Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

«Авитаминоз» оралды: көктемгі көңілсіздіктен қалай құтылуға болады?

Көктем келісімен көптен күткен жылы күндер де, қысқы ұйқыдан кейінгі табиғаттың бояулары мен хош иістерінің жандануы да басталады. Дегенмен неліктен біз күш-қуат пен қуаныштың орнына енжарлық, шамадан тыс шаршағандық, ЖРВИ, жабырқаңқы көңіл-күй мен ашушаңдыққа тап боламыз? Бәлкім, осы тұста бәріне де кінәлі әдеттегі «дәрумендердің көктемгі тапшылығы» шығар деген ой пайда болады. Ал егер біз авитаминоз – сирек кездесетін дүние ғана емес, мүлдем ерекше құбылыс екендігін айтсақ ше? Бұл жалпы мүмкін нәрсе ме? Ал гипервитаминоз дегенеміз не әрі оның зиянын қалай төмендетуге болады? Осыны нутрициолог, тағамдық мінез-құлық жөніндегі кеңесші Ләйлә Дудуевамен бірге анықтап көрейік.


Неліктен сіз өзіңізді нашар сезінесіз?

Көктем келісімен бірге адам ағзасы айтарлықтай өзгерістерге душар болады. Осының себептері ретінде ұзақ созылған қыс, дәрумендердің жетіспеушілігі, жаңа піскен жемістер мен көкөністерге деген шектеулі қолжетімділік, суық мезгілде болған аурулар мен иммунитеттің жалпы әлсіреуі болуы бек мүмкін. Нәтижесінде біз алуан түрлі белгілердің тұтас бір «шоғырына» ие боламыз: шаршағандық, енжарлық, көңіл-күйдің құбылмалылығы, күндізгі ұйқышылдық, зейін қоюға байланысты қиындықтар, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, кейде, тіпті, тері, шаш және тырнақ күйлерінің өзгеруі. Адамдар осындай белгілерге тап болған кезде көбінесе оларды авитаминозбен байланыстырып отырады, ал шын мәнісінде бұл жыл сайын көптеген адамдарды үйреншікті сораптан ауытқып жіберетін гиповитаминозға қатысты болып жатады екен.

Күнделікті өмірде «гиповитаминоз» және «авитаминоз» терминдері синонимдер ретінде қолданылып келетіндігіне қарамастан, шын мәнісінде олар ағзадағы дәрумендердің тапшылығына байланысты тіптен әртүрлі жай-күйлерді білдіреді.

Гиповитаминоз – бұл адам ағзасындағы қандай да бір дәрумен немесе дәрумендер тобы мөлшерінің жеткіліксіздігі. Мұндай жағдайда дәруменнің деңгейі белгілі бір стандарттан төмен болып келеді, дегенмен толық жетіспеушілікке жетпейді.

Авитаминоз, өз кезегінде, адам ағзасында нақты бір дәруменнің мүлдем жоқтығын білдіреді. Бұл өте сирек кездесетін жағдай, өйткені әдетте ағза дәрумендерді тамақтан алып отырады. Бұл ұзақ уақыт бойы дұрыс тамақтанбай, диета ұстанудың салдарынан пайда болуы мүмкін, алайда әдетте ол дәрумендердің қалыпты сіңуіне кедергі ететін төтенше жағдайлар немесе ауруларға байланысты болады. Мәселен, С дәруменінің жеткіліксіздігі әлсіздік, қанауға бейім қызыл иек, жаралар жазылуының бұзылуы мен буынның ауырсынуы түрінде көрініс табатын діңгене ауруына әкеліп соқтыруы ықтимал. D дәруменінің тапшылығы сүйектер пішінінің өзгеруі, буындардың ауырсынуы және әлсіздікпен бірге жүретін мешел дертін қоздыруы әбден мүмкін.

Гиповитаминоздың себептері

Ұзақ созылған қыстың нәтижесінде гиповитаминоздың дамуын бір емес, бірнеше факторлардың жиынтығы тудыруы ықтимал. 

Күн сәулесінің жетіспеушілігі. Қыста біз таза ауада әлдеқайда аз уақыт өткіземіз, әрі шуақты күндердің де саны кемиді. Бұл ағзадағы D дәруменінің синтезінің төмендеуіне әкеліп соқтырады да, нәтижесінде кальций мен фосфордың алмасуындағы бұзылыстарға апарып, сүйек пен иммундық жүйенің денсаулығына ықпалын тигізеді.

Жаңа піскен жеміс пен көкөністерге шектеулі қолжетімділік. Қыста дәрумендер мен антиоксиданттарға бай көкөністер мен жемістердің қолжетімділігі айтарлықтай төмендеуі мүмкін, бұл таммақтану рационын әлдеқайда абжауқын етеді. Адам ағзасының іс жүзінде дәрумендерді өздігінен шығару қабілеті жоқ және олардың көпшілігі ағзада жинала алмайды. Тек майда еритін A, D, E және K дәрумендері ғана адам ағзасында шектеулі мөлшерде жинақталуы мүмкін. Алайда ішектегі «жақсы» микробиота кейбір дәрумен тәрізді заттектерді синтездей алатындығына қарамастан, дәрумендер негізінен ағзаға сырттан – тамақ немесе арнайы тағамдық қоспалар арқылы келіп түседі.

Әлсіреген иммунитет. Қыс мерзіміндегі суық тию жағдайлары мен вирустық аурулардан кейін адам ағзасы аса қатты әлсірейді. Әлбетте, өйткені аурулармен күрес әлдеқайда көбірек қуат пен қоректік заттарды қажет етеді. Күйзеліс пен төмендетілген физикалық белсенділікті қосқанда әлсіреп кеткен ағза гиповитаминоздың дамуына нағыз мінсіз алаңға айналады.

Ағзаның жеке ерекшеліктері. Кейбір адамдар өздерінің генетикалық ерекшеліктеріне байланысты нақты бір дәрумендерге деген жоғары қажеттілікке ие болуы мүмкін. Мәселен, оларда дәрумендердің метаболизмі үшін жауап беретін белгілі бір ферменттердің белсенділігі төмен болуы ықтимал. Осындай зат алмасудағы жеке ерекшеліктердің нәтижесінде дәрумендердің тапшылығы пайда болуы мүмкін, тіпті, сол дәрумендер тамақпен бірге қажетті мөлшерде қабылданып жатса да. Мұндай генетикалық тұрғыдан шартталған айырмашылықтар тамақтану мен дәрумендік терапияның жеке түрде таңдалуының маңыздылығын көрсетіп отыр. Сонымен бірге аутоиммундық және созылмалы ауруларға шалдыққан адамдар, сондай-ақ балалар осы мәселеге ерекше назар аударуы қажет, өйткені олар бұл түйткілге душар болғыш келеді.

Сондай-ақ оқу Үйден тыс тамақтанудың зиянын қалай азайтуға болады Диетолог айтып береді

Дәрумендер тапшылығы қаупін төмендетудің жолы қандай?

Тамақтың әртүрлілігі. Жаңа піскен жемістер мен көкөністерге деген қолжетімділік шектеулі болатын кезеңде тұздалған өнімдер мен мұздатылған жидектер қоректік заттарға ие болуда лайықты балама нұсқаға айнала алады. Тұздау және мұздату – бұл маусымнан тыс уақытта да өнімдердің пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік беретін тәсіл.

Қырыққабат, қызанақ, қияр және көптеген басқа да тұздалған өнімдердің құрамында иммунитет пен жалпы хал-күйді сақтауға қажетті дәрумендер, минералдар мен антиоксиданттар бар. Сонымен қатар олар көкөністерді ұзақ уақыт сақтаған кезде көбінесе жоғалатын С дәруменінің сақталуына септігін тигізеді. Мұздатылған жемістер мен көкөністер де өздерінің қоректік құндылығын сақтауға мүмкіндік береді және жылдың суық мезгілінде С дәрумені, антиоксиданттар мен К дәруменінің керемет қайнар көзі бола алады.

Дәрумендер мен ББҚ. Дәрумендер мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) тұтыну ағзаңыз үшін үлкен қолдау екендігі сөзсіз. Дегенмен дәрумендер мен ББҚ-ны өз бетімен қабылдаудың салдары жағымсыз болуы ықтимал екендігін есте ұстаған маңызды. Әрбір ағза бірегей болып келеді, сондықтан дәрумендерге деген қажеттілік те әртүрлі адамдарда әртүрлі болады, сол себептен препараттарды тұтынудан бұрын дәрігердің кеңесіне жүгінгеніңіз жөн. Дәрігер керекті талдауларды жүргізіп, қазіргі хал-жағдайыңызға баға беріп, әрі сізге шынымен де қандай қоспалардың қажет екендігін анықтап бере алады. Бұл денсаулық үшін жағымсыз әсер етуі мүмкін гипервитаминоздың алдын алуға көмектеседі.

Гипервитаминоз – бұл адам ағзасындағы белгілі бір дәруменнің деңгейі қалыптан жоғары болып келетін жағдай. Бұл қоспалар немесе құрамы қандай да бір дәруменге бай тамақты үнемі тұтыну арқылы дәрумендерді шамадан тыс қабылдау салдарынан пайда болуы ықтимал. Дәрумендер адам денсаулығы үшін пайдалы болып саналатындығына қарамастан, кейбіреулерінің артық болуы күрделі түйткілдерге әкеліп соқтыруы бек мүмкін.

Физикалық белсенділік: біз қыс мезгілінде физикалық белсенділікті былай қойғанда, кейде, тіпті, көрпенің астынан шыққың да келмейтін сәттердің болатындығын жақсы білеміз, дегенмен дәл осы жыл мезгілінде ол жалпы денсаулық пен тіршілік үшін аса үлкен маңызға ие болады екен. Бірқалыпты дене жаттығуларын жасау тамақтан алынатын дәрумендер мен минералдардың жақсырақ сіңуіне септігін тигізіп, қан айналымын жақсартады, әрі зат алмасу үдерісін ынталандырып, тіпті, эндорфиндер – бақыт гормондарының түзілуіне мүмкіндік туғызады. Сондықтан суық пен қыс мезгіліндегі жалқаулыққа қарамастан, өзіңіздің күнделікті тәртібіңізге тұрақты және толыққанды ұйқымен қатар денені шынықтыратын жаттығулар мен таза ауадағы серуендерді қосқаныңыз абзал.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

6
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз