Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Жақсы мен жаман

Адам және никотин қарым-қатынасы тарихының ең ықшам нұсқасы

Жақсы мен жаман: Адам және никотин қарым-қатынасы тарихының ең ықшам нұсқасы

Ғасырлар бойы никотинге деген көзқарас жалпыхалықтық махаббат пен медицина деңгейінде мойындаудан бастап жаппай қудалауға дейінгі алуан түрлі кезеңді бастан өткерді. Бүгінгі күні жүргізілген зерттеулердің арқасында ағзаға келер ең үлкен зиян никотиннен емес, құрамында шайыр және канцерогендер кездесетін темекі түтінінде екені түсінікті болды. Тарихтың осы бағытына көз жүгіртіп, никотин жайлы қазір не белгілі екенін әңгімелеп берейік. 


Біздің дәуірімізге дейін 4000 жыл бұрын

Үндістер темекіні қолдана бастады, олар бұл өсімдікті шайнайтын, шегетін, тіпті клизма көмегімен де тұтынатын. Маңызды үндіс ғұрыптарының бір де бірі темекісіз өтпейтін болды. Осылайша Американың байырғы тұрғындары ацетилхолин нейромедиаторының әрекетін қайталайтын никотиннің қасиетін ашты. Қай нейронға әсер ететіне байланысты никотин әлдебір істен бас алмай шұғылдануға, тым белсенді болуға немесе, керісінше жүрек соғуын тыныштандырып, бұлшық етті босаңсытуға көмектесе алатын болып шықты.

1492 жыл

Христофор Колумб сыйлық ретінде алған кептірілген темекі жапырақтарын... кеменің сыртына тастай салады, себебі ол кезде еуропалықтар никотиннің пайдалы-зиянды қасиеттері туралы әлі хабарсыз-тұғын.

1500 жыл

Темекінің емдік қасиеттері туралы тұңғыш рет айтыла бастады. Португал зерттеушісі Педру Алвариш Кабралдың айтуынша, Бразилияда жергілікті тұрғындар темекі жапырақтарын іріңдеген жерді, ойық жараны, терең жараны, қабынған орынды емдеу үшін қолданады екен. Медицина әлемі мұның түсіндірмесін кейінірек табады: никотиннен бөлінетін бейтоксин зат никотин қышқылы адам ағзасындағы метаболизмге қатысады, ол тін мен қан шығаруды қалпына келтіруге қажет май және көмірсу алмасуына әсер етеді.

1531 жыл

Темекі өндірісінің басталуы. Испандар Санто-Доминго аралында осындай тұңғыш плантацияның негізін қалады.

1560 жыл

Португалиядағы Франция елшісі Жан Нико де Вильемен француз сарайына Екатерина Медичи патшайымға оның ұлы Генрих II-ні қинайтын бас ауруына қарсы ем болсын деп, сыйлық ретінде аздап темекі алып келеді. Тек 20-ғасырда ғана ғалымдар никотинді тұрақты тұтынудың жұлындағы эндорфин және энкефалиндердің бөлінуі ұлғайтатынын, яғни никотин ауруды басатын қасиетке ие екенін анықтады. Ал әзірге 16-ғасырдағы Жан Нико Еуропада темекіні тек бас немесе тіс ауруында ғана емес, дизентерияда, түйіліп ауырғанда, қатерлі ісікте және басқа сырқатта көмектесетін дәрі ретінде насихаттай бастады. Айтпақшы, осы пысық елшінің есімінің арқасында «никотин» термині пайда болған еді.

1587 жыл

Нидерландта темекінің медициналық қасиеттері туралы «Өсімдік панацеясы» атты кітап жарық көрді, ал еуропалық дәрігерлер оны дәрі ретінде ресми түрде ұсына бастады.

1620 жыл

Шылым дәуірі басталды. Севильяда темекі өңдейтін алғашқы фабрика салынды. 

1600-жылдар

Темекіге қарсы алғашқы кампаниялардың жүруі. Урбан VIII Папа темекіқұштарлар шіркеуден қуылады деп қорқытты, ал Бутан корольдігінде мемлекеттік ұйымдарда шылым шегуге тыйым салынды.

1761 жыл

Ағылшын дәрігері, фармаколог Джон Хилл тұңғыш рет темекі мен қатерлі ісіктің пайда болуы арасындағы байланыс жайлы айтты.

1828 жыл

Герман химиктері Людвиг Рейманн мен Вильгельм Поссельт таза никотинді алды.

1927 жыл

Америка ғалымы Джозеф Робинсон дәрі сұйықтықты пациент өкпесіне бу түрінде жеткізуге арналған тарихтағы тұңғыш электронды булағышты әлемге таныстырды. Бұл құрылғы вейптердің пайда болуының іргетасына айналды.

1970-жылдар

Бүкіл өмірін шылым шегуді зерттеуге арнаған дәрігер-психиатр Майкл Рассел «Адамдар никотин үшін темекі тартады, ал шайырдан өледі» деген сөзді айтты. Британ ғалымы тәуелдікті никотин тудырғанымен, адам ағзасына келетін негізгі зиян темекі жанғанда бөлінетін заттардан екенін дәлелдеді. Профессор зиянды азайту концепцияснын шылымқорларға қатысты қолдануды, яғни ұрса беруді қойып, оларды түсінуге, никотин қабылдаудың балама жолдарын ұсыну арқылы көмектесуге тырысуды ұсынған алғашқы адам болды. Алайда профессор Расселдің бұл идеяларын қоғам қолдай қойған жоқ. 

Сондай-ақ оқу Шылым шегуді тастай алмағанда денсаулықты қалай сақтауға болады

2000-жылдар

Темекіге қарсы қуғын-сүргіннен бас тартып, бұл жаман әдеттің зиянын азайту туралы идеяға көшу белсенді түрде жүре бастады. Әлемнің көптеген алдыңғы қатарлы елі үкімет ұйымдары деңгейінде адамзаттың темекі тартуды қоймайтынын түсінді және мұны барынша аз қатермен қалай жүргізуге болатынын талқылауға көшті.

Никотиннің жекелей алғанда алып бара жатқан зияны жоқтығы, оның кәдімгі алкалоид, яғни өсімдік текті органикалық қосынды екені, суда жақсы еритіні, тіпті картопта кездесетіні жайлы мәліметтер жиі келтіріліп, айтыла бастады.

Ғылым саласы никотиннің ми жұмысын «қалпына келтіре алатын» қабілеті, оны тұтынудың психикасында ауытқуы бар адамдар үшін қызықты бола алатыны жайлы деректер келтірді.

2003 жыл

Шылымқорлардың арасында мүлдем темекі тартпайтындармен салыстырғанда Альцгеймер ауруына шалдыққандар үлесі төменірек екенін көрсететін медициналық зерттеулер қатары артып келеді. Себебі никотин жүйке рецепторларымен байланысқа түсіп, олардың белсенділігін жоғарылата алады.

Осы жылы қытай фармацевті Хон Лику никотин жеткізуге арналған электронды құрылғының патентін алды. Осыдан соң өмірімізде вейп және темекі қыздыру жүйесі секілді түтінсіз балама құрылғылар пайда болды. Оларда темекі жапырағының жану процесі мүлдем жоқ, нәтижесінде зиянды қосындылар мұндай гаджеттерде 95%-ға аз кездеседі. Кәдімгі шылым шах, артынша мат алды. Сэр Расселге де сәлем жолдай кетейік.

2004 жыл

Өкпенің басты жауы ретінде қуғынға ұшыраған никотинді ақтап алатын зерттеулер жүргізілді. Обырдың пайда болуына темекі түтінінде кездесетін ыс газы, күшәлә, формальдегид секілді заттар әсер ететіні дәлелденді.

2015 жыл

Никотин Паркинсон ауруын емдеуге керек құрал ретінде қолданыла бастады. Сәл бұрынырақ герпес пен колитке қарсы пайдаланылған болатын. Әрине, ауырғанды басатын қасиеті де ұмыт қалған жоқ.

2018 жыл

Никотин бұқаралық ақпарат құралдарында семіздікке қарсы көмектесетін дүние ретінде жаппай талқыланды.

Осының бәрінің нәтижесінде қазіргі ғылымның басты айтары былайша қалыптасты: никотин зиянсыз емес. Яғни ешқашан шылым шекпесеңіз, басқадай темекі өнімдерін тұтынбасаңыз, бастамай-ақ қойыңыз.

Алайда никотинде түрлі терапевтік мақсатта пайдалану әлеуеті бар. Тек оны дәл анықтап, қауіпсіздігі мен қай бағытта қолдануға болатыны жайлы дұрыс баға беру үшін тағы зерттеулер жүргізу керек.


Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз