Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Вейп vs кәдімгі темекі: қайсысы зияндырақ?


Темекі тартудың зияны турасында баяғыдан белгілі. Әрі темекі қораптарындағы ешқандай да бір қорқынышты суреттер шылымқұмарларды тоқтатпайтыны хақ. Сонымен бірге нарық кәдімгі темекінің бірталай балама нұсқасын ұсынып та отыр. Бүгінгі таңда солардың арасындағы ең кеңінен таралғаны – бұл вейп, не болмаса электронды темекі. Вейптерге ауысу арқылы темекі тартудың зиянын төмендетуге бола ма? Мұны медициналық журналист Даниил Давыдов «Тинькофф журналында» жарияланған мақаласында анықтайды.

Көптеген медициналық ұйымдар өкілдерінің пайымдауынша, жану үдерісінің жоқтығына байланысты вейптер, қарапайым темекіге қарағанда, әлдеқайда қауіпсіз келеді. Әрі сіз темекі шегуден, тіпті, бас тартуды қаламасаңыз да, оларға ауысудың мәні зор – осылайша өз ағзаңызға деген шылым шегудің зиянын төмендетуге болады деседі. Шыны керек, бүгінгі таңда темекідегі никотин – басты зиянды компонент болып саналмайды. Темекі жану үдерісінің нәтижесінде шайыр, канцерогендер, тұншықтырғыш газ және т.с.с. зиянды заттектерді бөліп шығарады. Әрі нақ осы заттар адамның ағзасына никотин тудыратын тәуелділіктен гөрі анағұрлым залалды әсер етеді екен. Мәселен, бұл өкпе мен жүрек ауруларының дамуына, қан қысымының жоғарылауы және басқа да дерттерге әкеліп соқтыруы ықтимал. 

Вейптер немесе оларды электронды темекі деп те атайды, жалпы жану үдерісін болдырмайды. Олардың құрамына мүштік, қыздырғыш және сұйықтыққа арналған капсула кіреді. Вейптердің жұмыс істеу қағидаты біреу ғана – олардың барлығы да құрамында никотині бар болуы мүмкін сұйықтықты қыздырады. Никотині жоқ сұйықтықтар да кездесіп отырады. Сұйықтықтың негізгі құрауыштары: тағамдық глицерин, пропиленгликоль, никотин және тағамдық хош иістендіргіштер. Сонымен бірге никотин қосындылардан тазартылған, табиғи компоненттерден алынған, не болмаса зертханада синтезделген деп сендіріледі. Сұйықтықты қыздыру барысында бу түзіледі.

Кәдімгі темекіден гөрі вейптің артықшылықтары:

1.    Пассивті темекі тарту жоққа шығарылған. Деммен бірге сыртқа шығарылатын бу темекінің түтіні сияқты айналадағы адамдарға теріс әсерін тигізбейді. Түтіннің жоқтығына байланысты адам ағзасы үшін неғұрлым зиянды болып келетін шайыр мен тұншықтырғыш газ бөлінбейді.

2.    Электронды темекіге келер болсақ, әуел баста темекінің құрамындағыдай никотині бар сұйықтықтарды сатып алуға болады, содан кейін бірте-бірте оның концентрациясын азайта аласыз. Ал ең соңғы кезеңінде, яғни, адам ешқандай жайсыздықты сезінбей-ақ, вейпті никотинсіз тарта алған жағдайда мүлдем шылымды тастау мақсатында темекі тарту үзілістерінің санын біртіндеп азайтудың маңызы зор.

3.    Уытты иістің жоқтығына байланысты уақыт өте келе иіс түйсігі қалпына келеді, ал дәмдерді сезу әлдеқайда айқынырақ бола түседі. Жөтел тыйылып, киім-кешектен енді темекі түтінінің жағымсыз иісі аңқып тұрмайды.

Дегенмен, әлбетте, электронды темекінің буы да адам ағзасына теріс әсерін тигізетіні рас. Барлық жайттар әлі толығымен зерттелмеген – өйткені жалпы вейптердің «өмір сүру» кезеңі тым қысқа: алғашқы электронды темекі 2003 жылы пайда болғанымен, олардың салыстырмалы түрде кеңінен таралуы тек 2010 жылы ғана болған. Әйтсе де, бүгінгі таңда кейбір тұстарды атап көрсетуге болады:

·      біріншіден, вейптерде қолданылатын сұйықтықтың белгілі бір компоненттеріне (тетрагидроканнабинол, Е дәруменінің ацетаты) деген жеке көтере алмаушылық салдарынан болған аллергиялық реакциялар жағдайлары белгілі.

·      екіншіден, вейптерді дұрыс қолданбаудың кесірінен құрылғыны шеккен кезде оның тура адамның аузында жарылып кеткен бірнеше қайғылы жағдай болған (ақпаратқа сәйкес, бұл жерде батареяның ақауы болған екен).

·      үшіншіден, «попкорн ауруы». «Попкорн ауруы» сұйықтыққа жағымды иіс пен дәм беру үшін қосылатын диацетил деп аталатын хош иістендіргішпен байланысты болып келеді. Құрамы жағынан ұқсас келетін заттектерді попкорнға да қосады екен – міне, сондықтан атауы да осындай. Егер оны тамақпен тұтынсаңыз, ол қауіпсіз болмақ, ал егер оны тұрақты түрде деммен бірге жұтсаңыз, ол өкпенің ауруларын тудыруы мүмкін. Мұны статистика да растап отыр, ал дәлірек айтқанда, попкорн және кофе өндірісінде еңбек ететін нақты адамдар көрсетіп отыр.

·      төртіншіден: кейбір сарапшылар сендіріп отырғандай, электронды темекі кәдімгі темекіден де қауіпті болып келеді. Бұл жерде никотин буланып шығуының салдарынан қанға тезірек сіңіп кетеді екен. Никотиннің булануы ауыз қуысының шырышты қабығының күйіп қалуын, онкологиялық ауруларды, тыныс алу жүйесінің зақымдануын, ми тамырларының атеросклерозын тудырады. Сонымен бірге электронды темекінің аэрозольдері құрамындағы – қалайы, никель, қорғасын секілді металдардың мөлшерімен де қауіпті болып саналады. Ақыр соңында, электронды темекіге деген тәуелділік те тезірек пайда болады екен. 

Сондай-ақ оқу Сіз түтінсіз өнімдерге ауыссаңыз, не болады?

Вейп темекі шегуден бас тартуға көмектесе ала ма? Нақты емес, дегенмен прецеденттер баршылық, әрі олар көптеп кездеседі. Сонымен қатар 61 зерттеу жұмысы кірген үлкен шолуға сәйкес, никотинді алмастыратын басқа құралдарды қолданғаннан гөрі, электронды темекінің көмегімен темекіден арылу әлдеқайда оңайырақ. Мамандардың ерекше атап өткен бір ғана жайт бар – екеуін де шегуге, яғни, бір уақытта темекіні де, вейпті де тартуға болмайды. Зерттеулер көрсетіп отырғандай, бұл тек қана қарапайым темекіні тартқаннан да әлдеқайда зиянды. Мұндағы басты мәселе келесіде болып тұр. Адамның ағзасына микробтар түскен кезде жасушаларда ақуыздар мен майлардың тотығу үдерісі басталады екен. Осының нәтижесінде оттегінің белсенді формалары – бактериялар мен вирусты бөлшектердің қабығын бұзатын молекулалар түзіледі. Олай болса, бәрі де жақсы болар еді, алайда, егер осы тотығу бақылау аясынан шығып кетіп, әрі оттегінің белсенді формалары шамадан тыс көп болып бара жатса, олар өз жасушаларының мембраналарын бұза бастайды. Сонымен шылымқұмардың ағзасында осы тотығу үдерістері темекі тартпайтын адамға қарағанда бірнеше есе белсенді түрде жүріп жатады. 

2021 жылдың мамыр айында халықаралық зерттеушілер тобы 3712 еріктінің қанында тотығу үдерістерін сипаттайтын заттектің мөлшерін өлшеген болатын. Осының нәтижесінде электронды темекінің пайдасына кәдімгі шылымнан бас тартқандарда аталмыш заттектің мөлшері төмен екендігі анықталған еді. Ал қарапайым шылымды да, электронды темекіні де бірдей тартқандардың қан құрамындағы осы заттектің мөлшері, тіпті, жоғарылай түскен.

Нені және қандай мөлшерде тұтынатыныңызды – өзіңіз шешесіз. Кез келген жағдайда да бір нәрсені есіңізден шығармағаныңыз абзал, «қауіпсіз» темекі тарту деген түсінік жоқ.

Айта кетсек, биылғы жылдың шілде айында Respublica қазақстандық парламенттік партиясы вейптердің сатылымына деген толық тыйымға қол жеткізгені туралы хабарлаған болатын. Ведомствоаралық комиссияның мүшелері бірауыздан дерлік (12 дауыс жақтады және екеуі қарсы болды) елімізде вейптерге тыйым салынуы үшін дауыс берген. Бұл тыйымның заңды күшіне нақты қашан енетіні әзірше белгісіз. Сонымен қатар Tastau.qaz қауымдастығының негізін қалаушысы, журналист әрі блогер Татьяна Фоминова вейптерге тыйым салуға қарсы петицияны бастады. Петицияның мәтінінде еліміздің тәжірибесі дәлелдеп отырғандай, тыйымдар түйткілдерді шешуге көмектеспейтінін, керісінше, сол түйткілді одан бетер ұшықтыра түсетіндігі туралы айтылады. Осыған дейін Қазақстанда қорқор шегуге тыйым салынған болатын, алайда бұл тыйым сақталып жүрген жоқ. Бұл тек қана көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықты арттыра түсті. Белсенді қоғамшыл тыйым салудың орнына вейптердің айналымын дұрыс реттей бастауды сұрап отыр.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

6
2
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз