Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • Гендерлік таптаурындардың зиянын қалай төмендетуге болады?
Редакция ұсынады

Гендерлік таптаурындардың зиянын қалай төмендетуге болады?

Әйелдер не туралы сөйлеседі

Кейбір оқырмандарға мақаланы әйелдерге арнау туралы шешім қабылдағанымыз біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Өйткені әшейінде біз жаман әдеттер туралы, олардан келетін зиянды қалайша төмендетуге болатындығы жайлы жазып, сарапшылармен бірге әртүрлі психологиялық тақырыптарды қозғаймыз. Алайда бұл күні біз әйелдер құқығы туралы сөйлесуді жөн көріп, әрі гендерлік таптаурындардың қоғамға қалай зиян келтіретіндігі, әйелдердің күні бүгінге дейін қандай қиындықтарға тап болатындығы мен мұнымен не істеу керектігі туралы тағы бір рет естеріңізге салғымыз келеді.


Мен өзім, әйел ретінде, осы гендерлік нанымдардың барлығын да балалық шағымнан-ақ сезіп келемін. 6-7 жасымда мен теңіз тақырыбындағы романдарды оқып бастадым, сонда теңіз қарақшысы болуды армандайтынмын. Алайда әйелдерді қарақшылар қатарына мүлдем қабылдамайтын еді, оларға тек өтеуін төлеуді қажет ететін тұтқын ару ретіндегі ақымақ рөлдер ғана қалатын. Мұның бәрі де нағыз іш пыстыратын дүние. 

Кейінірек, шамамен 15–16 жасымда, нәзік жандылар қатарынан болғандықтан, өмірдің тағы да бір романтикалық жағын қапы жібергенімді түсіндім. Менің кейбір құрдастарым, әрине, жігіттер, бағыттас көліктермен автостоп арқылы мүлдем тегін саяхаттап жүретін. Бұл мен үшін нағыз романтика мен еркіндікке тола дүние болып көрінетін! Алайда қыздарға мұндай саяхат түрін пайдалану ұсынылмайды. Өйткені бағыттас көліктердегі жүргізушілердің басым бөлігі – ер адамдар. Ал бейтаныс жолда таныс емес адамның көлігіне отырған қыз өзін қауіпсіздікте сезіне алмайды.

№1 қиындық. Қауіпсіздік сезімінің жоқтығы

«Әйел болғандықтан, қандай қиындықтарға тап боласыз» деген сұрағымызға жауап берген көптеген қыз-келіншектер былай деп көрсетті: «Әйел болғандықтан, қауіпті тұрақты түрде сезінемін». 

Көбі өздерін көшеде, әсіресе, қараңғы түскен уақытта, ер адамдардың тарапынан болатын қауіп-қатер салдарынан қауіпсіздікте сезінбейтіндігін айтып берді.

«Мені ең қатты қорқытатын нәрсе – егер мемлекет, полиция болмаса, егер кенет анархия басталып кетіп, еркектер өздеріне жаза қолданылмайтындығын сезінсе, онда кез келген ер адам, тіпті, бойы өзіңнен кіші әрі әлсіз болса да, физикалық тұрғыдан-ақ, саған зәбір көрсетеді». (Дана, 24 жас)

Кейбіреулер әйел тарапынан көрсетілген қарапайым сыпайылықтың арты алымсақтыққа ұласқаны туралы оқиғаларды баяндап берді. «Міне, мысалы, менде мынадай жағдай болған. Мен лоукостермен басқа елге ұшып бара жаттым, күйеуімнен бір күн бұрын, артық заттарын қайда салатын білмей тұрған кезектегі бір азаматты аядым да, сөмкемде үнемі артық пакеттер жатады, соның бірін алып, сол ер адаммен бөлістім, ешбір артық жылулық танытпадым. Кейін ол мені Duty Free-де көріп, алғысын айтты, сонда мен «жылы шырайлы адам екен» деп ойлап қалдым. Ол сенімді әңгімелесе бастап, менен қайда, не үшін ұшып бара жатқанымды сұрастырды, күйеуіммен пәлен жерге ұшып барамыз дедім, сонда ол: «Солай ма? Күйеуіңіз қайда?» деп тағы сұрады. Мен оның ертең ұшып келетінін айттым, билеттердің қалмағанын тағы да қостым. Содан басталды десем болады, кейін ол мені ұшақтың ішінде аңдып, өзім сталкингке тап болдым, ол менің қайда отырғанымды көріп, қасыма бірнеше рет келіп кетті. Ұшақтан тезірек қашып құтылуға тура келді, өйткені ол «бәрі шыққан кезде мені сол жерде күтіп тұратынын» айтты. Міне, осындай жағдайда, әрі сен басқа елде жүргеніңде, ойыңа бірден келетін бір ғана ой: «оданша ешқайда шықпай-ақ, қонақ үйде отыра тұрайын». (Жазира, 28 жас)

Қауіпсіздіктің жоқтығынан болатын зиянды төмендетудің жолы? Сарапшылар пікірлері

Алматы қаласының Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Айбек Брықовтан әйелдер үшін қандай криминалдық қауіп-қатерлердің бар екендігін сұрағанымызда, ол жәбірленушілердің (яғни, қылмыстан зардап шеккендерді осылай атайды) 80%-ы дерлік ер адамдар екендігін алға тартты.

«Алайда қылмыстардың кейбір түрлері болады, ол жерде жәбірленушілер негізінен әйелдер болып келеді. Бұл ең алдымен зорлау қылмысы. Сонымен бірге ұрлық, тонау және алаяқтық жағдайлары», – деп атап өтті жедел уәкіл.

Әрі ол әйелдер ер адамдарға қарағанда әлдеқайда зейінсіз және сенгіш келетіндігін айтады. Сонымен қатар қылмыскер, мәселен, тонау үшін өзіне құрбанды іздегенде, негізінен әйел адамды таңдайды, себебі ол ер адаммен салыстырғанда салмақты түрде қарсылық таныта алмасы анық. Брықов нәзік жандыларды көшеде және қоғамдық орындарда барынша мұқият және сақ болуға шақырады, ал ең дұрысы «үйде отыру, ал көшеге тек ер адаммен: жолдасы, ағасы немесе досымен бірге ғана шыққан жөн».

Құқық қорғаушы, адвокат Жанна Оразбақованың пікірінше, біздің қоғамдағы әйелдер үшін ең негізгі қауіптер – бұл:

– алымсақтық,

– бұрынғы немесе потенциалды жігіт/күйеу тарапынан жәбір көру,

– тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық.

Сонымен бірге адвокат қазіргі уақытта бұл мәселеде қоғамда жария болғанынан басқа оң өзгерістерді көріп жатқан жоқтығын айтып отыр.

«Мен бұл мәселе туралы жұрттың айта бастағанынан басқа оң өзгерістерді көріп отырған жоқпын. Бұл тақырып ашық талқылана бастады». 

Оразбақова түйткілді шешу үшін қажетті шараларды атап өтті:

– ең алдымен зорлық-зомбылықты мәселе ретінде мойындау;

– осыдан кейін барып көмекке жүгіну. Мейлі бұл дағдарыс орталығы болсын, мейлі туысқандар немесе құрбылар болсын, тіпті, полицияға бару.

№2 қиындық. Біржақты көзқарас пен теңсіздік

Сауалнамаға қатысқандардың көбі осы жайт туралы айтып өтті, мұны келесідей тұжырымдауға әбден болады: «сен әйелсің, сондықтан еркекке қарағанда көп нәрсеге лайықты емессің».

Кейбір қыз-келіншектердің айтуынша, олар отбасылық қарым-қатынастарда да, сол секілді жұмыс орнындағы ұжымында да, гендерлік қатыстылыққа байланысты өздеріне қатысты шәлкес пікірдің бар екендігін, яғни, біржақты көзқарасты сезінеді. 

25 жастағы Индира әңгімелейді, ол үлкен әрі тату отбасыға келін болып түскен: «Жақында бір өте дана кісімен үлкен отбасыда барлығы да әйелдің мойнына артылып, әйелге қарай ығыстырылатыны туралы сөйлескенмін, бәрі де сені кемсіткісі келеді, күйеуіңнің туысқандарын айтпағанда, тіпті, өз туғандарың да сөйтеді. Мәселен, бір отбасыдан шыққан, жастары да бірдей 10 жігіт пен 10 қыз жаңа туыстарды қарсы алып жатыр делік, жаңадан қосылған туыстар 10 адамның ешқайсысын да танымайды, дегенмен автоматты түрде жігіттерге құрметпен қарайды да, ал қыздарға деген қарым-қатынасы ондай болмайтыны рас».

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, кейде әйелдерге отбасылық қана емес, сондай-ақ еңбек қатынастарында да теңдік жетіспейді. «Мен әйгілі бір басылымда дизайнер қызметінде көптеген жылдар бойы қызмет атқарып келдім, әрі сол жылдар бойы айлығым өзгерген емес, соңғы екі жылда оны да инфляция айтарлықтай «жеп» қойды. Алайда басшылық менің жалақыны көтеру туралы өтініштеріме әзірге ондай мүмкіндіктің жоқ деген жауапты ғана қайтаратын. Кейіннен компаниямыздың редакциясына бір дизайнер жігіт жұмысқа қабылданды, әрі оның жұмыс міндеттері менің міндеттерімнен гөрі әлдеқайда жеңілірек болғандығына қарамастан, оның жалақысы менің жалақымнан біршама жоғары болып шықты. Өзім жалғызбасты анамын, екі бала тәрбиелеймін, менің наразылығыма басшылықтан мынадай жауап алдым: «Ол еркек қой, ол отбасын асырау керек!». (Ольга, 35 жас)

Біржақты көзқарас пен теңсіздіктен болатын зиянды төмендетудің жолы?

Бұл сауал бойынша сарапшыларды тарту мүмкін емес, ол бойынша, мәселен, әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар секілді статистиканы да жинауға болмайды. Өйткені мұндай гендерлік қатыстылық бойынша қудалау жағдайлары – жасырын дүние болып келеді. Іс жүзінде бірде-бір басшы әйел қызметкерге бетіне қарап: «Сіздің жалақыңыз төмен, өйткені сіз әйелсіз» деп айта алмайды. Одан қалса, бірде-бір туысқан-ер адам отбасыдағы «құрмет» деген екіұшты тақырыпты шындап талқылап отырмайтыны айқын.

Зиянды төмендетудің жолы – мүмкіндігінше араласу үшін және әріптестік орнату мақсатында гендерлік таптаурындарды еңсере алған адамдар мен компанияларды таңдауда жатыр.

№3 қиындық. Физиология

«Күнтізбенің қызыл күндері» кезеңіндегі ауырсынулар мен ыңғайсыздықтар – бұл сауалнамаға қатысқан қыз-келіншектердің «қиындық» ретінде атап көрсеткен үшінші кеңінен таралған жайт. 

«Маған әйел болу ұнайды, алайда осы жайтқа байланысты таза кемшіліктері туралы тақырыпқа байланысты айтарым: егер сізде етеккір келгенде ауырсынулар, бас ауруы, осы тұста ағзаның басқа да қызметтеріне қатысты түйткілдер болса, әрі сізге «бұл емделмейді» деп айтылса, ал сен алуан түрлі тәсілдерді қолдансаң да, ешқайсысы жұмыс істемегенде, сен ауырып, бүктеліп жатырсың, тіпті, төсектен тұра алмай қаласың, содан кейін ауырсынуды басатын дәрілерді ішесің, дегенмен үйден шығуға қорқасың, өйткені шықсаң, өзіңді одан да нашар сезінуің әбден мүмкін, осының барлығы да функционалдылыққа қатты ықпал етеді». (Әнел, 27 жас)

«Ер адамдарда мынадай мәтел бар: күн сайын қырынудан гөрі бір-екі рет босана салған жақсы. Дегенмен мынадай бір жайт назардан тыс қалып отыр, яғни, сен әйел ретінде ай сайын бірнеше күн бойы ауырасың да, ешнәрсеге жарамсыз болып қаласың. Етеккір келетін күндермен салыстырғанда қырыну жай ойнап қалады емес пе? Ақыр-аяғы сақал өсірсең де болады ғой. Ал әйел физиологиясынан қашып құтыла алмайсың». (Эльвира, 23 жас)

Физиологиядан болатын зиянды төмендетудің жолы? Сарапшылар пікірлері

Дәрігер-гинеколог Анастасия Квитконың айтуынша, етеккір кезінде ауырсынулар болған жағдайда міндетті түрде дәрігер көмегіне жүгіну керек. Егер, тіпті, барлық құрбылар мен туысқан әйелдер бір ауыздан мұны қалыпты нәрсе деп айтса да:

«Біріншіден, ықтимал ауруларды жоққа шығарған маңызды. Ал екіншіден, гинеколог маманы ауырсынуды қалай жеңілдетуге болатынын түсіну үшін дисминореяның қаншалықты ауыр екендігі мен себептерін бағалайды».

Анастасия заманауи медицинаның әдіс-тәсілдері бұл түйткілді шешуге мүмкіндік бере алатындығын алға тартады.

Үй жағдайында не істеуге болады?

Анальгетиктер немесе қабынуға қарсы стероидты емес дәрі-дәрмектерді қабылдаңыздар, мәселен, ибупрофен препаратын ішу ұсынылады. Сонымен бірге ауырсынуды жеңілдету мақсатында дәрілік емес әдістерге де жүгінуге болады:

•          ұрық қалпында жата тұру (аяқты кеудеге қарай тартып жату). Дененің мұндай күйі ауырсынуды жеңілдете түседі;

•          жалбыз немесе түймедақ шайын ішу – бұл іштің бұлшықеттерін босаңсытады;

•          жылы (ыстық емес!) суы бар жылытқышты қою.

«Сонымен қатар көптеген әйелдер спортпен тұрақты түрде шұғылданған кезде бұл түйткіл өздігінен шешілетіндігін айтады», – деп көрсетті дәрігер-гинеколог.

Қорытындылай келе, сауалнамаға атсалысқандардың арасында жынысқа байланысты ешқандай да қиындықтарға тап болмайтындығын, әрі мұның «тек бонустары мен артықшылықтары ғана бар» деп мәлімдеген әйелдер де кездескендігін айта кеткен жөн. Олар осыны барша оқырман аруларымызға да тіледі. Халықаралық әйелдер күніне орай редакциямыз осы тілекке қосыла отырып, оқырман аруларымызға ешқашан нәзік жанды екендігіне қатысты ешқандай қиындықтарды сезінбеуді тілейді.

Әйелдерге ер адамдардың аяушылық сезімі немесе есіркеушілік танытуы қажет емес, оларға тек қысым көрсету мен әлдебір нәрселерді талап ету тоқтатылса ғана жеткілікті. Әйел құқығы – ең алдымен адам құқығы екендігін ұмытпаған маңызды.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

12
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз