Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Жолдағы қауіп-қатер: жүргізушілердің арылуды қажет ететін 5 әдеті

Жолдағы қауіп-қатер: жүргізушілердің арылуды қажет ететін 5 әдеті:

Жол апаттары – адамдар арасындағы өлім-жітім мен жарақаттардың негізгі себептерінің бірі. 2022 жылдың алғашқы 9 айында ғана қазақстандық жолдардың бойында 10,2 мың жол-көлік оқиғасы орын алып, осы тұста 15 мың адам зардап шексе, шамамен 1,7 мың адам қаза тапты. Егер жүргізушілер көлік жүргізу кезінде өздерінің қауіпті әдеттерінен бас тартқандарында, бұл апаттардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Бүгін осындай бес әдетті қарастырамыз да, жолдарымызды әлдеқайда қауіпсіз ету үшін сол әдеттерден аулақ болудың амалдары туралы айтып береміз.

Телефонға алаңдау

Көптеген жүргізушілер үшін смартфондар жол сілтеуге қажетті нәрсе. Алайда көлікті жүргізу кезінде телефонды пайдалану жол апаттары қаупінің төрт есе артуына әкеліп соқтырады. Телефон қоңыраулары, біреумен жазысып отыру және әлеуметтік желілерді қарау көлік жүргізушісінен көптапсырмалы болуды талап етеді. Бұл оның зейін қоюын төмендетеді және жолдағы тиімді шешімдерді қабылдау қабілетін нашарлата түседі. Зерттеулер көрсеткендей, тіпті, қарапайым сөйлесіп отырудың кезінде (телефон арқылы емес) жүргізушілердің ақыл-ой ресурстары жұмсалады екен, әрі кеңістіктегі ақпаратты өңдеу көлемі 37%-ға төмендейді.

Егер көлігіңізді айдау үшін смартфон қажет болса, онда сізді алаңдатқызатын жайттарды барынша алып тастауға тырысқаныңыз абзал: «мазаламау» режимін қосып қойыңыз, төтенше жағдайда нөмірді жылдам теру қызметін пайдаланыңыз және телефонды мықтап ұстайтын құралға инвестиция құйғаныңыз жөн.

Көлікте темекі тарту

Темекі тартудан артық зиянды не бар? Британдық медициналық қауымдастықтың сарапшылары мынадай жауап берген еді: көлік ішінде темекі тарту. Шылымқұмардың пәтерімен салыстырғанда, көлік ішіндегі уытты заттектердің шоғырлану мөлшері 27 есе жоғары, ал түнгі барларға қарағанда, 20 есе артық болады екен. Бұл жерде ашық тұрған терезе де, жұмыс істеп тұрған кондиционер де көмектеспейді, өйткені бөлшектер (олардың 85% көзге көрінбейді және олардың иісі жоқ) көлік салонындағы беттерде қалып қояды да, желдету жүйелерінің ішінде жиналып қалады. Яғни, соңғы шегілген темекіден кейін, тіпті, бірнеше күн немесе бірнеше апта өтсе де, жүргізуші мен жолаушылар пассивті түрде темекі тартуды жалғастыра береді екен. Темекі тарту адамның денсаулығына деген әсер ететін көрнекі қауіп-қатерлерден басқа жүргізушінің көңілін алаң еткізеді де, осылайша, жолда қауіпті жағдай туындауы мүмкін. Шылым шегу – жаман әдет, дегенмен, одан бас тарту қолыңыздан келмеген жағдайда, ең болмағанда, көліктің ішінде отырып темекі тартпауға тырысқаныңыз абзал. Не болмаса, балама ретінде түтін шығармайтын құрылғыларды қолдануға болады. Мұнда көзге түсуі мүмкін, әрі сол себептен жүргізушінің кеңістіктегі бағдарлау қабілетін жоғалтып алуына әкелетін темекі түтіні жоқ.

Айта кетерлік жайт, темекі түтінінің салдарынан көліктің өзі де зардап шегеді. Темекінің түтіні өзінен кейін жағымсыз иісті қалдырады және салонға зиян келтіруі ықтимал, бұл өз кезегінде көліктің бағасына кері әсер ететіні сөзсіз.

Мас күйде көлік жүргізу

Алкоголь көлік жүргізуге қажетті барлық рефлекстерге әсер етеді: соның ішінде реакцияны төмендетеді, қимыл-қозғалыс үйлестірімін нашарлатады және зейін қоюға теріс әсерін тигізеді. Сол себептен мас күйде көлік айдау жолдағы қозғалыстың барлық қатысушылары үшін қауіп төндіреді. Бұл жай ғана жаман әдет емес, бұл қозғалыс ережелерінің ауыр бұзушылығы болып саналады, әрі ол үшін 15 тәулікке әкімшілік тұтқынға алу және 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылу қарастырылған.

2020 жылдан бастап Қазақстанда мас болу дәрежесі белгіленген промилле кестесі қолданылмайтын болған, ендігіден былай қорытынды тек қана нарколог дәрігерінің бағалауына негізделеді. Өйткені, рұқсат етілген промиллелер түсінігі заңда анықталмағандықтан, қауіп келтірмейтін алкоголь мөлшері жоқ деп саналады.

Егер хал-ахуалға байланысты күмән туындап жатса, жүргізушілер қан құрамындағы алкогольдің мөлшерін анықтайтын және рөлге отыруға болатындай уақытты есептеп беретін алко-калькулятордың көмегіне жүгінеді. Дегенмен, бұл көрсеткіштерге белгілі бір дәрежедегі күдікшілдікпен қараған дұрыс: өйткені әрбір адамның ағзасына байланысты өзіндік ерекшеліктердің бар екендігін ескерсек, бұл жерде қателіктердің болуы әбден мүмкін. Ең абзалы – сақтану мақсатында көлік айдауды сау жүргізушіге тапсырғаныңыз дұрысырақ.

Ұйқының қанбауы және шаршағандық

Тәулігіне 6 сағаттан кем уақыт ұйықтайтын көлік жүргізушілері, 7 сағат немесе 8 сағат ұйықтайтын адамдарға қарағанда, жол апатының болу қаупін 33%-ға арттырады екен. Жоғары қауіп-қатер ұйқының қанбауы мен шаршағандыққа байланысты болып отыр, бұл реакцияның төмендеуіне, зейін шоғырлануының нашарлауына және күйзеліс деңгейінің жоғарылауына әкеліп соқтырады. Мұны статистика да растап отыр – түнде жол-көлік оқиғаларының саны азырақ болғанымен, осы уақытта болатын апаттардың өліммен аяқталатын жағдайлары көбірек кездеседі. Бұл жерде бірнеше фактор маңызды рөл атқарады, соның ішінде жолдардағы жүктеменің төмен болуына байланысты жүргізушілердің көлік жылдамдығын арттыруы, сонымен қатар олардың шаршағандығының салдарынан қырағылықты жоғалтуы.

Кофе мен энергетиктерді ішу

Алайда түндегі ұйқының болмағанның орнын энергетикалық сусындар және кофе ішумен алмастыруға асықпаңыздар. Кофеин шаршағандықты қысқа уақытқа білдіртпеуі мүмкін, дегенмен, оның әсері басылған кезде реакция уақыты мен зейінді шоғырландыру қабілеті одан бетер нашарлай түседі. Мұндай хал-ахуалды әдетте «құлау» (ағылш. crash) деп атайды, өзінің белгілері бойынша бұл мастықтың салдарына ұқсайды.

Ұзақ уақытты алатын жол сапарына шығардың алдында өз жай-күйіңізді бағалаңыз. Жеңіл шаршағандық қана болса, онда аздап мызғып алуға болады және сергіту жаттығуларын жасау да көмектесе алады, ал егер қатты шаршағандықтың белгілері болса, рөлге отырмағаныңыз абзал.



Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

1
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз