Редакция ұсынады

Жеке тәжірибе: тәуелділіктерден емделу кезінде нені білу керек

Журналист Галина Рыжкина бесінші ай бойы алкогольдік және есірткіге деген тәуелдігінен ремиссияда, әрі өзінің әлеуметтік желілері мен жобаларында тәуелді болудың – қандай екендігі турасында, қалай емделу керектігі және неліктен аурудан ұялмау мен қымсынбау қажет екендігі жайында ашық айтып отырады. Сапалы терапияны сауығып кетудің негізгі шарты деп санайтын ол арнайы «Зияны Төмендеу» үшін жазылуының аралық, алғашқы нәтижелерімен бөліседі.


Түйткілді жете түсіну

«Журналистикада қорқақтарға орын жоқ», «Сен мықты болуға тиіссің», «Сенде тек қана сен барсың», «Әлсіздігіңді көрсетпе», «Босаңсыма», «Шыда», «Күшіңді жина» – қазір мен үшін өмірімнің бірінші жартысындағы барлық мақсат, нұсқамаларымды еске түсіру қиын болып тұр, дегенмен олардың бәрі де күшім мен өз басымның жалғыздығы туралы болатын. Бала кезімде өзімнің онша керек және аса маңызды еместігімді сезіндім. Солай болып шықты. Ал 12 жасымда журналистикамен айналысу туралы үзілді-кесілді шешім қабылдадым. Енді ғана сол балалық мүдделерім өзіме түсінікті болды. Қос бұрым етіп шашы өрілген 12 жасар қыздың неліктен міндетті түрде журналист болуға тиіс екендігі туралы шешім қабылдағаны қазір ғана мен үшін кенеттен түсінікті бола бастады. Біреуге қажет болу үшін.

Мен балалық кезімді есіме алып және балалық жарақатқа ерекше көңіл аударып отырғаным кездейсоқ емес, өйткені дәл сол кезде менің даралығым, еңбекқорлығым, өзіме және айналамдағы адамдарға деген жоғары талап қою секілді қасиеттерімнің дамуымен бірге менің тәуелділігім де қалыптасып бастаған. Бұл өзімді ешкім сүймегендіктен, тастанды болу сезімінен еді. Ал Vita Nova оңалту орталығында терапевт дәрігерімен болған сеанс үстінде мен сол қос бұрымды қызды есіме түсіріп, одан кешірім сұрай бердім. Біз екеуміз енді ғана табыса бастаған сияқтымыз.

Қазақстанда тәуелділікті емдеу ісінде кешенді және адамгершілікті (адами) тәсілдеме жоқ. Демек мұндай ем тиімді емес. Маған сенсеңіздер болады, өйткені мен – маскүнем және нашақормын, мен не туралы айтып отырғанымды білемін. Мен Габор Матэнің ең танымал кітаптарының бірі «Аш елестер патшалығында» атты еңбегінде айтылған мына бір сөзді қайталаудан шаршамаймын: «Әдепке үйретушілік мейірімділіктің орнын басады, ал ескішілдік сұрақты зерттеуді алмастырады». Орыс тіліндегі басылымның алғысөзінен алынған бұл сөздер біздің өңіріміздегі тәуелділікті емдеу тәсілдемесін дәл сипаттап тұрғандай. Алкоголизм бойынша былтырғы әлемдік рейтингте Қазақстанның ер адамдар арасында 11-ші орынға және әйелдер арасында 19-шы орынға ие болғандығына қарамастан, елімізде тәуелділікті нақ осылай емдеп келеді. Ойланып көріңіздерші, 11-ші орын. Күні бүгінге дейін химиялық тәуелділікке байланысты ешқандай да бір жүйелі зерттеулер мен бақылау жоқ. Сонымен бірге жыл сайын жоғары мінбелердің барлығынан да: мейлі бұл ІІМ болсын, мейлі бұл Бас прокуратура болсын, депутаттар да, тіпті, президенттің өзі де есірткі туралы айтып жатады. Дегенмен менталдық денсаулыққа назар аударылмайынша, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және нашақорлықты емдеу бағдарламалары жұмыс істемейтіні хақ. Түсінесіз бе? Бар мәселе осында. Бұл жұмыс істеп тұрған жоқ және алдағы уақытта да жұмыс істемейді.

Міне, сондықтан мен бірнеше айдан бері әлеуметтік желілердегі парақшаларым мен журналистік жобаларымда өзім оңалту үдерісінен өткен Алматыдағы Vita Nova тұлға трансформациясының орталығы туралы қымсынбай, ашық және, тіпті, фанатикалық түрде айтып жүрмін. Бәлкім, осы тұста менің тілектерім қос бұрымды 12 жасар қыздың тілектерімен алғаш рет сәйкес келіп тұрған шығар. Бұл туралы міндетті түрде айту керек. Осы орталықта немен айналысып жүргендерін жете ұғынатын адамдар командасы жиналған. Бұл жерде тәуелділіктермен ғана емес, тіпті, одан гөрі сол тәуелділіктердің тереңде жатқан себептерімен жұмыс істеп келеді. «Тәуелділік күтуді біледі», – дейді менің тәлімгерім, мотивациялық бағдарламаның үйлестірушісі Антон Лапшин. Тәуелділігім мені ондаған жылдар бойы күткен. Ол менің әбден әлсіреуімді, депрессияға ұшырайтынымды, тіптен жалығып, бәріне де көнетінімді күтіп отырды. Сіз менің ішіме ешкім шарап пен дәрілерді күштеп тықпаған деп айтатын шығарсыз, әрі сіздікі дұрыс болады. Бұл менің таңдауым және жауапкершілігім, мен мұны мойындаймын. Алайда нақты түрде жазылып кетуді бастау үшін өмірдегі күрделі жағдайлардан да терең қазу керек екен. Орталықта дәл осы жайттармен айналысады – мұнда тәуелді адамға өзінің түйткілін анықтап алып, әрі оны еңсеріп қана қоймай, сондай-ақ өз тұлғаңның жаңа, әлдеқайда жақсырақ нұсқасын «жинауға» мүмкіндік беріледі. Дегенмен тура есірткі секілді жағдайындағыдай, жазылып кету немесе жазылмау туралы таңдау өзіңе ғана байланысты.

Сонымен тәуелділікті емдеу неден бастау алады? Өз түйткіліңді қабылдаудан басталады.

Тәуелділікті қабылдау

Осыған сену қиын болғанымен, алайда тәуелді адамдардың көбі өздерінің ауру екендігін мойындамайды. Аптаның соңында жақсы достарыңның ортасында отырып, жақсы шараптан дәм татқанның несі жаман? Мұнда тұрған ештеңе жоқ. Алайда бұл осы жақсы адамдар ортасының шарап ішуден бөлек, бос уақытын басқа да нәрселерге қызығып өткізгенге дейін жалғаспақшы. Бірге тауға шығу, таңертең бірге жүгіру немесе теннис кортында кездесу, театрлар мен мұражайларға бару, бір шыны шай, не болмаса кофе ішу үшін жиналу. Шарапсыз. Бұл дені сау адамдардың алкогольге деген салауатты көзқарасы, яғни, бұл жерде ол – қарым-қатынастардың жалғыз және негізгі шарты емес. Мен шарап туралы айтып отырмын, өйткені бұл менің осал жерім, алайда бұл кез келген психикалық белсенді заттарға қатысты да айтылады. Адамдарды тек қана бір зат байланыстырып отырса, бұл достық емес, бұл сол затты бірге тұтынатын адамдар компаниясы ғана. Әрі бұл дерт болып саналады. Тәуелді адамдар өздеріне ұқсас жандар қауымдастығын тауып алады да, олар кінә тағылмайтын, есірткі мен алкогольді тұтыну – қалыпты нәрсе ретінде қабылданатын ортаның бір бөлігіне айналуға тырысады. Өзіңізді және жақын адамдарыңызды тексерудің тағы да бір қарапайым әдісі – сіздерді шынымен де не байланыстыратындығын талдау.

Өзіңнің ауруыңды қабылдау өте қиын, кейбіреулер үшін бұл ұятты нәрсе, дегенмен одан кейін болатын жеңілдік сезімі өзін ұзақ күттірмейді. Тіпті, әбден қалжыраған ағзаның өзі осы үшін айырықша риза болатыны анық. Мен оңалту орталығына мамыр айының соңында түскен едім, егер сіз менен көктемде не істегенімді, күндердің қандай болғаны туралы, немен айналысқанымды сұрай қалсаңыз, мен оны еске түсіре алмаймын. Бірде жағалаудың бойымен жүгіріп жүргенімді, жұмыс істеген жобаларымды, әрі дүкенге шарап алуға барғандарым ғана есімде. Бар болғаны осы. Мен осылай бірнеше жыл бойы өмір сүріп келдім. Қазіргі уақытта менің әрбір күнім есімде, мен әрбір күнімді сезінемін және осында өмір сүріп жатырмын, өткен аптада, әрі оған дейінгі аптада да не істегенім есімде, жіберген және алған хабарламаларым да есімде, ескертусіз-ақ алдағы кездесулердің нақты саны, барлық дедлайндар мен өзім берген уәделерім де есімде. Ішімдікке салыну және есірткі тұтынуды тастағаныма әлі жарты жыл толмаса да, психикамның қалпына келуі мен жадымның орала бастағаны қуанышты жайт. Зейін қою да, күш-қуат та пайда болып, мазасыздық жоқ, кінәлік сезім де ғайып болды. Ал кінәлік сезімі жоқ өмір аса қымбат болады екен. Кінәлік сезім өте көп күш-қуатты жеп қояды, әрі бұл нағыз қызыл жалау іспетті, ол ауру екеніңіздің нағыз жарқын белгісі.

Тәуелділікті емдеу

Алайда осының барлығы да қараптан-қарап, өздігінен пайда бола қойған жоқ, бұл менің енді ғана ішімдікті тастап, ұйықтатып тастайтын дәрілерді көптеп жұтатын әдетімнен құтылғанымнан бола салғаны емес. Мен әлі де жұмыс істеп келемін. Мен өз-өзіммен деген жұмысты осы оңалту орталығында бастадым, бұл жердегі аддиктолог дәрігерлер сыпайы және кез келген күрделі науқаспен жұмыс істеу үшін өзіндік бір амалды таба алады. Ал біз бәріміз де – күрделі адамдармыз. Әуелі олар осы бір сұмдық ауырсыну мен ұят сезімін алып тастады, содан кейін өзімнің ауру «МЕН» деген тұлғамды сау күйге келтіре бастады. Қаласаңыз, мен мұны қайта құру, қалпына келтіру деп атайтын едім. Менің ішімдегі құлаған үйшік ұқыпты түрде жөнделе бастады, әрі ол үшін менен алдын ала рұқсат сұралған. Және де бұл жұмыс іргетасты нығайтудан басталған – негізгі сезімдер, қажеттіліктер, құндылықтар алға шықты. Осыны нағыз тиімді оңалту үдерісі деп айтуға болады. Тартыну нышанатын ғана алып тастап, сұқ саусақты көрсетіп, есірткі жаман деу – аздық етеді. Өйткені мұндағы бар мағына менің рехабтан шыққаннан кейінгі шарапсыз және дәрісіз болатын өмірге төтеп беру, қиындықтарды өз бетімен еңсеруді үйренуімде жатыр.

Неткен дуашылар мен сиқыршыларға тап болған екенмін? Бірақ мұнда ешқандай да сиқырлық жоқ. Мотивациялық бағдарламаның негізінде бүкіл әлем бойынша белгілі 12-қадамдық бағдарлама жатыр, алайда ол орталықтың сарапшылары тарапынан тәуелділікпен күрес жүргізудің жеке тәжірибелері негізінде бейімделген, әрі когнитивті-мінез-құлықтық, гештальт- және денеге бағытталған терапия элементтері бар бағдарлама болып келеді. Бұл емдеудегі өте сапалы тәсілдеме.

Қазан айының соңында менің салауаттылығыма бес ай толады. Сондай қысқа мерзім, сондай нәзік тепе-теңдік, алайда мен өзімді мақтан тұтамын. Бүгінгі таңда менталды денсаулық – менің негізгі басымдығым. Мен тәуелділіктің бүкіл өмір бойғы ауру екендігін білемін, мен жылдар бойы ремиссияда өмір сүруім мүмкін, дегенмен тұңғиыққа, аспан көрінбейтін, сол бір қою қан секілді қараңғылыққа оңайлықпен түсіп кетуім де әбден ықтимал. Алайда мен ол туралы еш өкінбеймін. Қаншалықты оғаш естілетінімен, өз басым өмірімдегі тәуелділігіме ризамын, өйткені ол ақыры өз-өзімді білуге және түсінуге көмектесті. Сол кішкентай бұрымды қызды кездестіруге септігін тигізді.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

11
2
2

Тақырып бойынша тағы оқыңыз