Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Аппарат косметологиясы: шешім бе, әлде денсаулыққа зиян ба?

Косметологпен сұхбат

Лазер сәулесі, электр тоғы, электромагниттік өріс, вакуум, ультрадыбыс – осы сөздердің барлығы да қорқынышты естіледі, келісесіздер ме? Мұның бәрі де әйелдер арасында, және сол секілді ер адамдар арасында жыл өткен сайын ерекше жоғары сұранысқа ие болып келе жатқан аппараттық косметологияның мүмкіндіктері. Біздің заманымызда адамның жасына қарамастан, мінсіз сырт келбетке қол жеткізу үшін көптеген косметологиялық және медициналық-эстетикалық процедуралар баршылық. Адамдардың әдемі және жас көрінуге деген ықыласы соншалық, тіпті, олар көбінесе денсаулыққа келтірілетін нұқсан туралы ойланбайды да. Біз аппараттық косметологияның адам ағзасына деген ықпалы туралы косметолог Юлия Белоусовамен әңгімелестік.


Лазерлік процедуралар зиянды ма? Лазерге байланысты көптеген дақпырттар бар. Солардың бірі: лазер терінің қатерлі ісігіне әкеліп соқтырады. 

Лазер дегеніміз не екендігін анықтап алайықшы. ЛАЗЕР (аббревиатурасы) ағылшын тілінен аударылғанда – Light Amplification by Stimulated Emission of Radiation: еріксіз сәуле шығару арқылы жарықты күшейту дегенді білдіреді. Міне, осы «еріксіз сәуле шығару» сөз тіркесі қорқынышты естілуі мүмкін. Өйткені адамдардың көбі бұл сөздерді «сәулесоққы», «радиация» секілді түсініктермен байланыстырады. Бәлкім, бұл терінің қатерлі ісігіне әкеліп соқтыруы ықтимал шығар? Баршаны тыныштандыруға асықпын. Жоқ, бұл терінің қатерлі ісігіне әкелмейді. Бұл жерде ешқандай да сәулесоққы, әрине, болмайды. Лазерлік аппараттарда бақылауға болатын белгілі бір энергияны алып жүруге бағытталған жарық қолданылады, әрі оның әрекет етуі барынша дәл болады. Сондықтан бұл «еріксіз сәуле шығару» деп аталған. Бұл мақсатты және бақыланатын дүние. 

Медицинадағы лазерлердің қолданылу тарихы 50 жылдан астам уақытты алып отыр. Ол сонау 1960 жылдан бері бастау алады, сол кезде лағыл лазері алғаш рет ойлап табылған еді. Ал еріксіз сәуле шығару тәсілінің өзін 1900 жылы Альберт Эйнштейн ойлап шығарған екен. Яғни, лазерлер 60-шы жылдардың ортасынан бері белсенді түрде зерттеліп, медицинаның әртүрлі салаларында қолданылып келеді, содықтан мұны айтарлықтай жақсы зерттелген тәсілдеме деп атауға болады. Ол уақытпен тексерілген әдіс. Лазерлер хирургияда (лазерлік скальпель), онкологияда, офтальмологияда, дерматологияда (өскіндерді алып тастау) қолданыла бастаған. Қазіргі уақытта медицинаның барлық дерлік салаларында жарық, лазерлік технологиялар белсенді түрде пайдаланылып жатыр. Косметологияда лазерлер пайда болған өскіндерді алып тастау үшін, тамырлардың көрініп тұрғанын, татуировкаларды кетіру үшін, қажетсіз түктерді, перманентті макияжды, пигментацияны, тыртықтарды, стрияларды жою үшін пайдаланылады. Теріні жасарту мақсатында: лазерлік тегістеу, лазерлік пилингтер.

Бүгінгі таңда лазерлердің қолданылуы қауіпсіз болып саналады, дегенмен пайда болуы мүмкін қажетсіз әсерлерге жол бермеу үшін оның қолданысы белгілі бір ережелерге сәйкес жүргізіледі. Біріншіден, лазерді қолдануға байланысты нақты көрсетілімдер болуға тиіс. Әрі бұл тұстағы басты сауал осы көрсетілімдерді кім анықтай алатынында жатыр.

Демек бұл жоғары медициналық білімі бар, әрі лазерлік технологиялар бойынша тиісті біліктілікті арттырудан өткен дәрігер болуы керек. Елімізде, тіпті, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында дерматокосметологтар ретінде қызмет атқаруға құқығы бар дәрігерлер тізімі де жарияланған.

Қазіргі уақытта бұл аса көкейкесті мәселе болып отыр, өйткені медициналық білімі жоқ косметологтарды жұмысқа қабылдап жатқан сұлулық салондарының саны көбейіп келеді. Пациент процедураның мәнін толыққанды түсінбеуі мүмкін, мәселен, ол лазерлік тегістеу туралы Instagram желісінде бірнәрсені көзі шалып қалады да, ал сол пациентке мұндай процедураны жасатуға қарсы көрсетілімдер бар шығар, әрі білікті маман нақты оған ненің жарайтындығы туралы айтып береді. Сонымен қатар лазерлік процедуралардың алдында арнайы сауалнамалар, ақпараттандырылған келісім парақтары толтырылады, себебі олар да әрбір бөлек пациенттің белгілі бір ерекшеліктерін айқындауға көмектеседі, сондай-ақ аппараттың параметрлерін баптауда жеке тәсілді табуға өз септігін тигізеді.

Сонымен бірге бұл барлық санитарлық стандарттарға сәйкес келетін клиника немесе медициналық кабинет болуы тиіс. Әрине, лазердің өзі сапа стандарттарына сай келуі керек. Өндіруші-компания өнімді шығарудың алдында көптеген тиісті тексерулерден өтеді, ал аппараттары сертификаттаудан өткізіледі. Сондықтан да, егер сіз лазерлік процедураларды лицензиясы бар дәрігерде, әрі халықаралық сертификаттаудан өткен тіркелген өндірушілердің тек қана сертификатталған аппараттарын қолданып жатқан және лицензиясы бар клиникада өткізсеңіз, мұндай жағдайда лазерді пайдалану қауіпсіз болмақ.

Қазіргі таңда аппарат косметологиясы кеңінен танымал. Осыған байланысты қолдан жасалған дүниелер көптеп пайда болады. Осы орайда өндіруші ел қайсысы екендігі маңызды ма?

– Иә, бүгінде жасарудың жақсы нәтижелерін беріп отыратын және қауіпсіз болып саналатын сан алуан әртүрлі аппараттар пайда болған. Терісі сезімтал келетін пациенттер аппараттық косметологияны таңдайды, себебі бұл инъекциялық процедураларға қарағанда ауырсынуды тудырмайды. Көптеген пациенттер процедураның нәтижесі барынша тиімді болғанын қалайды, ал реабилитация кезеңі мен процедурадан кейінгі көзге көрінерлік іздер – минималды немесе мүлдем байқалмайтындай болуы керек. Бұл тұста, әрине, осы аппараттарды шығаратын, тіпті, ел емес, өндіруші компания, оның нарықтағы тарихы, сертификатталуы, лицензиялары, халықаралық стандарттарға сәйкес келуі маңызды. Қазіргі таңда көптеген елдер тиісті құрал-жабдықтарды шығарады, алайда оларға ұқсас қолдан жасалған заттар да, әлбетте, көптеп кездеседі, сондай-ақ олар барған сайын түпнұсқаларға көбірек ұқсайтын көрінеді.

Ал Morpheus 8, SMAS-лифтинг, Lumecca, Diolaze, LPG және сол секілді басқа да әртүрлі танымал аппараттарға ұқсас қолдан жасалған құрылғылар несімен қауіпті?

– Әрі кетсе, уақыт пен қаражат жоғалуымен ғана. Бір өкініштісі, соңғы уақытта брендтік заттар мен техниканы ғана емес, сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтарды да ұқсас етіп қолдан жасайтын болған. Аппарат неғұрлым танымал болса, жасанды құрылғылар да соғұрлым көп кездеседі екен. Сыртынан қарағанда әдетте олар түпнұсқаларға өте қатты ұқсайды. Ал ішкі құрылымдары мүлдем басқаша болып келеді, яғни, түпнұсқамен ешқандай да ұқсастығы жоқ болып шығады. Әлбетте бұл құрылғылардың ешбір клиникалық сынақтардан өтпейтіні хақ. Процедура кезінде теріге қандай физикалық факторлар әсер етіп тұратындығы да – ешкімге белгісіз. Жасанды аппаратты сатып алатын клиника немесе сұлулық салоны үшін бұл өртті жағдайдың пайда болуымен де қауіпті, өйткені мұндай құрал-жабдықтарда тиісті қорғаныс болмайды.

Ең құрығанда бұл пациенттің денсаулығына нұқсан келтіруі ықтимал. Терінің, тамырлардың зақымдануы, тітіркену, пигментация, күйіп қалу, тыртықтардың пайда болуы секілді жайттар. Ең қауіпті асқыну түрлерін терінің терең қабаттары мен тері астындағы құрылымдарға бағытталып әрекет ететін жасанды құрал-жабдықтар тудырады – бұл лазерлер, фракциялық RF-жүйелері, SMAS-лифтинг аппараттары. Осындайда асқынулар қайтарымсыз болуы бек мүмкін.

Қай жастан бастап аппарат косметологиясына жүгінуге болады?

– Аппараттық косметологияға жүгінуді осындай жастан бастау керек деген секілді белгілі бір қатаң стандарттар жоқ. Барлығы да көрсетілімдерге байланысты болып келеді: біреулер үшін 18 жаста болуы мүмкін, басқалар үшін айтарлықтай кейін көрсетіледі. Бұл тұста бәрі де жеке ерекшеліктерге, генетикаға, терінің резервтеріне, өмір сүру салтына, тіпті, мамандыққа байланысты болады. Мұнда көптеген аппараттар үшін тыйым салынатын ұсыныстар жиірек кездеседі: 18 жасқа дейінгі жас санаты, жүктілік кезеңі, емізу кезеңі. Сонымен бірге медициналық көрсетілімдер де жиі болады, безеулер, розацеа не болмаса, мәселен, кез келген жаста пайда болуы мүмкін сүйелдер, папилломалар, невустарды алып тастау секілді көрсеткіштер.

Қазақстандық қыз-келіншектер арасында қандай процедуралар кеңінен таралып отыр?

Бүгінде аппараттық косметология ұсынып отырған процедуралар арасындағы кеңінен таралғандары келесілер болып саналады:

·     лазерлік эпиляция (денедегі қажетсіз түктерден құтылу). Айтпақшы, егер қауіпсіздік мәселесіне оралатын болсақ, мұндағы әсер ету, тіпті, түк айналасындағы теріге емес, тек қана түктің фолликуласына бағытталады.

·     Фотожасару – бұл жердегі артықшылық бір процедураның өзінде-ақ бірнеше мәселенің шешілуінде жатыр (пигментацияны түссіздендіру, куперозды емдеу, жасарту, терінің тесіктерін тарылту). Әртүрлі процедураларды жасаудың керегі жоқ, әрі бұл ауырсынуды турырмайды, оңалту кезеңі болмайды, процедурадан кейінгі күтім минималды болып келеді.

·     Жаңадан пайда болған өскіндерді лазермен алып тастау (невустар, папилломалар, сүйелдер). Хирургиялық жолмен салыстырғанда лазермен алып тастау өзінен кейін ешқандай дерлік іздерді қалдырмайды.

·     Тамырлы торларды лазермен алып тастау.

·     Татуировкалар мен перманентті макияжды лазермен алып тастау. Жастар татуировкаларды жасатып алып, бірнеше айдан кейін-ақ қайта ойланады да, оларды кетіру үшін келеді. Не болмаса мұны біліктілігі жоқ мамандарда жасатып, татуировка немесе перманентті макияж өзінің түсін, не болмаса түрін жоғалта (бұлдыр көрінуі) бастайды.  

·     Аппараттық тазалау – бұл терісі аса сезімтал келетін пациенттердің кейде баруға бел бумайтын классикалық терең механикалық тазалау процедурасымен салыстырғанда айтарлықтай ауыртпайтын шара. 

·     Лазерлік блефаропластика. Ота арқылы жасалатын блефаропластиканың баламасы ретінде.

·     Лазерлік тегістеу. Жасарту немесе безеулерден кейінгі емдеу ретінде.

·     SMAS-лифтинг. Ота арқылы теріні тартудың балама нұсқасы ретінде. 

·     Дене бітімін аппаратпен түзету. Адамның ағзасында майлы «қақпандар» болады, әрі кейде олардан арылу қиынға соғады. Осындай жағдайларда фитнес пен диеталарды ұстануға қоса, түйткілді аймақтарға тікелей әрі мақсатты түрде әрекет ете алатын дене бітімін аппараттық түзету әдістері жиі қолданылады.

·     Босанғаннан кейінгі терінің созылуын аппараттық емдеу.

Аппарат косметологиясы немесе фейс-фитнес? Бет бұлшықеттеріне арналған жаттығулар аппараттық косметологияға қарағанда әлдеқайда жақсырақ көмектеседі деген пікір баршылық. Бұл рас па?

– Осы мәселенің басын ашу үшін анатомияның негіздерін еске түсіру керек. Адам ағзасындағы бұлшықеттер сүйектерге екі жақтан бекітіледі, демек, бұлшықетке жүктеме түсірілген кезде бұлшықеттер өзімен бірге теріні тартып тұрмайды. Ал адамның бетіндегі бұлшықеттерге келер болсақ, бұл жерде барлығы да сәл басқаша ұйымдасқан. Бетіміздегі бұлшықеттердің барлығы да сүйек негізіне бір жағынан ғана бекітіледі, ал екінші жағынан теріге қосылады. Ал бұлшықет ширатылғанда оның артынан тері де созылады. Сонымен қатар баршамыз білетіндей, адамның бет қимылы неғұрлым айқын болса, мимикалық әжімдері де соғұрлым айқын болады. Фейс-фитнес мимикалық бұлшықеттермен жұмыс істейді. Сондықтан жаттығуларды дұрыс жасаған абзал, яғни, білікті жаттықтырушының көмегіне жүгінген жөн, әйтпесе мимикалық әжімдер одан әрі көбейе түседі. Әрі фейс-фитнес негізінен лифтингке, теріні тартуға бағытталған, яғни, бұл терінің сапасына ықпал етпейді, теріні ылғалдандыру, нәрлендіру деген секілді әсерлер болмайды, жаңа коллагеннің өндірісін ынталандыру қамтамасыз етілмейді. Дегенмен, әрине, мұның да оң жақтары баршылық: фейс-фитнестің көмегімен жақсы лимфодренаждық әсерге қол жеткізуге, сондай-ақ беттің ісінуін азайтуға әбден болады. Сол себептен жалғыз фейс-фитнестің өзі, әбетте, аздық ететіні сөзсіз. Жасару әсерінің нәтижесі жақсы болуы үшін кешенді тәсіл керек.

Понравилась ли вам статья?

4
2
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз