Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Шаршау: сән бе, әлде пандемия ма?

Жану, бірақ жанып кетпеу

Әрбір күн – жаман күн. Егер сізге бұл сезім таныс болса, демек, сіз эмоционалдық шаршауға жету жолындасыз. Соңғы жылдары шаршау тақырыбы барған сайын көкейкесті және ең көп талқыланатын тақырыпқа айналып келеді. Кейбіреулер мұны сәнді құбылыс деп санаса, басқалары бұл жағдайды қазіргі заманғы өмір салтының салдарынан туындаған нағыз пандемия ретінде қабылдап отыр. Бұл өзі не нәрсе екендігін, оны қалай тануға болатындығы мен оған қарсы күресудің тәсілін анықтап көрейік.


Жалпы шаршау дегеніміз не?

Шаршау – бұл шамадан тыс жүктемеге, күйзеліске және өмірдегі тепе-теңдіктің жоқтығына байланысты физикалық және эмоционалдық тұрғыдан әлсіреу жағдайы. Бұл шаршағандық, ұйқысыздық, депрессия және жалпы жұмыс пен өмірге деген қызығушылықтың жоғалуы секілді алуан түрлі белгілер арқылы көрініс табуы мүмкін. Дегенмен шаршауды депрессиямен шатастырмаған маңызды. Егер сіз әлдебір жатсынушылықпен төмен қарап тұрған әріптесіңізді кенеттен көріп қалсаңыз, сіз оның депрессияда екен деп ойлауыңыз бек мүмкін. Алайда шаршау депрессиядан өзгешелеу болып келеді. Осыған дейін айтқанымдай, адам тек шаршағандықты, шабыттың жоқтығын, мотивацияның жоғалғанын, қызметіне байланысты «аштық» сезімінің жоқтығын ғана сезеді.

Шаршау – бұл адамдардың осы тақырыпқа қатысты өздерінің алаңдаушылықтарын белсенді түрде талқылайтын және бөлісіп отыратын әлдеқандай сән деп айтуға бола ма? Бұл екіталай. Бұл адамадардың қоғам ішінде қолдау мен түсіністікті іздейтіндігінің белгісі шығар.

Ал екінші бір жағынан қарайтын болсақ, шаршау шынымен де нағыз пандемияға айналған. Жұмысшылардан бастап студенттерге дейін, көптеген адамдар ұдайы өздерінің күш-қуатының ең жоғарғы шегінде екендігін сезіп отырады. Бұл қоғам мен мекемелердің өз мүшелерінің физикалық және эмоционалдық саулығына көбірек назар бөлуі керектігі туралы маңызды белгі болып саналады.

Сонымен, шаршау – бұл сәнге айналған құбылыс емес, бұл байыпты көңіл бөлуді қажет ететін нағыз сын-қатер.

Неліктен айналадағылардың барлығы да шаршайды?

Шаршау бірнеше себептің салдарынан кеңінен таралған құбылысқа айналып отыр. Олардың кейбіреулерін қарастырып шығайық.

1.    Үнемі өсіп келе жатқан талаптар мен үміттер. Қазіргі заманғы қоғам адамдардың алдында барған сайын жоғары міндеттер мен талаптарды қоюда. Жұмыс, отбасы, білім алу, әлеуметтік байланыстар – осының барлығы да әрқайсысымызға қысым жасайды. Біздер өмірдің барлық салаларында табысты болуға тырысамыз да, бұл адамға шамадан тыс күйзеліс әкеліп, әрі салмақ түсіреді. 

2.    Технологиялық прогресс. Көпшілігіміз ұдайы ғаламтор мен әлеуметтік желілерге қосылып жүреміз, ал бұл алаңдаушылық деңгейін арттыра отырып, хабардарлық тұрғысынан аса үлкен жүктемеге әкелуі мүмкін.

3.    Өз-өзімізге күтім жасаудың жетіспеушілігі. Соңғы уақытта адамдардың өздерінің физикалық және эмоционалдық саулығына мән бермеуінің жағдайлары жиілеп кетті, негізінен жұмыс пен міндеттер бірінші орынға қойылады. Сапалы демалыс болмаса, бұл шаршауға жылдам әкеліп соқтыруы ықтимал.

4.    Әлеуметтік салыстыру. Әлеуметтік медиа және қоршаған орта өзімізді басқа әлдеқайда табыстырақ және бақыттырақ болып көрінетін адамдармен салыстырған кезде әлдебір жетіспеушілік сезімін тудыра алады. Осы тұста стандарттарға, әрі анағұрлым жоғары деңгейлерге үнемі сай келу ұмтылысы пайда болады.

5.    Қолдаудың жоқтығы. Кейбір адамдар әлеуметтік немесе кәсіпқой қолдаудың болмауынан, басқа адамдармен араласудағы қиындықтардан, өз сезімдері мен алаңдаушылықтары жайында әлдекіммен бөлісе алмауы салдарынан эмоционалдық шаршауға тап болуы мүмкін.

Шаршаудың қандай кезеңдері болады?

Көбінесе физикалық және эмоционалдық тұрғыдан әлсіреу үдерісі ретінде суреттелетін шаршау әдетте төрт кезеңмен сипатталады.

Эмоционалдық әлсіреу. Бұл ақыл-ой және эмоционалдық жағынан аса қатты әлсіреу күйімен бейнеленеді. Адамдар мазасыздық, ашуланшақтық, шаршағандық және мотивацияның жоғалуы секілді сезімдерді бастан кешуі мүмкін. Бір кездері куаныш сыйлаған жұмыс немесе міндеттер қорқыныш, не болмаса енжарлық сезімдерін тудыруы ықтимал.

Деперсонализация. Бұл кезеңде адамдар өздерінің жұмысы мен міндеттеріне немқұрайлылықпен қарайды. Олар айналадағы адамдарға салқындылық және шімірікпеушілікпен қарай бастайды. Әріптестер және клиенттермен арасындағы қарым-қатынастарда намысқа тию жағдаяттарына байланысты даулар пайда болуы мүмкін.

Өнімділіктің төмендеуі. Бұл жерде дәрменсіздік сезімі мен өзінің жеке жетістіктерін құнсыздандыру кеңінен тарайды. Өнімділік пен өзін-өзі бағалаудың төмендеуі көзге көрінерлік жайт бола бастайды. Адамның бір нәрсені өзгертуге немесе бір нәрсеге айтарлықтай ықпал етуге әлі келмейді деген тұрақты сезім пайда болады.

Физикалық белгілер мен аурулар. Шаршаудың осы бір соңғы кезеңі барысында адамның физикалық денсаулығының нашарлай түсуі жиі кездеседі. Адамдар ұдайы шаршағандық, ұйқысыздық, бастың ауырсынулары және басқа да физикалық белгілерді бастан өткеруі мүмкін. Олар иммундық жүйенің әлсіреуіне байланысты инфекциялық жұқпалар мен ауруларға айтарлықтай бейім бола түседі.

Барлық адамдар шамадан тыс жүктеме және күйзеліске ұшыраған кезде осы кезеңдердің бәрінен бірдей өтеді деп айтуға келмейді және аталмыш белгілердің тәртібі немесе қарқындылығы әртүрлі болуы мүмкін екендігін атап өткен маңызды. Шаршау – бұл көңіл бөлу мен қамқорлықты және психологтың көмегін қажет ететін күрделі жағдай.

Қандай мамандықтар шаршау қаупінің аймағына кіреді?

Шаршау әртүрлі мамандық иелерінде пайда болуы мүмкін, дегенмен аса жоғары жүктемесі бар, эмоционалдық күйзеліс ықтималдылығы мен жұмыс ерекшеліктерінің салдарынан аталмыш тәуекел әлдеқайда жоғары болатын белгілі бір салалар баршылық. Шаршауға айтарлықтай бейім келетін мамандықтар: медицина мамандары, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, мұғалімдер, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, журналисттер, банк қызметкерлері және қызмет көрсету саласының жұмысшылары, IT-саласының мамандары.

Жұмыста эмоционалдық шаршамаудың жолы қандай?

Жұмыс орнында шаршаудың алдын алу физикалық және эмоционалдық саулықты нығайтып отырудың маңызды аспектісі болып келеді. Келесі бір ұсыныстар жұмыс пен демалысқа арналған уақытты реттей отырып, әрі осылайша шаршау ықтималдылығын жоққа шығарып, өзіңіздің хал-күйлеріңізді бақылап отыруға мүмкіндік береді.

Күн тәртібін сақтаңыз. Жұмыс пен жеке өміріңіз арасындағы нақты шекараны анықтап алғаныңыз абзал. Қызмет уақытынан тыс жұмыс істемеуге және жұмысты үйге алмауға тырысыңыз.

Өз уақытыңызды жоспарлаңыз. Уақытты тиімді басқару күйзеліс деңгейін төмендетуге және шамадан тыс жүктемеден аулақ болуға көмектеседі. Шаруаларыңыздың тізімін жасап, басымдықтарыңызды белгілеп отырыңыз, әрі мүмкіндік болған жағдайда міндеттерді басқа адамдарға тапсырғаныңыз жөн.

Денсаулығыңызға көңіл бөліңіз.Тұрақты түрдегі дене шынықтыру жаттығулары, дұрыс тамақтану және ұйқының жеткіліктілігі күйзелісті еңсеру мен шаршағандыққа төтеп беруге септігін тигізеді.

Адамдармен көбірек араласыңыз. Әріптестер, достар және отбасы мүшелері тарапынан көрсетілетін қолдау шаршаудың пайда болу қаупін төмендете алады. Өз түйткілдеріңіз бен алаңдаушылық туғызатын мәселелерді талқылау эмоционалдық күйзелістің деңгейін азайтуы әбден мүмкін.

Күйзелісті басқаруды үйреніңіз. Релаксация, медитация және терең тыныс алу тәсілдерін меңгеріп алғаныңыз абзал. Олар физикалық және менталды денсаулығыңызға барынша жақсы әсер етеді.

Ішкі сыншыны тыныштандырыңыз. Ешкімнің де мінсіз еместігі мен жұмыстың барлық қырларын бірдей әрдайым басқара алмайтыныңызды есіңізден шығармағаныңыз маңызды. Қажет болған жағдайда көмек немесе кеңес сұраудан қорықпаңыздар.

Жаңашыл нәрселерді үйреніңіз. Білім алу және даму жұмысыңызды әлдеқайда қызықты және тартымды ете алады. Сонымен қатар бұл сіздің мансап жолыңыздағы өсуіңізге де септігін тигізуі мүмкін.

Өз құндылықтарыңыз туралы ұмытпаңыздар. Жұмысыңыздың сіздің мақсаттарыңыз бен құндылықтарыңызға қаншалықты сәйкес келетіндігін түсінген маңызды. Егер сіз жұмыстың қанағаттану сезімін әкелмейтіндігін сезінсеңіз, мансап жолыңызды өзгерту мүмкіндігін қарастыруға әбден болады.

Сапалы демалыңыз. Қалпыңызға келу үшін және қайта қуат алу мақсатында тұрақты түрде кезекті демалыс пен демалыс күндерін алып отырғаныңыз дұрыс. Жұмыста жеке басыңыздың физикалық және эмоционалдық саулығыңызға қамқорлық жасау шаршаудың алдын алу және өнімділікті сақтап қалудың, әрі жұмыстан қуанышқа бөленудің негізгі кілті.

Күніне үш түрлі ләззат алуға дағдыланыңыз. Күн сайын өзіңізге кем дегенде үш түрлі ләззат сыйлауды әдетке айналдырыңыз. Таңертең немесе жұмыс күнінен кейін кешкісін, үйіңізде, еденге жатып алып керілудің қандай керемет екендігін еске түсіріп көріңізші. Не болмаса ванна қабылдап, өзіңізді еркелету бір ғанибет емес пе? Немесе кафеде отырып, балмұздақ жеген және ыстық кофе ішкен рахат емес пе? Мұндай жаттығулар сіз үшін әдетке айналуға тиіс. Менталдық денсаулығыңызды жайлы жағдайда нығайтып отыратын нағыз жақсы әдетке айналуы керек.

Шаршауға тап болсаңыз, не істеуге болады?

Егер сіз қазірдің өзінде шаршауға тап болсаңыз, онда физикалық және эмоционалдық денсаулығыңызды қалпына келтіру мақсатында белгілі бір шараларды қолға алғаныңыз маңызды.

Психотерапевт, психолог немесе психиатр маманының көмегіне жүгінгеніңіз дұрыс. Кәсіпқой кеңесші сізге күйзеліс пен шаршауды басқару үшін арнайы стратегияларды жасап шығаруға көмектесе алады.

Егер мүмкіндік болса, өзіңіздің жұмыстағы жүктемеңізді азайтыңыз. Бұл жұмыс сағаттарының төмендеуі, жұмысқа уақытша келмей тұруыңыз немесе міндеттеріңізді қайта қарастыру секілді жайттар бола алады. Кадрлар бөліміне немесе басшылыққа өзіңіздің мәселелеріңіз туралы хабарлаңыз. Өзіңіздің хал-күйіңіз турасында айтып беріңіз. Бәріміз де пендеміз ғой, сондықтан әрқайсысымыз да эмоционалдық шаршауға ұшырауымыз бек мүмкін. Осы мәселенің шешімін табуды созбаңыз, әрі сіздің төмен өнімділігіңіз басшылықты қатаң шараларды қолдануға мәжбүрлейтіндігін күтудің қажеті жоқ.  

Салауатты өмір салтына, соның ішінде тұрақты түрде болатын дене шынықтыру жаттығуларына, дұрыс тамақтануға, ұйқының жеткіліктігіне көңіл бөліңіз. Есіңізде болсын, сіздің физикалық және эмоционалдық денсаулығыңыз қазір ең маңызды нәрсе болып отыр. Өзіңізге ең құнды актив ретінде қамқорлық танытқаныңыз абзал.

Шаршау – бұл күрделі жағдай, әрі қалпыңызға келу біршама уақытты қажет етуі мүмкін. Өзіңізге барынша шыдамдылықпен қарағаныңыз дұрыс және өз амандығыңызды жақсарту үшін белгілі бір қадамдар жасағаныңыз маңызды.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

8
1
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз