Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • Уытты қарым-қатынас дегеніміз не және біз оны неліктен ұнатамыз?
Редакция ұсынады

Уытты қарым-қатынас дегеніміз не және біз оны неліктен ұнатамыз?


«Маған сау адамдар ұнамайтын болды. Менің ойымша, мені қызықтыратын тұлғалар түрі - «уытты» адамдар. Осыған қатысты алаңдауым керек пе?» - адамдар осындай ой тұжырымдарымен психологқа терапия үшін жиі жүгінеді. Бұл дегеніміз артқа бір қадам шегініп, қарым-қатынастардың мұндай үлгісі неліктен сізді қызықтыратынын және оның өміріңізге қалай енгенін зерттейтін уақыт келді дегенді білдіреді. Бұл шырғалаң шеңберді бұзып, сізді азат етуге көмектесетін алғашқы қадам болмақ.

Әрқайсысымыз өмірде бір рет болса да, «уытты» адамдармен кездескен шығармыз, өйткені олардың көптігі сонша, олардың қатарында жақындарыңыз немесе, тіпті, өзіңіз де болуыңыз әбден мүмкін. Уыттылық тек қана романтикалық қарым-қатынастарда болады деген қате пікір баршылық, алайда шын мәнісінде бұл өте жиі кездесетін жайт: достар арасында, баспалдық алаңындағы көршілер арасында, жұмыста және, тіпті, ата-аналар мен балалар арасында да болады екен.

Бұл өзі не нәрсе?

Уытты деп манипуляциялар, сенім мен құрметтің жоқтығы, буллинг, негативті эмоциялар және, ең ақыры, күш көрсету негізінде құралған қарым-қатынастарды атайды. Мұндай қарым-қатынастар ішкі ресурстардың сарқылуына әкеліп қана қоймай, сондай-ақ өзін-өзі бағалау, тұлға ретінде өсу, психикалық және физикалық денсаулыққа нұқсан келтіреді. Осындай қарым-қатынастардың ең басты белгісі: мұнда сіз өзіңізді нашар сезінесіз. Алайда уыттылықтың зияны турасында Instagram желісіндегі әрбір дерлік паблик айғайлап тұрғанына қарамастан, көптеген адамдар жылдар бойы «токсиктермен» байланыстарын үзе алмай жүреді. Әрі бұл таңқалдырарлық дүние емес, өйткені мұндай қарым-қатынастар қоғам ішінде баяғыдан-ақ қалыпты нәрсе ретінде қабылданады, ал фильмдер мен хикаялар аудиторияның бұл жайттың өзгерместігіне деген сенімділігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар осы қарым-қатынастарды, тіпті, романтизациялап жатады.

Сондай-ақ патологиялық махаббат та кездеседі. Бұл сексоголизм немесе ойынқұмарлық секілді процестік тәуелділіктің бір түрі. Клиникалық зерттеулерге сәйкес, кейбір адамдарда махаббатқа деген жалықтырушы және патологиялық қажеттілік болуы мүмкін, бұл олардың романтикалық серігі мен жалпы кездесулерге деген көзқарасына байланысты болады. Мұндай жағдайларда адам серіктесіне деген мәжбүрлі қамқорлық пен көңіл бөлуді көрсетеді. Бұл өз кезегінде тікелей албырттыққа байланысты болып келеді. Осындай адамдар біреуді сүйген кезде және оларды жақсы көретін адамы болған кезде ғана өздерін тыңғылықты тұлға ретінде сезіне алады. Олар көбінесе албыртыққа беріліп, серіктесімен деген үйлесімділіктің бар-жоғы туралы ойланбастан, романтикалық қарым-қатынастарды бастай береді. Сонымен қатар мұндай адамдар өздерінің бақытсыз екендігін түсініп отырғанына қарамастан, «жайсыз» қарым-қатынастарды (үзудің орнына) барынша сақтап қалатыны әбден мүмкін.

Қандай мысалдардан «аулақ» болған жөн?

Егер сізге уытты қарым-қатынастардың қандай болатыны туралы көрнекі мысалдар керек болса, онда біз оларды көпшілік көрермен сүйіп қарайтын телехикаяларындағы танымал жұптардың мысалдарында көрсетейік.

Мұндай қарым-қатынастарды бақылап отыру қызықты және сүйкімді болып келетінімен бірге, бұның танымдық тұрғыдан да пайдасы зор. Психологияда love bombing («ғашықтық бомбалау») деген термин баршылық. Бұл жерде адам сізге бар мейірімін төгіп, ерекше көңіл бөледі, әрі мұндай қарым-қатынасқа қарсы тұру қиынның қиыны. Алайда осыдан кейін адам манипуляцияларын жасау үшін және сіздің түпсанаңызды қадағалап отыру мақсатында осы іңкәрлік пен махаббатты пайдаланады. Сонымен әйгілі киножұптарды талдап көрейік.

Росс Геллер және Рэйчел Грин («Достар» телехикаясы)

«Қол жетпес қыз және оның жүрегін жаулап алуға ұмтылған жігіт» секілді сценарий теледидар экрандарының алдындағы көптеген қыздардың асқақ арманына айналғаны қашан. Росс пен Рэйчелдің қарым-қатынастары – жай ғана әдеттегі махаббат хикаясы емес, бұл нағыз драма. Егер де телехикаядан барлық әзіл-қалжыңдарды және ыңғайсыз сәттерді алып тастасақ, онда алдымыздан екі ысылмаған және өзімшіл адам шығады. Құрылымды әңгіме жүргізудің орнына олар жанжалдасуды, бірін-бірі алдауды және жалпы жағдайды драмаландыруды қалайды, әрі бұл махаббаттан гөрі зиянды іңкәрлікке ұқсас келеді.

Эда Йылдыз және Серкан Болат («Сен менің есігімді қақ» телехикаясы)

Қарапайым қыз бен қымбат спорткар мінген ертегідегі ханзаданың хикаясы баршамызға таныс. Бұл қарым-қатынас «Достар» телехикаясындағы кейіпкерлердің қарым-қатынастарынан айтарлықтай алыс кетпеген. Кейіпкердің екеуі де нағыз инфантильдік тұлғалар, олар үнемі бала мен оны жазалайтын ата-ана рөлдерін ойнайды, бұл өз кезегінде кез келген қарым-қатынастардың дамуының абсолютті экологиялық емес түрі болып саналады. Серіктесіңе дауыс көтеру, кездесулерден қашу және қымбат сыйлықтар арқылы «кінәні жуып-шаю» – бұл дұрыс емес және психологиялық тұрғыдан жетілген серіктес мұндай қарым-қатынастарды тезірек үзуге тырысатын болар. Дегенмен бұл хикаяның немен аяқталғанына қарамастан, шынайы өмірде мұндай қарым-қатынастардың дамуы және хэппи-энд болуы екіталай.

Чак Басс және Блэр Уолдорф («Өсекші» телехикаясы)

Манипуляциялау, ортақ тәуелділік, абьюз, бақылау, бопсалау, опасыздық, бір-біріне зәбір көрсету және жанға батыра жәбірлеу. Осы жұптың талқандағыш тізімін мәңгі жалғастыра беруге болады. Алдымызда уытты қарым-қатынастардың әдеттегі мысалы. Чак және Блэр сериядан серияға біресе жарасып қалады, біресе айырылысып кетеді, дегенмен бірін-бірі жібере алмайды. Бұл жерде, тіпті, терапевт «көрмеген» көрерменнің өзі кейіпкерлер арасындағы эмоционалдық «әткеншек» түсінігі, яғни, махаббаттан нағыз жек көрушілікке дейінгі сезімдердің бар екендігін байқайды. Әткеншек те манипуляциялаудың бір түрі болып келеді, мұнда адам өзінің серіктесіне әсер етіп қана қоймай, сондай-ақ оның жалпы мінез-құлқын өзгерткісі келеді. Алайда аудиторияның алдында мұндай жұп мінсіз, бір-бірінсіз бір күн де өмір сүре алмайтын қазіргі заманғы Ромео мен Джульетта секілді болып көрінеді екен.

Сондай-ақ оқу Неліктен Дисней ханшайымдары – еліктеу үшін жаман үлгі? Барлығын психологқа жіберу керек

Неліктен біз уытты қарым-қатынастарда қала береміз?

Бұл қарым-қатынастарға тым көп күш салынған

Сіз үшін өзіңіздің күш-жігеріңізді, махаббатыңызды, жаныңызды салған және өміріңіздің ең үздік жылдарын берген қарым-қатынастарыңызбен қоштасу оңай емес екендігі хақ. Көптеген адамдар мұндай негативті тәжірибені нағыз апат ретінде қабылдайды, әрі адамдардың барлығы да байқап көру және қателік жіберуге бейім келетіні туралы шындықты мойындай алмайды.

Туғандар арасындағы уытты қарым-қатынастар

Кей кездерде аталмыш «токсиктер» рөлін өміріміздегі ең жақын адамдарымыз сомдайды, мұндайда мәселенің басын ашу қиынға соғатыны рас. Ең алдымен, отбасы мүшелері арасындағы эмоционалдық байланыс өзінің септігін тигізеді. Егер әріптестеріңіз немесе көршілеріңізбен араңыздағы уытты қарым-қатынастарды жылдам және ымырасыз шешуге болатын болса, туған-туыстармен жағдай біршама күрделірек, өйткені сіздің алдыңызда жеке шекараларды тауып алу және оларды құру бойынша ұзақ жол күтіп тұр.

Өзін-өзі төмен бағалау және өзіне деген сенімсіздік

«Жә, мен кімге керекпін?», «Бәлкім, мен нашар дос шығармын?» — дәл осындай ойлар өзін-өзі төмен бағалаудың құрбанына айналғандардың бастарынан кетпейді. Өзімізге деген сенімділіктің деңгейі төмен болғандықтан, әрі жалғыз қалудан қорқып немесе анағұрлым «сау» және бақытты қарым-қатынастарды құруға деген қабілетімізге күмәнмен қарағандықтан, осындай қарым-қатынастарға жиі тап боламыз. Бұл түйткілді шешу үшін ең жақын құрбыңмен бір шыны шарап ішу немесе психология бойынша кітап оқудың өзі жеткіліксіз болар. Мұндай сұрақтар мұқият көңіл бөлуді және кәсіби психологпен әңгімелесуді қажет етеді.

Шекаралық бұзылыс

Тұлғаның шекаралық бұзылысы (ТШБ) бар адамдар романтиканың тұрақсыз және тәуекелді қызықтарына түсуге бейім келеді. Егер сізде ТШБ бар болса, онда сіздің қарым-қатынастарыңыз екі кезең арасында кезек-кезек ауысып отыруы мүмкін:

·     дәріптеушілік, бұл кезде сіз серіктесіңіз барлық қырынан мінсіз екен деп ойлайсыз

·     құнсыздандыру, бұл тұста сіз өз серіктесіңізді барлық жағынан мінсіз емес деп санайсыз

Психологияда мұны тұлғаның екі жүзділігі деп атайды. Бұл ТШБ бар адамдар үшін барлық заттарға деген «бәрі немесе ештеңе» қағидатына негізделетін көзқарасын қорғауға көмектесетін бейсаналық қорғаныш механизмі болып саналады. Осындай жағдайда маманның көмегіне жүгінген абзал.

Салдарға байланысты қорқыныш

Уытты қарым-қатынастардың аяғы, әсіресе агрессор тарапынан болатын салдар туралы сөз қозғалған кезде, қорқынышты және күрделі қадам болуы мүмкін. Көптеген адамдар қорқыныш пен үрейдің кесірінен осы қарым-қатынастарда қала береді. Кеңінен таралған себептердің бірі – абьюзерге деген қаржылық тәуелділік, ал кейде, тіпті, өз өмірі үшін де қорқыныш, себебі уытты қарым-қатынастарды үзу туралы шешімді қабылдау жолында қауіпсіздік аса зор тосқауылға айналуы әбден мүмкін. Ең бастысы, осы қорқыныштар мен қауіптенулердің барлығы да уақытша екендігін түсіну керек. Егер қазір кетіп қалып, әрі уытты қарым-қатынастардан бас тартсаңыз, бұл сізге көптеген жылдарға созылуы мүмкін жан ауруы мен түңілуге кететін уақытыңызды үнемдейді.

Қарым-қатынастарыңыздағы заңдылықтардың барлығын ұғынғаннан кейін, өз-өзіңізді бағалауды арттырып, әрі қажет болған жағдайда көмекке жүгінудің арқасында сіз уыттылықтың шырғалаң шеңберінен шығып, «сау» және толыққанды ұзақмерзімді одақты құра аласыз.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз