Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Шолулар
  • «Бір латте беріңізші»: көпшіліктің сүйікті сусыны несімен қауіпті?
Редакция ұсынады

«Бір латте беріңізші»: көпшіліктің сүйікті сусыны несімен қауіпті?

Қазіргі заманда кофе жер бетіндегі ең кеңінен таралған сусындардың бірі ғана емес, сонымен қатар әрбір адамның қалыптасқан таңертеңгі тәртібінің ажырамас бөлігіне айналғаны қашан. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, күллі әлем бойынша күн сайын 2,25 миллиардқа жуық шыны кофе тұтынылады екен, сонымен бірге жер шарындағы ересек адамдардың шамамен 60% кофеге құмар жандар болып келеді. Алайда мынадай бір сұрақ туындайтыны хақ:осы сусынға деген құмарлық қаншалықты қауіпсіз екен, әрі шын мәнісінде кофеге деген тәуелділік бар ма және оның зиянын қалай төмендетуге болады? Осы және басқа да көптеген сауалдардың жауабын біздің мақаламыздан таба аласыздар.


Кофеин дегеніміз не және ол адам ағзасына қалай әсер етеді?

Табиғат заңдылықтары тұрығысынан қарайтын болсақ, кофеин – бұл нағыз у. Өсімдіктер оны біздің таңертеңгі көңіл-күйімізді жақсарту мақсатында жинақтамайды. Олар кофеинді жапырақтарын, сабақтары мен дәндерін жейтін әртүрлі зиянкес жәндіктерден қорғану үшін, сондай-ақ тозаңдандырғыштарды ынталандыру үшін жинайды. Жәндіктер осы кофеинді жеп қояды да, уланып қалып, нәтижесінде өсімдіктерді жеуді тоқтатады. Бұл өз алдына өсімдіктердің жәндіктерге қарсы химиялық соғыстың бір түрі десек те болады. Дегенмен адамға ол осыншама қатты уландырғыш әсер етпейді, өйткені біз жәндіктерге қарағанда әлдеқайда үлкен болып келеміз. Ал оның, мәселен, сергіткіш әсері баршылық. Кофеинді қалай мөлшерлеу керек және өзіңіздің кофеинді қанша ішетініңізді қалай анықтауға болады? Кофеиннің стандартты мөлшері деген түсінік бар, оған кофеиннің 75 мг кіреді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бұл стандартты бір шыны эспрессо деген сөз.

Адам кофені ішкен бойдан оның қан құрамындағы кофеиннің концентрациясы жоғарылай түседі де, әрі 45–60 минуттан кейін өзінің шарықтау шегіне жетеді. Кофеин ағзадан тек 5–6 сағаттан кейін ғана толықтай шығарылады. Адамдардың екі түрі болады. Кейбіреулерінде бауыр кофеинді жылдам ыдыратады. Сондықтан оларда сергітетін әсер де бірнеше сағаттан кейін-ақ ғайып болады екен. Ал басқаларында бауыр кофеинді нашар ыдыратады да, ол қанның ішінде 8 сағатқа дейін айналып жүруі мүмкін. Осыған байланысты олардың сергектенуі, тіпті, түнге шейін созылуы әбден ықтимал. Кофеиннің әсерін жоғарылату мақсатында ішілетін кофе шыны-аяқтарының санын ұлғайту – мүлдем жұмыс істемейтін әдіс-тәсіл. Екі шыны кофенің өзі миымыздағы рецепторлардың жартысын дерлік бұғаттап тастайды. Бұл жалпы жүйке жүйесіне теріс ықпалын тигізіп, мазасыздық пен ашушаңдық секілді сезімдерді тудырады. 500 мг асатын кофеиннің мөлшері орталық жүйке жүйесінің тежеу қабілетін «өшіреді». Яғни, адам тежегіші істен шыққан көлікке айналады.

Кофеиномания дегеніміз не?

Жалпы алғанда клиницисттердің психикалық денсаулыққа байланысты түйткілдерді жіктеу және диагностикалау мақсатында қолданып отырған «Психикалық ауытқулар бойынша диагностикалық және статистикалық нұсқаулығында (DSM-5)» кофеинге деген тәуелділік ресми түрде танылмағанымен, әрі қосымша зерттеуді қажет ететіндігімен, осы нұсқаулықта кофеиноманияға да тән болып келетін интоксикация және қайтару нышанаты секілді кейбір мәселелер туралы сөз қозғалады.

Кофеиномания (кофеинге деген тәуелділік) бүкіл әлем бойынша ең кеңінен таралған тәуелділіктің бір түрі болып келеді. Адамдардың көбі энергетиктер, кофе, шай, ыстық шоколад және, тіпті, көпшіліктің сүйікті кока-коласы секілді құрамында кофеині кездесетін сусындарды тұрақты түрде тұтынып отырады. Әртүрлі елдерде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, осындай сусындарды тұрақты түрде ішетін адамдардың шамамен 30% алуан түрлі дәрежедегі кофеиноманияға бейім келеді. Сонымен бірге кофеинді тұтынатын адамдардың 80% кофеге құмар жандар болып саналса, 20% шайды ұнатады екен. Кофеиномания жағдайындағы тәуелділіктің салдары әртүрлі болуы мүмкін, соның ішінде жеңіл психологиялық жайсыздықтан бастап, тіпті, жүрек-қан тамырлары мен жүйке сияқты жүйелердің ауыр дерттеріне дейін қамтуы ықтимал. 

Тәуелділіктің бұл түрі, тіпті, жұмысқа деген тәуелділікпен де үндесуі әбден мүмкін, өйткені кейбір адамдар өздерінің ақыл-ой және/немесе физикалық жұмыстағы өнімділігін жақсарту мақсатында осы заттектің ынталандырушы әсерін қолданып келеді. Тәуелділіктің кез келген түріндегідей, кофеинді тұтынудан болатын пайдалы нәтижелер кейде күш-қуаттың тапшылығы немесе, тіпті, депрессия секілді «жасырын» түйткілдерді бүркемелуі де мүмкін.

Кофеинге тәуелділіктің себептері қандай?

Кофеин шаршағандық сезімі үшін жауап беретін заттек – аденозиннің әрекет етуін бұғаттай отырып, мидың қанағаттану жүйесіне ықпал етіп, дофамин деп аталатын химиялық заттектің бөлінуін тудырады. Дофамин адамды өзін-өзі жақсы сезінуіне мәжбүрлейді, осылайша ләззат алу қайталымын жасай отырып, бұл өз кезегінде кофеинді әрі қарай тұтынуды жалғастыруға итермелейді және жағымды қуаттануды (кофе = энергия) сезінуге ынталандырады. Уақыт өте келе ағзаның осы психикалық белсенді заттекке деген төзімділік дәрежесінің төмендеуіне байланысты адамға сергектену мен зейін қоюдың сол бір деңгейіне қол жеткізу үшін кофеиннің барған сайын көбірек мөлшері қажет болып отырады. 

Дегенмен химиялық үдерістерден бөлек кофеинге деген тәуелділік басқа да факторлармен шартталуы бек мүмкін. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, кофеинге тәуелділік генетикаға да байланысты (ішінара) болуы ықтимал. Сонымен қатар доктор Стивен Мередиттің жетекшілігімен жұмыс істейтін ғылыми топ та кофеинге деген тәуелділік үшін тұқым қуалаушылық маркерлері никотин мен алкогольге тәуелділіктері үшін тұқым қуалаушылық маркерлеріне ұқсайды деген қорытындыға келіп отыр.

Кофеиноманияны нашарлата түсуі мүмкін тағы да бір аса маңызды фактордың бірі қайтару нышанаты болып келеді. Иә, дәл солай, жаңылыс естіген жоқсыз – кофеиннен бас тарту кезінде болатын шаршағандық пен бастың ауырсынуы секілді белгілерін жеңілдетуге тырысып, адамдардың көбі күн сайын кофеинді тұтынуды жалғастыра береді, соның нәтижесінде олардың осы затқа деген физикалық және психологиялық тәуелділігі арта түседі. Кофеинді тұтынуды тоқтату нышанаты әлдебір айналсоқпаға ұласуы бек мүмкін, демек оны үзу қиынға соғып, осы тұста кофеинді қабылдау белгілердің уақытша жеңілдеуіне әкеледі де, соның салдарынан тәуелділік күшейе түсіп, оны тұрақты түрде тұтыну қажеттілігі пайда болады.

Кофеинге тәуелділіктің белгілері

Жалпы алғанда кофеин стимулятор болғандықтан, оны шамадан тыс тұтыну ми және жүйке жүйесін ынталандыруға байланысты бірқатар белгілерді тудыруы ықтимал. Кофеиноманиядан болатын белгілердің тізімінде бас айналу мен бастың ауырсынуы секілді симптомдарды жиі кездестіруге болады. Мұның басты себебі бас миына келетін қан ағымының төмендеуінде жатыр. Зерттеулерге сәйкес кофеин мидың қанағымын 30%-ға дейін төмендетіп жіберуге де қабілетті. 

Тағы да бір кеңінен таралған белгілердің бірі мазасыздық сезімі болып саналады. 2022 жылы өткізілген эксперименттің барысында ғалымдар мына бір қорытындыға келген: 5 шыны-аяқ кофеге тең келетін кофеиннің мөлшері паникалық бұзылыстары бар адамдардың үрейлі шабуылға бой алдыра бастайтынын, сондай-ақ, тіпті, сау адамдардың өздерінде де мазасыздық белгілерінің пайда болуына апарады.

Сонымен қатар белгілер тізіміне дененің дірілдеуі, қан қысымының жоғарылауы, жүрек соғу жиілігінің артуы немесе жүрек ырғағына байланысты басқа да ауытқулар, және де ұйқыға қатысты түйткілдер секілді сиптомдар кіреді.

Емдеу тәсілдері, немесе Зиянды төмендетудің жолы қандай?

Кофеинге деген тәуелділікке қарсы күрес туралы сөз қозғалған кезде ең бірінші және, бәлкім, ең қолжетімді тәсілі деп өмір салтын өзгертуді айтуға болады. Бұл тәсіл ең алдымен ешқандай да бір кәсіби көмекке жүгінуді қажет етпейді, әрі адам оны өз бетімен жүзеге асыра алады. Өмір салтын өзгертудің негізгі аспектілерінің бірі кофеинді тұтынуды қадағалау болып келеді. Бұл күнделікті тұтынылатын кофеиннің мөлшерін бірте-бірте төмендету, не болмаса тамақ қабылдау рационынан құрамында кофе кездесетін сусындарды мүлдем шығарып тастауды қамтуы мүмкін. Алайда кейбір жағдайларда кофеинді тұтынудан бас тартқаннан кейін айырмашылықты сезіну үшін бір аптадан бастап екі аптаға дейінгі уақыт қажет болады. Сонымен бірге кофеинге деген тәуелділікке ықпал етуі мүмкін өмір салтымыздың басқа да қырларына назар аударған маңызды. Бұл ұйқыны қандырып жүру, дұрыс тамақтану, жаттығуларды жасау және стреске төзімділік таныту деген жайттарды қамтиды. 

Егер өмір салтын өзгерту бойынша өз бетінше жасалған талпыныстар сіз қалаған нәтижеге қол жеткізуге көмектеспесе, онда когнитивті-мінез-құлық терапиясы немесе дәрі-дәрмекпен емдеу түріндегі кәсіби көмекті алу мақсатында маманның көмегіне жүгінген абзал. Мұндай терапия сонау 2016 жылы өткізілген зерттеу барысында осы тәуелділікке қарсы күресте өзінің тиімділігін дәлелдеген болатын, ол өздігінен болатын кофеин тұтынуды айтарлықтай төмендеуіне әкелген. Сонымен бірге осы істі соңына дейін жеткізуді мақсат тұтатын когнитивті-мінез-құлық терапиясының бір сессиясының өзі қатысушыларға кофеин қабылдауды азайтуға тиімді түрде көмектесіп, әрі қайтару нышанатының күрделі салдарына жол бермеді.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

5
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз