Редакция ұсынады

Егде жаста темекіні тастау мүмкін бе?

«Менің жасымда темекі шегуден бас тарту тым кеш» - бұл сөз орамын өтілі жоғары әрбір дерлік шылымқұмар қолданып келеді. Алайда, егер бұл көпжылдық әдет уақыт өте келе рахатқа бөлеуді тоқтатып, оның орнына денсаулық үшін көптеген жағымсыз салдарға айналып отырса ше? 70 жасқа келгенде темекіден құтылуға бола ма және ең бастысы – мұның жалпы мағынасы бар ма? Егде жаста денсаулыққа болатын зиянды төмендетуге, ал кейбір тұстарда, тіпті, оны жақсартуға бола ма? Осыны бірге анықтап көрейік.


Темекі тартудың ұзақ «өтілінен» кейін ағзамен не болады?

Бастапқыда зиянсыз болып көрінген шылым тартуға деген әдеттену бірте-бірте нағыз есірткілік тәуелділікке айналады. Көптеген ғылыми зерттеулер дәлелдеп отырғандай, өтілі жоғары болып келетін шылымқұмардың ағзасы күрделі өзгерістерге ұшырайды: тыныс алу жүйесінің, жүйке жүйесінің қызмет етуі бұзылады, күретамырлық қысымда ауытқулар пайда болады, қантамырларының тонусы төмендейді, әрі бұл да толық тізім емес. Темекі түтінінің құрамында кездесетін канцерогендердің ұзақ мерзімді әсері жасушалардағы мутацияларға әкеліп соқтырады, бұл өз кезегінде әртүрлі ағза мүшелері мен жүйелерінде қатерлі жаңа түзілімдерді тудыруы ықтимал. Өкпенің қатерлі ісігі бойынша барлық жағдайлардың 85% астамы тікелей темекі тартуға байланысты болып отыр. Өкпенің қатерлі ісігінен басқа шылым шегу ауыз қуысының, тамақтың, көмейдің, өңештің, ұйқы безінің, бүйрек және бауырдың қатерлі ісігінің даму қаупін айтарлықтай арттыра алады.

Егде жаста темекіні тастау қауіпті ме?

Көпжылдық әдеттен кейін темекі шегуден бас тарту — бұл өте маңызды қадам, дегенмен оған көбі бел байламайды. Өтілі бар шылымқұмарлар темекі тартудан болатын зияны мен одан бас тартудың пайдасын ұғынады, алайда «зиян келтірілді ғой» деп жиі ойлай отырып, тіпті, жаман әдетінен құтылуға тырысудың да мағынасын көрмейді. Бірақ осы бір орныққан дақпыртқа қарамастан, көптеген ғылыми зерттеулер керісінше нәтижелерді көрсеткен.

Жақында өткізілген зертеуде неміс ғалымдары келесі жайтты анықтаған: тіпті, 60 және 70 жас шамасында темекі шегуден бас тартқан адамдардың арасында да орташа өмір сүру ұзақтығы шылым тартуды жалғастыра бергендерге қарағанда жоғары болып шыққан. Оның үстіне 40 пен 50 жас аралығында темекіні тастаған адамдардың өмір ұзақтығы ешқашан шылым шегіп көрмегендердің өмір ұзақтығынан айырмашылығы жоқ дерлік екендігі расталды.

Алайда мұның бәрі алғаш көрінгендей қарапайым емес! Егер адам егде жасқа келгенде қайткенде де темекі шегуден бас тарту туралы шешім қабылдаса, ол бірқатар салдарға тап болуы әбден мүмкін. Никотиннен бас тарту үдерісі денсаулықтың нашарлауын тудыруы шүбәсіз, өйткені 15-30 жыл бойы темекі тартуға үйренген адам ағзасы никотиннің кезекті дозасын талап етіп отырады. Әрі бұл қантамырлардың спазмдарына, күретамырлық қысымның өзгеруіне, бастың қатты ауырсынулары мен эмоционалдық тұрғыдан тұрақсыздыққа әкеліп соқтыруы ықтимал.

Ал егер егде жастағы адам темекіні сирек тартуды бастаса ше?

Адамдардың көбі темекінің тәуліктік мөлшерін азайтсаңыз болғаны, сонда барлық қауіп-қатерлер жаныңызға жоламай, айналып өтеді деп қателесіп отырады. Алайда никотинге деген тәуелділік осыншама оңай жібере қоймасы анық, әрі біршама уақыт өткеннен кейін шылымқұмар үйреншікті дозасына қайтып оралғысы келуі әбден мүмкін. Егер сіз, тіпті, темекіні аз мөлшерде тартсаңыз да, дегенмен бұл көп жылдан бері жалғасып келе жатса, не болмаса арасында үзілістер болған жағдайда да (мәселен, жүктілік кезіндегі үзіліс), бұл бәрібір тыныс алу мүшелерінің аурулары мен қатерлі ісіктердің пайда болу қаупін айтарлықтай жоғарылата түседі.

Сондай-ақ оқу Түтінсіз баламалар және темекі – екеуі бір нәрсе ме? Темекі тартудың балама нұсқалары туралы басты дақпырттарды сейілтеміз

Әдеттен бас тартудың жолы қандай?

Өтілі жоғары шылымқұмарлардың пайымдауынша, ұзақ мерзімді тәуелділікпен күрес міндетті түрде қатаң және ымырасыз түрде жүруі тиіс, яғни, темекіден бір сәтте құтылу керек, алайда осы тұста асығудың қажеті жоқ. Темекі шегуді кенет тоқтату тек мынадай жағдайда мүмкін болмақ, ол үшін сіздің шылым шегу тәжірибеңіз 3-5 жылдан аспауы қажет. Мұндай жағдайда никотиндік тәуелділік әлі аса қатты тамыр жая қоймайды, демек шылымнан кенет бас тартудың артынан қандай да бір күрделі салдар да болмайды. Ал қалған жағдайларда егде жаста жаман әдеттен арылу тек қана дәрігердің қатаң бақылауында өтуі тиіс, әрі кардиолог пен терапевт мамандарының диагностикасынан өткен маңызды.

Дәрігерлер жасы үлкен адамдарға никотинге деген тәуелділікке қарсы күрес жүргізуде көмектесетін бірнеше тәсілдерді ұсынады:

  • Никотинді алмастыратын терапия құралдарын (дәрі-дәрмек, сағыз, жабыстырғыштар) қолдану.
  • Ұйқының қалыпқа келуіне және болдырмау нышанаты жағдайында ашушаңдықтың төмендеуіне көмегін тигізетін тыныштандыратын тұндырмалар, шайлар, шөп терімдерін тұтыну. 
  • Ағзадағы зат алмасу үдерісінің жылдамдауы үшін емдік дене шынықтырумен айналысу.

Жаман әдеттен арылу жолының басында шылымнан біржолата бас тартқаннан гөрі күнделікті тұтынылатын темекінің санын бірте-бірте төмендеуден бастаған абзал. Ал темекіні кенет тастау қан қысымындағы күрт өзгерістерге апаруы бек мүмкін, әрі бұл сіздің ағзаңыз үшін өте үлкен сынаққа айналуы ықтимал. Сонымен бірге адамдардың көбі түтін шығармайтын балама нұсқаларды таңдауды жөн көреді. Олар ағза үшін негізгі қауіп болып саналатын темекінің канцерогенді түтіні мен шайырдың түзілуіне жол бермейді.

Ең болмағанда мамандарға жүгінгеніңіз дұрыс. Осы тұста психолог немесе тәуелділіктермен жұмыс істейтін маманның көмегіне жүгіну мүмкіндігін елемеудің қажеті жоқ. Психологпен терапиядан өту арқылы темекі тартудың негізгі себептерін анықтауға болады, әрі ол күйзелісті басқарудың тиімді стратегияларын үйретіп, сондай-ақ темекіге жүгінбестен, өмірде болып жататын сын-қатерлерге төтеп берудің салауатты әдістерін дамытуға көмектесе алады.

Жақсы көрсеткіштер

Егер сіз, тіпті, 60, 70 жасыңызда немесе одан да жоғары шағыңызда темекі шегуден бас тартсаңыз, онда сіздің көрсеткіштеріңіз бәрібір жақсаруы мүмкін. Атап айтқанда сізді не күтеді: 

- Жүрек жиырылу жиілігі мен күретамырлық қысым қалыпты деңгейді көрсетіп отырады.

- Жүйке ұштарының қалыпқа келуі әлдеқайда жақсара бастайды, сондықтан сіз иіс пен дәмді жақсы сезетін боласыз. 

- Өкпе, жүрек және қанайналым жүйесі айтарлықтай жақсы жұмыс істей бастайды.

- Сіз әлдеқайда сирек жөтелесіз және ентігуді сирек сезінесіз.

- Жүрек ұстамасы немесе инсультті алу қаупі төмендейді.

- Тыныс алу жақсара түседі.

- Қатерлі ісікке шалдығу қаупі төмен болады.

Қанша жаста болғаныңызға қарамастан, денсаулық үшін осы артықшылықтардың барлығы да темекі шегуден бас тартудың жоспарын құрудың маңызды себептері болып келеді.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

9
1
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз