Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Бәрі дұрыс

АИТВ-статусы, секс-гигиенасы және «қауырт» контрацепция туралы

Бәрі дұрыс: АИТВ-статусы, секс-гигиенасы және «қауырт» контрацепция туралы

Жыныстық қатынасқа түскенге дейін, тіпті, сүйікті адамыңызбен болсын, нені білу керек және одан кейін бірден ненің қамын ойлау қажет туралы жаднаманы жасадық.


Баяндауға рұқсат етіңіз: АИТВ-статусы туралы кімге айтқан жөн

АИТВ жұқтырып алған адам жыныстық қатынас бойынша барлық серіктестеріне бұл туралы айтуға міндетті. Мұны кез келген жыныстық қатынасқа дейін – оралды, аналды, қынаптық түрі болсын, айтып жеткізген абзал. Бұл талапты бұзғаны үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Қазақстандық заңнамаға сәйкес, егер сіз ауруыңыздың барын біле тұра, оны басқа адамға жұқтырсаңыз, онда бес жылға дейін бас бостандығыңыздан айрылу жазасына тартыласыз. Ал егер екі адамға жұқтырсаңыз, сіздің жазаңыз, тіпті, он жылға дейін созылады. Мейлі, ауруды ешкімге жұқтырмасаңыз да, алайда сондай қауіпті біреуге төндірген болсаңыз, онда сот екі жүз АЕК көлеміндегі айыппұлды салу немесе түзеу жұмыстарын тағайындауы мүмкін. Ал барлық басқа адамдарға – әріптестер, достар, жеке проктолог маманы болсын, оларға айтудың қажеті жоқ.

Ал шын мәнісінде бір нәрсені мойындағымыз келеді, «ниЖевред» редакциясы еліміздегі секс-мәдениетінің келесі дәрежеге дейін өскенін армандайды – әркім өзінің АИТВ-статусын біліп отыр, әрі ол туралы серіктестеріне жай ғана айта салу қалыпты жағдай, тіпті, оны айтып жеткізу ішкі қажеттілік ретінде қабылданса екен дейміз.

Жыныстық қатынастан кейін: ұйқы әлде себезгі ме?

Кәдімгідей себезгі қабылдау – мұны, әрине, қалауыңыз білсін. Дегенмен, біреумен жыныстық қатынаста болу сәті түссе, тіке айтып отырғанымыз үшін кешірім сұраймыз, бірақ ермүше, сол секілді сарпайды да, дұрыстап жуу керек. 

Секстен (және мастурбациядан) кейін ермүшені қалай жуу қажет?

Осы қарапайым, алайда маңызды процедураның бағдаржолын жазып шықтық.

  • «Жауынгерді» кір қолыңызбен ұстамаңыз, оданша ерінбей барып, спа-рәсімі басталмас бұрын қолыңызды сабындап жуып алыңыз.
  • Кіші дәретке шығып алыңыз. Бұл үрпі және несеп шығару жолдарын тазалап, сонымен қатар мұндағы шәует қалдықтарын сыртқа шығаруға көмектеседі.
  • Ермүшені хош иістендіргіштері жоқ, рH деңгейі бейтарап келетін сабынды қолдана отырып, жылы ағын сумен жуған дұрыс. Дәл осындай сабын әрдайым қол астыңызда болатынына үміттенеміз. Көбіктендіріп алыңыз да, шап аймағы және жыныс мүшесіне жағып шығыңыз. Содан соң шеткі тәнді (бар болған жағдайда) ұқыптылықпен ығыстырып, ермүшенің басын жақсылап жуыңыз. Жұмалақ пен бұтты да жууды ұмытпаңыз.
  • Ең соңында сабынды жақсылап жуып кетіру қажет. Өйткені сабын құрамындағы сілті нәзік тері үстінде және шеткі тәннің астында қалып қойса, қылкүпек – ер адамның жыныс мүшесінің басын ашу ауырсыну сезімін тудыратын немесе оны жауып тұратын терінің тарылуы салдарынан мүлдем ашуға келмейтін жағдайдың дамуына әкеліп соқтыруы мүмкін.
  • Енді ермүшені дұрыстап кептіру керек. Себебі шамадан тыс ылғалдылық кандидоздың дамуына ықпал етеді. Алайда жыныс мүшені қызарғанша дейін ысқылаудың да, қолға арналған кептіргіш немесе тұмшапешке сұғудың да керегі жоқ, бар болғаны сүлгімен сүрте салған жеткілікті.

Дәрігерлер осындай процедуралар үшін оңтайлы кезең ретінде жыныстық қатынасқа түскеннен кейінгі 10–15 минут аралығындағы уақыт деп сендіреді. Өйткені кез келген сұйықтықтың қалдықтары ермүше терісінде кеуіп қалса, бұл жаман бактериялардың күшейтілген өсіміне әкеліп соқтырады.

Сондай-ақ оқу Мүлдем ұят емес Қазақстандағы жыныс сауаты туралы жобаны кім және не үшін іске қосты?

Секстен кейін қынапты қалай жуған дұрыс?

Бұл жерде де бәрі қарапайым, дегенмен еске салу артық болмайды деп санаймыз.

  • Таза қол ережесі бұл жағдайда да жұмыс істейді.
  • Әйелдің сыртқы жыныс мүшелерін (сарпайды) жылы сумен жөке және басқа да қосымша құралдарды пайдаланбай, қынаптың рH деңгейін бұзбау үшін интимдік гигиенаға арналған арнайы құралмен ғана жуу керек.
  • Қасағадан артқы тесікке қарай қозғалу қажет, әйтпесе, сіз ішек бактерияларын қынапқа кіргізіп алу қаупіне тап боласыз. Ал олар онда мүлдем керексіз.
  • Қынаптың өзін де жуу міндетті емес, мұндағы микрофлора өзінен-өзі тазаруға қабілетті бірегей экожүйе болып саналады. Яғни, жыныстық қатынастан кейін артық сұйықтықтар бұл жерде ұзаққа қалмайды, мұндағы қышқыл орта бәрін ретке келтіреді.
  • Және «жанкештілікке» де берілмегеніңіз жөн. Жыныс мүшелерін қатты жуу және сүлгімен ысқылап сүртудің қажеті жоқ. Сарпай – не дегенмен, ұқыпты күтімді қажет ететін өте нәзік жер.

Әлі де кеш емес: шұғыл контрацепция туралы бір-екі дерек

Егер кенеттен мүшеқап төтеп бере алмаған жағдайда немесе бұрын-соңды болмаған құмарлыққа бой алдырып, қорғалмаған жыныстық қатынасқа түссеңіз, ал ұрпақ жалғастыру ісі сіздің жоспарыңызға сәйкес келмесе, онда қалаусыз жүктіліктің алдын алу жолы ақылға қонымды және қолжетімді баламасы саналатын жедел контрацепция препараттары – «жыныстық қатынастан кейінгі таблеткаларды» қолданған дұрыс.

Әдетте мұндай дәрі-дәрмектер қорғалмаған жыныстық қатынастан кейін 72 сағаттан аспайтын уақыт аралығында қабылдануға арналған. Олардың тиімділігі өте жоғары – 99% құрайды, тек оны алғашқы тәулік ішінде ішке қабылдап үлгерсеңіз болғаны. Бұл кез келген медикамент үшін нағыз рекорд болып саналады. Мамандардың мәліметтерінше, жедел таблеткалардың арасында ең қауіпсіз және тиімдісі құрамында мифепристон бар дәрілер. Сонымен қатар левоноргестрел және улипристала ацетат секілді белсенді заттектер де болады.

Осылайша жүктіліктен тұрақты түрде сақтануға бола ма? 

Жоқ. Бұл әдісті тұрақты түрде қолдануға болмайды, себебі бұл гормоналдық сфераға қатты араласу дегенді білдіреді. Дәрігерлер осы тәсілді жарты жылда бір рет қана қолдануға кеңес береді.

Шұғыл контрацепция дәрілері бедеулікке әкелуі мүмкін бе?

Препаратты бір рет қабылдағаннан бедеулікке әкелуі мүмкін екендігі туралы мәліметтер жоқ. Шұғыл контрацепция таблеткаларындағы заттектер жақсы зерттелген және кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, олар ішке қабылдауға арналған біріктірілген контрацептивтердің құрамына да кіреді.

Дәрі-дәрмектерді қабылдау, шын мәнісінде, түсік жасату ма?

Тағы да олай емес. Жедел контрацепция құралдары ұрықтану үдерісін бұзады: овуляцияның алдын алып (жұмыртқа жасушасының аналық безден шығып, жатыр қуысына түсу үдерісі), оны тежейді немесе ұрықтанған аналық жасушасының бекіліп қалуына кедергі жасайды. Бірақ бұл түсік жасату емес, сондықтан пайда болған жүктілікті үзе алмайды, сол секілді ұрыққа зиян келтірмейді.

Ал жанама әсерлері бар ма?

Жедел контрацепция құралдарын ішке қабылдағаннан кейін етеккір циклі бұзылуы ықтимал. Бұл дәрі-дәрмектерден кейін мүмкін болатын жанама әсерлердің бірі. Әшейінде бұл кідіріс бір рет қана болады да, содан кейін цикл қалпына келеді. 

Сонымен қатар жүрек айнушылық, лоқсу, етеккірдің мол болып келуі, бастың ауруы, сүт бездерінің толып кетуі орын алуы мүмкін. Артық салмақ жинау мәселесіне қатысты сөз қозғайтын болсақ, бұл тек құрамында эстроген үлесі шамадан тыс мөлшердегі препарат таңдалған жағдайда ғана болады. Алайда көрсетілген мөлшерде және дұрыс қабылданған кезде, әрі дәрігердің кеңесінен кейін жағымсыз салдардың толықтай дерлік болмауына кепілдік беріледі. 

Аударған Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз