Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Кинодағы клишелердің барлығы да зиянсыз ба?

Белгілі бір жанрларға жататын фильмдерден бастап әйгілі блокбастерлерге дейінгі абсолютті барлық кинода авторлар қандай да бір мезетте көрермендерге таныс идеяларына қызығуға мүмкіндік беру үшін қалыптасып қалған кинематографиялық таптаурындарға жүгінуге мәжбүр болады. Бұл бейнелер персонаждардың архетиптері мен баяндау курылымдарынан бастап қарапайым және зияны жоқ заттарға дейін түрленіп отыруы мүмкін. Киносыншы Гүлажар Машрапова танымал картиналардың мысалында неліктен кинотроптарға түсуге болмайтындығы мен осы ықпалдың қаупінен өзіңді қорғап қалу жолы туралы айтып береді.


Кинематография өзінің бір ғасырдан артық тарихында көптеген жарқын троптар мен тәсілдерді тудырған, солардың арқасында нағыз сиқыр пайда болады. «Троп» ұғымының өзі баяндаудың нышаны және құралы, мінез бен хикаяны, танымал сюжеттік формуланы жасаудың әдісі дегенді білдіреді. Кейбір троптар киноға сіңісіп кетіп, әрі жиі қайталанып тұрады. Ал кейбіреулері, бәлкім, аса жиі қайталанып отыратындықтан, нағыз клишеге айналған. Дегенмен соңғылардың арасында кездесетін осыншама үйреншікті троптар қазіргі уақытта көрермен тарапынан күмән тудырады: триллер немесе процедуралық драмадағы «детектив-жасы-қырықтан-асқан-депрессивті-ер-адам», хоррордағы Final girl, романтикалық комедиядағы «Ұсқынсыз үйрек», ер адам және әйел мінездерін бейнелейтін «Альфа-еркек» пен «Бәлеге ұшыраған қыз». Кеңінен таралғандарын рет-ретімен қарастырып өтейік.

«Машинадан шыққан шайтан»

Ғылыми фантастика жанрында түсірілген көптеген фильмдерде озық технологиялар мен олардың соңғы жетістігі – жасанды интеллект нағыз қиратушы күш пен зұлымдыққа толы нәрсе ретінде көрсетіледі. Әлбетте, кино шығарушыларының осындай ұстанымға ие болуы көңілге қонымды және өте қисынды жайт болып келеді, өйткені бұл адамзаттың ығыстырылып шығарылу секілді табиғи қорқынышын паш етіп, не болмаса, тіпті, мүмкіндіктері айтарлықтай басым келетін едәуір жетілдірілген ақыл-ой иелерінің кесірінен адамдардың түр ретінде жойылып кету үрейін көрсетіп тұрады. Әрі осындай нарративті әлемдік кинематографтың ең жарқын үлгілерінен көре аламыз: Стэнли Кубриктің «Ғарыш одиссеясы», Джеймс Кэмеронның «Терминаторы», Ридли Скоттың «Жүздің үстімен жүгіруші» фильмі, апалы-сіңілі Вачовскидің «Матрицасы», Алекс Гарландтың «Машина» фильмі, HBO ұсынған «Жабайы Батыс Әлемі» телехикаясы. Ал егер су жаңа релиздерді есімізге түсіріп көрсек, онда бұл тақырыпқа кеңінен танымал экшен-франшиза – «Орындалмайтын миссия: Ажалды жаза. 1 бөлім» атты 7-ші фильмді де жатқызуға болады. Әрине, осы картиналардың барлығы да еліктіріп әкететін әрі өте қызықты картиналар, оған қоса, авторлардың әрқайсысы да өзінің жеке байыпты көзқарасына ие бола отырып, сол тақырып арқылы көптеген маңызды мәселелерді қозғаған еді: адамзат өмірінің мәні неде, адамның ғаламдағы орны қандай және оның Жаратушымен қарым-қатынасы сияқты сауалдар. Жалпы адамды адам қылатын не нәрсе екендігін және көптеген басқа да жайттарды түсінуге тырысқан. Алайда белгілі бір кезеңде кинода қатерлі және қауіпті нәрсе ретінде бейнеленетін технологиялар мен жасанды интеллект ортақ орынға айналып, әрі қалыпты бір дүние түрінде көрсетіле бастайды. Әлемдік киноның жоғарыда көрсетілген маржандарынан басқа осы тақырып бойынша әртүрлі сападағы сан алуан ленталар мен телехикаялар түсірілген болатын. Алайда бүгінгі таңда біздер аталмыш технологиялардың басым бөлігін күнделікті барынша қолданып отырған кезімізде бұл тақырыпқа шектен тыс, ерекше мән беру кейде, тіпті, адамдарды қорқыныш пен үрей сезімдеріне ұрындырады, ал кейбіреулер әсте луддизмге ұшырайды – яғни, бұл техникалық ілгерілеудің жетістіктерін мойындамау, барлық заманауи нәрселерді жақтырмау және өткен шақта өмір сүруге деген ұмтылысты білдіреді. Дегенмен мұндай фильмдер қызықты болып келеді, әрі оларды, әлбетте, қарап шығу керек, алайда фрустрацияға тым терең кетудің еш қажеті жоқ. Сірә, осындай ленталарды тамашалаған кезде сын тұрғысынан ойлауды «іске қосудың» маңызы зор болар және жалпы ең алдымен сол бір жасанды интеллектіге байланысты белгілі бір заңнамалық база мен жаңа этиканы әзірлеу туралы ойлануымыз керек – оған қоса оның өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны қашан.

Сондай-ақ оқу КСРО-дағы қорқыныш пен өшпенділік: «Жігітше сөз» поп-мәдени феномен Киносыншы мен психолог сериалды талдайды

Eat the rich («Байларды ұр»)

Кинода әрдайым жалт-жұлт еткен evil rich people деген троп соңғы жылдары күтпеген жерден әлемдік кинода қарқынды түрде дамыған тұтас бір үрдісті тудырған. Жақында шыққан көптеген фильмдер мен хикаяларда таптар арасындағы алауыздықтар көрсетіліп келген, сонымен бірге ол жерде бүкіл зұлымдық тек қана байлар мен қолында билігі бар адамдардан шығатындығына ерекше екпін түсіріледі. Осы тақырыпқа атышулы келесі фильмдер арналған: Рубен Эстлундтың (Канн фестивалінің былтырғы лауреаты) «Қайғы үшбұрышы» фильмі, Марк Майлодтың «Мәзір» фильмі, Райан Джонсонның «Пышақтарды шығару» фильмі, Брендон Кроненбергтің «Шексіз бассейн» фильмі, сонымен қатар аса танымал телехикаялар «Кальмар ойыны» (Netflix) және «Ақ лотос» (HBO). Шын мәнісінде үлкен және кіші экрандарда аса зор сұранысқа ие болған бұл формула тек дамып келе жатқан елдерде ғана емес, сондай-ақ дамыған елдердің өзінде де өсіп келе жатқан әлеуметтік шиеленіс пен наразылықты бейнелеп отыр. Сән-салтанатты өмір салтын жаны сүйетін аса ауқатты әрі қолында билігі бар тұлғалардың 1% және қалған барлық адамдардың арасындағы жер мен көктей алшақтық күллі жұртты айтарлықтай тынышсыздандыра бастады, осы тұста аталмыш тақырыптағы контент те әлем бойынша бүкіл көрермендерге аса қатты ұнайтыны айқын. Дегенмен мұндағы белгілі бір ирония сол байлардың өздері де қол қусырып отырмай, бұл тақырыпты барынша пайдалана алғанында жатыр. Мәселен, жоғарыда көрсетілген Netflix стриминг-платформасы «жаман байлар» туралы өнімдерді белсенді түрде шығара бастады, әрі «Кальмар ойыны» хикаясының сәтті шыққан бірінші маусымынан кейін бірден жалғасы болатындығы жайлы аңдатпаны таратып, сонымен бірге хикая желісі бойынша реалити-шоуды да түсірген болатын. Оған қоса жақында платформа осы тақырыпқа арналған тағы да бір туындыны – «Ашерлер үйінің құлауы» атты хикаясын шығарды. Айта кетерлік бір жайт, компанияның басшысы Тед Сарандос былтырғы ереуіл кезінде сценарийшілер мен актерлердің талаптарын қанағаттандырғысы келмегендер қатарында болған екен. Дегенмен әлеуметтік теңсіздіктің қандай да бір көріністеріне байланысты көптеген орынды наразылықтардың әділ болғанына қарамастан, радикалды социализмге терең кетудің әрі билік иелерін жаппай люстрациялауға шақырудың және «байлардан тартып алып, кедейлерге тарату» деген секілді үлгіні енгізудің қажеті шамалы. Тарих бұл үлгінің онша жақсы жұмыс істемейтіндігін көрсетті. Бұл жерде тағы да бір жайт баршылық – мұндай кино туындыны бар құндылығымен бірге тамашалаған кезде бара салып біреуден бірдеңені тартып алу дегенге түрткі болуы емес, одан да көрерменді қоғам дамуының әлдеқайда эргономикалық жолдары туралы ойлануға мәжбүрлейтінін көруді қалайтын едік, сонда біздер «Бастарын кесіп алу керек!» деген секілді үндеулерсіз-ақ үйлесімге толы өмірге қарай қадам баса аламыз.

«Бетінде тыртығы бар адам»

Осыдан бірнеше жыл бұрын Джеймс Бонд туралы әйгілі франшизаның бүгінде соңғы фильмі саналатын «Өлетін уақыт емес» атты бөлімінің тұсаукесерінен кейін нағыз жанжал болған. Мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғайтын британдық қауымдастық атышулы кинода басты жауыз кейіпкер кезекті рет – физикалық жарақаттары бар адам екендігіне байланысты ресми наразылығын білдірді. Бұл жерде Рами Малектің орындауындағы Люцифер Сафин есімді зұлым кейіпкер туралы сөз қозғалып отыр, естеріңізде болса, оның өрт салдарынан сиқы бұзылған беті болған. Құқық қорғаушылар кинода дәл осы антагонистер – кісі өлтірушілер, террористер, қарақшылар және басқа да деструктивті кейіпкерлер – көбінесе мүгедектіктің қандай да бір түріне шалдыққан немесе физикалық кемшіліктері бар болып бейнеленетіндігіне байланысты өз алаңдаушылығын білдірді. Мысалы, «Жұлдызды соғыстар» франшизасындағы Дарт Вейдер, бэтменианадағы Джокер, «Хәрри Поттер» туралы франшизадағы Волдеморт, «Арыстан патша» мультфильміндегі Шрам, ал егер сол бондиана жайлы айтар болсақ, онда Ле Шифр (Мадс Миккельсен), әрі «Рояль» казиносы» және «Скайфолл» координаттары» бөлімдеріндегі Рауль Силва (Хавьер Бардем), сондай-ақ басқа да көптеген кейіпкерлер ойымызға келеді. Британдықтардың наразылығына күллі әлем бойынша басқа да белсенділер қосыла бастады. Олардың пікірінше, мұндай троп мүгедектігі бар адамдарды демонизациялайды және өздерін аласталғандар сияқты сезінуге, ал айналадағы адамдардың олардан қорқуға және мүгедектер тұлғасынан зұлымдықты көруге мәжбүрлейді. Сонымен қатар альбинизмге шалдыққан адамдар да ренжулі: көптеген кинода альбиностар тамұқтан келген жауыз кейіпкерлер ретінде суреттеледі. Бұл тұста «Да Винчи коды» фильміндегі Пол Беттанидің орындауындағы монах Сайласты (Дэн Браунның кітабында да ол альбинос болып суреттелген), «Матрица. Қайта жүктеу» фильміндегі зұлым Егіздерді, «Суық тау» киносындағы қаныпезер Боузиді және көптеген басқа да кейіпкерлерді еске түсіруге болады. Алайда наразылыққа қарамастан, disabled villain деген троп экрандағы нағыз клишеге айналған және күні бүгінге дейін ерекше белсенді пайдаланылатын троп екендігі өкінішті («Айдаһар үйі» телехикаясындағы Эймонд Таргариенді еске түсірейік). Әлбетте, адамның бетіндегі қара түсті былғары таңғыштар, таяққа таянған кейіпкерлер, тыртықтар өте әсерлі көрінеді, ал мүгедектіктің әртүрлі физикалық белгілері жауыз персонажға таза көркемдік мағынада колорит қосып тұратыны хақ. Егер де архетиптер туралы сөз қозғайтын болсақ, онда ібілістің ақсақ ретінде жиі бейнеленетіндігі есімізде. Дегенмен, бәлкім, мұндай троптың мүгедектігі бар шынайы адамдарға тигізетін теріс әсері туралы ойланатын кез де келген болар.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

10
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз