Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • «Даршын қосылған кофе, саңырауқұлақтар»: қалалық сиқыр несімен зиянды?
Редакция ұсынады

«Даршын қосылған кофе, саңырауқұлақтар»: қалалық сиқыр несімен зиянды?

Қазіргі заманғы қоғамда біз мынадай бір парадоксқа тап болып отырмыз: ғылым мен технологиялар дамуын жалғастырып жатыр, алайда мұнымен қатар сиқырлы практикалар мен құбылыстарға деген қызығушылық пен сенім артып келеді. Сиқырлы ойлаудың қалай жұмыс істейтіні жайында, неліктен ол заманауи әлемде өз позицияларын нығайтып отыр, әрі оның қандай зиян келтіруі мүмкін екендігі туралы тақырыпқа біз психолог, мінез-құлық бойынша маман Сергей Семенченкомен әңгімелестік.


«Оң аяғыңа аяқ киім кигенде былай деп айту керек: «Оң аяғыма аяқ киім киемін, өзім үшін ақша жолын ашамын». Содан кейін сол аяққа кигенде: «Сол аяғыма аяқ киім киемін, банк шотыма ақша түсіремін».

(Алматыда кеңінен таралған кеңселік сенушілік)

Геномның мағынасын ашу, жасанды интеллектіні жасап шығару, Марсқа экспедицияны жоспарлау мен жұлдыз жорамалдар, Таро, нумерология және тұрмыстық сиқырлы рәсімдер – қанша таңырқарлық болмасын, дегенмен бұл бір әлемде болып жатқан құбылыстар. Соңғы бірнеше онжылдықтар ішінде ырымшыл адамның бейнесі айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Бүгінде белгілер мен сиқыршылыққа білімі шамалы ауылдың кемпірлері емес, қалада тұратын жоғары білімі бар (кейде, тіпті, бірнеше білімі бар) жас тұрғындар сенеді. Неліктен осындай жағдай қалыптасып отыр?

«Ми үшін шаблонды ойлау тиімді». Сиқырлы ойлауға кім бейім келеді

Психолог Сергей Семенченко айтып бергендей, сиқырлы ойлау – бұл когнитивті бұрмаланудың бірі: «Когнитивті бұрмалану – бұл адамның дұрыс емес шешімдерді қабылдауға, әрі айналада болып жатқан барлық жайттарды объективті түрде қабылдамауға септігін тигізетін ойланудың, айналадағы дүниені қабылдаудың жүйелі түрдегі қателіктері». 

Сарапшының айтуынша, адамның миы энергияны ысырап етуді ұнатпайды, оған шаблон бойынша ойлану әлдеқайда тиімдірек болып келеді. Сондықтан белгілі бір жағдайларда адамдар осындай бір «энергияны үнемдейтін тәртіпке» ауысады. «Когнитивті бұрмаланулар шаблон бойынша ойлану әдетінің нәтижесінде пайда болады, деп түсіндіреді сарапшы, – өйткені ми жалпы кез келген нәрсені қиындатуды ұнатпайды, сол себептен ол бәрін де жеңілдетуге тырысады. Әрі нақ осы шаблондар бойынша ойлау когнитивті бұрмаланулардың негізінде жатыр. Сиқырлы ойлау да тап осыған қатысты болып отыр.

Бұл жайтқа «даршынды бейсенбі» және Таро карталары ғана емес, сонымен бірге барлық ырымдар, барлық жоралар, сиқыршылыққа байланысты барлық нәрселер жатқызылады. Сондай-ақ ойлар мен сөздердің айналадағы шынайылыққа нақты әсер етуі мүмкін деген сенімді де жатқызуға болады».

Семенченко атап көрсеткендей, сиқырлы ойлау дамудың белгілі бір кезеңінде балалар үшін табиғи нәрсе. «Баршамыз білетіндей, балалар шамамен 8 жасқа дейін сиқырлы ойлауда өмір сүреді, әрі бұл адамның жас шамасына байланысты ерекшелік болып саналады. Бұл олардың өздерін бүкіл әлем айналып тұратын күллі Ғаламның орталығы ретінде қабылдауынан туындайды. Тиісінше ол, әрине, сол Ғаламға әсер ете алады. Сондықтан балалар перілер, гномдар туралы ертегілерді жақсы көреді, балалар Тіс перизатына сенеді, ал ата-аналар осы тақарыпты қолдап, әрі Аяз Ата, Тіс перизаты және басқа да бейнелердің рөлдерін сомдауды ұнатады. Жасы ұлғайған сайын балалар мұның шындыққа сай келмейтіндігін түсінеді де, өздерінің күллі әлемнің орталығы еместігін ұғынады», – деп көрсетті психолог.

Неліктен сиқырлы ойлау кейбір ересек адамдарда пайда болады және сиқырлы ойлауға кімдер бейім келеді? Көбінесе бұл:

– жасөспірімдер;

– инфантилді адамдар;

– психикалық ауытқулары бар адамдар;

– қиын жағдайға тап болған адамдар.

«Әрі тап болған жағдайы неғұрлым қиынырақ болса, адам торығуға неғұрлым жақын болған сайын, сиқыршылыққа сенімі де соғұрлым күштірек бола түсіп, онымен айналысуға деген ұмтылысы да соғұрлым мықтырақ болады», – дейді Сергей Семенченко.

«Табысыңыздың өсуі үшін әрбір бейсенбі күні даршын қосылған кофені ішу керек. Даршын бейсенбісін ұйымдастыру қажет».

(Алматыда кеңінен таралған кеңселік сенушілік)

Неліктен заманауи адамдар «сиқырлы мамандарға» сенеді

Өзімнің балалық шағым өткен кішкентай қалашықта сиқыршылыққа сенген адамдар арасында «ет комбинатындағы Тамара» есімді белгілі балгер әйел тұрған. Оған жету үшін қаланың шетіне, кішкентай ескі үйі орналасқан шалғайдағы ауылға бару керек еді. 

Қазірде архаикалық бейнелер ғайып болғаны рас. Заманауи балгерлер әлеуметтік желілерге шыққан, әрі олардың көбі әлемнің кез келген нүктесінен онлайн режимінде қолжетімді, өздерінің психологияға қатысы бар екендігіне сендіреді және «табысты табысын» паш етіп отырады. Осы тұста «қалалық сиқыршылықтың» көптеген рәсімдерінің өмірге ақша және сәттілік тартумен байланысты болуы кездейсоқ емес.

«Егер бұрындары балгер әйел хрусталь шары мен карталар колодасы бар үстел басында отырған сауаты аз әйел ретінде қабылданса, бүгінгі таңда олар өздерін «түпсанамен жұмыс істейтін мамандар» ретінде көрсетеді. Сондай-ақ «мұның сиқыршылық емес, психология» екендігін алға тартады. Оның үстіне өздерін «өз қолымен жасап», өмірден ләззат алатын табысты адамдар ретінде көрсетіп отырады. Осылайша мұның жақсы нәрсе екендігінің бейнесін қалыптастырады да, мұның табысты өмірдің бір бөлігі ретінде ұсынады», – деп қынжылады психолог.

Сиқырлы ойлаудың кеңінен таралуында тағы да бір когнитивті бұрмалану маңызды рөл атқарады, әрі ол «әділетті әлемге сену» деп аталады. Адамдардың көбі «бумеранг қағидатына», «кармаға» және көптеген басқа да «сыбаға тартқызудың» алуан түрлі механизмдеріне сенеді. Егер шын өмірде осы қағидаттың жұмыс істемейтіндігіне кенет көз жеткізілсе, бұған да сиқырлы түсініктемені іздеп табуға тырысады:

«жақсы адамның өмірінде бәрі де нашар болып жатса, өзгелер «осыншама жақсы, мейірімді адамда бәрі де нашар болуы мүмкін емес. Бұл жерде бір гәп бар, біреу оны дуалап тастаған, басқаша болуы мүмкін емес, дуаны жылдам қайтару керек» деп шыға келеді».

Сондай-ақ оқу «Сарышаяндар жымысқы, ал Шаяндар сезімтал» Жұлдыз жорамалдарға сену зиянды ма?

Нақты әрекеттерден қорқу

Мінез-құлық бойынша маман «шындықтың бетіне тура қараудан қорқу және бұл әлемнің саған ешнәрсе де қарыз еместігін мойындау, Ғаламның сенің сұрауларыңа жалпы жауап бермейтіндігі және осының бәрімен бірнәрсе істеу керек» дегенді сиқырлы ойлаудың тағы да бір негізгі себебі ретінде келтіріп отыр. 

«Осы тұста бәрін де өз қолыңа алуға тура келеді, яғни, жұмыс істеу, өз өміріңе әсер ету, жауапкершілікті өз мойныңа алу керек болады. Ал мұны барлығы бірдей қаламайтыны рас. Алайда бір өкініштісі, егер осыны жасамасаң, өмір бойы осылай жүріп, әрі айналадағы оқиғалардың саған ықпал ететініне тек шағымдана беру ғана қалады», – деп түсіндіреді Сергей Семенченко.

Негізгі қажеттіліктерді жабу

Адамдардың өз қауіпсіздігіне деген қажеттілігін жабу мақсатында сиқырлы ойлау мен осы салада қызмет көрсететін «мамандарға» жүгінетін жағдайлар да сирек емес. Мәселен, осы жылдың басынан бері Алматыда бірнеше рет болған сезінерлік зілзалалардан кейін адамдардың көбі «жойқын жер сілкіністерін алдын ала болжай алатындарына» сендіретін әртүрлі көріпкелдердің әлеуметтік желілердегі аккаунтарына жаппай жазылғаны мәлім. Ересек білімді адамдар Instagram желісінде «саңырауқұлақтардың сәуегейге не айтқандары» туралы ақпаратты байыппен тыңдап отырады. 

«Неліктен олардың көмегіне жүгінеді? Себебі адамдар өздерінің қауіпсіздікте еместігін сезінді. Біздегі жер сілкіністер, оған қоса жақын жердегі соғыс, оның үстіне лаңкестік әрекеттер. Адамдарға қауіпсіздік сезімі жетіспей тұр. Ал қауіпсіздік дегеніміз не? Қауіпсіздік – бұл негізгі қажеттілік. Тиісінше адамдар барлығы да жақсы болатындығын растайтын жайттарды күтеді. Адамдар өздерінің болашағын болжауды және бәрін де бақылауда ұстағысы келеді. Сол себептен олар осындай болжамдарды тосады. Әрі жасырын түрде өз үміттерінің ақталғанына дәмеленеді. Оларға біреудің тарапынан былай: «бәрі жақсы болады», «ешқандай жойқын жер сілкіністер болмайды» деп айтылатынына сеніп отырады. Не болмаса – «зілзала болуы ықтимал, дегенмен біз оған төтеп бере аламыз» деген сөздерді күтеді», – дейді психолог.

Сиқырлы ойлаудың зияны

Сонымен сиқырлы ойлау тағы да қандай қауіп төндіруі мүмкін? Психолог келесі жайттарды атап көрсетті: «Кемшіліктеріне келер болсақ, біріншіден, жалпы жағдайға парасаттылық көзқараспен қарау қабілетінің жоқтығы. Яғни, мұндай кезде адам өмірінде шын мәнісінде не болып жатқандығын түсінбеуі немесе түсінгісі келмеуі. Екіншіден, бұл өз жауапкершілігіңді айналадағы әлемге жүктеу талпынысы, Демек: «Егер менің өмірім тұрақтай алмай жатса, бұл менің кінәм емес, бұған әлем кінәлі. Яғни, айналада болып жатқан әлдебір нәрселер маған кедергі етуде» деп айтуы. Адам қандай да бір шараларды қолға алудың орнына түкке тұрмайтын нәрселермен айналысады. Мәселен, адам жұмыссыз жүр, алайда жұмыс іздеу немесе өзіне қандай дағды, машықтардың жетіспей тұрғандығына талдау жасау, қосымша білім алудың орнына «жолын ашып беретін» балгер әйелдерге барады. Не болмаса қандай да бір қыз ер адамдармен қатынас құруда пайда болатын мәселелердің неліктен екендігін түсіну үшін терапияға емес, тұрмысқа шыға алмай жүргені үшін дуаны қайтаруға барады. Бұл менталды бұзылыстардың бар екендігін көрсетеді. Өйткені жораларға деген бейімділік – бұл көбінесе ОКБ (обсессивті-компульсивті бұзылыс) көрсеткіші. ОКБ ғана емес, басқа да әртүрлі бұзылыстары бар адамдар жоралар мен рәсімдерге бейім болып келеді».


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

6
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз