктің даму барысының негізінде көбінесе, әрі дәл осы танысымның жағдайындағыдай, менталды түйткілдер жатыр, осыны емдей бастап, біздер бір оқпен екі қоянды атып алдық.

Қазақстанда отбасылық дәрігерге жүгінудің ең кеңінен таралған себебі қандай?

– Бір өкініштісі, Қазақстанда шетелдермен салыстырғанда отбасылық дәрігерлерге деген көзқарас мүлдем басқаша болып келеді. Науқастар емханадағы отбасылық дәрігерге келген кезде негізінен дәріқағаздар, еңбекке жарамсыздық парақтары немесе тар ауқымды маманға бару үшін жолдама алу үшін ғана жүгінеді. Ал жеке клиникаларда көбінесе тұмауратып қалған балалар мен ересектерді көріп отырамыз. Ал шын мәнісінде нағыз отбасылық дәрігер – бұл адамдардың медициналық көмекке жүгінетін түйткілдерінің 90% жуық жағдайында шешім табуға көмектесе алатын маман, – бұл ешқандай да асыра сілтеусіз айтылған сөз. Мәселен, менің «сүйікті» жағдайларым – бұл күрделі коморбидті науқастар, яғни, бұл жерде бірнеше созылмалы ауруы және дерттің теңгерілмеген түрлері бар пациенттер болады. Осындай науқастар егде жастағы адамдар арасында көптеп кездеседі, әрі олар негізінен бірнеше тар ауқымды маманның диспансерлік есебінде тұрады да, соңғылары тек өздерінің профильдерін біле отырып, басқа мамандардың ем тағайындауларын ескермейді, нәтижесінде науқас кейде үш-бес түрлі дәрігердің жазып берген 15–20 жуық дәрі-дәрмегін қабылдап жүруі әбден мүмкін. Асыра емдеу – күллі әлем бойынша өлім-жітімнің себептері ішіндегі ең маңыздысы болып отыр, тіпті, қатаң фармацевтикалық бақылау жүргізілетін елдердің өзінде жағдай мәз емес. Ал бізде бұл туралы ойланатын адамдар кемде-кем: әйтпесе осы жағдайды басқаша түсіндіруге болмайды. Сондықтан отбасылық дәрігердің науқасқа берілетін емдік көмектің басты үйлестірушісі ретіндегі рөлін жете бағаламауға болмас. Біздің елімізде де ерте ме, кеш пе осы жайтты ұғынады деген үмітім бар.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

8
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз