Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Тітіркену сезімін тудырасың

Мүшеқапқа аллергияң болса, не істеуге болады

Тітіркену сезімін тудырасың: Мүшеқапқа аллергияң болса, не істеуге болады

Бұл, тіпті, қорғалған жыныстық қатынастың денсаулық пен өмірге қауіп төндіре алатын жағдайлардың бірі. Дегенмен шығудың жолы бар. 


Неліктен латекс аллерген болып саналады?

Заманауи мүшеқаптарды жасауға арналған материал, яғни, латекс бразилиялық гевеяның (каучук немесе резеңке ағаштың) сүтті шырынынан алынады. Шырынның құрамында су, қант және 200 астам алуан түрлі ақуыздар болады. Дәл осы ақуыздар әдетте адам ағзасының аллергиялық реакциясын қоздырады.

Гевея шырынын жасанды әдіспен синтездеуге болады, алайда бұл ақырғы өнімнің қасиеттерін қатты өзгеріске ұшыратпайды. Осы кезде аллергиялық реакцияны құрылымы мен қасиеттері жағынан табиғиға ұқсас синтетикалық заттектер тудырады екен.

Ал ноноксинол-9 – дегеніміз не?

Ноноксинол-9 көптеген мүшеқаптардың спермицидтік жағындыларының құрамына кіреді. Ал спермицидтер – бұл шәует жасушаларын қимылсыз қалдырып, оларға аналық жасушаға жетуге кедергі ететін заттектер. Латекс секілді ноноксинол-9 да аллергиялық реакциялардың себебі болуы әбден мүмкін.

Мүшеқапқа деген аллергияның белгілері қандай?

Көбінесе мүшеқапқа деген аллергия әйелдер арасында жиі кездесіп отырады, өйткені қынаптың шырышты қабығы латекс ақуыздарының ағзаға енуін жеңілдетеді. Бұл жағымсыз нәрсенің мынадай белгілері байқалады:

  • жыныстық қатынас кезінде және одан кейінгі ауырсыну,
  • интимдік аймақтардың қышуы,
  • қызару, әдетте ер адамдарда оның айқын шекарасы көрініп тұрады – әрі ол мүшеқап бекітілген жерінде аяқталады,
  • жыныс мүшелері аймағындағы ісіну мен бөртпелер,
  • қалыпты емес қынаптық бөліністер,
  • несеп шығару түйткілдері – ауырсынатын дызылдау сезімі пайда болады.

Көптеген жағдайларда жағымсыз реакциялар латексті мүшеқап қолданылған жыныстық қатынастан кейін 8-24 сағат өткен соң пайда болып, бір күннен бастап төрт күнге дейін созылады. Сонымен бірге мұны тудыратын себеп ретінде тері және шырышты қабықпен жанасатын жалғыз ғана материалдың өзі емес, сондай-ақ деммен ішке тартылатын бөлшектер де болуы мүмкін. 

Көбінесе мүшеқапқа деген аллергияны зең жұқпасы немесе бактериялық вагинозбен шатастырып отырады. Шындықты тек дәрігер, әрі тиісті сынақтардан кейін ғана анықтай алады. 

Диагноз қалай қойылады?

Латекске деген аллергияға күдік туындаған кезде ең алдымен дерматолог дәрігерінің тексеруі жүргізіледі. Терінің реакциясын тексеру үшін Пирке сынамасы немесе латекстің бір бөлшегін білектің үстіне қою сынақ өткізудің өзекті тәсілдері ретінде қолданылуы мүмкін. Тері талдамаларымен қатар иммуноглобулинге (IgE) қан тапсыру талдамасы да пайдалы ақпарат бере алады.

Дәрігерге дұрыс диагнозды қою үшін адамның жемістер мен көкөністерге деген аллергиялық реакциясы бар екендігі туралы мәлімет те көмектесуі мүмкін, өйткені бұл белгі латекс аллергиясы бар науқастардың шамамен 30–50% ілесіп жүреді. Осының себебі кейбір көкөністер мен жемістерде құрылымдық жағынан латекстің құрамындағысына ұқсайтын ақуыздар кездесетінінде жатыр. Қолданыста, тіпті, «латексті жемістер синдромы» немесе «латексті тағамдар» терминдері де бар. 

Сондай-ақ оқу Қызу махаббат Алкоголь мен секс үйлесе ме? Неден сақ болу керек

Мұндай аллергияға бейім адамдардың барлығына қауіпті болып саналатын өнімдер:

  • авокадо
  • банан
  • киви
  • маракуйя
  • папайя
  • каштандар
  • қызанақтар
  • бұрыш
  • ақ картоп

Латекс аллергиясы несімен қауіпті?

Латекс ақуыздарына деген аллергиялық реакцияның ең ауыр көрінісі – Квинке ісінуі немесе анафилактикалық шок. Бұл кенеттен дамитын, әрі өте жылдам күшейе түсетін және өмірге қауіп төндіре алатын қан қысымының төмендеуіне, көмей мен тілдің ісінуіне, тері бөртпелеріне, тыныс алудың қиындай түсуіне, есінен тануға әкеліп соқтыратын жағдайлар.  

Енді жыныстық қатынасқа түспей-ақ қояйын ба?

Әрине, жыныстық қатынасқа түсе беріңіз. Сонымен қатар контрацепция туралы ұмытпағаныңыз дұрыс. Бар болғаны басқа материалдан жасалған мүшеқапты таңдағаныңыз абзал.

Егер осы процедураны дәрігерге сеніп тапсырсаңыз құба-құп. Ол сізге полиуретанды, изопренді немесе гипоаллергенді латекстен жасалған мүшеқаптарды қолдануға кеңес беретін шығар, соңғысының құрамында ноноксинол-9 жоқ. Қарапайым мүшеқаптардың баламасы ретінде арнайы әйелдерге арналған әрі нитрилді полимерден жасалған нұсқаларды пайдалануға болады. Не болмаса, тіпті, сақтанудың басқа да әдіс-тәсілдерін қолдану. Ал аллергияның бұрыннан бар белгілерін жеңілдету мақсатында науқастарға гидрокортизоны бар жақпамайы ұсынылады. 

Дәрігерлер тағы нені ұсынады?

Аллергендерден аулақ болу – ең жақсы, дегенмен құтқарылудың жалғыз амалы емес. Қазіргі уақытта фармакотерапия, иммунотерапия (ИТ) және антииммуноглобулин Е (IgE) терапиясы секілді терапевтикалық жолмен емдеудің бірнеше тәсілі зерттелу үстінде. Шыны керек, бұл әдістер әлі де көп үміт күттірген нәтижелерді көрсете қоймады. Аллергияға қарсы вакцинаға да сенудің қажеті шамалы – бұл латекске деген аллергияны емдеуге арналмаған.

Сонымен қатар бір нәрсені ұғынғаныңыз жөн – сіз тек мүшеқаптардан ғана емес, сондай-ақ латекстен жасалған басқа да өнімдерден алшақ болуыңыз керек: қолғаптар, әуе шарлары, нәрестелерге арналған емізіктер, серпімді таңғыштар және тізім бойынша өзге де заттар. Айта кетсек, бұл әжептеуір қиын нәрсе. Сондықтан аллергиядан осыншама қатты зардап шегетін, тіпті, анафилактикалық шоктың пайда болу қаупі бар адамдар үшін симптомдар көріне бастаған жағдайда дереу түрде инъекция жасау мақсатында адреналині (EpiPen) бар шприцті өзімен бірге алып жүруі керек.

 

Аударған Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз