Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • Сүт сатушының әдісі: қоқыс көзі болуды қалай тоқтатамыз?
Редакция ұсынады

Сүт сатушының әдісі: қоқыс көзі болуды қалай тоқтатамыз?

Әлемді құтқару жайлы лайфхак

Сүт сатушының әдісі: қоқыс көзі болуды қалай тоқтатамыз?: Әлемді құтқару жайлы лайфхак

Біз бір немесе тіпті екі сиыр сатып ал дегелі отырған жоқпыз... Тек әлемде һәм Қазақстанда танымалдығы артып келе жатқан керемет концептке назар аударсаңыздар дейміз. 


Ол қандай концепт?

Сүт сататын адам таңертең үйдің немесе коттедждің алдына келіп сүт қойып кететіні және кейінірек бос бөтелкелерді жинап алатыны суреттелген кадрларды Американың ескі киноларынан бәріміз көрдік. Сәл күтсек, әлгі адамның келесі күні жаңа сауылған сүті бар бөтелкені қайта алып келетінін байқар едік.

Кеңестік, тіпті посткеңестік қалалардағы аулада таңғы ауаны жаңғыртып естілетін «Жаңа сауылған сүт, сүзбе, қатық, айран» деген дауыс та көбіміздің есімізде. Қолына бидон ұстаған ел сыртқа ағылатын, кейін алған сүтін кәстрөлде қайнатып, басқа ыдыстырға құйып сақтайтын. Ал аяқ асты бидоны болмай қалса, біреуден сұрап алатын және артынан оны иесіне міндетті түрде қайтарып беретін. Жалпы, Кеңес Одағының ресми сүт индустриясының өзі «қайтарылатын қаптама» қағидаты бойынша жұмыс істеді. Қаймақ пен майонезден бастап бүкіл сүт өнімі әйнек ыдыста сатылды. Ал әйнек ыдысты қабылдау бағасы өте жоғары болды, тіпті бөтелкенің өзі оған құйылған сүт, лимонад және басқа ыдыстарға қарағанда әлдеқайда қымбат саналды. Мұндай тәсіл ыдысқа мұқият болуды үйретті.

Осыдан кейін... бірреттік пластик дәуірі басталды. Ондаған жылдың ішінде, яғни салыстырмалы түрде аз ғана уақыт ішінде адамзат планетаны алып қоқыс жәшігіне айналдырып үлгерді. Ертеңін ойламаған әлдекімнің қалай болса солай тастай салған пластик бөтелкелері мен алуан түрлі ыдыс-сауыттарынан келер зиянды аз да болса төмендету үшін саналы өндіріс орындары мен бұқараға арналған тауар сатушылар өнімдерінің планетаға зардап тигізбеуін бақылауға алуға тырысып бағуда. Басқаша айтқанда, олар сүт сатушының әдісіне көшті.

Бұл әдіс бойынша қаптама түріндегі қалдық «шығармайтын» түрлі азық-түлік алып-сатудың айналма жүйесі қолданылады. Оған, мысалы, көпреттік ыдысты немесе қолданылған ыдысты қайта өңдеу үшін дүкенге өткізуді жатқыща аламыз. Мұндай амал Zero Waste, яғни «нөл қалдық» деген сәнді атауға ие болды.

Сыртта жағдай қалай?

Лондонда орналасқан Thornton's Budgens супермаркетінде сүт арнайы автоматта құйылма түрде сатылады. Дүкенге өз бөтелкеңмен келуге болады немесе сол жерде көлемі 0,5 яки 1 литр болатын әйнек ыдыс сатып алу мүмкіндігі бар. Одан бөлек бұл бөтелкеге супермаркетте, мәселен, апельсин шырынын немесе жержаңғақ майын құйдыртып та ала аласыз.

Американың Häagen-Dazs деген танымал балмұздақ бренді өнімнің оңтайлы температурасын әдеттегіден ұзағырақ ұстап тұра алатын және кейін сатып алушылар оны ыдыс ретінде пайдаланатын немесе дүкенге стерилдеп, қайта қолдану үшін өткізетін, тот баспайтын болаттан жасалған жаңа контейнер ойлап тапты.

Аталған жүйелер компаниялар сәтті PR-бастамалармен есте қалуға ғана емес, қызық әрі ұзаққа жететін қаптама дизайндарын ойлап табуда шығармашылыққа еркіндік беруге мүмкіндік ашады.

Сондай-ақ оқу Жасылдар партиясы Арамызда eco-friendly адам бар ма?

Бізде не болып жатыр?

Helloeco – өзін «Қазақстандағы тұңғыш Zero Waste экодүкен» деп мақтанышпен атайтын онлайн- және офлайн-дүкен. Мұнда тек азық-түлік ғана емес, экологиялық тұрмыстық және косметикалық тауарлар да сатылады. Дүкенге өз ыдысыңызбен келе аласыз. Немесе қайта-қайта пайдалануға болатынын да сатып алу қарастырылған. Әлгі біз айтқан Лондондағыдай.

Астана мен Алматыдағы сұлулық және денсаулыққа арналған Telli дүкені барлық тұтынушыға қолданылған өнімдердің қаптамасын (пластик және әйнек) өткізу мүмкіндігін ұсынады. Пластик қоқысты Telli командасы өңдеуге жібереді, ал әйнек құтылар үшін дүкенде стерилдеуге арналған автоклав бар. Бос ыдыс алып келген клиенттер ұнамды жеңілдік немесе арнайы сыйлық алады.

ЭКОмикс табиғи косметика дүкені де дәл осылай жұмыс істейді. Бұған қоса бұл жерде сұйық сабын, сусабын секілді тән күтімі мен үйге арналған тауарлар құйылмалы түрде сатылады.

Дүниені саналы түрде тұтыну Қазақстанға осылай біртіндеп еніп жатыр. 

Кез келген дүкен «сапарын» экологиялық етуге болады

Қандай да бір жағдайға байланысты сүтті Лондоннан барып ала алмасаңыз, ал үйіңізге ең жақын тұрған азық-түлік сататын орын Zero Waste емес, кәдімгі супермаркет болса, ештеңе етпейді. Бұл жағдайда күнделікті экоэтикетіңізге ең болмаса мына бірнеше қарапайым ережені қосып қойыңыз. Оның бәрін бұлжытпай орындау алғашқыда қиын көрінуі мүмкін, алайда кейін үйреніп кетесіз, ең бастысы, берілмеңіз.

  • Жұмыртқаға арналған картон немесе пластик қаптамадан бас тарту үшін, сол пластиктен жасалған, бірақ көпреттік ыдыс табыңыз.
  • Көкөніс пен жеміс-жидекті арнайы экоқапшықтарға салып өлшеуге және алып жүруге болады. Қазір мұндай қапшық тігетін қазақстандық кәсіпкерлер көп. Екінші жағынан, отандық өндірушіні де қолдап шығасыз.
  • Дүкен мен базарға өз сөмке немесе рюкзагыңызды ұстай барыңыз. Бес жыл бұрын қолыңыздағы авоська елдің күлкісін тудырса, қазір оныңызға жұрт құрметпен қарап, ісіңізге әділ бағасын береді. 


Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз