Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Бауырым бүтін болсын десеңіз

Алкогольдің ағзаға әсері туралы 6 аңыз

Бауырым бүтін болсын десеңіз: Алкогольдің ағзаға әсері туралы 6 аңыз

Жалған сөздің шынын айтып, спиртті сусындардан келетін зиянды азайтуға көмектесететін, тексерілген әдістерді ұсынамыз. 


1-аңыз. Алкоголь неғұрлым таза болса, зияны соғұрлым төмен

Тазартылған спирт пен дистилді су негізінде әзірленген арақтың зияны аз, оған қарағанда сыра мен шараптың құрамындағы конгенерлер ағзаны көбірек улайды деген пікір кең таралған. Конгенерлер – бұл ашу барысында пайда болады және сусынның дәміне, исіне әсер ететін қышқылдар, альдегидтер, күрделі эфирлер және басқа қосымша биобелсенді заттар.

Шын мәнінде, ең қауіпті конгенер, яғни метанол сыраға қарағанда арақта көбірек кездеседі, ал шарапта бұл көрсеткіш «қырық градус» сусынмен шамалас.

Қоспалар туралы тағы айта кетсек. Сусын дәмін өзгертетін заттар, сондай-ақ хошиістендіргіштер, қант және май үшін ағзаның сізге рахмет айтпасы анық. Мұндай ингредиенттер, мәселен, фруктоза не глицерин түрінде ликерден бастап араққа дейінгі түрлі ішімдік құрамында бар. 

2-аңыз. Сусын неғұрлым күшті болса, соғұрлым жылдам масаясың

Градусы жоғары ішімдік ішсеңіз де, сыра мен шарап таңдасаңыз да, шамамен бірдей жылдамдықпен мас болып қаласыз. 40 градустық сусын асқазан қабырғасын қаттырақ тітіркендіреді, салдарынан бұл мүше тарылады, осылайша спирттің аш ішекке сіңіуін баяулатады. Ал 15-20 градус шамасындағы ликерлер, вермуттар және күшті коктейльдерге асқазан жылдам реакция білдіреді. Яғни арақпен араластырылған Мартини ішсеңіз жәй ғана арақ тұтынғанға қарағанда тезірек масаясыз.

3-аңыз. Қызыл шарап өмірді ұзартады

Жерорта теңізі аймағындағы халық ұзақ өмір сүретіндігімен белгілі, алайда мамандар мұндай жағдайды бірінші кезекте тұрғындардың ішкен тамағымен және климатпен байланыстырады. Жекелей алғанда, олар теңіз өнімдерін көп тұтынады. Шарапта антиоксиданттар бар, бірақ ағза оны үлкен көлемде қорытуға асықпайды. Антиоксидант әсерін сезіну үшін ондаған литр ішімдік ішу керек, бірақ бұл жағдайда бауыр іріп тынады.

Ғылыми зерттеулерге тоқталайық. Шараптың қан тамырлары мен жүрекке оң әсер беретінін толық растайтын мәліметтер жоқ. Lancent порталындағы алкогольдің ағзаға әсері туралы 1000 ғылыми жұмыстың негізінде әзірленген метазерттеуге сенсек, спиртті сусын пайдасы туралы әлдене деуге әлі ерте. Тіпті жүрек-қан тамыры жүйесінде қандай да бір берері бар деген күннің өзінде, спирттен келетін зиян оған қарағанда әлдеқайда үлкен.

4-аңыз. Алкоголь калорийлігі дене сымбатына әсер етеді

Алкогольді сусындар калорийлігінің жоғары болуына қарамастан, олардан келетін энергияның көп бөлігін ағза сол ішімдікті қорытуға жұмсайды. Күшті ішімдіктердегі калория көлемі құрғақ шарап пен сыраға қарағанда екі-үш есе жоғары. Ал 100 грамм нанда көмірсу сыра мен шараппен салыстырғанда көбірек.

Алкоголь тұтыну барысында салмақ жинаудың себебі тәбеттің күрт ашылуымен байланысты. Яғни әдетте майы мен көмірсуы көп алуан түрлі тіскебасарға жақсылап тапсырыс беруге асығамыз. 

5-аңыз. Алкоголь көңіл-күйді көтеруге көмектеседі

Кальвадос, White Russian, Космополитен – кино мен әдебиеттің «арқасында» алуан түрлі ішімдік халық арасында кең таралған «антидепрессант» ретінде қабылдана бастады. Алкоголь бір жұтымнан кейін өне бойды босатады, алайда бұл әсер ұзаққа бармайды. Жабырқау күй мен ширығу бұрынғыдан күшті күйде оралады. Кез келген алкоголь – бар болғаны дофамин көзі. Қуат пен қуаныш пайда болғанда, эйфорияға шалдығып, өзіңді еркін сезінуің мүмкін. Алайда бұл үшін ішімдік тұтыну міндетті емес, оның ағзаға зардап әкелмейтін жолдары да бар.

6-аңыз. Аздап ішіп тұрған зиян емес, тіпті пайдалы

Әрине, мұндай пікірде болуға ешкім тыйым сала алмайды. Алайда бірде-бір дәрігердің бұл сөзбен келіспейтіні анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да шорт кеседі: алкогольдің қауіпсіз дозасы жоқ.

Дегенмен, ұсынылған ең жоғарғы шекті көлем бар. Одан ассаңыз, денсаулыққа айтарлықтай зиян келуі мүмкін. Ер адамдар үшін бұл – 30 грамға дейін таза спирт. Немесе шамамен үш бокал шарап, күштілігі орташа екі саптыаяқ сыра яки екі рюмка арақ. Әйелдер үшін бұдан да қатаңдау. Ал ағза этанол құрамындағы зиянды заттардан арылу үшін екі күнді қажет етеді.

Мына ақпаратты ескере жүріңіз. 2018 жылы Еуропа аумағында алкоголь кесірінен пайда болған барлық қатерлі ісік жағдайын зерттей келе, ғалымдар мынадай қорытындыға келеді: бұл жайттың 11%-да күнделікті ішімдік нормасы 500 мл сырадан, 200 мл құрғақ шараптан немесе 60 мл күшті алкогольден аспаған екен.

***

Ішімдік ішуіңізге қуаныш себеп болса да, қайғы әсер етсе де, түрлі алып-қашпа әңгіме мен ұзынқұлаққа сенбеңіз, адастыруға жол бермеңіз. Ең дұрыс жол – алкогольден мүлдем аулақ болу.

Ал сыныптастар бас қосуында жұрттан ерекшеленіп, сырт қала алмаймын деген сенімде болсаңыз, зиянды азайту концепциясына сәйкес, алкоголь градусы 20%-ке дейінгі сусындарды таңдағаныңыз жөн. Бұл қуанышты сәттің әсерін ұзағырақ сезуге көмектеседі, әрі үйге аман-сау, өз бетіңізбен оралуға жәрдем етеді.


Градус өлшеген Роман Васильев

Аударған Димаш Зиядин

Фото дереккөзі Shutterstock

Понравилась ли вам статья?

3
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз