• Басты бет
  • Орта
  • Ләззатсыз ләззат: алкогольсіз сусындардан нәтиже бар ма?
Редакция ұсынады

Ләззатсыз ләззат: алкогольсіз сусындардан нәтиже бар ма?

Алкогольсіз сусындар – олар расында да ішімдіктен арылуға көмектесе ала ма? Бұл сауалға тікелей және бірмағыналы жауап қайтару мүмкін емес. Мұның барлығы да көптеген факторларға байланысты. Ең алдымен мәселе нақты қандай сусындар туралы сөз қозғалып отырғандығында жатыр. Екіншіден, ішімдікке байланысты түйткілдің қаншалықты күрделі/асқынған екендігіне қатысты болып отыр. Олай болса, мәселенің мәнін ашып, айқындап көрейік.


Жылдам ләззат. Алкоголь қалай әрекет етеді?

Алкоголь адамға ежелгі заманнан бері серік болып келеді. Сонымен қатар тек адам үшін ғана емес. Психикалық белсенді заттектерді миы азды-көпті дамыған жануарлардың барлығы да «іздеп жүреді» екен. Неліктен? Өйткені бұл тікелей ләззат алу мақсатында қандай да бір күрделі әрекеттерді жасауды қажет етпейтін жол. Алкогольдің адам ағзасына деген ықпалы туралы ғылыми журналист, әрі токсиколог Алексей Водолазов өте қарапайым тілмен және түсінікті етіп түсіндіреді. Оның айтуынша, алкогольдің негізгі «ингредиенті» – этанол. Бұл кез келген жерге еніп кететін бірегей молекула. Сіз алкогольдік сусынның бір жұтымын ұрттайсыз да, әрі ол жіңішке ішекке жеткенге дейін оның 35%-ы ағзаңызға шырышты қабықтар арқылы сіңіп үлгереді. Осы тұста бойыңызда эйфория басталады – бұл дәл сол алкогольді не үшін «ұнататынымыздың» негізгі себебі болып саналады. Ал өз кезегінде фармакология тұрғысынан қарайтын болсақ, этанол – бұл депрессант. Ол ми нейрондарының белсенділігін төмендетеді, тіпті, олардың толық тоқтақанға дейін осы әрекетін жалғастыруы әбден мүмкін.

Алдымен нейрондық шу басылады: өйткені көңілімізде алуан түрлі, көптеген ойлар бар, міне, нақ осылар «сөндіріледі». Ол үшін небәрі – шамамен 20 грамм ғана таза этанол қажет. Бұл шараптың екі бокалына барабар. Алайда барлық адамдар бірдей осымен тоқтап қалмайды ғой. Сондықтан әрі қарай – этанол мөлшерлемесінің жоғарылауымен бірге – мидың реттеуші қызметі де өшіріле бастайды. Ал осы тұста барлығы да әркімде әрқалай жүріп жатады – біреулер нағыз ақкөңіл жанға айналса, екінші біреулер, керісінше, ашуланшақ және агрессивті бола түседі. Кез келген жағдайда да ең алдымен өз-өзіңді бақылай алу қызметі «өшіріледі». Әрі осы жерде бадамша тәрізді дене іске қосылады. Дәл осы дененің арқасында ішімдіктің әсеріндегі адамдар көптеген қызықты нәрселерді жасайтын көрінеді – мәселен, үстелге шығып алып билей бастайды, не болмаса өз басына қандай да бір оқиға іздейді. Сонымен, адамның миы осы бір күйді есінде сақтап қалады да, яғни, мазасыздық сезімінің ғайып болғаны, әрі барлық түйткілдердің ұмыт қалғаны мен әлемнің басқа бір жаңашыл бояуларға тола түсетіні – осылайша, келесі жолы да «сыбырлап» тұрғандай болады: қарашы, біз тағы да түйткілдерге тап болдық, бәлкім, оларды «өшіріп» тастасақ, өзінен-өзі шешіле қоятын да шығар?

Ал спирттік ішімдіктерді тұрақты және көптеп ішу деңгейіне жеткен кезде, әсіресе ішімдікке нағыз салыну басталғанда, адам ағзасы этанолды сірке альдегидіне айналдырады. Бұл белгілі бір дәрежедегі «отын» іспетті. Бір жағынан, бұл медициналық мақсаттарда жақсы нәрсе болуы мүмкін. Ал екінші жағынан – дәл осы жерде физикалық тәуелділіктің неліктен пайда болатындығының себебі де жатыр. Бұл тікелей пайда. Шыны керек, адам ағзасы – нағыз оңбайтын жалқау. Әрі глюкозадан мықтырақ «отынның» бар екендігін (ал ол шынымен мықтырақ келеді) түсінген бойдан ол осыны есінде сақтап қалады да, болашақта нақ соны талап етуді бастайды.

Ішімдік ішу сәнді емес. Сән – бұл ішімдікті ішпеу

Алкогольсіз сыра осыдан біраз уақыттан бері – шамамен 100 жылдан астам уақыт бұрын АҚШ-тағы ішімдікке қарсы науқан барысында пайда болған екен, дегенмен қызықты және дәмі жағынан жағымды болып келетін сусындар тек XXI ғасырда, яғни, крафттық сыраны қайнататын орындар іске қосылғанда ғана пайда болды. Бүгінде нарықта алкогольсіз сыраның 70 астам маркасы баршылық, бұл оның кеңінен таралғандығын көрсетіп отыр. 

Алкогольсіз шарап та бұрыннан белгілі нәрсе. Оны сонау ежелгі римдіктер мен мысырлықтардың өздері де ішкен еді. Шыны керек, олар этанолды нағыз варварлық тәсілмен қайнатып шығаратын, әрі соның нәтижесінде қалатын ішімдікті жағымды «дәм-иісі» бар сусын деуге келмейді. Қазіргі заманғы технологиялар, шарап дайындау ісінде де, сыра қайнату ісінде де, жағымды әрі таныс дәмді сақтап қалуға мүмкіндікті бере отырып, сусынның құрамынан этанолды алып тастайды. Барлығын ДЕРЛІК. Әрі келесі жайтты білген маңызды: бұл жағдайда «алкогольсіз» деген термин – шартты термин болып келеді. Шын мәнісінде этанол сусындардың құрамында қала береді, дегенмен аз мөлшерде екендігі рас. Мәселен, сырадағы мөлшері шамамен 0,4–0,7% құрайды. Бұл кәдімгі сыраның құрамындағы этанолдан 10 есе аз. Сондай-ақ мұндай сырадан сіз мас бола қоймайсыз, өйткені осыншама сусынды ішіп қою мүмкін емес.

Сондай-ақ оқу Бас тарту: ішімдік әуесқойы бір айға алкоголь ішуді қойды Кейіпкеріміз өз-өзіне тәжірибе жүргізіп, өз-өзінен сұхбат алды

Пайдасынан гөрі зияны көп

Сіз сыраның құрамында адам ағзасы үшін нағыз табиғи қорғаныс ретінде қызмет ететін антиоксиданттар бар деген секілді пайымдарды естіген боларсыз. Сонымен бірге оның ішінде пайдалы минералдар бар деген секілді пікірлер. Оған қоса, алкогольсіз сыраның калориялылығы әлдеқайда төмен келетіндігі туралы тұжырымдар. Соңғы пайым шындыққа сай келеді, ал қалғандары... Антиоксиданттық теория, соңғы мәліметтерге сүйенсек, сәтсіздікке ұшыраған екен. Ал минералдарға келер болсақ, бұл тұста мына бір жайтты айта кеткен жөн: уыттың құрамы шынымен де В тобындағы дәрумендерге бай болып келеді. Дегенмен технологиялық өңдеу барысында олардың мөлшері болмашы деңгейге дейін төмендейді екен. Ғалымдар ерінбей, тіпті, санап та үлгерген, яғни, адам В1 дәруменінің күнделікті нормасына ие болу үшін сыраның 10 литрін тауысып ішу керек екен. Өздеріңіз де түсініп отырғандай, мұндай көлемдегі сусыннан болатын зиян әлдеқайда көбірек болатыны айқын.

Жақында ғана Цукуба университетінің (Жапония) ғалымдары алкогольсіз сусындарға қатысты зерттеу өткізген еді. Бұл зерттеуге аптасына кемінде 4 рет спирттік ішімдіктерді тұтынған 20 жастан асқан 123 адам қатысқан. Зерттелгендерді 2 топқа бөліп қойған – бақылау және эксперименттік топтар. Екінші топтағы адамдарға айына бір рет алкогольсіз сусындарды жеткізіп отыратын, ал бірінші топтағылар күнделіктеріне ішілген ішімдіктің санын жаза отырып, күнделікті өмір салтын ұстанған болатын. Зерттеу 3 айға созылған. Қорытындысына келер болсақ, эксперименттік топтағы плацебо әсері өз нәтижесін берді – адамдар алкогольді азырақ іше бастады. Алайда екінші топтада да тұтынылған алкогольдік ішімдіктің мөлшері төмендеген болып шықты – ғалымдар мұны барлық ішілген спирттік ішімдіктер туралы белгіленіп отырған күнделікті жүргізу қажеттілігімен байланыстырып отыр. Дегенмен осы зерттеудің нәтижесін ішімдікке салынудың панацеясы ретінде алкогольсіз сусындар пайдасына түсіндіріп асығудың қажеті жоқ. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінгі күнге дейін алкогольге байланысты барлық дерлік зерттеулер қандай да бір себептерге қатысты өз-өзіне деген сенімді жоғалтып алған.

Ал сусындардың жасалу ерекшеліктері туралы жайттарды естен шығармаған абзал. Мәселен, алкогольсіз сыраның құрамында этанол мүлдем дерлік болмайтынына қарамастан, бұл жерде бояғыштар, дәм күшейткіштер және консерванттар секілді заттар көптеп кездеседі. Демек бауыр мен бүйрекке қауіп төніп тұрады деген сөз. Сыраның несеп айдайтын әсеріне байланысты адам ағзасынан калий, кальций және магний сияқты микроэлементтер сыртқа шығарылады да, осының салдарынан жүрек, сүйек және жүйке жүйесі зардап шегуі бек мүмкін. Сонымен бірге зәр шығару жүйесінің өзіне де екі есе, тіпті, үш есе жүктеме түсіп отырады. Мұның салдары әртүрлі болуы ықтимал – несеп-тас ауруы, пиелонефрит, колит және, тіпті, онкологиялық дерттер де дамуы мүмкін. Осыған эндокриндік жүйедегі бұзылыстар мен асқазан және ұйқы безіне түсірілетін ұлғайған жүктемені әкеліп қосыңыз: бокалыңыздағы әдемі көпіршік – бұл технологиялық үдеріс барысында қолданылатын кобальттың салдары болып келеді. Ал осыған қоса, алкогольсіз сыра жеңіл қорытылатын көмірсуларға бай болады – олар адам ағзасына қуат береді де, дегенмен қан құрамындағы қант деңгейінің күрт жоғарылауын тудырады.

Осы тұста алкогольсіз қызыл құрғақ шарап әлдеқайда зиянсыз болуы мүмкін. Ол калориялылығы төмен, әрі бактерияларға қарсы айқын әсерге ие сусын болып саналады, сондай-ақ оның құрамында магний, темір, кальций, фосфор, калий мен В, РР және С дәрумендерінің топтары кездеседі. Дегенмен наркологтардың айтатын сөздеріне сүйенсек, кез келген жағдайда да алкогольдің ең қауіпсіз мөлшері – оның ішілмеген мөлшері.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

4
0
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз