Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Маусымдық көкөністер мен жемістерден жасалатын 9 қарапайым рецепт

Бұл тағамдар сізді бейжай қалдырмасы анық


Жаз — дәрумендер мен пайдалы микроэлементтерді жинақтайтын кез, сондықтан біз сіздерге арнап, әжеңіздің бақшасынан немесе жақын жердегі базардан оңай табылатын, маусымдық көкөністер мен жемістерден жасауға болатын жазғы тағамдардың тұтас бір сетін дайындап қойдық. Мұнымен сіз жаздың дәмін татып қана қоймай, сондай-ақ достарыңызға арналған толық бір кешкі қонақ асын ұйымдастыра аласыз. Сонымен бірге осы рецепттердің барлығы да салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар үшін мінсіз шешім болмақ, өйткені бұл жерде май және қант тұтынудан болатын зиян төмендетілген.

Қызанақ қосылған брускетта

Дайындау әдісі:

1 қадам

Салма үшін табаққа насыбайгүл мен қызанақтарды орташа текшелерге тураймыз.

2 қадам

Табаққа 1 ас қасық зәйтүн майын құйып, тұз, бұрыш себеміз де, араластырамыз.

3 қадам

Нанның 2 тілімін кесеміз (брускетта үшін Чиабатта нанын қолданған жақсы, дегенмен ондай нан үйіңізде болмаса, кез келген жаңа піскен ақ нанды қолдансаңыз да болады).

4 қадам

Нан тілімдеріне зәйтүн майын жағамыз және табада екі жағынан да қуырамыз.

5 қадам

Қуырып болғаннан кейін олардың үстіне сарымсақты жағамыз.

6 қадам

Нан тілімдеріне салманы ұқыпты түрде саламыз да, бірден дастарханға қоямыз.

Қызанақ пен насыбайгүл қосылған брускетта, әрі Италияның бір кішкентай бөлігі сізді және қонақтарыңызды күтіп тұрғандай іспетті! Қаласаңыз, брускеттаны түрлендіруге де, басқа нан түрін қолдануға да болады.

Брокколи қосылған жазғы салат

Дайындау әдісі

1 қадам

Брокколиді тұздалған судың ішінде 2-3 минут пісіреміз.

2 қадам

Табақтың ішіне туралған қызанақтарды, қиярды, қызыл бұрыш пен брокколиді саламыз.

3 қадам

Табаққа 1 ас қасық лимон шырынын, 1 ас қасық зәйтүн майын және 1/2 шай қасық тұз қосамыз.

Мүмкін болатын үйлесімдердің алуан түрлілігінің арқасында, әрі құрауыштар мен дәмдеуіштерді өзгерте отырып, әрбір күн сайын жаңа дәмдердің үйлестігінен рахат алу мүмкіндігі ашылады. Мысалы, қызанақтарды алып тастап, ал көк болгар бұрышын қоссақ, толықтай жасыл салатты дайындауға болады.

Қызанақ пен ірімшік қосылған пештегі баклажан

Дайындау әдісі 

1 қадам

Баклажанды қалыңдығы 1 см құрайтын тілімдерге ұзынша етіп тураймыз да, тәрелкеге саламыз.

2 қадам

Баклажандарды тұздаймыз да, ащы шырыны шығуы үшін 30 минутқа қалдырамыз.

3 қадам

Қызанақтардың қабығын аршып, текшелерге майдалап тураймыз.

4 қадам

Сарымсақ тістерін тазалаймыз да, ақжелкенмен бірге майдалап тураймыз.

5 қадам

Қатты ірімшікті майда немесе орташа үккіштен өткізіп, табаққа саламыз. Оған қаймақты, дайындалған қызанақтарды, сарымсақ пен ақжелкенді қосып, дәміне қарай тұз бен бұрыш себеміз де, араластырамыз.

6 қадам

Баклажандарды ағынды сумен жуамыз да, әрі оларды сәл сығып алып, қағаз сүлгімен кептіреміз. Содан кейін баклажандарды өсімдік майымен майланған пісірмеге арналған қалыпқа саламыз.

7 қадам

Үстіне қызанақтар мен ірімшік қоспасын саламыз. Пешті 180°C дейін қыздырып аламыз да, қызанақ пен ірімшік қосылған баклажандарды қызарғанша дейін шамамен 30 минуттай пісіреміз.

Ірімшік астындағы баклажандарды пештің ішінде дайындау – нағыз рахат екендігінен бөлек, олардың маусымдық өнім екендігін ұмытпайық, демек, олар дәрумендерге барынша қаныққан және бағасы тұрғысынан да тіптен қолжетімді. Баклажанның балама нұсқасы ретінде тағы бір маусымдық көкөніс – кәді болуы мүмкін. Ол жасұнық пен В және А тобының дәрумендеріне бай болып келеді.

Қарбыздан жасалған жеміс мұзы

Дайындау әдісі

1 қадам

Қарбыздың мәйегін дәнектерден тазалаймыз.

2 қадам

Блендердің көмегімен қарбызды, лайм шырыны мен жалбыз жапырақтарын араластырамыз. Қаласаңыз, қантты да қосуға болады.

3 қадам

Массаны формаларға құямыз да, таяқшаларды тығамыз және қатып қалғанша дейін мұздатқышқа саламыз.

Мұндай десертті әзірлеу өте жеңіл және ересектерді де, сол секілді балаларды да бейжай қалдырмайтыны анық. Сонымен бірге, қаласаңыз, құрауыштарды өзгертіп, мәселен, шырынды қауыннан да жеміс мұзын жасап көруге болады.

Сонымен қатар қышқыл десерттерді ұнататын адамдар үшін апельсин және лимоннан жасалған цитрусты балмұздақты да дайындап көруді ұсынамыз.

Цитрустық лимонад

Дайындау әдісі

1 қадам

Қиярды жуамыз да, оны слайс түрінде тураймыз.

2 қадам

Лимон мен лаймның жартысынан қабық үгінділерін алып, шырынын сығып аламыз. Қалған бөліктерді тілімдерге кесеміз.

3 қадам

Графинге қияр слайстарын, лимон, лайм, жалбыз, лимон мен лаймның қабық үгінділері мен шырынын қосамыз. Дәміне қарай қант пен балды қосамыз.

4 қадам

Графиннің ішіне 1 литр минералды суды құямыз да, араластырып, мұз текшелерін қосамыз.

Аптап ыстықтан шаршадыңыз ба? Ештеңе етпейді! Цитрустық лимонад – шөліңізді қандырып қана қоймай, сондай-ақ дәрумендер сыйлайтын баршамызға балалық шағымыздан таныс дәм. Лимонадтың бір стақанынан қонағыңызға да дәм таттыруды ұмытпаңыздар. Қалауыңыз бойынша маусымдық жидектерді де (қарақат, таңқурай және құлпынай) қосуға болады. Шырғанақ қоссаңыздар, лимонадтың дәмі бөлек болмақ.

Көкөністі көк сорпа

Дайындау әдісі

1 қадам

Қатты піскен жұмыртқаны шағын текшелерге тураймыз.

2 қадам

Шалғам мен қиярды майда текшелерге тураймыз. Егер қияр ащы болса, онда қабығын бірден аршып тастаған дұрыс.

3 қадам

Барлық ингредиенттерді кәстрөлге саламыз да, үстіне жақсы салқындатылған айран құйып, дәміне қарай тұз бен бұрыш қосамыз.

4 қадам

Дастарханға қоярдан бұрын көк сорпаға туралған аскөк пен көк пиязды себеміз.

Көк сорпаның ішіндегі шұжық немесе еттен бас тартуға дайын емес адамдар үшін майда текшелерге туралған пісірілген етті қосуды ұсынамыз. Осылайша көк сорпа пайдалы ғана емес, сондай-ақ тойымды болмақ.

Фета ірімшігі қосылған қызылша салаты

Дайындау әдісі

1 қадам

Қызылшаны жуамыз және фольгаға мықтап ораймыз.

2 қадам

Қызылшаны 180 градусқа дейін қыздырылған пештің ішіне 30-40 минутқа қоямыз.

3 қадам

Дайын қызылшаны майда текшелерге тураймыз.

4 қадам

Фета ірімшігін де дәл сол қызылшаны турағандай, майда текшелерге кесеміз.

5 қадам

Жуылған рукколаны салатқа арналған ыдысқа саламыз да, сонда туралған ірімшік пен қызылшаны қосамыз.

6 қадам

Салатқа май құйып, дәміне қарай тұз бен лимон шырынын қосамыз.

Рукколаны қаламайтындар үшін біз оны насыбайгүлге ауыстыруды және салаттың үстіне оған мүлдем басқа дәм беретін грек жаңғағын себуді ұсынамыз.

Пайдалы чипстер

Дайындау әдісі

1 қадам

Сәбіз бен картопты майда слайстарға тураймыз (неғұрлым жұқа қылып турасаңыз, соғұрлым жақсы болмақ).

2 қадам

Пергамент қағасы төселген қаңылтыр табаға көкөністер слайстарын жаямыз, үстіне май бүркіп, әрі дәміне қарай дәмдеуіштерді қосамыз.

3 қадам

Қаңылтыр табаны 140 градусқа дейін қыздырылған пешке 1 сағатқа қоямыз.

Егер қызылша мен сәбізден жасалған чипстер сіз үшін жаңашыл нәрсе болса, онда чипстерді әуелі картоп пен бататтан дайындап көруге болады. Өз атымыздан чипстерді цукиниден жасап көруді ұсынамыз.

Жеміс салаты

Дайындау әдісі

1 қадам

Анар, банан, мандарин және кивиді қабықтарынан аршып, алдын ала тазартамыз.

2 қадам

Алмұрт, алма, банан, кивиді орташа тілімдерге кесеміз.

3 қадам  

Барлық ингредиенттерді тәрелкеге саламыз және табиғи йогуртты қосамыз (қаласаңыз жемістерді йогуртпен араластыруға болады).

Бұл салаттың құпиясы дайындалу қарапайымдылығында ғана емес, сондай-ақ көптеген қайталанбас комбинацияларға ие болғандығында жатыр. Сонымен бірге біз маусымдық жемістер мен жидектерді қолдануды ұсынамыз.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

7
2
3

Тақырып бойынша тағы оқыңыз