Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Қауіпсіздік техникасы

Сыра ағзаға қалай әсер етеді?

Қауіпсіздік техникасы: Сыра ағзаға қалай әсер етеді?

Сырадан еш жамандық көрмейтін адамдар баршылық, алайда мұны шындыққа сай келеді деп айту қиын. Рас, күшті ішімдікке қарағанда зияны аздау. Бірақ сыраны да тамшылатып емес, стақандап ішесің. Осыған орай сыраның адам ағзасына қалай әсер ететінін және түбінде қиналып қалмас үшін нені есте сақтау керектігін талдап көрейік. 


Pro һәм Contra

Алдымен алкоголь туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейтініне құлақ түріп көрейік. Бұл ұйым ішімдіктің зиян екенін тұрақты айтып келеді және аптасына кем дегенде 3-4 күн мүлдем ішпеу керек деп кеңес береді. Бас тарта алмаймын деген жан болса, ұсыныс мынау: ер адамға күніне 40 граммнан артық ішпеген жөн, бұл – шамамен екі бөтелке сыра, үш бокал құрғақ шарап немесе 100 грамға дейін күшті алкоголь.

Ал әйелдерге күніне 30 граммнан, яғни бір жарым бөтелке сыра немесе екі бокал шараптан аспаған дұрыс.

Сондықтан сыраның зияны салыстырмалы түрде төмен деп айтуға болады. Дегенмен, құрамындағы алкогольдің аз екеніне қарамастан, көбікті сусынның ішімдік екенін ұмытпауымыз керек. Артық сілтеп қойсақ, бауырымыздың рахмет айта қоюы екіталай.

Сырақұмарлар бұл сусынның ежелден келе жатқан һәм адамзаттың құрметіне ие, тіпті әжептеуір пайдасы бар дүние екенін айтудан жалықпайды. Шынымен-ақ кей зерттеу сыра ішетін адамдарда бүйрекке тас біту қатері екі есе төмен екенін көрсетті. Құрамындағы фосфор, темір, магний, мыс, калий, цинк секілді заттарға қарасаң, кәдімгі апельсин шырынан аса бір айырмашылық жоқ па деп қаласың. Ол аз десеңіз, В1 және В2 дәрумені де көп және онысы жеңіл, қорытуға ыңғайлы формада кездеседі. С дәруменінің қоры да айтарлықтай бар.

Сол себепті сырақұмарлардың сөзінің жаны бар. Сыра жоғарыда аталғандардың көзі, тек бір «бірағын» ескеру қажет: пайдалы заттардың ағзаға қажет көлемін алу үшін күніне кем дегенде бір литрін ішу керек. ДДҰС нормасына сай келіп тұр, алайда...

Сыраның несеп айдайтын аса қуатты қасиеті бар. Мұның кесірінен ағзадағы алуан-алуан пайдалы заттар шайылып кетеді, ал жаздың аптап ыстығында тән сұйықсыз қалады, одан қалды, бүйрекке күш түседі.

Бұған қоса сырада ішектің бактериялық құрамына жайсыз ықпал ететін ашытқы бар. Сондай-ақ сыра көбігінде кобальттың көптеп кездесуі тамырлардың иілгіш-созылғыш қасиетін нашарлатады. 

Сыра ер мен әйел ағзасына қалай әсер етеді?

Жақсы және дұрыс әзірленген сыра қысымды төмендетеді, ас қорытуды жақсартуға көмектеседі және ұйқысыздықпен күресуде пайдалы. Бұл ер адамдарға да, әйелдерге де қатысты. Әйел ағзасында фитоэстрогендер тістің, шаш пен тырнақтың саулығын нығайта алады.

Бірақ еркектің ағзасына түскен сыра әйелге тән жыныс гормондарының белсенді түрде бөлінуіне алып келеді, ал тестостеронның бөлінуін керісінше тежейді. Салдарынан либидо төмендеп, эректил қызмет нашарлауы мүмкін. Бұған емшекке және қарынға май біту секілді әйелдерде жиі кездесетін семіру белгілерін қосып қойыңыз. 

Сондай-ақ оқу Қызу махаббат Алкоголь мен секс үйлесе ме? Неден сақ болу керек

Әйелдерге сыра бұлайша үлкен зиян әкелмеуі мүмкін, алайда қыз-келіншектер ағзасының сыраға жылдам үйренетінін ескеру керек. Ал сыра алкоголизмі ішімдіктің басқа түрлеріне салынып ішуден аса қатты ерекшеленбейді – зардабы бірдей.

Сондай-ақ кез келген алкогольдің қай сусынның құрамында болғанына қарамастан ағзаға залал әкелетінін еске салу кету қажет. Ол бас миға да, жүрекке де, бауырға да, бүйрекке де, басқа да мүшелерге кері әсер етеді, мазасыздықты күшейтеді, концентрация мен жад қызметін нашарлатады, басқа да жайттарға әкеледі. 

Ішсем бе, ішпесем бе?

Саламатты өмір салтын қатты ұстанбайтын және жалпы сыраға қарсы емес адам болсаңыз, бұл сұраққа «ішем» деп жауап бересіз. Әрине, шешіміңізге қарсы шықпаймыз. Тек ағзаға үлкен зардабын тигізбей ішу керектігін ескертуге тиіспіз.

Біріншіден, шегін біліңіз. Аптасына жақсы сыраның екі-үш саптыаяғын «төңкеріп» тастау ағзаға пәлендей зиян әкеле қоймайды. Ал мұнша сыраны күніне ішсеңіз, салдары жақсы болмайтыны анық.

Екінші ережені месье Воланд өзінің «Жаңа дүние бір-ақ рет болады, оны тек алғаш рет және соңғы рет білеміз» деген сөзінде айтып кеткен. Сыраның жақсы қасиеттері туралы айтқанда біз жаңа әзірленген сусынды меңзедік. Ал әйнек ыдыстағы ішімдік пайдалы заттарымен емес, ағзаны «мұңайтып» жіберетін алкогольмен және түрлі консервантпен ғана «қуантуы» мүмкін. Мұны ескеріңіз.

Үшінші ережені мектеп қабырғасынан білеміз: «Су – тіршілік көзі». Жаздың ыстығында буланған саптыаяқтағы сыраны кереметтей жақсы көрсеңіз, алдымен ағзадағы сұйықтық көлемін қалпына келтіріңіз. Ішілген су мен сыра мөлшері бірдей болса жақсы, ең абзалы, ішімдік судың үштен біріндей болғаны жөн. Бұл, әрине, зиянды мүлдем жоқ қылып жібермейді, бірақ құлмақ сусынының кері әсерін сәл де болса азайтуға көмектеседі.

 

Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз