Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Ерлер beauty-тәртібі: ер адамдарға арналған таптырмас 5 күтім заттары

Косметологтың ұсынымдары


Бүгінде қандай да бір нәрселерді гендерлік негіз бойынша бөліп қарау біртүрлі дүние. Сіздің ер адам немесе әйел адам екендігіңізге қарамастан, тері барлық дене үшін қорғаныш рөлін атқарады, әрі өміріміз үшін жауап беретін барлық тіндер мен мүшелерді жауып тұрады. Терінің зақымдануы денсаулыққа байланысты көптеген мәселелерді тудыруы мүмкін екендігін баршамыз білеміз, өйткені бұл ағзамыздың ішіне инфекцияның еніп кетуіне жол ашады. Осы мақалада 18 жылдық тәжірибесі бар дәрігер-косметолог Лаура Гаева ер адамдарға өз терісін керемет күйде сақтап отыру үшін қолдануға тұрарлық 5 маңызды күтім құралы турасында әңгімелейді.

Неліктен ер адамдар үшін өз терісіне күтім жасау маңызды?

Тіс жайсыздық тудырған кезде сіз тіс дәрігеріне барасыз да, түйткілді назардан тыс қалдырмайсыз. Неліктен сонда ер адамдардың көбісі косметолог секілді мамандарға жүгінуді жаратпайды? Бұл дәрігерлер, басқа дәрігерлер сияқты, денсаулықтың белгілі бір «аймақтарында», нақ осы жағдайда – терінің күйі бойынша маманданады.

Жынысқа қарамастан, өз-өзіне күтім жасау заманауи адам өмірінің маңызды бір бөлігіне айналып отыр. Бүгінде қоғам адамның жынысына қарамастан, дарашылдық пен сыртқы түріне деген қамқорлық танытқанды бағалайды. Өз-өзіне күтім жасаудың маңыздылығын бара-бара ер адамдардың көбісі түсініп келеді, олардың дені үшін бұл өз тұлғасын паш ету, өзіне деген сенімділігі мен ықыласпен қарайтынын көрсетудің тәсілі. Қазіргі заманғы әлемде әрбір адамда баптылық пен жақсы сыртқы келбетке ие болу құқығы бар, сондай-ақ бұл оның жынысына байланысты емес.

Егер сіз мұны әлі де қолға алмаған болсаңыз, онда дәл қазір ер адамдардың өз шашын, беті мен денесін бір ғана құралмен жуа алады деген кеңінен таралған аңызды бұзудың ең қолайлы сәті туып отыр. Ерлердің терісіне деген назар сақал күтіміне арналған құралдардан бастау алады, осы кезде көптеген адамдар әртүрлі тыйымдар мен ер адамдардың терісі әдетте жақсы болып келетіндігі туралы және оған арнайы күтім жасаудың қажеті жоқ деген кеңінен таралған аңыздарға қарамастан, өз теріге күтім жасау қаншалықты маңызды екендігін түсінді.

Неліктен ер адамдар тері күтіміне назар аударуы керек?

Ерлер терісінің ерекшелігі: Ер адамдардың терісі өзіндік ерекшеліктерге ие. Әдетте ол әлдеқайда тығыз және қалың болып келеді де, әрі бұл оны механикалық әсерлерге айтарлықтай төзімді ете түседі, дегенмен ол да себумның (терінің майы) көп мөлшерде бөлінуіне бейім болады, бұл терінің шамадан тыс майлануына және безеулі бөртпе мен беттің жылтыры секілді түйткілдердің пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Алайда майлы терінің де артықшылықтары баршылық – ол сусызданудан неғұрлым жақсы қорғалған, сондықтан бұл оның қартаю үдерістерін баяулата түседі. Ерлердің түк фолликулаларының тығыздығы едәуір жоғары болып келеді, бұл көбекірген шаш секілді мәселелерге жиі әкеліп соқтырады. Күтім жасауға арналған арнайы өнімдер артық майды, терідегі ұсақ тесіктердің тарылуы, сонымен қатар безеу мен қабынудың пайда болуына жол бермей, майлы балансты теңестіруге көмектеседі. Кейбір ер адамдарда да сезімтал тері болуы мүмкін.

Қартаюдың алдын алу. Ер адамның терісіне тұрақты түрде күтім жасау ылғалдандырғыш құралдар мен қартаюға қарсы иісмайларды қолдануды да қамтиды. Бұл терінің серпімділігі мен жас қалпында сақтауға, ұсақ әжімдерді тегістеуге және уақытынан бұрын қартаюдың алдын алуына септігін тигізеді.

Өзін-өзі таныту мен сенімділік. Біздің сыртқы түріміз өз хал-жайымызға ықпал етеді. Таза, ылғалдандырылған және сау тері айналадағыларға жағымды әсер қалдырып, өз-өзіңізге деген сенімділікті арттыруға көмектеседі де, бұл өз кезегінде жұмыс, қарым-қатынастар және өзін-өзі танытудағы жетістіктерге әсер етуі әбден мүмкін.

Релаксация және өз-өзіне деген қамқорлық таныту. Бойыңызды еркін ұстау мен сәл уақытқа болса да, күнделікті шаруаларды ұмытуға септігін тигізетін теріге қайталанып жасалатын күтім белгілі бір рәсімге айналады. Осы тек өзіңізге ғана арналған уақытта сіз денсаулығыңызды жақсартасыз және жайлылығыңызды қамтамасыз етесіз.

Өмір салты мен денсаулық. Теріге күтім жасай отырып, ер адамдар автоматты түрде өздерінің өмір салтын да бақылайды. Дұрыс тамақтану, теріні ынғалдандыру мен күннің көзінен қорғау – бұл әдемі терінің ғана емес, сондай-ақ жалпы денсаулықтың кепілі болып келеді.

Әрбір ер адамда болуға тиіс топ-5 күтім құралы

Тазартқыш гель. Ер адамдар үшін кір сабын туралы ұмытатын кез жетті, өйткені оны күтімге арналған құрал ретінде пайдалану жағымсыз салдарға әкеліп соқтыруы ықтимал. Әдетте мұндай сабын сілтілік pH-қа ие болып келеді және оның құрамында терінің табиғи тосқауылын бұза алатын агрессивті химиялық құрауыштар бар. Оның орнына терінің қажеттіліктері ескеріліп әзірленген және айтарлықтай нәзік әрі тиімді тазартуды қамтамасыз ететін тазартқыш гельдерге назар аударған жөн. Тазартқыш гель қарапайым сабынға қарағанда, теріні тереңірек және тиімді тазару үшін арнайы жасалған. Оның белсенді компоненттері терідегі ұсақ тесіктерге еніп кетеді де, терінің артық майлылығы мен күні бойына жиналған кірді кетіреді.

Қырынуға арналған және қырынудан кейінгі крем. Арнайы қырыну құралдарын қолдану терінің тегістігін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар ұстараның теріге деген механикалық әсеріне байланысты пайда болуы мүмкін тітіркену, қызару және қабыну қаупін төмендете түседі. Өз кезегінде қырынудан кейінгі құралдар (иісмай немесе гель) теріге деген қырыну процедурасынан кейінгі күтім жасауда маңызды рөлге ие болып отыр. Қырыну кезінде терінің үстіңгі қабаты зақымданады, әрі қырынудан кейін оған міндетті түрде дұрыс күтім жасау қажет екендігі сөзсіз. Демек, сізге дербес сөреңізде тұратын ең болмағанда бір ылғалдандырғыш лосьон керек болады. Ауадағы кір, не болмаса, тіпті, киім мен жастықтың майда тоқыма бөлшектері терінің ұсақ тесіктерін шелі майымен бітеп тастауы әбден мүмкін, осылайша, бөртпелер пайда болуы ықтимал. Күтім құралдары теріні ылғалдандырады, жайсыздық сезімін алып тастайды, әрі құрғақтық пен қызарудың алдын алып, терінің қалпына келуіне септеседі. Сонымен қатар осындай құралдардың құрамында көбінесе тыныштандыратын және антисептикалық құрауыштар кездеседі, олар тітіркенуді басады да, сондай-ақ жағымды балғындық сезімін қамтамасыз ете отырып, қабынудың алдын алады.  

SPF-қорғанысы бар крем. Күннің көзінен қорғану – барлық адамдар, соның ішінде ерлер үшін де қажеттілік болып келеді. Күннің сәулесі уақытынан бұрын қартаю, пигментация және, тіпті, жасушалардың зақымдануы секілді теріге деген жағымсыз салдарды қоздыруы мүмкін. SPF-қорғанысы бар құралдарды пайдаланудың маңыздылығы күнге күйіп қалудың алдын алуында ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді теріс салдардан қорғауда жатыр. Ультракүлгін сәулелер, тіпті, бұлтты күндерде де түсуі мүмкін, сондықтан тұрақты түрде SPF қолдану уақытынан бұрын қартаюдың, пигменттік дақтардың пайда болуының алдын алып, әрі терінің қатерлі ісігі дамуының қаупін төмендетуге көмектеседі. Күннен қорғайтын құралдар тері денсаулығын нығайтатын және бет ажарының жастығын ұзақ жылдарға сақтауда септесетін тері күтімінде таптырмас көмекшіге айналып отыр.

Қартаюға қарсы иісмай. Әрқайсысымыз өзін-өзі жас сезінгісі ғана емес, сонымен бірге соған сәйкес көрінгісі де келеді. Ер адамдар әйелдерге қарағанда басқаша қартаяды, сондықтан осы тұстарды салыстыру – жарымаған іс. Дегенмен ұстануды қажет ететін жалпы ережелер жиынтығы бар. Қартаюға қарсы иісмайды терінің дербес ерекшеліктері мен қартаю белгілеріне деген бейімділікке байланысты қолданады. Алайда, әдетте, қартаюға қарсы құралдарды 30 жастан бастап пайдалану ұсынылады. Бұл өнімдер ерлер терісінің ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, әрі олардың құрамына жасушалық жаңаруды ынталандыруға, әжімдердің көрінуін азайтуға және терінің құрылымын жақсартуға қабілетті белсенді ингредиенттер кіреді. Қартаюға қарсы иісмайды тұрақты түрде қолданып отыру терінің серпімділік пен иілгіштік қасиеттерін сақтап қалуға көмектеседі, сонымен қатар оның табиғи ылғалдылығын жоғалтпауға да септігін тигізеді. Сондықтан ретинол мен гиалурон қышқылы әйелдерге ғана емес, ер адамдарға да керек нәрселер. Бұл кез келген қартаюға қарсы күтімнің қажетті компоненттері болып саналады. Дегенмен бұл құралдарды сатып алудан бұрын өз теріңіздің типін міндетті түрде біліп алғаныңыз абзал.

Ылғалдандырғыш иісмай. Оны пайдаланудың маңыздылығы ер адамдардың терісі тура әйелдердің терісі сияқты үнемі ылғалдандыруды қажет ететіндігінде жатыр. Дәл осы жайт әйелдерден үйренуге тұрарлық нәрсе болып келеді: күнделікті жуыну, бет терісін тазарту, ал одан кейін барып жақсы ылғалдандырғыш иісмайын қолдану. Бұл нағыз бұлжытпас ережелер. Қоршаған ортаның әсері, температураның құбылмалылығы мен құрғақ ауаның ықпалы деген секілді күнделікті факторлар терінің сусыздануына әкеліп соқтыруы ықтимал, ал бұл өз кезегінде құрғақтық, қабыршақтану және, тіпті, әжімдердің көзге көрінуін арттыруы мүмкін. Ылғалдандырғыш иісмай терінің табиғи ылғалдану қасиетін жоғалтуының алдын алып, әрі уақытынан бұрын қартаю белгілерін баяулата отырып, терінің ылғалын сақтайтын қорғаныс тосқауылын жасайды.

Бет терісіне күтім жасау қымбат тұратын құралдар мен кешенді процедуралармен шектелмейтіндігін ұғынған маңызды. Заманауи ер адам оның қажеттіліктері мен өмір стиліне сәйкес келетін құралдарды таңдай отырып, күнделікті қайталанатын бірегей әрі өзінің жеке күтім тәртібін жасап шығара алады. Мен белгілі бір құралдардың брендтер атауларын әдейі атаған жоқпын. Әрбір ер адам оларды өз терісінің түріне, косметологтың ұсыныстарына қарай (егер оның терісі проблемалық болса) немесе басқа да жеке қалауына байланысты таңдауы керек.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

9
2
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз