Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Қырық шәй қасық қант

«Сапалы» тамақтанудың сәнге айналуы бізді қандай проблемаға тап қылатыны жайлы

Қырық шәй қасық қант: «Сапалы» тамақтанудың сәнге айналуы бізді қандай проблемаға тап қылатыны жайлы

Атышулы «Қант» деректі фильмінің бас кейіпкері Дэймон Гамо healthy-тамақтануға өткен соң көптеп қант қосылған рацион тұтына бастаудың, оның қандай жағдайға душар қылуы мүмкін екенін өз мысалында көрсетеді. 


Не туралы?

Қант – ойыншық емес, кәдімгі никотин, спиртті сусын немесе есірткі секілді тәуелдік тудыратын дүние. Тәттіні бәрі жақсы көреді, оны сатып алу оңай, жарнамасы жер жарады, ең бастысы, мидың кокаин әсер ететін аймағына «шабуыл» жасаса да, қатер ретінде қабылданбайды. Салдарынан қант халімізді нашарлатады, осы күнгі homo sapiens ұшырауы мүмкін көптеген аурудың пайда болуына себепші болады. Австралиялық актер және режиссер Дэймон Гамо бұл сөзді тексеріп, өз басынан өткеріп көру туралы шешім қабылдапты.

Фильм әңгімелейтін тәжірибенің басында жас жігіт күніне 2300 калорияны беретін рационмен тамақтанады: 50% май (авокадо, жаңғақ), 26% ақуыз (балық, ет, жұмыртқа) және 24% көмірсу (жас көкөніс). Одан бөлек тұрақты түрде дене жаттығуларын жасайды, денсаулығы ортадан жоғары саналды, жұбайы да саламатты өмір салтын ұстанады.

Гамо бір қарағанда еш зияны жоқ секілді шешім қабылдайды, яғни сапалы тамақтануға, нақтысы май көлемі барынша аз алуан түрлі тамақ жеуге көшпек болады. Алайда құрылған «тұзақ» та осы жерде болатын: майдың орнын толтыру үшін азық-түлікке қант қосылады.

Нәтижесінде актер рационындағы бағалы майды қантқа айырбастайды. Көлемі – күніне қырық шәй қасы. Орта статистикалық австралиялық үшін әдепкі доза. Осы ретте бас кейіпкердің дене жаттығулары мен тұтынатын калория көлемін бұрынғыша қалтырғанын атай кету керек. 

Тәжірибе барысы

Екі ай бойы Гамо күн сайын көрсетілген қант көлемін тұтынып отырады. Және оның тамағы торт, газды сусын немесе шелек-шелек қойылтылған сүт болмағанын ескертейік: актер «healthy» деп белгіленген азық-түлікті ғана алған. Мұндай өнім әдетте қауіпсіз саналады, сондықтан көп адам құрамында не бар деп қарай да бермейді.

Алайда Деймон жапсырмаларды мұқият оқуды әдетке айналдырады және тәжірибе барысында пайдаланған барлық «саулыққа пайдасы бар» дүниенің құрамында қант бар екенін түсінеді. Төмен калориялы йогурт, мюсли, сәнді смузи, құрғақ таңғы ас, жаңа сығылып алынған шырын, протеин батончиктер – осының баршасында артық калория мен жасырынған қауіп бар болып шықты. Яғни қант қышқыл сүтті өнімдерден бастап майонезге дейінгі азық-түліктің басым бөлігінде кездеседі екен. 

Сарапшылардың айтуынша, стандарт супермаркеттегі азық-түліктің 20%-ның ғана құрамында қант жоқ.

«Нәтиже» көп күттірмеді. Алғашқы 12 күн ішінде актер 3,2 килограмм салмақ қосты, тіпті қарны шығып үлгерді. Үш аптаға жетпейтін уақыт ішінде бауырдың семіздігінің алғашқы белгілері байқалды. Бірінші ай аяқталар тұста Деймонның бетінде безеу пайда болды, көзі ісетінді шығарды, терісі болбырап кетті.

Медицина мамандарымен және түрлі сарапшылармен әңгімелесе келе Гало диабет және майлы гепатоз секілді аурулар, «ақ гранулалардың тіске, қанға, адамның сырт келбетіне, тіпті психикалық саулығына қалай әсер ететіні туралы білді. Сонымен қатар жобаларға қаржылай демеуші болатын аса ірі азық-түлік компанияларының бұл тақырыптағы зерттеулердің нәтижесіне қандай жолмен ықпал ететінін түсінді.

Тәжірибе қорытыныдсы

Сынақ жүргізілген 59 күн ішінде Деймон Гамо 2360 қасық қант жеді, 8,5 салмақ қосты, белі 10 сантиметрге жуандады. Актер сырттай қарағанда бірнеше жылға қартайып кетті, инсулинге деген төзімділік пайда болды және екінші типті қант диабеті пайда болуы мүмкін қатер тобына кірді. Қанындағы май деңгейі 19 есе дерлік өсіп, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуына «қолайлы» жағдай тудырды. Ал бауыр саулығына жауап беретін ALT гормоны бір ай ішінде қауіпсіз деңгейдегі төмен 20 пунктіден жоғары 20 пунктіге дейін артты. Бұл аз десеңіз, актер көңіл-күйінің құбылмалы бола бастағанын, ұмытшақтыққа ұшырағанын айтты.

Тәжірибеге дейінгі жағдайға оралып, денсаулыққа тиген зиянды барынша азайту үшін Деймон Гамоға тағы екі ай өмір мен темірдей ерік-жігер қажет болды. Оның сөзіне қарағанда, қанттан бас тарту темекіні қойып кеткенге ұқсайды. Қант жемейтін кездері алғашқы уақытта басы ауырған, көңілсіздік жайлаған, ұйқысы бұзылған. Сондай-ақ тәтті бірдеңе жеуге аңсары ауған да тұрған. Алайда Деймон бұл кезеңнен аман-сау өте алды.

Туындының басты айтпағы

Зиян – қанттың өзі емес, оның әрқайсымыздың күнделікті рационымызда үлкен көлемде кездесуі. Біраз уақыт бұрын ғана бұл тәтті ұнтақ көп адамның қолы жете бермейтін керемет дүние саналса, қазір оны ашық һәм жасырын түрде келілеп жейміз. Тіпті «пайдалы» азық-түлік пен фруктозада да бар. Салдарынан ағзамыз тағы доза талап етіп, қантқа деген тәуелдікті әлемдік апат деңгейіне бір-ақ көтеріп отыр. Осылайша қанша жерден саламатты өмір салтын сүргіміз келсе де, тұтыну мәдениеті адамзатты семіздікке шалдықтырды.


Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз