Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

«Сарышаяндар жымысқы, ал Шаяндар сезімтал»

Жұлдыз жорамалдарға сену зиянды ма?

«Сарышаяндар жымысқы, ал Шаяндар сезімтал»: Жұлдыз жорамалдарға сену зиянды ма?

Жұлдыздардың жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің тағдырына әсер ететіндігін сенімді айта аламыз. Егер осыдан 4,5 миллиард жыл бұрын «Күн атты жұлдыз» пайда болмағанында, әрі Күн жүйеміз қазіргідей болмағанында, сіз бен біз болмас едік.

Егер де астрономия Күннің пайда болуы туралы әңгімелей отырып, өзінің гепотезаларын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуді тырысып бақса, онда жұлдызнама адам мінезі және тағдырының жұлдыздармен өзара байланысы турасындағы пайымдарын молынан шаша отырып, дәлелдер бойынша мүлдем «бас қатырмайды». Ол бар болғаны сонау Ежелгі Рим заманынан бергі келе жатқан тек шынайы сенімге ғана негізделіп отыр. Дәл сол уақытта, яғни, Ежелгі Рим өркениетінің гүлденген кезінде астрология пайда болады.

Неліктен біз жұлдыз жорамалдарға сенеміз, әрі бұл сенім қандай пайда немесе зиян тигізуі мүмкін – осы мақалада анықтаймыз.

«Иланған жан бақытты, дүние ол үшін жылы көрінеді»

Бұған мүлдем сенбей қарайтын адамның өзі «бір аптаға арналған жұлдызнамасын» оқи отырып, ықыласы болғанда бірнеше «таңғажайып сәйкестіктерді» тауып алуы әбден мүмкін. Бұл жұлдызнамалық болжамдардың көпшілігі кез келген адамның өміріне сайма-сай келе алатын жалпыға ортақ сөз тіркестерін қолданып жазылғандығына байланысты орын алып жатады.

Психологияда мұндай құбылыс Барнум әсері атауымен белгілі, бұл құбылыс психологиялық айла-амалдарымен танылған американдық шоумен Финеас Барнумның құрметіне аталған екен.

Бертрам Форер есімді американдық психолог Барнум қолданған психологиялық техникаларды зерттеп шықты. 1948 жылы ол өзінің студенттеріне эксперимент жүргізеді де, оларға келесі пайымдарды өздеріне қатысты қаншалықты қолдана алатындығын бес балдық шкала бойынша бағалауды ұсынады:

•          сіз өзіңізді сынауға бейімсіз;

•          қауіпсіздік – өміріңіздегі басты мақсаттарыңыздың бірі;

•          кейде сіз дұрыс шешім қабылдағаныңызға байланысты күмәнданып отырасыз.

Орташа нәтиже 4,5 балды құрды!

Мұндай техниканы өздерінің қызметінде экстрасенстер, сиқыршылар және жұлдызнамашылар пайдаланады екен.

Алайда неліктен адамдар осындай расында да жалықтыратын «ортақ тұстарды» оқуға қызығушылық танытып, оларды жұлдыз жорамалдар несімен баурап алады?

Жорамалдардағы абстрактылы сөз тіркестер әркімнің сол мезетте өзі үшін жақын нәрселерді оқи алатындай етіп құрастырылады. Жұлдызнамашылар бір сөйлемнің ішіне, тіпті, қарама-қарсы мағынадағы хабарламаларды сыйыстырудан қымсынбайды. Мысалы:

«Мансап жолында көтерілу үшін мүмкіндіктерді белсенді түрде қолданған абзал, дегенмен шыдамдылық таныту мен зор табандылық көрсету қажет».

Бұл сөйлемде белсенді әрекет етуге дайын адам да, әрі серпіліске бел байлау үшін біршама уақытты қажет ететін жандар да өзін ынталандыра түсетін сөздерді таба алады.

Осылайша, жұлдызнамалық хабарламалар өзіндік бір «сезімталдық шкаласын» қалыптастырып, эмоционалдық тұрғыдан жай таппай жүрген адам өзіне тірек табу үшін қажетті нүктесіне сүйене алады.

Жұлдыз жорамалды оқитын адам жұлдызнамашының абстрактылы ата-аналық фигурасынан жігерлендіру, жұбату, ынталандыру және өз өміріне деген қамқорлық секілді сезімдерге ие болады. Бұл мәңгілік аспан сфераларынан ақпаратқа тікелей қол жеткізе алатын нағыз құдіретті фигура.

Осы сенім адамдарға бар күшін жинауға және әрекет ете бастауға көмектесе отырып, әрі жұлдыз жорамалдар психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы нағыз тәжірибелік пайдасын тигізеді деп айтуға болады.

Қауіпті фатализм

Жұлдызнамаға деген сенімнің зиянды жағы, ең алдымен, оның сыни ойламауды тудыратынында жатыр.

Астроном Фил Плейнт осы құбылыс туралы былай деген:

«Адамдарға тілектерін растап отыратын нұсқаларды таңдау арқылы осы кездейсоқ алынған деректерді қабылдауды қаншалықты көп үйрете берсек, оларға айқын ойлау соншалықты қиынға соғатын болады. Егер сіз айқын ойлай алмасаңыз, онда адам ретінде толыққанды жұмыс істей алмайсыз. Сыни ойламау бұл дүниені бөліктерге бөліп тастайды, ал жұлдызнама осы тұрғыда өз рөлін атқарады».

Жаман нышан

Адамзат тарихында жұлдызнамаларға деген соқыр сенім туылмаған жүз мыңдаған нәресте өмірлерінің құнына айналған жағдайы болған.

1966 жылы Жапонияда нағыз демографиялық шұңқыр жағдайы орын алды. Бүкіл ел бойынша жасанды түсік жасату толқыны өткен болатын. Аталмыш кезеңнің әдеттегі орташа жылдық статистикасымен салыстырғанда сол жылы 463 000-ға аз бала туылған еді.

Шығыс жұлдызнамасына сәйкес 1966 жыл Отты жылқы жылы болған екен. Мұндай жыл 60 жылда бір рет қана қайталанады. Жапонияда бұл жылы қыз баланың дүниеге келуі жамандықтың нышаны болып саналады. 

Қыз балаға жүкті болған әйелдер, шарананың жынысын біліп алғаннан кейін жүктілікті жай ғана жасанды жолмен тоқтататын.

«Бұл нәсілшілдікке ұқсайды»

Жұлдыз жорамалдарға деген сенім тұлғааралық қарым-қатынастарға да қатты зиян келтіруі әбден мүмкін. Американдық жазушы Бенджамин Рэдфорд атап көрсеткендей, бұл нәсілшілдекке ұқсайды екен:

«Жұлдызнама да, нәсілшілдік таптаурындар да келесіні білдіретін сенімдер жүйесіне негізделеді: «Сізді жеке білмесем де, мен сіз туралы кейбір нәрселерді білемін. Мен белгілі бір адамдар тобынан (Тоқтылар, Балықтар және т.б.) белгілі бір мінез-құлықты немесе мінез ерекшеліктерін (қасарушылық, жалқаулық, тәккаппарлық және т.т.) танытатындарын күтемін».

Жұлдызнама әуесқойлары адамдармен қарым-қатынас орнатқан кезде когнитивті ағат пікірлілік деп аталатын ұғымның құрбанына айналуы жиі кездеседі. Адамның бойынан оның зодиак белгісіне сәйкес келетін болжалды мінез ерекшеліктерін қарастыруға тырысып, олар алдарында тұрған әңгімелесушіні тұтастай және объективті түрде қабылдай алмайды.

Күні бұрын белгіленген болашақ

Біздің ойымызша, жұлдызнамаға деген нағыз фанатикалық сенімнің басты зияны – оның адамнан болашақтың ашықтық қасиеті қағидатын тартып алуында жатыр. Осындай жағымсыз амалмен басты пәлсапалық сауалдардың бірін – ерік бостандығы мәселесін жаба отырып, фатализм мен экзистенциалдық пассивтілікке шақырып тұрғандай іспетті: «Егер өміріміз жұлдыздардың орналасқанына байланысты болса, онда қандай да бір күш салып, бірдеңені өзгертуге тырысудың мағынасы бар ма өзі?»


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

2
0
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз