Редакция ұсынады

Маусымдық асқыну: аллергиямен қалай күресеміз?

Жылдың ең бір әдемі мезгілдерінің бірі – көктем – жер шарындағы халықтың 1/5 бөлігі үшін нағыз маусымдық сұмдыққа айналады. Әлбетте, бұл жерде аллергиктерді сөз етіп отырмыз. Табиғаттың қыс мезгілінен кейін қайта оянуы аллергиямен ауыратындар үшін нағыз үлкен түйткілге айналып қана қоймайды. Әрі бұл бір күнге ғана созылатын жайт емес. Осы мақалада біз дәрігер-аллерголог Элеонора Старцевамен бірге маусымдық аллергия және одан болатын зиянды төмендетудің жолы туралы әңгімелейміз.


Таныс болыңыздар: поллиноз

Сондай-ақ оны «шөп безгегі» деп атайды. Оны «тозаң тұмауы» деп те атап жатады. Әрі ол – маусымдық аллергия ретінде белгілі. Ғалымдардың пайымдауынша, Жер бетіндегі өсімдіктер әлемінің алуан түрлілігінің ішінде (гүлді өсімдіктердің ғана шамамен 400 000 түрі кездеседі екен) желмен тозаңданатын өсімдіктердің тек 100-ге жуық түрі ғана поллиноздарды тудыруы мүмкін. Дегенмен, тіпті, осылардың өзінен-ақ ғаламшардағы халықтың шамамен 20% зардап шегеді.

Бұл не және ол қайдан шығады?

Тозаңға деген аллергия – бұл өз алдына иммундық жүйенің бұзылуы немесе оның дұрыс жұмыс істемеуі. Яғни, белгілі бір мезетте біздің иммундық жүйеміз ағзаға (мұрын немесе ауыз қуыстарының шырышты қабаты арқылы) еніп кеткен тозаңды бөгдетекті зат ретінде қабылдай бастайды, әрі осының нәтижесінде оған деген «аңшылықты» жариялайды. «Аңшылар» ретінде гистаминдер шығады. Дәл осы гистаминдер аллергиктердің кездестіретін барлық тітіркендіргіш белгілерін – мұрыннан су ағу, түшкіру, конъюнктивит және т.с.с. жайттарды тудырады.

Аллергияға бейім келетін адамдар үшін ең бір ауыр айлар – сәуір және мамыр болып саналады. Алайда көптеген адамдар поллиноздың алғашқы белгілерін наурыз айында-ақ сезіне бастайды да, сондықтан ол сиптомдарды көбінесе кәдімгі суық тигенге жатқызады. Дегенмен кәдімгі суық тиюге қарағанда аллергияның белгілері температураның көтерілуінсіз өтеді және құрғақ, әрі жел тұрған күндерде әлдеқайда күштірек байқалады екен. Сонымен бірге тәуліктің уақыты да үлкен маңызға ие болып отыр: сағат 11:00 бастап және 18:00 шейін ауада тозаң әсіресе көп мөлшерде кездеседі де, ал кешкісін және түнгі уақытта (демек 05:00 шейін) – барынша аз.

Қазақстанда жыл сайын аллергиктер саны артып келеді. Оған кім бейім болады?

Емделушілердің барлығын шартты түрде екі топқа бөлуге болады – тұқым қуалайтын аллергиясы барлар және жүре пайда болған аллергия. Бірінші жағдайда аллергиялық көріністер туған бойдан мазалауы әбден мүмкін. Ал екінші санатқа есейген жастағы адамдар жатқызылады.

«Соңғы уақытта әлдеқайда жас адамдар, соның ішінде әсіресе балалар аллергиядан зардап шеге бастады – жыл өткен сайын мегаполистерде емделушілердің нақ осы санаты ұлғайып келе жатыр. Егер бұрындары біз 1-1,5% көлеміндегі өсімді байқаған болсақ, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 2,5-3% дейін жетіп отыр. Ауаның ластануы, өсімдіктердің көптігі, алуан түрлі тозаңдар... Біздің айналамызда тек дала ғой – ол жерде арамшөптің түр-түрі кездеседі. Мәселен, Қазақстанда жалғыз жусанның ғана 6-8 түрі бар екен. Осының барлығы да жоғары сенсибилизацияны (сезімталдықты) береді», – дейді осы жағдай туралы аллерголог, Президент Іс басқармасы медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасының жоғары санатты дәрігері Элеонора Старцева.

Поллинозды тудыратын себептердің арасында келесілерді бөліп көрсетуге болады:

• тұқымқуалаушылық

• нашар экология

• зиянды жағдайларда (химиялық, өнеркәсіптік өндірістер) жұмыс істеу

• әлсіз иммунитет

• басқа типке (тағамдық, дәрі-дәрмектік, химиялық түрге) жататын аллергия

• тыныс алу жолдарының созылмалы аурулары

• ас қорыту жүйесінің бұзылыстары/паталогиялары және дұрыс тамақтанбау

• жүктілік кезінде болған вирустық/жұқпалы аурулар

Аллергияны не қоздырады?

Жалпы алғанда аллергияның ең бір күшті қоздырғышы қайың тозаңы болып есептеледі. Сонымен бірге ең мықты аллергендер – бұл қандыағаш, емен, үйеңкі, жөке ағашы, жаңғақ ағашы, жолжелкен, бақбақ, түймедақ тозаңдары. Сондай-ақ шамшат, сауырағаш, жеміс-жидек ағаштары, жүзіммен абай болу керек. Арамшөптерге келер болсақ, бұл – ойраншөп, көкпек, жусан. Ал астық тұқымдастардан – қарабидай, арпа, сұлы, бидай, боз, бидайық.

«Аллергияның қоздырғышы – қыс мезгілі аяқталып, ерте көктем басталғанда пайда болатын ең алғашқы тозаң болып келеді, бұл ағаштардың, соның ішінде теректердің тозаңы – нақ осы тозаңнан көптеген адамдар қатты зардап шегеді. Жаз маусымы жақындағанда шалғындық, дәнді шөптер гүлдей бастайды. Ал жаздың ортасына қарай қыркүйекке дейін гүлдейтін арамшөптер өздерін барынша танытады. Мұның нәтижесінде, яғни, сәуір айынан бастап қыркүйекке дейінгі, ал кейде, тіпті, қазанға дейінгі кезең ең ауыр болып саналады, бұл кезде тозаңға деген аллергия аса қатты байқалады, әсіресе біздің оңтүстік аймағымызда осындай жағдай болып тұр», – деп көрсетті Элеонора Старцева.

Сонымен қатар тамақ пен мұрынға арналған антисептикалық спрейлерді тұрақты түрде қолданып отыру аллергияның қалыптасуына әсер етуі бек мүмкін – олар адам үшін қажетті микрофлораны бұзады.

Темекі түтіні – бұл да аллерген

Айта кетсек, темекі түтіні мен шылымның құрамына кіретін хош иістендіргіштер де аллергияны тудырады екен. Темекі жанған кезде 6000 астам қауіпті химиялық қосылыстар бөлініп шығады. Ал жанып тұрған темекінің будақтаған сүзілмеген түтіні, тіпті, темекінің өзі арқылы келетін түтінінен әлдеқайда қауіптірек келеді – оның құрамындағы канцерогендер, сондай-ақ шайыр мен никотиннің мөлшері 50 есе көп. Демек бұл пассивті темекі тартушының зардап шегуі белсенді шылымқұмардың өзіне тиетін зиянынан кем болмайтынын білдіреді. Осының салдарынан нені күтуге болады? Аллергиялық дерматит, аллергиялық ринит, аллергиялық конъюнктивит, түрлі тағамдық аллергиялар, бронх демікпесі секілді жайттар.

Сондай-ақ оқу Сіз түтінсіз өнімдерге ауыссаңыз, не болады?

Аллергия кезінде не істеу керек?

Тозаңның салдарынан болатын мұрынның ағуы нағыз «шөп безгегіне» (бронх демікпесі – деп оқи беріңіздер) айналуы бек мүмкін. Сондықтан маманның көмегіне дер кезінде жүгінген өте маңызды. Аллергия, сірә, өмірлік үкім де шығар (одан толықтай құтылу іс жүзінде мүмкін емес), дегенмен оған шалдыққан күннің өзінде де өз өміріңізді анағұрлым жайлы және жағымды ету әбден болады.

«Қазірде керемет заманауи емдеу тәсілдері баршылық, солардың арқасында науқастарда өте ұзақ мерзімге – 10 жылдан бастап 20 жылға дейін созылатын ремиссия басталатыны хақ. Ең бастысы – бұл жерде дұрыс таңдалған емдеу курсы мен әрбір емделушімен жеке жұмыс істеу болып келеді. Ғаламторда алуан түрлі антигистаминдік дәрі-дәрмектер, мұрынға арналған әр алуан спрейлер ұсынылып отырады, әрі адамдар дәрігердің кеңесіне жүгінбестен, оларды сатып алып жатады. Алайда емделушінің жеке өзін де ескерген маңызды: ол шалдыққан аллергияның түрі қандай, басқа қай аурулары бар және өзгеде факторлар деген секілді жайттар. Бәрін қатарынан сатып ала беруге болмайды», – деп ескертеді аллерголог Элеонора Старцева.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

4
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз