Редакция ұсынады

Күн астындағы орын: ыстық және шуақты күндерде теріні қалай қорғаймыз?

Жаз жақындап қалды, әрі онымен бірге ашық аспан астында шомылу мен күнге қараю маусымы да басталады. Алайда аспан шырағының сәулелері біз елестеткендей зиянсыз емес. Жағажай сөмкесіне сәнді шомылу киімін салғанда ғана емес, сондай-ақ жай ғана қала бойынша серуендегенде не туралы ұмытпағаныңыз маңызды? SPF дегеніміз не, ол не үшін керек және қалай жұмыс істейді? Күн сәулесінің әсерінен болатын зиянды төмендетудің жолы қандай? Осы сұрақтардың жауабын табуға бізге On Clinic халықаралық медициналық орталығының дәрігер-дерматологы Марал Сатвалдинова көмектесті.


Тәуліктің қай уақытында күнге қараю қауіпсіз?

Күн сәулесінің теріге әсер етуі сәтінде адам іс жүзінде оның ықпалын және ауырсынуды мүлдем сезінбейді. Алайда күн сәулелері терінің терең қабаттарына еніп кетеді де, дерманың жасушаларына дейін жетеді екен. Дәрігер-дерматолог Марал Сатвалдинованың айтуынша, күнге қараю үшін ең қауіпсіз уақыт – таңертең, сағат 11:00 дейін, сондай-ақ сағат 16:00 кейін болып саналады. «Қалған уақытта күннің әсері өте қауіпті. Дегенмен кез келген уақытта да SPF (Sun Protection Factor) қосылған иісмайды қолданудың қажеттілігі туралы есте ұстаған маңызды, әрі тек жазда ғана емес, сонымен бірге күзде және, тіпті, қыста да пайдалану керек. Бұл әсіресе алматылықтар мен таулы жерлерде тұратын адамдар үшін өте өзекті. Әрі дәл осы ереже көлеңкеде болсаңыз да, тіпті, аспанды бұлт қаптап, күн бұлыңғыр болып тұрған жағдайларға да қатысты болып отыр», – деп көрсетті Сатвалдинова.

Неліктен SPF иісмайларын күн сайын қолдану керек? Ультракүлгін сәулелер терімізге тұрақты түрде әсерін тигізіп тұрады, бірақ біз мұны сезбейміз. Сәуле шығару күші аймаққа, жыл мезгілі мен тәуліктің уақытына, күннің көкжиектен қаншалықты биік орналасқанына байланысты: күн неғұрлым жоғары болса, сәуле шығару деңгейі де соғұрлым жоғары келеді. Ультракүлгін сәулелерінің екі түрін талдайық.

·      UVA – жылдың кез келген мезгілінде жер бетіне жететін сәулелердің құрамында бүкіл ультракүлгіннің шамамен 93%-ы болады. Олар, тіпті, бұлыңғыр күндерде де, бұлттар арасынан да, сондай-ақ әйнектен де өтіп кетеді. Теріге деген әсері ауыртпай тиетінімен, алайда оның терең қабаттарына енеді. 

·      UVB – жанама сәулелер. Оларға бұлттар, әйнек ішінара бөгет жасайды, дегенмен бұл сәулелердің құрамында энергияның көп мөлшері бар және олар эпидермисті тесіп өте алады. Олардың арқасында адамдар күнге қарайып қана қоймай, сондай-ақ өздері байқамай, терінің күйіп қалуына да тап болуы мүмкін.

Күн теріге қалай әсер етеді?

Тері күн шуағының әсерінен әлдеқайда жылдам қартаяды. Күн сәулесі аллергияны да тудыруы ықтимал екендігін барлығы бірдей біле бермейді. Мұндай ауруды фотодерматоз деп атайды. Ол терінің күн шуағына деген жоғары сезімталдығын қалыптастырады: тері дуылдайды, қышиды, қызара түседі. Сонымен қатар күн кератомалардың түзілуіне, пигменттік дақтардың, сепкілдер және, тіпті, қатерлі ісіктің пайда болуына да септігін тигізуі ықтимал.

«Терінің қатерлі ісігіне кім көбірек бейім келеді? Мұның бәрі де жеке жағдайларға байланысты. Бірінші кезекте жақын туыстарының арасында қатерлі ісікке шалдыққандар болса, яғни, онкологиялық ауруларға деген генетикалық бейімділігі бар адамдар сақ болуы керек. Терінің бетіндегі жаңа түзілімдердің пайда болуын қадағалап отыру қажет, өйткені ультракүлгін сәулелерінің әсерінен олар онкологияға айналуы мүмкін», – деп атап өтті Марал Сатвалдинова.

Косметология және жазғы уақытта күнге қараю

«Бірқатар қарсы көрсетілімдер бар. Жаңа түзілімдерді алып тастау процедураларына жол бермеу аса маңызды, атап айтқанда: папилломалар, кератомалар, тамырлы «жұлдызшалар». Сонымен бірге кез келген татуаж түрінен кейін күнге қараю мен ультракүлгін сәулелердің әсеріне ұшырауға болмайды. Теріні ағарту процедуралары, лазерлік тегістеу, химиялық пилингтерден кейін, соның ішінде орташа болсын, не болмаса терең пилинг болсын, күннің астында жүру қауіпті. Ретинол негізінде жасалған, сонымен бірге құрамында қышқылдары бар косметологиялық құралдарды пайдалануға болмайды. Егер сіз бұл жайында жалпы білмеген болсаңыз, әрі осындай процедураларды жасатып қойсаңыз, онда бетті толықтай жабу немесе ең жоғары қорғаныс факторы бар SPF құралдарын қолданған маңызды – кем дегенде 50, ал тіпті, 100 болса, одан да жақсы. Әйтпегенде қысқа мерзімнің ішінде тері күйігіне тап боласыз», – деп бөлісті дәрігер-дерматолог.

SPF қорғанысы қалай жұмыс істейді?

Жалпы SPF құралдары – бұл теріге сіңбейтін иісмайлар болып келеді, әрі олар жарық шағылыстыратын экран секілді жұмыс істейтін тосқауылды құрайды. Күн сәулелері шағылысады және терінің қалыңдығына еніп кетпейді. Теріні осындай иісмаймен жағудың арқасында күн шуағы сынады да, әрі теріге ықпал етпейді. Қорғаныс дәрежесі неғұрлым жоғары болса, сәулелер де соғұрлым үлкен күшпен сынады екен. SPF-иісмайы – фотоқартаю, пигменттік дақтардың пайда болуы, басқа да жаңа түзілімдердің, терінің қатерлі ісігінің алдын алу үшін міндетті түрде қолданылуға тиісті құрал.

Көптеген адамдарды жалпы қандай SPF қорғаныс факторлары бар екендігі және орамасында әртүрлі сандары көрсетілген құтылар бір-бірінен несімен ерекшеленетіні қызықтырады. Бұл косметика дүкендерінде ең жиі қойылатын сұрақтар болып келеді. «Барлығы да адам терісінің меланинді шығару қабілетіне байланысты болып отыр. Терісі ақсары келетін адамдарда бұл барынша төмен деңгейде болады. Терінің үш фототипі кездеседі. Бірінішісі – балалар мен ақшыл тері (әдетте мұндай терінің иелері аққұба, көзі көк, ашық сұр, ашық жасыл келеді, сондай-ақ терісін көбіне сепкіл басады). Мұндай теріні қорғау үшін SPF қорғаныс факторы 50 бастап және одан да жоғары болатын иісмайларды қолданған маңызды. Терінің екінші типінің иелері – әлдеқайда қоңырқай келеді. Олар үшін қорғаныс факторы 35 бастап 50 дейін жететін иісмайлар қолайлы болып саналады. Әрі тек қана нағыз қараторы адамдар саны 35 төмен келетін иісмайды қолдана алады. Бұл негізінен мулаттарға, негроидтық нәсіл өкілдеріне қатысты. Қазақстанда терінің мұндай түрі сирек кездеседі», – дейді Марал Сатвалдинова.

Қорғаныс құралын дұрыс таңдаудың жолы қандай?

SPF-факторы бар иісмайларды кездейсоқ таңдауға мүлдем болмайды, бұл тек қана дәрігер-дерматологпен одақтастықта жасалуы тиіс. Ол тексеруді өткізіп, дерматоскопияны жүргізіп, терінің типін анықтайды және жеке ерекшеліктер мен тері түйткілдерін көре алады. Мұндай құралды таңдаған кезде терінің фототипі ғана емес, сондай-ақ пациенттің жасы, терінің түрі (құрғақ, аралас, майлы) де ескеріледі. Иісмайды өз бетімен таңдау май бездері жұмысының бұзылуына, терідегі ұсақ тесіктердің бітеліп қалуына, не болмаса қорғаныстың жеткіліксіздігіне әкеліп соқтыруы ықтимал.

Баршамызға белгілі болып отырғандай, көптеген қыз-келіншектер орамасында SPF 50, 35 деген жазулары бар арзан емес тоналды құралдарды қолданады. Алайда олар шынымен де жаз мезгілінде SPF қорғанысы бар иісмайдың орнын баса ала ма? Осынау өте көкейкесті сұраққа дәрігер-дерматолог былай деп жауап қатты: «Тәуекелге бармаған абзал. Әсіресе Алматы қаласының тұрғындары мен тау етегінде тұратын адамдар үшін. Қыздар көбінесе Еуропада жасалған SPF факторлары бар декоративті косметиканы пайдаланады. Дегенмен ол жердің климаты мүлдем басқа екендігін ескерген жөн, Азия тұрғындарының тері сезімталдығы Еуропа тұрғындарынан өзгешеленеді. Кореяда шығарылған косметика біздерге әлдеқайда көбірек сәйкес келеді, алайда бір өкініштісі, нарықта кәріс опа-далабына ұқсатып жасалған жалған құралдар өте көп кездеседі және алдымызда жарияланған қасиеттері бар түпнұсқа тұр екендігіне жүз пайыз сенімді бола алмайсың. Сондықтан SPF факторлары бар иісмай кез келген жағдайда қажетті нәрсе».

Айта кетерлік бір жайт, бассейндер мен су қоймаларында шамадан тыс күнге қараю да сіздің теріңізге зиянды әсерін тигізе алады. «Бірінші кезекте SPF қорғанысы болмаса, біз тері күйігін аламыз. Біз бактериялардың зақымданған аймақтарға еніп кету қаупін арттырамыз. Тері күйгеннен кейін түлей бастаған кезде екінші рет инфекция жұқтырып алу тәуекелі жоғары болып келеді, ал «күлбіреген» бөртпелердің орнында кейіннен кетіруі қиын тыртықтар, дақтар, жаңа түзілімдер қалып қоюы әбден мүмкін», – деп ескертті Марал Сатвалдинова.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

9
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз