Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Әппақ маймыл жайлы ойланба!

Немесе тыйым салудың еш нәтиже бермейтіні жайлы

Әппақ маймыл жайлы ойланба!: Немесе тыйым салудың еш нәтиже бермейтіні жайлы

Психолог-консультант ағзаға зардап әкелетін дүниеге нелікен құмар болатынымыз және бұл жағдайда не істеу керектігі туралы әңгімелейді. 


Тақырыбымызда көрсетілген әппақ маймыл жайлы ойланба деген «бұйрымығыз» керісінше әсер еткені, яғни сіздің сол сәтте әлгі маймылды елестеткеніңіз, онымен қоймай «біртүрлі көрінеді екен» деп қалғаныңыз әбден мүмкін. Қандай да бір дүниеге тыйым салудың оған деген құмарлықты өршіте түсуінің, адамды «болмайды» деген іс-әрекетке итермелеуінің сыры неде?

Шексіз далада асып-тасып, ағып жатқан өзенді елестетіп көріңіз. Сол өзеннің алдынан әлдебір тосқауыл шықса не болар еді? Әрине, я бұл кедергіміздің быт-шыты шығады, я өзен арнасын өзгертіп, жол тауып, ары қарай аға береді. Адамның психикасындағы жағдайды осымен салыстыруға болады. Тыйым жаңағы тосқауыл секілді. Әдетте біз байқап көрсек қой, шіркін деп аңсап тұрған дүниеге тыйым салынады. Осы сәтте не аяқ асты пайда болған кедергіні сындырып өтеміз, не шығар басқа жолды іздейміз. Қалай болғанда да, ережеге бағына қалуымыз сирек кездеседі. Мидің олай жасауына не себеп? 

Бақыт молекуласы және азаптан қашу

Өткен ғасырдың ортасында әлеуметтік психолог Джеймс Олдс пен нейробиолог Питер Милнер әйгілі тәжірибесін жасады. Тәжірибе ғалымдарға біздің алкогольге, шылымға, тәттіге (адамның басын шыр айналдыратын тағы не бар еді?) не себепті құмартатынымызды анықтауға көмектесті.

Олдс пен Милнер егеуқұйрық миында ләззатқа жауап беретін аймақты тапты. Оған арнайы сым жалғады, сымның екінші ұшын шағын педальға жалғап қойды. Педаль басылғанда кеміргіш миындағы бұл аймаққа ләззат сыйлайтын импульс жіберіліп отырды.

Тәжірибенің бас кезінде егеуқұйрық рахаттың қайдан келгенін білмеді. Алайда кейінірек оған педальді тауып алуға болатын жерге кіргізді. Жанға жағымды сезімдер беретін жерді табу үшін хайуан басқа ісінің бәрін тастап, іздеуге кірісіп кетті. Ақыры тапты.

Бұдан соң ғалымдар егеуқұйрыққа ләззатты өзі алып отыруға мүмкіндік беретін қондырғы орнатып берді. Осы сәттен бастап кеміргішті басқа ештеңе қызықтыра алған жоқ. Ұйқыны да, тамақты да, қауіпсіздікті де тәрк етті, тек педальды қайта-қайта баса берді, сәйкесінше шетсіз-шексіз, бітпейтін рахат сезімнің астында қалды, ақыры соны көтере алмай өлді. Егеуқұйрық ләззат алуда өзін тоқтатуға қауқарсыз болып шықты!

Тәжірибе мұнымен де біткен жоқ. Ғалымдар бұл жануардың миынан азап сыйлайтын аймақты да тапты. Жоғарыдағы тәсіл тағы қолданылды, тек бұл жолы педаль басылғанда, ләззат емес, азап «сыйланатын». Егеуқұйрық педальға жолағысы келмей, шыр-пыр болды. Кейінірек жан-тәнін ауыртқан құрылғыны көргенде қашып, жоламай жүріп алды.  

Егеуқұйрық адамзатқа не үйретті?

Олдс пен Милнер келген қорытындының бірі мынау: барлық жануар (оның ішінде адам да бар) ләззат алуға тырысады. Қандай жолмен алады, нені құрбандыққа шалады – бұл маңызды емес, ең бастысы рахаттанса болды. Сол үшін ағзаға зиян тигізетін заттарды қабылдаймыз, тіпті өмірге қауіпті қадамға да барамыз. Жыл сайын ішімдіктен, шылымнан және семіздіктен өлетін адамдар саны жайлы мәлімет осыны айғақтап тұр.

Ал азаптан, керісінше, қашамыз. Безіп кетеміз. Тыйым салу мен талап қою деген не? Дұрыс, бұл – тек ләззат іздеген біздің ми үшін азап. Осы себепті қанша жерден «болмайды» деп қақсасаң да бұл ереже жұмыс істемейді. Сіз бен біз оны қалай айналып өтуге болатынын ерте ме, кеш пе тауып аламыз. Мысал ретінде әр кезде әлемнің түрлі елінде жүрген, бірақ ақыры жабылып тынған, алкогольге қарсы ең атақты шараларды атап өтсек болады. Санаулы оң өзгеріс тудырғанына қарамастан, бұл кампанияларды жалпылама қарастыратын болсақ, олардан зиянның көбірек келгенін көреміз. Тек Николай II жүргізген шара ғана нәтиже көрсетті, алайда мұны барлық жерде қолдануға болатын деп қарастыруға болмайды. 

Не істеу керек?

Жауап өз-өзінен туындайды. Миымыздағы ләззат аймағына әсер ететін «педальға» қаупі азырақ әдісті жіберу керек. Басқаша айтқанда, кәдімгі шылымның орнына никотин беретін балама құрылғыларды пайдалануға, күшті ішімдіктен спирті аз немесе мүлдем жоқ сусындарға, бәліш пен кәмпиттен кепкен жеміс пен тәттіге құмарлықты басатын, ағзадағы гормонал балансты қалпына келтіретін, құрамында хромы бар минералды кешендерге көшу керек. Гормонал баланс демекші, дофамин, окситоцин, эндорфины, серотонин – мұның бәрі гормон, дәлірек айтқанда, бақыт гормоны.

Бұл жолда «Шылымды неге шегемін? Алкоголь неге керек? Тәттіні не істеймін? Бұлардың көмегімен қандай қажеттіліктің орнын толтырғым келеді? Олардың өмірімдегі орны қандай? Бұларды тұтынған соң жүретін процестердің себебі неде? Олар маған не береді? Сол бергенін басқа әдістерді қолдана отырып, ала аламын ба?» деген секілді сауалдарды ойластырып көруге болады.

Жауап таба алмасаңыз, зиянды әдеттерге не себепті құмар болғаныңызды анықтауға жәрдемдесетін маман көмекке келе алады. Өмірге көңіл толмау, сүйікті ісіңнің және дұрыс әдеттердің болмауы, қысылу, өзіңді жете бағаламау, қоғамдық пікірге тәуелді болу – осының бәрі «кінәлі» болуы мүмкін. Түбінде жеңіп, өзіңізді жақсы көріп, тәніңізге құрметпен қарай алатын боласыз. 


Аударған Димаш Зиядин

Фотосурет дереккөзі Shutterstock


Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз