Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Ораза – рухани тазару ма, әлде зиянды сәнді диета ма?

Қасиетті Рамазан айының сынақтарынан болатын денсаулық үшін зиянды төмендетудің жолы қандай?

Ораза тұтудың кеңінен таралып келе жатқаны айқын – қазіргі таңда кез келген ұжымда күндізгі уақытта ауыз бекітіп жүрген бірнеше адамды кездестіре аламыз. Диетология тұрғысынан қарасақ, мұндай рухани тәжірибе ағза мен денсаулық үшін соншалықты пайдалы ма? Ораза кезінде не болып жатады және оның жағымсыз салдарынан аулақ болудың жолы қандай? Бұл туралы терапевт әрі иммунодиетолог маманы Алмагүл Ержекенова өзінің жаңа материалында әңгімелеп береді.


Қазақстанда Қоғамдық саясат институты тарапынан жүргізілген сауалнама қатысушыларының 32,3%-ы 2024 жылда Ораза тұтуға ниет білдірген екен. Бұл көрсеткіш таңқаларлық дүние емес, өйткені 2021 жылдың өзінде діндар мұсылман адамдарының саны еліміздегі бүкіл халықтың 64,45% құрған.

Не үшін дінде ауыз бекіту деген болады?

Ораза бұл ең алдымен күнәлардан рухани тазару жолындағы шектен шығушылық пен артық кетушіліктен арылудың сынағы болып келеді. Ауыз бекіткен адамда дәмді және қолжетімді тамақ үшін ризашылық білдіру әрі күллі әлем бойынша ашаршылыққа ұшыраған жандарға деген жанашырлық таныту сезімдері пайда болып, екеуі бірдей оразаның мәні болып саналады.

Ал ораза тұтудың кез келген басқа себептері, – мәселен, артық салмақтан арылу үшін, «ағзаны тазарту үшін», «Құдайға сену үшін», ауыз бекіту сәнінің таралуына байланысты, өз-өзіңді жазалау немесе жай ғана айналадағы адамдармен бірге ұстау мақсатында, – тақуалық ұғымына қайшы келеді және, тіпті, діндар мұсылмандардың сезімін қорлайды, әрі қасиетті жазуларға кереғар болып саналады. Сондықтан кез келген адам үшін оразаны ұстау саналы және салмақты түрде қабылданған шешім болуы тиіс. Жүкті әйелдер, бала емізетін аналар мен еттекірі келген әйелдер, сонымен қатар қашықтыққа сапарға шыққан адамдар, науқастар, қарттар мен балаларға ораза тұтпауға рұқсат етілетіні белгілі. Осы бірыңғай жағдайлар аталмыш топтардың физиологиялық ерекшеліктері тұрғысынан да орынды.

Оразаны диетология тұрғысынан қарастыру

Өзінің құрылымы жағынан ораза интервалды құрғақ ашығудың айырықша тәртібі болып келеді. Ас қабылдау мен су ішу күн шыққанға дейін және күн батқаннан кейін рұқсат етілген. Биыл ашығу кезеңдері тәулігіне 13 сағаттан бастап 16 сағатқа дейін созылады. Таңғы асты (сәресі, сухур) таңертеңгі сағат 4-5 дейін ішуге болады, әрі бұл көптеген адамдар үшін әдеттегі тамақтану уақытына сәйкес келмейтіндігі айқын. Ал кешкі ас (ауызашар, ифтар) жалпы кештегі тамақтану уақытына дәл келеді. Мұндай тәртіп бір айға жуық уақыт бойы сақталады да, діндарлардың көбі жаңаша тамақтануға үйренісіп те кетеді.

Ауыз бекіткен кезде адам ағзасында не болып жатады? Ораза тұтатындар көрсетіп отырғандай, олар үшін ең қиын кезең – оразаның алғашқы екі аптасы екен. Бұл адам ағзасында бастапқы кезеңде болатын физиологиялық және биохимиялық үдерістердің қайта құрылуымен түсіндіріледі, әрі әлбетте мұның жайсыздықпен бірге жүріп жататыны шүбәсіз. Атап айтқанда адамдар уақыт әдеттегі түскі асқа жақындаған кезде қарын ашу мен күні бойы мазалайтын шөлдеу сезімдеріне тап болады. Бұл асқазан-ішек жолының ас қорыту сөлі мен ферменттерді бөліп, осы уақытта үйреншікті қоректік заттардың түскенін «күтуді» жалғастыратындығымен түсіндіріледі, ал метаболикалық үдерістер күтпеген аштыққа стрестік жауап тәртібіне ауысады. Ас қабылдаудан келетін сұйықтық пен күш-қуаттың жеткіліксіздігі салдарынан ауыз бекіткен адамдар көңіл-күйдің төмендейтіндігін, әлсіздік сезімін, сананың көмескіленуін сезінеді. Тамақтану тәртібінің кенет өзгеруінің нәтижесінде және ұйқының бұзылуы салдарынан адамдардың көбі ұйқыға батуға байланысты бұзылыстар мен жалпы ұйқының жеткіліксіздігін байқайды.

Сондай-ақ оқу Үйден тыс тамақтанудың зиянын қалай азайтуға болады Диетолог айтып береді

Бейімделу кезеңінен кейін (бұл кейде, тіпті, өте ауыр кезең болуы мүмкін) адам өмірдің мүлдем басқа ырғағына өтеді де, оразаның аяғына дейін өздерін жайлы сезінуін жалғастырады. Осы кезең барысында асқазан-ішек жолында секреция мен моторика бәсеңдей түседі де, қарын ашу сезімі тіптен болмайтын көрінеді. Ораза ұстаған адамдардың дені соншалықты ауыр болмаса да, дегенмен шөлдеуді сезінуді жалғастыратындығын алға тартады. Күні бойы адам аса белсенді болмайды, әрі көбінесе түнгі ұйқысын күндізгі ұйқыға арналған үзілістерімен өтейді. 

Көмірсулардың метаболизмі төмендей түседі, сонымен бірге гликоген қоры да анағұрлым толыққанды қалыптасады (рұқсат етілген сағаттарда сапалы тамақтану ережелерін сақтаған кезде), әрі бұл адам ағзасын айтарлықтай көбірек уақытқа дейін қуатпен қамтамасыз етеді. Осы үдеріс өзінің механизмі жағынан нағыз спортшылардың жарыстар уақытында анағұрлым жоғары өнімділікке жету мақсатында қолданатын «көмірсу жүктелімімен» барабар. Сонымен бірге ағза осы уақытқа қарай су мен қуатты алу үшін май қорларын айтарлықтай тиімді түрде ыдыратуды «үйренеді». Осындай ауысу (ішінара болған жағдайда да) кетодиетаны ұстанатын адамдар үшін тән болып келеді.

Айта кетерлік бір маңызды жайт, асқазан-ішек жолының жұмыс белсенділігі төмендеуінің аясында және ішектің толығымен босатылуы кезінде микробиомның ішінара өзін-өзі қалпына келтіру үдерісі болып жатады. Осы тұста тепе-теңдік пайдалы флора жағына ауысады, ал ашытқы саңырауқұлақтар, Candida тектес саңырауқұлақтар және шартты патогенді бактериялар қант түріндегі қоректенудің болмауы мен лакто-, бифидо- және басқа да пайдалы бактериялар колонияларының көбеюінің ығыстырылуы кезінде басылады.

Осылайша оразаның екінші жартысында көптеген жағымды өзгерістер болады, әрі бұл туралы олар үшін бәрі де жайлы өткен ауыз бекіткен адамдардың әңгімелері арқасында кеңінен белгілі болып отырады.

Дегенмен ораза тұтқан адамдардың барлығы бірдей ауыз бекітудің осындай мінсіз көрінісіне қол жеткізе бермейді екен. Созылмалы аурулар мен бейімділіктер, ораза кезіндегі тамақтанудың сапасы мен өмірдің ырғағы салынған күш-жігер мен күтілетін пайданы жоққа шығарады. Мәселен, бауыр мен өттің іркілуі бар өт жолдарының созылмалы патологиялары кезінде кейбір ауыз бекіткен адамдар ауруларының асқынғанын сезініп отырады. Зәрдің жоғары концентрациясы жағдайында тұздың бүйректің ішінде жиналуға деген бейімділік болған кезінде құм мен тастардың түзілуі әбден мүмкін, әрі мұның аяғы кейде ауруханаға жатқызу жағдайларына әкеліп соқтыруы ықтимал. Созылмалы гастриттер және асқазанның ойық жарасы әсіресе оразаның алғашқы екі аптасында асқыну үрдісіне ие болып келеді, өйткені әдеттегі асқазан сөлінің секрециясы түсетін тамақпен бейтараптандырылмайды да, әрі асқазанның шырышты қабатын тітіркендіреді. Сонымен қатар ораза тұтқан адамдардың көбі су мен тағамдық талшықтарға бай тамақтың жеткіліксіздігі салдарынан пайда болатын іш қату жағдайлары жайында айтып жатады. Ағзаларында көмірсудың алмасуы мен инсулиннің (метаболикалық синдром, қант диабеті) бұзылуы бар адамдардың жалпы жағдайының күрт нашарлауы, еңбекке жарамдылығының төмендеуі, бастың қатты ауырсынуы жиі кездесіп отырады.

Жоғарыда көрсетілген барлық жағымсыз салдар сәресі мен ауызашар кезіндегі тамақтанудың ағза қажеттіліктері мен діни ұсыныстарға сәйкес келмейтіндігіне байланысты ұлғая түседі. Бір өкініштісі кешкі уақытта қорытуға ауыр болып саналатын қамыр мен еттен жасалған тағамдарға бай дастархан басындағы отырыстар (кейде, тіпті, алкоголь мен никотин де кездеседі) адамның өзін-өзі нашар сезінуіне, ертесіне болатын шөлдеудің жоғарылауына, ісінулер мен созылмалы аурулардың асқынып кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін.

Бір қызығы, ауыз бекітудің көптеген салдары оның аяқталуынан кейін де туындауы әбден ықтимал. Бұл бүкіл үдерістің тағы да бір сыни межесі болып келеді, яғни, тамақтану мен белсенділіктің үйреншікті тәртібіне оралу. Бұрынғы тәртіпке қайта оралу кезінде де әртүрлі салдар болуы мүмкін, әсіресе бұл ауысу кенет және жеке ерекшеліктердің ескеруінсіз жасалған жағдайда.

Оразаны ұстаған кезде зиянды төмендету үшін не істеу керек?

Ең басты зиян оразаның өзінен емес, ораза ұстаушының оған деген дайындықсыздығынан және өз денсаулығының жағдайын сәйкессіз бағалауы (не болмаса бағалаудың мүлдем болмауы) салдарынан болады.

Бұл жағдайдағы дайындық дегеніміз бұл – дұрыс ниет ету, әрі ағза үшін жаңа тамақтану тәртібіне бірте-бірте «кіру», сондай-ақ Ораза кезіндегі ас қабылдаудың негізгі ережелерін сақтауды білдіреді. Сұйықтықтар мен тағамдарды ішудің реттілігі мен мөлшерін алдын ала жоспарлап отыру денсаулық үшін көптеген жағымсыз салдардан қорғап қалады. Өмір мен тамақтанудың қалыпты тәртібіне біртіндеп оралу да хал-жайды жақсарта түседі, әрі денсаулығыңыздағы қол жеткізген жақсартуларды сақтап қалуды қамтамасыз етеді.

Қорытындылай келе, мына бір жайтты естеріңізге саламыз: мұсылмандар үшін Рамазан – рухани тазару мен дүниенің қызығынан баз кешудің айы, бұл уақытта әрбір діндар адам өзінен гөрі өзгелер жайлы көбірек ойлайды. Сондықтан бұл ай қайырымдылық, айналадағы жақын адамдар және жануарларға деген көмек көрсетумен қатар жүріп жатады. Осы уақытта көбірек ойланып, дұға етіп, рефлексия жасап, әрі баяулай түсу ұсынылады. Соңғысы физикалық белсенділіктің төмендеуімен бірге жүреді, өйткені бұл физиологиялық тұрғыдан да негізделіп отыр. Дегенмен физикалық жүктемелерге еті әбден үйренген адамдарға олардан мүлдем бас тартуға кеңес бермейміз. Оданда жүктеменің қарқындылығын, ұзақтығын төмендеткен абзал, не болмаса жүктемені (белсенділіктің түріне байланысты) 30-50% азайту және өзіңіздің хал-жайыңызға назар аударып шұғылданған дұрыс. Созылмалы аурулардың өршуі немесе ораза барысында пайда болған асқыну жағдайлары анықталған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал және мерзімінен бұрын тамақтанудың қалыпты тәртібіне біртіндеп оралу керек.

Ораза сіз үшін жеңіл және пайдалы өтсін! Ниетіңіз қабыл болсын!


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

8
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз