Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

40 жаста ата-анамен бірге тұру

Мұндағы не нәрсе дұрыс емес?

40 жаста ата-анамен бірге тұру: Мұндағы не нәрсе дұрыс емес?

40 жастан кейін ата-анаңызбен бірге тұру – бұл жайлылық па, әлде нағыз «апатты» жағдай ма? Ата-анаңыз бөлме бойынша көршіңіз болса, бұл – жақсы ма, әлде жаман ба? Егер «ата-анаңыздың ұясында» тым ұзақ аялдап қалсаңыз, бұның салдары қандай болмақ? Мақаламыздан анықтайық.

Бүгінгі таңда отбасылардағы бала саны қарқынды түрде төмендеп келе жатқандықтан, әрі көп жағдайда бір-екі баладан аспайтындығына байланысты, әрине, көптеген ата-ана үшін баласы олардың меншігі емес екендігін және оны дер кезінде ұядан ұшыру керектігі туралы жайтты қабылдау қиынның қиыны. Бұл жердегі мәселенің жыныс айырмашылығына еш қатысы жоқ: қыздарды да, сол секілді ұлдарды да жіберу бірдей қиынға соғады. Біздің ойымызша, бұл негізінен ата-аналардың түйткілі. Демек, оны «зардапсыз» бөлек шығару мәселесінде ата-аналардың өздері баласын жыныстық тұрғыдан жетілгенге дейін, яғни, жастайынан тәуелсіздікке эмоционалды түрде дайындауы керек.

Егер сепарация болмаса, онда ересек бала өзінің емес, ата-анасының өмірімен сүре бастайды: солардың қызығушылықтары, солардың қалаулары, солардың қажеттіліктері және, тіпті, солардың эмоционалдық тәуелділіктерімен өмір сүреді. Әлбетте, өзінің жеке отбасын құру туралы сөз болуы да мүмкін емес. Ал егер отбасы құрылса (мысалы, Орталық Азия аймағының отбасыларында атам заманнан келе жатқан дәстүр бойынша ұл – шаңырақтың иесі, яғни, ол ата-анасымен бірге тұрады), онда уақытында бөлек шықпаған жас жұбайлар осы отбасының жүйесімен өмір сүре бастайды. Осыдан барып жанжалдар, түсініспеушіліктер, кінә тағу мен өзара реніштер пайда болып, ересек балалардан туылған балалар, ажырасулар, әрі соның салдарынан жалғызбасты аналар қалады да, олар ұл мен қыздарын тәрибелеп, кейіннен олардан айырылғысы келмей отырады. Бұл бір шырғалаң шеңбер.

Психология тұрғысынан қарайтын болсақ, ата-анамен бірге тұрудың оң тұстары мен теріс салдары болуы мүмкін.

Бір жағынан, ата-анамен бірге тұру ыңғайлы және экономикалық тұрғыдан алғанда, әсіресе, бөлек пәтерді жалға алу қиынға соққан жағдайда өте тиімді. Сонымен қатар бұл жақын отбасылық қарым-қатынастарды сақтау, үйдегі қарт адамдарға бірлесіп күтім жасау және отбасылық дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсатында пайдалы болуы мүмкін.

Дегенмен 40 жастан кейін ата-анасымен бірге тұратын адамның психологиялық хал-ахуалына кері әсер етуі ықтимал бірқатар факторлар баршылық.

  1. Жеке бас бостандығын шектеу. Ата-анаңызбен бірге тұрғаныңызда, тәуелсіз шешімдерді қабылдау және жеке мүдделеріңіз бен қажеттіліктеріңізге сәйкес дамуыңыз қиын болуы ықтимал. Ересек балалардың өз өмірлеріне байланысты шешімдерді қабылдау мен өмірде өзіндік таңдау жасауда толық еркіндігі жоқ, себебі олар өз ата-анасының ережелері және талаптарын орындауға міндетті екендігін сезінуі мүмкін.
  2. Жеке өмірдің болмауы. Ата-анаңызбен бір пәтерде өмір сүру жеке өміріңізді шектеуі ықтимал, әрі отбасы мүшелерінің келіспеушілігі жағдайында жайсыздықтарға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін.
  3. Жауапкершілік деңгейінің төмендігі. Ата-анамен бірге тұру жеке машықтардың, соның ішінде түйткілдерді шешу, қаражатты басқару және өз-өзіне күтім жасау секілді дағдылардың дамуына кедергі болуы мүмкін.
  4. Серіктесіңізбен арасындағы қиындықтар. Серіктеспен арасындағы қарым-қатынастарда түйткілдер туындайды, әсіресе серіктесіңіз ата-анаңыздың пәтерінде өзін жайлы сезінбеген жағдайда қиыншылықтар пайда болады. Сонымен қатар бұл коммуникативтік байланыстарды орнату, достармен және қарама-қарсы жыныс өкілдерімен қарым-қатынастарды дұрыс құруды қиындата түсуі мүмкін.
  5. Күйзеліс. Ата-анамен бір үйде тұру күйзеліске әкеп соқтыратын және сіздің психикалық денсаулығыңызға теріс әсер етуі ықтимал жанжалдарға әкелуі мүмкін.
  6. Дербестіліктің жетіспеушілігі. Ата-анамен тұрақты түрде бірге тұру өмірлік мәселелеріңіз бен түйткілдеріңізді шешуде олардың көмектеріне деген қажеттілікке тәуелділікті тудыруы ықтимал.
  7. Қаржылық тәуелсіздіктің болмауы. Егер ересек балалар ата-атаналарымен бірге тұрып жатса, онда олар қаржылық тәуелсіздік мәселесіндегі шектеулерге тап болуы ықтимал, өйткені олар күн көруге қажетті ақшаны өз бетінше таба алмауы (кейде, тіпті, өз бетінше ақша табуды қаламауы да) мүмкін.
  8. Тәуелділік. Егер ересек балалар ата-атаналарымен бірге тұрып жатса, онда бұл ата-атаналарына деген тәуелділікті тудыруы мүмкін, бұл өз кезегінде олардың дамуы мен өзін-өзі бағалауына әсер етуі ықтимал.

Сепарацияны ауыртпалықсыз қалай өткізуге болады және оны қай жаста бастаған абзал?

Ең алдымен, әрбір отбасы сатылары бірінен кейін бірі өтетін белгілі бір циклді бастан кешетінін айта кеткен жөн. Жеке тұлғаның негізгі қалыптасу кезеңдерін Фрейд жалпыға түсінікті етіп сипаттаған (Эриксон да мұны қайталаған болатын), бұл жерде жетілген, дербес әрі психикалық тұрғыдан сау адамның қалыптасуының негізгі жас шамаларының шеңберлері белгіленген. Осы кезеңдердің барлығы да үйлесімді түрде, яғни, балаға жасына қарай тиісті нәрселерді істеуіне деген рұқсатпен өтуі керек.

Оралды (туғаннан бір жарым жасқа дейін)

Сыртқы дүниемен танысу сатысы (ему және тістеу), осы кезеңдегі физикалық жанасулардың маңызы өте зор, нәрестенің анасы оған жиірек жанасуы тиіс, сонда балақай оның иісін танып, анасының жанында екендігін сезінеді де, оның «әлемі» (ана – сәбидің әлемі) қасында екендігін, біреудің қорғанышында болғандығын, қауіпсіздікте екендігін біледі. Ананың баласымен жанасуы арқасында сәбидің дүниеге деген сенімі қалыптасады екен. Бұл кезең барысында құшақтау, жанасу, сүю және махаббат сезімін білдірудің кез келген көрінісі артық болмасы анық. Бұл жерде сенім мен қауіпсіздік сезімінен бөлек, өз-өзіне деген сенімділік, адам ретіндегі өзінің маңыздылығы және құндылығы қалыптасады. Егер осының барлығы да дұрыс қалыптасқан болса, онда мұндай бала осы әлемге барудан қорықпайды, себебі әлемде ол өзін сенімді және жайлы (өзін сүйетін және қамқор анасының құшағындағыдай) сезінетін болады. Анасының назары мен қамқорлығы болмаған жағдайда балақайда сенімсіздік, күдіктенушілік және қоршаған әлемге деген қорқыныш сезімі пайда болады.

Аналды (1,5–3 жас)

Бұл сатыда дене бұлшықеттерінің жұмысымен алғашқы танысу өтеді, балақай өзінің бөліп шығару қызметтерін басқаруды үйренеді. Дербестіліктің қалыптасуы. «Мен өзім!».

Осы кезеңде балаға қоршаған әлемді өз бетімен танып отыруына мүмкіншілік беру қажет. Иә, кейде бұл сынап көру, бір жерін ауыртып алуы және көз жасы арқылы болатын үдеріс, дегенмен оның бала үшін болашақта жағымды әсерінің берері мол.

Фалликалық (3–5-6 жас)

Өзінің және басқалардың жыныс мүшелерін зерттеу сатысы, яғни, бала адамдардың денелері әртүрлі болуы мүмкін екендігін түсіне бастайды. Егер осы кезеңде фиксация болатын болса (жақын адамдардың арасынан біреу, мәселен, «ай, ұят емес пе!» немесе «ұстаушы болма!» дейтін болса), онда бала болашақта именшек, ұялшақ, жанжалдарға тап болғыш және нәзіктік/ер-азаматтық секілді қасиеттен жұрдай болады. Бастамашылдық, экспериментаторлықтың қалыптасуы. Дәл осы кезеңде бірлесіп ойнау дағдысы да қалыптасады. Баланың команда ішінде болу, өз отбасының ғана емес, жаңадан бір пайда болған ортаның бір бөлігі болуға деген ұмтылысын қолдап отыру маңызды. Осы жас шамасында-ақ балаға өзіндік пікірі, жеке қалаулары мен қажеттіліктері бар ересек адам ретінде қарау ұсынылады.

Латентті (6–12 жас)

Алғашқы байланыстар орнатылады, «Мен-тұжырымдамамын», әрі «мен кіммін және кім болғым келеді» деген түсінігі қалыптасады. Жеке тұлға ретінде, ақылақ, тәртіп, отбасылық құндылықтардың қалыптасуы тек қана ата-анасының мысалы арқылы жүзеге асырылады. Шамамен тоғыз жасынан бастап балаға алуан түрлі ермек істермен айналысуды ұсынған абзал, кейіннен сол істердің бірі балақайдың әуесқойлығына ұласуы әбден мүмкін. Бұл баланың келешекте немен айналысқысы келетіндігін түсіне бастауы үшін қажет болмақ. Кәсіптік бағдарды анықтауға көмектесетін маманға жүгінсеңіз құба-құп, өйткені бұл осы жастан бастап балаға қажетті дағдылар мен машықтарды қалыптастыру және дамытуға септігін тигізеді. Бұл жерде баламен келісе білу, ортақ мәмілеге келуді үйренудің маңызы өте зор. Бұл кезеңде оның өзіндік бір міндеттері пайда болуы тиіс, әрі олар тек қана оқуға байланысты болмай, сондай-ақ үйдің шаруасына да атсалысқаны дұрыс, отбасылық әңгімелерде баланың пікіріне қызығушылық танытқаныңыз жөн.

Гениталды (12–18 жас)

Жыныстық энергияның шығармашылыққа немесе спорт, хоббиге айналуы. Осы кезеңде баланың ата-анадан сепарациясы өтуі керек (ең алдымен, эмоционалдық бөлектенуі). «Мен» ұғымының толық қалыптасуы. Жасөспірім қоғамдағы, өмірдегі орнын анықтап, өзіне барынша қолайлы рөлді таңдауға тырысады. Қарама-қарсы жыныс өкілімен қарым-қатынас орнатуды байқап көреді. Осы кезең барысында жасөспірімнің пікірін сұрастырған, белгілі бір мәселеге қатысты кеңесіп отырған пайдалы (осылайша, ата-аналар өсіп келе жатқан адамның өзіндік құндылығын, өзін-өзі құрметтеуді қалыптастырады), әрі баланың пікіріне мұқият құлақ асқан абзал (айта кетсек, бұл кеңесті пайдалана отырып, ата-аналар жасөспірімнің бүлікшіл кезеңін әлдеқайда жеңіл еңсере алады). Дәл осы кезеңде баламен оның болашағы, мансап жолы, кәсіптік қызметі, жеке қарым-қатынас (иә, балаңыздың келешекте өзінің қасында қандай адамды көргісі келетіндігін сұрауға болады), отбасы (қандай отбасыны қалайтынын, балалы болуын, қанша баласының болғанын сұрастыру), үй тұрмысы, тұрғысы келетін баспанасы, қаржылық сауалдар (қанша қаражат тапқысы келетіндігі, болашақта қалаған табысқа қол жеткізуі үшін ата-анасының қазірдің өзінде қалайша көмектесе алатындығын білу), қыз балалармен – тұрмыстық мәселелер төңірегінде, тамақ әзірлеу және үй жинауды үйрету, қаржыны сауатты жұмсау, кіріс пен шығысты жоспарлау туралы, ал ұл балалармен – табыскер, қожайын, күйеу және әке, отбасының басты асыраушысы рөлдері турасындағы әңгіме-дүкен құрудың пайдасы мол.

Әрине, жоғарыда көрсетілген барлық тақырыптар бойынша сауалдарды жасөспірімге бірден қоюдың қажеті жоқ. Бәрі де өз орнымен, үйлесімді түрде, емін-еркін әңгімелер кезінде, әрі ешқандай да бір ақыл айтусыз және шегі жоқ кеңестерсіз болуы керек.

Мұндағы басты нәрсе, ата-аналар өз балаларына бере алатын ең жақсы үлгі – бұл олардың өздері көрсете алатын үлгісі екендігін ешқашан естен шығармағаны абзал. Егер отбасы ішіндегі қарым-қатынастар үйлесімді, ынтымақты, берекелі болса, құндылықтар, өмірлік қағидалар, әрі отбасы мүшелерінің әрқайсысы сақтап отыратын ережелер жүйесі дамыған болса, онда балалар да тәуелсіз ересек өмірге дайын дербес тұлғалар болып өсетіні хақ. Әрі олардан ата-анасының ұясынан кетуін сұраудың қажеті де болмайды.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

6
2
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз