Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • Сусынға есірткі араластыру: бұдан қалай қорғануға болады?
Редакция ұсынады

Сусынға есірткі араластыру: бұдан қалай қорғануға болады?

Соңғы жыдары біреудің алкогольдік сусынына есірткіні жасырын түрде араластыру нағыз эпидемияға айналып отыр. Күллі әлем бойынша әртүрлі формаларда көптеген спайкинг (ағылшынша spiking сөзінен, не болмаса drink spiking сөз тіркесінен шыққан) жағдайлары анықталып жатады, қылмыстық істер қозғалады, ал көңіл көтеретін орындар өз келушілерінің қауіпсіздігі үшін алуан түрлі шараларды қолға алуда. Бұл мақалада біз осы тақырыпты сарапшылармен бірге егжей-тегжейлі талдап, әрі мұндай жағдайдан өзіңізді қалай қорғауға болатындығы туралы айтып береміз.


Спайкинг туралы не білеміз?

Жалпы алғанда спайкинг әртүрлі тәсілдер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін:

·     сусын спайкингі (құрбан адамның сусынына есірткі, алкоголь немесе дәрілік препараттарды қосу);

·     ине спайкингі (есірткіні ағзаға ине арқылы енгізу);

·     вейп немесе темекі спайкингі (басқа адамға ескертпей, құрамында есірткі заттары бар шылым немесе темекі тартуға арналған электронды құрылғыны ұсыну);

·     тамақ спайкингі (есірткі құралын тамаққа қосу).

Спайкингтің ең кеңінен таралған түрі құрбан адамның сусынына (алкогольдік немесе басқа сусынға да) психотроптық заттарды жасырын түрде араластыру болып келеді. Мұның ең көп таралған себебі – адамды тонау немесе зорлық-зомбылық актісін жасау пиғылы.

Мамандар спайкинг құрбаны болған адамның сезінуі мүмкін бірқатар белгілерді көрсетіп отыр, соның ішінде: физикалық әлсіздік немесе естен тану, жүрек айнушылық және лоқсу, галлюцинациялар, паранойя, есте сақтау қабілетінен айрылу. Осы көрсетілген ахуалдардың кез келгені өте осал жағдайға әкеліп соқтырады, бұл тұста адам іс жүзінде қорғансыз болып қалады. Сонымен қатар спайкингтің адамның физикалық, сол секілді психологиялық денсаулығына әсер ететін ұзақ мерзімді салдары да болуы мүмкін.

Осындай қылмыстың жасалғаны туралы деректі анықтау аса қиын болып саналады, өйткені көбінесе бұл жағдайда қолданылатын заттектердің дәмі, түсі немесе иісі болмайды, сонымен бірге мұндай есірткілік заттар адам ағзасынан жылдам шығарылады екен. Адам есінен танып қалуы мүмкін, яғни, ол қорлаушысының түрі мен кез келген басқа да детальдарын ұмытуы әбден ықтимал.

«ҚР Қылмыстық кодексінде спайкинг үшін жеке бап қарастырылмаған. Сонымен бірге осындай деректер анықталған жағдайда қылмыстық істің тіркелуі жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың мән-жайларына байланысты еліміздің Қылмыстық кодексінің бабы бойынша жүзеге асырылады. 2022-2023 жылдары Астана қаласында ҚР ҚК 299 бабының 1 тармағы «Есірткі құралдары, психотроптық заттар немесе сол тектестерді қолдануға көндіру» бойынша спайкингке қатысты бір дерек тіркелген», – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Жоғарыда көрсетілген спайкингке байланысты оқиға Астана қаласында әлеуметтік желілер арқылы жігітпен танысқан бір қызбен болған. Кездесу барысында ер адам астаналық арудың сусынына есірткі құралын жасырын түрде араластырған. Бұл оқиға – спайкинг жағдайының ойын-сауық орындарында ғана болмайтындығын, сонымен қатар тек алкогольді ішімдіктерге ғана байланысты болмауы мүмкін екендігін көрсететін көрнекі мысал болып келеді.

Спайкинг жағдайлары бойынша жаһандық статистика да, сонымен бірге Қазақстан бойынша деректер де жоқ. Англия мен Шотландиядағы The Alcohol Education Trust атты жастар қайырымдылық ұйымы аталмыш тақырып бойынша ақпарат жинау мақсатында 16-25 жас аралығындағы жастар арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 747 адам атсалысқан. Ұйым анықтағандай, респонденттердің 12%-ы (94 адам) спайкинг жағдайларының құрбаны болған екен (15% әйел, 7% ер адам және 17% жауап беруден бас тартқандар болып шықты).

Сонымен қатар сауалнама бейтаныс адамдар тарапынан сусындарға есірткі құралдарын жасырын түрде араластыру жағдайлары тек клубтар немесе сол секілді басқа да көңіл көтеретін орындарда ғана болмайтыны туралы деректі растап отыр. Спайкинг үшін ең көп таралған орын жеке кештер (35%) болып саналады, одан кейін түнгі клуб (28%), паб/бар (13%), фестиваль (7%) және басқа да орындар (17%) аталған.

Таңқалдыратын бір жайт, сауалнамаға қатысқан адамдардың 92%-ы полицияға немесе басқа да жауапты тұлғаларға спайкинг дерегі туралы хабарламаған екен. Сауалнама қатысушылары бірнеше себепті атап та көрсеткен, соның ішінде олар болған оқиғаның шындық ретінде қабылданатынына сенімді болмағанын (14%), дәлелдердің жеткіліксіз екендігі туралы ойлағаны (8%) немесе бұл туралы хабарлауға тым кеш болған кезде өздерімен не болғанын түсінгендерін (11%) алға тартады.

Спайкингке жол бермеуге бола ма?

1.    «Қырағы бақылау!» - деп «Хәрри Поттердің» персонажы Аластор «Қаһарлы көз» Грюм айтқан еді.

Әлемдегі осы жайтқа байланысты өте ауыр шынайылық қауіпсіздік пен денсаулық үшін бар жауапкершілік спайкингтің ықтимал құрбанының өзіне ғана артылатындығына келіп тіреледі.

Полиция өкілдерінен бастап бармендерге дейін – барлық мамандардың беретін кеңестері негізгі үш постулатқа саяды:

·     сусыныңызды бейтаныс адамдардың қасында қалдырмаңыз;

·     бейтаныс немесе онша танымайтын адамдар ұсынған ашық сусындарды қабылдамаңыз;

·     әрдайым өзіңіз сенетін адамдар ортасында болуға тырысыңыз.

2.    Стақанға арналған әмбебап қақпақ

Өз-өзіңізді қорғаудың ең қолданбалы және оңай сатып алуға болатын тәсілі – бұл стақандарға арналған көп мәртелік қақпақтар немесе жабыстырғыштар. Адамдардың көптеп жиналатын кез келген көңіл көтеретін орында болған кезіңізде стақаныңызға қақпақты кигізу немесе жабыстырғышты жапсыру ұсынылады. Осылайша сіздің сусыныңызға байланысты кез келген теріс ниеттілікке жататын әрекетті жүзеге асыру анағұрлым қиынырақ және айтарлықтай айқын бола түсетіні хақ.

Жақында ғана Алматыда Speye («spy» (тыңшы) және «eye» (көз) сөздерінің комбинациясы) атты әлеуметтік жоба пайда болған, ол еліміз бойынша спайкингке қарсы күрес жүргізуге бағытталып отыр. Жобаның нышаны – көз тиюден сақтайтын танымал түркі тұмары «Назар» стиліндегі көз болып келеді.

«Сіз осы белгіні көрген кезде қараусыз қалмайтыныңызды білесіз. Бұл жай ғана декорация емес, бұл сіздің қауіпсіздігіңіз үшін мекеме атынан жасалатын ұсынысы», - SPEYE манифесті.

Жобаның негізін қалаушылар қаланың танымал барлары, клубтары және мейрамханаларымен серіктестік орнатып, адамдардың аталмыш мәселе турасында көбірек білуі үшін осы жерлерде жобаның ақпараттық логотипі мен QR-коды көрсетілген плакаттарды орналастыруда. Жобаның қисынына сүйенсек, адам көңіл көтеретін орынның есігінде Speye логотипін көргенде өзін автоматты түрде әлдеқайда қауіпсіз сезінуі тиіс. Сонымен бірге осы орындарда бір реттік қақпақтар, түтіктер және майлықтар ұсынылатын арнайы қорап орнатылады.

Анағұрлым тәуелсіз тәсіл – бұл NightCap резеңке қақпағына тапсырыс беру. Бұл өнімді пайдалану өте оңай: әдеттегі уақытта ол шашқа арналған резеңке сияқты болып көрінеді және сондай резеңке ретінде пайдаланылады. Қажет болған жағдайда резеңкенің ішкі жағынан иілгіш материалды шығарып алуға болады, әрі оның көмегімен өз стақаныңызды жаба аласыз. Материалда түтікшеге арналған тесік бар, ол сусыныңызды кәдімгідей тұтынуға мүмкіндік береді.

3.    Жылдам әрекет сынағы

Сусыныңызға қандай да бір заттардың араластырылғанын бір қарағаннан, дәмінен немесе иісінен танып білу іс жүзніде мүмкін емес нәрсе. Көбінесе спайкингке арналған препараттар сұйықтықтың ішінде жеңіл еріп кетеді, әрі сусынның дәмін өзгертпейді, сондай-ақ кез келген басқа әдістің көмегімен де ажыратылуы қиын. Сусында спайкингтің бар-жоғын тексерудің жалғыз тәсілі тек қана зертханалық сынақ болуы мүмкін. Алайда ең қолданбалы әдіс – бұл тест-стикер, ол бір минуттың ішінде-ақ сұйықтықта есірткілік заттардың бірден бірнеше түрін анықтай алады. Тестті өткізу үшін бар керегі стикерге күмәнді сұйықтықтың бір тамшысын тамызып, нәтижесі шыққанша бір минут күте тұру. Егер дискінің жартысы өзінің түсін өзгертсе, демек ешбір жағдайда да сынақтан өткізілген сұйықтықты ішпегеніңіз жөн.

Айта кетерлік бір жайт, аталмыш тест тек ГОМҚ (гамма-оксимай қышқылы) есірткісін ғана ажыратуға қабілетті, бұл депрессант психикалық белсенді зат ретінде қолданылады, ал оны тұтынудан болатын салдарды алкогольді ішімдіктер және MDMA әсерімен салыстырады. Үлкен мөлшерлемедегі ГОМҚ жүрек айнушылық, бастың айналуы, ұйқышылдық сезімі, психомоторлы қозу, көру қабілетінің бұзылуы, тыныс алудың қиындауы, амнезия, санасыз күй және, тіпті, өлімді де тудыруы ықтимал.

4.    «Анжеланы шақырыңыз»/«Періштенің соққысы» коктейлі (Ask for Angela/Angel shot)

Бұл Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінде көпшілікке танымал тәсіл, яғни, бұл көңіл көтеретін орындарда келушілерді қорғаудың кеңінен таралған сценарийі болып келеді. Мұндағы механизм өте қарапайым: ойын-сауық орнының келушісі өзін қауіпсіз сезінбеген жағдайда бармен немесе даяшыға барады да, «Періштенің соққысы» коктейліне тапсырыс беруі тиіс. Не болмаса тағы бір балама нұсқа ретінде: адам қызметкерден «Анжеланы шақыруын» сұрай алады. Мұндай жағдайда қызметкер көмек сұрау туралы кодталған өтінішті түсінеді де, өзінің менеджерін ықтимал қауіп жайында хабардар етеді, сонымен бірге ол құрбан болған адамға ойын-сауық орнынан шығып кетуіне көмектесуі тиіс. Сонымен қатар осындай жағдаяттарда қауіпсіздік қызметін міндетті түрде хабардар ету ұсынылады.

Бір өкініштісі, Қазақстандағы көңіл көтеретін орындардың қызметкерлері осы механизм турасында қаншалықты хабардар екендігі жайлы ақпарат жоқ. Сонымен бірге зиянкестің өзі де «Періштенің соққысы» жайында білуі және құрбан үшін бұдан да қауіпті жағдайды туғызуы әбден мүмкін. Дегенмен егер сіздің алдыңызда қауіпті жағдайдан шығудың жалғыз ғана жолы болса, еш ойланбастан, оны пайдаланып қалыңыз.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

9
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз