Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Адамдар
  • Темекі түтіні теріңізді қалай құртады және мұндайда не істеуге болады
Редакция ұсынады

Темекі түтіні теріңізді қалай құртады және мұндайда не істеуге болады

Бұл туралы дәрігер – косметолог-трихолог әңгімелейді

Неліктен темекі шайыры мен оның жану өнімдері ерте қартаюдың негізгі себепшісі және жасарту процедураларының тиімділігін төмендетуші факторы болып келеді? Түтіннің теріге тигізетін зиянын қалай азайтуға болады? Темекі тарту секілді жаман әдет ағзаны уландырып қана қоймай, сондай-ақ адамның сыртқы келбетін айтарлықтай нашарлата түседі. Бұл мақалада дәрігер – косметолог-трихолог Лаура Әбдібаева темекі түтінінің салдарынан болатын ерте қартаю туралы барлық өзекті сауалдарға жауап береді.


Темекі тарту теріге қалай әсер етеді?

Жалпы темекі түтінінде әртүрлі жағымсыз салдарды тудыратын улар кездесетіні белгілі, соның ішінде әжімдерден бастап қатерлі ісікке дейінгі жағдайлар. Ал егер тері денсаулығы онсыз да нашар болса, темекі шайыры мен оның жану өнімдері жағдаятты мүлдем қиындатып жібереді. Темекі әлемдегі өлім-жітім құрылымындағы маңыздылығы жағынан екінші орында тұрған себеп болып саналады. Ендеше темекі шайыры мен оның жану өнімдері өзі не нәрсе екен? Темекі, сондай-ақ темекі түтінінің химиялық құрамына, әрі мұндағы әрбір заттектің адам ағзасына қалай әсер ететіндігіне толығырақ тоқталып өтейік.

Сонымен темекінің жану үдерісі кезінде құрамында түтін компоненттері деп аталатын 6000-нан астам химиялық заттектері бар түтін түзіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау органдары анықтағандай, олардың шамамен 100-і шылым шегуге байланысты пайда болатын өкпенің қатерлі ісігі, жүрек аурулары және эмфизема секілді дерттердің ықтимал себебі болып келеді. Осы компоненттердің арасында күшәла, бензол, бензапирен, көміртек монооксиді, ауыр металдар (қорғасын және кадмий), көгертетін қышқыл, темекі үшін спецификалық нитрозаминдер, канцерогендер кездеседі.

Терінің жай-күйі не болмақ?

Темекі тарту тіндердің оксигенациясын (ағзаның оттегімен қанығуын) төмендете түседі. Ол, тіпті, қанның оттектік сыйымдылығын шектей отырып, тіндердің оксигенациясын бұдан бетер нашарлататын карбоксигемоглобиннің құрамын арттырады. Сонымен бірге темекі тарту тромбоциттердің агрегациясын тудырып, простациклиннің, әрі коллагеннің түзілуін азайтып, қанның тұтқырлығын жоғарылатады. Тек 1 ғана темекінің өзін шегуден кейін терінің тамырлары 90 минутқа дейінгі уақытқа тарылуы мүмкін.

Бір ғасырлық клиникалық тәжірибе мен ондаған ғылыми зерттеулерге қарамастан, тек 1977 жылы ғана ғалымдар темекі тартудың жарақаттардың жазылу жылдамдығына деген теріс ықпал тигізетіндігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген және негіздеп шыққан. 1978 жылы жануарларға жүргізілген эксперимент барысында анықталғандай, никотинді жүйелі түрде қолдану жаралардың жазылу үдерісін айтарлықтай нашарлатады екен. Сонымен қатар шылым шегу отадан кейінгі жаралардың да жазылу үдерісін төмендетеді. Лапаротомия отасы жасалған әйелдерді тексерген кезде мына бір жайт анықталған: темекі тартатын пациенттерде теріні ұзына бойлай тілгендегі тыртықтың ені орта есеппен алғанда 7,4 мм құрса, темекі тартпайтын пациенттерде 2,7 мм болған, ал көлденең тілікте – сәйкесінше 2,8 және 2,1 мм құрған. 6 жыл ішінде бетке жасалған барлық косметикалық оталарға ретроспективалық талдау жүргізгеннен кейін медицина қызметкерлері әртүрлі дәрежеде көрініс тапқан терінің ажырап кету секілді асқынулардың 10,2% анықтаған. Темекі тартатын пациенттер осы топтың 80% құраған. Бетке косметикалық оталарды жасайтын шылым шегетін науқастарда темекі тартпайтын адамдарға қарағанда терінің ажырап кету қаупі 12,46 есе жоғары болып келеді. Бетке лифтинг жасалған кезде терінің ажырауы темекі тартпайтын пациенттердің 5%-нда, бұрын темекі тартқандардың 8,3%-нда және шылым шегетіндердің 19,4%-нда байқалады. Осының салдарынан, тіпті, лифтингтің арнайы модификациясы да әзірленіп жасалған, мұнда теріге ендіру өте шектеулі түрде жүріп жатады. Нәтижелер бірден жақсара түсті: пациенттер арасында терінің ажырап кету жағдайлары бірде-бір рет кездеспеген, соның ішінде темекі тартатын 32% пациенттер арасында да байқалмаған. Алайда, тіпті, осынау аялауыш тәсілдемені қолданудың өзінде де шылым шекпейтіндермен салыстырғанда темекі тартатын адамдарда ота жасалған аймақтағы шаштың түсу жағдайларының статистикалық тұрғыдан расталған айтарлықтай жоғары көрсеткіші айқындалған. Күнделікті шегілетін темекі қораптарының саны мен реконструктивті оталар кезіндегі тері трансплантаттары некрозының дамуы арасында тікелей тәуелділік орнатылған. Тәулігіне 1 қораптан артық темекі тартатындарда шылым шекпейтіндерге қарағанда некроз 3 есе жиірек, ал 2 қораптан артық темекі тартатындарда 6 есе жиірек дамиды. Пластикалық оталар кезінде шылым шекпейтін адамдарға қарағанда темекі тартатындарда терінің ажырап кету қаупі 12,5 есе жоғары болып келеді. Бұл ота жасалған аймақтағы шаштың түсуіне де байланысты.

Сондай-ақ оқу Аппарат косметологиясы: шешім бе, әлде денсаулыққа зиян ба? Косметологпен сұхбат

Соңғы зерттеулер дәлелдеп отырғандай, темекі тартатын адамдар терісінің қартаюы әлдеқайда тезірек дамиды, әрі әжімдер де ертерек пайда болады. Сондықтан антиоксидантты дәрі-дәрмектер мен ауыз арқылы қабылданатын дәрумендерді тағайындау қажет, себебі темекінің түтіні теріге сырттан әсер етеді. Темекі түтінінің бет терісіне тікелей әсер етуі мен құрамындағы уытты заттектердің салдарынан, сонымен бірге тамырлардың тонусын төмендететін және жасушалық пен жасушадан тыс элементтерді өзгертетін зиянды компоненттердің қанға еніп кетуінен құрғақтық пен тұрақты түрде болатын тітіркену сезімдері туындайды.

Шылым шегу жоғары пигментация – қара дақтардың пайда болуына әкеліп соқтыратын тері қабаттарындағы меланин гормонының көптеп жиналуына апарады. Бұл әсіресе беттің жұқа терісіне зақым келтіреді. Шылымқұмарлардың терінің сарғыш тартқан және біркелкі емес рельефі терінің серпімділігі мен иілгіштігін қамтамасыз ететін дерманың эластиндік және коллагендік талшықтарының бұзылуымен шартталып отыр. Бұл оттегінің жетіспеушілігі және темекі түтінімен бірге адам ағзасына еніп кететін зиянды заттектер мен канцерогендерді сыртқа шығаруға шамасы келмейтін бауыр жұмысының бұзылуына байланысты болады. Сонымен қатар темекі тарту теріні ажарлы және сау ететін аса қажетті С дәруменін де бұзады екен. Мәселен, зерттеу жүргізілу барысында бір шегілген темекінің өзі тері үшін осынау маңызды дәруменнің шамамен 25 миллиграмын құрта алатындығы анықталған еді. Қан құрамындағы оттегінің мөлшері онсыз да темекі түтініндегі тұншықтырғыш газдың салдарынан азаяды.

Темекі түтіні және коллаген

Терідегі микроциркуляцияның бұзылуы дерманың жергілікті ишемиясына, коллаген мен эластинге теріс әсер ете алатын метаболизмнің уытты өнімдерінің жинақталуына әкеліп соқтырады, әрі осы тірек құрылымдарының құлдырауы мен коллаген және эластиндегі фибриллалардың (талшықшалардың) қысқаруына апарып, осы тұста жұмсақ тіндердің птозы мен мұрын-ерін қатпарларының айтарлықтай айқын пайда болуы әбден мүмкін. Мұрын-ерін қатпарларының пайда болуы мен тереңдей түсуі терінің серпімділігі мен иілгіштігінің жоғалуымен ғана емес – бұл шылымды ішке тартқан кезде белгілі бір бұлшықеттердің атсалысуына да байланысты болып келеді, әрі осының нәтижесінде әжімдер мен терідегі сызаттар пайда болады. Шылымқұмарларда ферменттің синтезін іске асыратын арнайы ген қосылады, ол өз кезегінде коллагенді, яғни, терінің серпімділігі мен беріктігін қамтамасыз ететін ақуызды бұзады. Коллагенді Е және С дәрумендері сақтап қалуға көмектеседі, алайда темекі тарту олардың ағзадағы мөлшерін кеміте түседі. Нәтижесінде тері бос болып шығады. Жанып тұрған темекіден болатын жылудың көп реттік ықпалы мен беттің әлпеті темекі тарту кезінде әжімдердің пайда болуына септігін тигізеді. Мәселен, жоғарғы еріннің үстіндегі әжімдер темекіні ішке тартқан кездегі ауыздың жиырылуымен байланысты болып келеді. Шылымқұмарлардың (соның ішінде, әсіресе, темекі тартатын әйелдерде) көз бен ерін айналасындағы әжімдер әлдеқайда ертерек түседі. Бұдан басқа эластиннің жоғалуы терінің салбырап кетуін тудырады – көздің асты күлдіреп тұрады, жоғарғы қабақтың үсті мен иектің астындағы тері босайды. Көбінесе шылымқұмарлардың көз айналасы қарая түседі. Сонымен бірге темекі түтінінің салдарынан А дәрумені – бос радикалдарды бейтараптандыратын, терінің қартаюын баяулататын антиоксидант деңгейі төмендейді, сондай-ақ күн сәулесіне деген жоғары сезімталдылық та байқалады. Осы жайттардың барлығы да терінің ерте қартаюына (бұл кем дегенде 2-4 жылға жылдамдай түседі), куперозды қоздыратын әрі бет терісі түсінің өзгеруіне (күңгірттенуі, сарғаюы немесе қызаруына) әкеліп соқтыратын серпімділігін жоғалтқан тамырларға байланысты түйткілдерге апарып, сонымен қатар безеулер мәселесін қоздырады да, осылайша темекі түтінінің бөлшектері мен оның басқа да заттектері терінің бітелуін тудырып, беттегі қара нүктелер саны ұлғаяды. Сонымен қатар темекіні саусақтар арасында ұстаудың салдарынан тері мен тырнақ бетінде сары дақтар пайда болады екен. Оларды жану өнімдері, никотин және уытты шайыр түзеді. Шылымқұмарлардың терісінде аса күшті тотықтандыру үдерістері жүріп жатады, әрі олар күн сәулесінің астында тұрғанда терінің қартаю механизмін бес минуттан кейін-ақ іске қосуға қабілетті. Темекі тарту және әдемі тері – үйлеспейтін нәрселер екендігі сөзсіз.

Зиянды қалай төмендетуге болады?

Темекі түтіні – денсаулық пен тері ажарлығының дұшпаны. Ол теріге тікелей, әрі жанама түрде де әсер етеді. Шылымқұмардың терісі нашар көрініп, ерте қартаяды және зақымданған кезде баяуырақ қалпына келеді. Мұны әсіресе SMAS-лифтинг процедуралары, орталық химиялық пилингтер курсы, фото- және лазерлік жасарту, яғни эпидермисті бақыланатын зақымдауға бағытталған барлық косметологиялық процедураларды жоспарлаған кезде есте ұстаған жөн. Егер темекіні тастау сіз үшін нағыз түйткіл болса, онда никотинді алмастыратын терапия немесе темекіні қыздыруға арналған жүйелерді қарастырғаныңыз абзал, бұл жерде жану үдерісі болмайды, әрі темекі 350°С градустан аспайтын температураға дейін ғана қыздырылады. Осының барлығы да ағзаға деген зиянды төмендетуге және айналадағы адамдарға келтірілетін ыңғайсыздықтарды азайтуға көмектеседі. Дегенмен есіңізде болсын, сіздің қолыңыздан келетін ең жақсы шешім, – бұл темекі шегуден біржолата бас тарту.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

3
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз