Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Repair Café: ескі заттардың жаңа өмірі

Құнтты және қыруар қоқысқа қарсы тұратын жандарға арналған әлемдік тренд туралы

Repair Café: ескі заттардың жаңа өмірі: Құнтты және қыруар қоқысқа қарсы тұратын жандарға арналған әлемдік тренд туралы

Бүлінген техника, желініп қалған сыдырма ілгек, сынған орындық – осы және басқа көптеген заттарды бүгінгі таңда Repair Café деп аталатын жерде жамап-жөндеп алуға болады. Маңызды жайт – бұл қызмет үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Әлемдегі жөндеу мәдениетінің жаңғыруы туралы – осы мақалада.


Repair Café дегеніміз не?

Бұл қалыптасқан түсінік бойынша кафе де емес, жөндеу бюросы да емес, ең дұрысы оны қозғалыс немесе қоғамдастық деп атасақ болады, бұл дегеніміз әрі хэндмэйд-үйірме, әрі жөндеу шеберханасы, мұндай жерде бүлінген, бірақ жүрегімізге ыстық заттар бір сиқырдың күшімен екінші, кейде тіпті үшінші ғұмырын кешу мүмкіндігіне ие болады. Бұл игі іске шебер-волонтерлер қолғабыс етеді. 

Бұл қозғалыстың ерекшелігі неде?

Мұнда екі негізгі жайтқа назар аударған жөн. Біріншіден, қайталап өтейік, ақша төлеудің қажеті жоқ. Қайлай болғанда да, жұмыстың өзі тегін, ал бөлшектер мен қосалқы нәрселердің құны бөлек әңгіме. Және, екіншіден, жөндеу мәдениетінің идеясы көне болғанмен, Repair Café тұжырымдамасының арқасында ол әлеуметтік маңызды ұстанымға айналып отыр – қазіргі таңда бұл ғаламшардың ластануына қарсы белсенді наразылық.

Repair Café-ні кім ойлап тапты?

Қозғалыс 2009 жылы Амстердамда пайда болған, оған журналист әрі эколог Мартина Постма қозғау салған, ол «тостер немесе кофеқайнатқышты жөндеуге әркімнің қабілеті жете бермейтін молшылық пен ессіз тұтынуды үгіттейтін қоғамға қарсы» шыққан болатын. 

Сондай-ақ оқу Із қалдырмаймыз Никотин жеткізуге арналған құрылғыны қалай утилдеу керек?

2010 жылы «Жөндеу кафесі» атты біртұтас қор құрылды, бұл қордың мақсаты жеке жөндеу кафелерін ұйымдастыру бастамасында бүкіл әлем бойынша топтарға көмек көрсету болды. 2015 жылы Мартина осындай шеберханаларды қалыптастыру жөнінде «Лақтырып тастау? Өйтпеген жөн!» (Weggooien? Mooi niet!) атты кітабын шығарды. Ал 2017 жылы күнтізбеге Халықаралық жөндеу күні енгізілді, ол жыл сайын қазан айының үшінші сенбісі күні аталынып өтеді.

Бүгінде қозғалысты жақтаушылар заңнамалық деңгейдегі жөндеу құқығы үшін күрес жүргізуде. Дилерлердің қосалқы бөлшектерге еркін қолжетімділікті қамтасыз етуін талап етуде. Тұрмыстық құрылғылар оларды ашқан кезде бүлінбей қайта жиналуы тиіс деп есептейді. Бұл мүмкін болуы үшін оларды жабыстыру не тойтарып шегелеуге болмайтынын айтады. Тұтынушылар өндірушіден жөндеу жөніндегі нұсқаулықты, электр схемаларды және жөндеу жөніндегі басқа да ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болуы тиіс деп санайды.

Тек қана Голландияда ма?

Жоқ, идея адамдардың көңілінен шықты, аз уақыт ішінде ұқсас кафе-шеберханалар бүкіл дүние жүзінде ашыла бастады. Өткен жылы олардың саны 2000-ға жетті. Бүгінгі таңда мұндай клубтардың ең көп саны Нидерланд елінде, сонымен қатар олар Германия, Швейцария, Ұлыбритания, Чехия, АҚШ, Канада, Австралия және Үндістанда бар. Бұл тізімде, әттең, біздің ел жоқ.

Repair Café қалай жұмыс істейді?

Жөндеу кафелері әдетте қоғамдық орындарда, оның ішінде кітапханаларда, университет қалашықтарында және тіпті шікреуде өткізіледі. Іс шара қашан және қайда өткізілетіні туралы хабар тиісті сайттар немесе мессенджер арқылы таратылады.

Көп жағдайда Repair Café қызметкерлері заттарды жамап-жөндеп қана қоймай, басқаларды үйрету мақсатында мастер-кластар ұйымдастырады. Сондай-ақ ең жиі кездесетін ақаулардың статистикасын жүргізеді, мұндай ақпар өндірушілерге өз өнімін жетілдіруге көмектеседі.

Сонымен бірге әртүрлі агрегаттар жалға беріледі. Яғни егер сіз өз мысығыңызға үй халатын жасап бермекші болсаңыз, ол үшін тігін машинасын сатып алудың қажеті жоқ, оны уақытша ала тұруға болады. Бұдан бөлек, Repair Café-де печеньемен шай немесе кофе ішу, жақсы музыка тыңдау салты бар.

Мен Қазақстанның тұрғыны болсам, не істеу керек?

  1. Уайымға салынбаңыз.
  2. Негізінде кез келген затты, ақшасын төлеуге қажет болса да, жөндеп алуға болатынын естен шығармаңыз. Осы себепті одан құтылып, жаңасын алуға асықпаңыз.
  3. Мәселені өз бетіңізше шешіп көріңіз. Интернетте тиісті ұсынымдар мен нұсқаулықтар баршылық. «Сделай сам» деген секілді кеңес дәуіренен қалған ескі кітаптар да жарап қалады. Ең қызығы, мұндай кітаптарда осы күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған ақпарат бар. Осылайша сіз үнемдейсіз, ғаламшарға көмегіңіз тиеді, сүйікті велигіңіз немесе ноутыңыздың құрылысымен танысасыз және өзіңіздің технологияның пассивті тұтынушысы ғана емес, сондай-ақ бөлшектен бөлшекке, құрылғыдан құрылғыға әлемді өзгертуге қабілетті ерен жан екеніңізді дәлелдейсіз.
  4. Және ең жанкешті қадам – Мартина Постмаға хат жазып, өз қалаңызда Repair Café ашуға әрекет жасап көру. Біреу қолға алуы тиіс қой.

 

Аударған Алмас Өтебай

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз