Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Адамдар
  • Әйелдердің ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиірек шалдығатыны рас па?
Редакция ұсынады

Әйелдердің ерлерге қарағанда қатерлі ісікке жиірек шалдығатыны рас па?

Үрдістің неліктен өзгергені туралы дәрігер-онколог әңгімелейді

The American Lung Association (Американдық өкпе қауымдастығы) есебіне сәйкес, өкпенің қатерлі ісігі әйелдер арасындағы обырдан болатын өлімнің негізгі себебі болып келеді. Әрі жыл өткен сайын әйелдер сүт безі, аналық без және колоректальды қатерлі ісікке қарағанда өкпенің қатерлі ісігінен көбірек өмірмен қоштасады екен. Соңғы 44 жыл ішінде әйелдер арасында өкпенің обырына шалдығу көрсеткіші 79%-ға артса, ер адамдар арасында 43%-ға төмендеген. Алдыңғы материалда химиотерапевт Рабиға Қадырбаева қауіпсіз темекі тартудың бар-жоғы туралы, темекіден бас тарту ешқашан да кеш емес екендігі, шылымқұмарлардың ағзаларында қанша генетикалық өзгерістердің болатындығы және көптеген басқа да жайттар жайлы әңгімелеген. Бұл материалда ол неліктен үрдістің өзгеріп бара жатқандығы мен әйелдердің ер адамдарға қарағанда өкпенің қатерлі ісігімен жиірек ауыра бастағаны жайында айтып береді.


Ер адамдардың өкпенің қатерлі ісігіне жиірек шалдығатыны тарихи тұрғыда қалыптасқан жайт. Мұның себебі өте қарапайым, темекі тартатын ерлер саны әйелдермен салыстырғанда айтарлықтай басым болып келеді, осыған байланысты ер адамдар әйелдерге қарағанда үш есе көп ауырады екен. Алайда XXI ғасырда бұл үрдіс бірте-бірте өзгере бастады. Қазіргі таңда әлем бойынша 250 млн. жуық әйел белсенді түрде темекі тартады. Дамыған елдерде тұратын әйелдер көбірек темекі шегеді екен – шамамен 22%. Ал дамушы елдерде бұл көрсеткіш 9%-ды құрап отыр. Ер адамдарда бұл көрсеткіш мүлдем керісінше екен.

Темекі саны және шылым шегу «өтілі» бірдей болған күнде де, әйелдердің қосымша қауіп факторларының салдарынан өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу тәуекелі біршама жоғары болып саналады. Сонымен бірге өкпенің қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер арасында ер адамдарға қарағанда аман қалу көрсеткіштері әлдеқайда жоғары.

Күні бүгінге дейін әйелдерде өкпенің обыры пайда болған кезде алмастырушы гормоналды терапияның рөлі туралы белсенді пікірталастар жүргізіліп келеді. Әйелдің жасы, етеккірдің толығымен тоқтауы, гормондарды қабылдау мен онкогендік вирустардың болуы арасындағы өзара байланысты бағалайтын ірі халықаралық зерттеулердің нәтижелері бір мағыналы емес. Сондықтан бұл мәселе қосымша зерттеуді қажет етеді.

Өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу жағдайларының 10-20%-ы ешқашан темекі тартпаған адамдарда кездеседі. Сонымен бірге ер адамдарға қарағанда әйелдердің арасында ауырып қалу мүмкіндігі екі есе жоғары болып отыр. Мұндай әйелдерге негізінен жас кезінде аденокарцинома диагнозы қойылады, бұл аурудың анағұрлым агрессивті ағымын білдіреді. Мәселен, кейбір елдерде өкпенің қатерлі ісігімен ауыратын әйелдердің шамамен 80%-ы ешқашан темекі тартып көрмеген.

Темекі тартпайтындарда өкпенің қатерлі ісігі дамуының негізгі себептері

Пассивті темекі тарту. Егер адам мүлдем темекі шекпесе немесе темекіден бас тартса, дегенмен шылымды тұтынатын адаммен жиі байланыста болса, ол пассивті шылымқұмарға айналады. Темекі тартатын адаммен некеде тұрған әйелдерде өкпенің қатерлі ісігінің даму қаупі 27%-ға артатыны анықталған.

Радон. Бұл ешқашан темекі тартпаған науқастарда өкпенің қатерлі ісігінің пайда болуының екінші ең көп таралған себебі болып келеді.

Қоршаған ортаның ықпалы. Бұл ең алдымен ауаның ластануы, демек көлік, өнеркәсіп және т.б. әртүрлі қайнар көздерінің кешені болып саналады. Дәл осы нашар экологияның салдарынан Азия елдерінде, әсіресе салынған зауыттары өте көп Қытайда өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу жиілігі аса жоғары. Ал Еуропа елдерінде, тиісінше, бұл көрсеткіш төмен болып келеді, соның ішінде бұл өндіріс орындарының аздығына байланысты болып отыр.

Табыс деңгейі төмен кейбір елдерде темекі тартпайтын адамдардың ішінде, әсіресе әйелдер арасында өкпенің қатерлі ісігімен ауырып қалу жағдайларының артуы ағаш жағу немесе қуырудан болатын түтіннің ықпалымен байланысты. Өйткені негізінен әйелдер тамақ дайындаумен айналысады және күн сайын бірнеше сағат бойы ашық оттың үстінде тамақ әзірлей береді.

Канцерогенді заттектердің кәсіптік әсері. Негізінен бұл талшықтас, хром және күшәла.

Тұқым қуалау факторы. Кейбір зерттеулер көрсеткендей, бұл тұста өкпенің қатерлі ісігіне деген тұқым қуалайтын бейімділік болуы мүмкін. Өмірінде темекі тартып көрмеген науқастардың шамамен 6%-ның анамнезінде бұрын обырмен ауырған жақын туыстары болған екен.

Қызықты дерек: ешқашан темекі тартпаған науқастарда емделудің нәтижесі және жалпы аман қалу көрсеткіші шылымқұмарлармен салыстырғанда әлдеқайда жақсырақ. Мұның екі негізгі себебі бар:

1.    Темекі тартпайтын өкпенің қатерлі ісігіне шалдыққан адамдардың ағзаларында драйверлік мутацияларды анықтау ықтималдылығы айтарлықтай жоғары. Демек пациент болашақта дербес мақсатты терапияны алады, ал оның тиімділігі қалыпты химиотерапия нәтижелерімен салыстырғанда едәуір жоғары болып саналады.

2.    Темекі тарту жалпы алғанда кез келген қатерлі ісіктің болжамын нашарлатады, дегенмен оның өкпенің қатерлі ісігімен байланысы көбірек болады. 

Егер онкологиялық диагноз қойылған болса, әсіресе өкпенің қатерлі ісігі диагнозы анаықталған жағдайда қол қусырып отыруға болмайды. Онкологиялық науқастар негізінен темекі шегуден бас тарту кеш екендігіне сенімді болады да, әрі темекі тартуды жалғастыру емделу нәтижелеріне тікелей әсер ететіндігін түсінбейді. Шылым шегуден бас тарту жалпы аман қалу мүмкіндігін арттырып, аурудың өршу, қайталану қаупін төмендете түседі. Сонымен қатар бұл науқастардағы нәтижелердің жақсаруы оның уыттылықты айтарлықтай деңгейде төмендететіндігімен байланысты болып келеді, әсіресе пациент агрессивті терапияны алған кезде мұның маңызы өте зор.

Сондай-ақ оқу Неліктен өкпе обыры темекі тартпайтындарда да кездеседі? Дәрігер-онколог Рабиға Қадырбаева айтып береді

МЕНІҢ ҰСЫНЫСТАРЫМ

1.     Темекі тартуды бастамаңыздар. Егер бұрыннан темекі тартып жүрсеңіздер, бұл зиянды әдеттен бас тартқандарыңыз абзал.

2.     Темекіден бас тартыңыздар. Онкологиялық диагноз қойылғаннан кейін темекі шегуден бас тартыңыздар.

3.    Профилактикалық тексерулерден, скринингтерден тұрақты түрде өтіңіздер. Темекі тарту «өтілі» жоғары шылымқұмарлар үшін жылына бір рет төмен дозалы компьютерлік томографиядан міндетті түрде өту қажет. Өкпенің қатерлі ісігін ерте кезеңде емдеу дегеніміз – бұл радикалды ота жасату, бәлкім, профилактикалық химиотерапия курстары және одан кейінгі жай ғана бақылау. Өкпенің қатерлі ісігін IV кезеңде емдеу – қымбат дәрі-дәрмектермен ұзақмерзімді емдеу болып келеді. 

Өз дәрігеріңізді бірден табу әрдайым мүмкін бола бермейді. Сіз басқа дәрігерлерден кеңес алуға, екінші, үшінші пікірді естуге толық құқығыңыз бар.

Өкпенің қатерлі ісігінің айырықша белгілері болады – симптоматикалық емдеуден кейін тоқтамайтын ұзақ мерзімге созылатын жөтел, қанды қақырықтың бөлінуі, кеуде тұсындағы ауырсынулар.

Сондай-ақ өкпенің қатерлі ісігінің сипатты емес белгілері бар – салмақ пен тәбетті жоғалту, айқын әлсіздікті сезіну.

Өкпенің қатерлі ісігін анықтайтын арнайы онкомаркерлер болмайды, олар аналық без, қуықасты безі, бауыр, ұйқы безінің қатерлі ісігі кезінде ақпарат береді.

4.    Егер сізге диагноз қойылған немесе енді ғана ол диагнозға байланысты күдіктер болса, – онда торакалды хирургқа жүгіну керек, ол сіздің онкологиялық диспансеріңізде бар. Содан кейін тексерулердің нәтижелеріне, гистологиялық формаға, кезеңге, науқастың жағдайына қарай емдеу тактикасы анықталады.

5.    Егер сіз емделуден өтіп болсаңыз, – терапияның аяқталуынан кейін бір жыл бойы – әрбір 3 ай сайын, екінші жылы – әрбір жарты жыл сайын өзіңіздің онколог дәрігеріңіздің қарауында болуыңыз керек, ал содан соң жылына бір рет бақылау тексерулерден өтуіңіз қажет.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз