Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Әмбебап таяқша

Көпреттік құлақ тазалағыш деген не және ол қолданысқа қалай оралды?

Әмбебап таяқша: Көпреттік құлақ тазалағыш деген не және ол қолданысқа қалай оралды?

Үсті-басыңды ретке келтіріп, сәнді болып жүруді тек жағымды іс ретінде шектеп қана қоймай, экологиялық дағдыға да айналдыруға болады. Ең бастысы, пластиктің – қатер, қайта өңдеудің – тамаша дүние, әлдебір затты қайта-қайта қолданудың – керемет әдет екенін есте сақтаңыз. Бұл әңгіме құлақ тазалағышқа да қатысты. 


Бірреттік заттарға үйреніп кеткеніміз сонша, бір-екі жыл бұрын нарықта патенттелген және көп рет қолдануға болатын құлақ тазалағыш шыққанда адамзат таң-тамаша болып, сұмдық әсерленді. Елдің есін алған бұл тауардың иесі – LastObject атты дат фирмасы. Шын мәнінде, олардың бар жасағаны – бізге бұрын қолданыста болған затты жақсы сапада және заманауи нұсқада ұсынғаны ғана еді.

Пайдалану аясы тек құлақ тазалаумен шектелмейтін құлақ тазалағыштың тарихы тым әріге кетеді. Адамның бұл кішкентай көмекшісін Еуропа тұрғындары сонау қола дәуірінде-ақ қолдана бастаған және құлық алуға ғана емес, қасу үшін де пайдаланған. Ал Азия елдерінде тіпті сәнді бұйым не тұмар ретінде ұстаған. Айтпақшы, Әбілхан Қастеев музейінде күмістен құйылған құлақ тазалағыштың керемет екі түрін тамашалауға болады. Құлақ және тіс тазалағыштарды қазақ әйелдері алқа қылып алып жүрсе, ерлер камзолдың немесе белдіктің іші-сыртына тағып алатын болған. 

Бірреттік таяқшалардың несі жаман?

Күнделікті сәнденіп, сұлу болуға тырысуымыз табиғатқа қатты әсер етеді. Косметикалық заттар мен оларды жағуға арналған қосымша тауарларды шығару және бей-берекет қоқысқа тастай салу қоршаған ортаны тұрақты ластап келеді. Зеро-вейстрлер, яғни қоқыс көлемін азайту үшін күресетін эко-белсенділер үшін бірреттік құлақ тазалығыш – нағыз қауіптің өзі. Себебі оның пластик өзегі қайта өңдеуге келмейді, қолдану уақыты да тым аз. Ол аз десеңіз, мақта өндіру үшін өте көп су кетеді, ал өзегін ағаштан жасау үшін әжептеуір жасыл желек жермен-жексен болады. Қысқасы, қай жағынан алып қарасаң да, бірретік мақта таяқшалардан келер зиян орасан. Және бұл құпия да емес: жауапкершілігі аса жоғары кей мемлекет аталған тауардан мүлдем бас тартып отыр. Мәселен, 2020 жылдан бастап Біріккен Корольдік аумағындағы дүкендерден бірреттік таяқшаны итпен іздеп таппайсыз: Ұлыбританияның қоршаған орта, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі тауарды сатуға және жасауға тыйым салыпты. 

Сондай-ақ оқу Микропластик деген не және одан не күтуге болады?

Осындай ма едің?

LastSwab – бұл дат компаниясы шығарған көпреттік косметикалық таяқшаның атауы. Оның ұшы уы жоқ медициналық силиконнан, ал өзегі мұхиттан теріп алынған пластиктен және арқауланған әйнекталшықтан әзірленген.

Әрине, мұндай құрамды экологиялық тұрғыдан мінсіз деп атауға келмейді, алайда LastSwab кемінде мың бірреттік таяқшаның орнын басуға шамасы бар. Оны сабынды сумен жууға болады, қажет десеңіз, спиртпен дезинфекциялай да аласыз. Фирма бұл өнімді шығаруда аса мұқият болған: алдымен ондаған прототип тексерістен өтіпті, артынша таяқшаның қаншалық ұзаққа жететінін тестілеген арнайы робот пайдаланылған. Қазір девайс «Таза ар – таза құлақ» деген қағидатпен ресми түрде қолданысқа еніп жатыр.

Таяқша құлақты жәй ғана тазалап қоймай, басындағы жұмсақ төмпешіктерімен уқалап та береді. Құлақ тазалауға арналған Basic деген түрінен бөлек макияжды алуға арналған Beauty нұсқасы да бар. Тапсырыс беру кезінде таяқша түрін ғана емес, түсін де таңдауға болады.

LastSwab өңдеуден өткен және өзі ыдырап, шіріп кететін әдемі қорапта сатылады. Бұл да болса авторлардың экологиялық бағытын растап тұр. Футляры сапалы, яғни таяқшаны түсіріп немесе жоғалтып алу ықтималдығы төмен. Сол себепті девайсты өзіңмен бірге жолға алуға қолайлы. Үйде сақтау да оңайырақ. Таяқшаның да, қорабының да неше түрлі түсі бар – таңдағаныңызды ала аласыз.

Қорытынды мынау – LastSwab пайдалану әзірге біртүрлі көрінуі мүмкін, алайда адам үшін де, қоршаған орта үшін де тиімді және барынша қауіпсіз. Сондықтан құлақты сіріңкемен, шегемен немесе пәтердің кілтімен тазалағанды қойып, бірреттік таяқшалардан бас тарту қажет. Көпреттік тазалағышты, яғни экологиялық құралды алып, баппен, байыппен сүртуге болады. Айтпақшы, лор дәрігерге қаралып тұруды да ұмытпау керек. Артық етпейді.

 

Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз