Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Неліктен интуитивті тамақтану – тамақпен татуласудың жаңа әдісі

Денеңмен үйлесімділіктің құпиясы

Күн өткен сайын тамақтанудың жаңа әдістемелері пайда болатын, әрі сансыз диеталар және калориялар калькуляторларының әлемінде баршамыз да қатаң шектеулері жоқ тамақтанудың ұтымды тәртібін іздеумен әлекпіз. Алайда бұл өзі мүмкін дүние ме? Қазіргі заманғы үрдістер тамақ пен өз ағзаңызға деген саналы түрдегі қатынасты меңзейтін интуитивті тамақтану әдісін қарастыруды ұсынып отыр. Аталмыш тәсіл нені білдіреді? Физикалық аштықты эмоционалдық аштықтан қалай ажыратуға болады және интуитивтік тамақтану кім үшін қауіпті болуы мүмкін? Тұтынылатын тамақтан болатын зиянды төмендетудің жолы бар ма? Осы және басқа да сұрақтарға нутрициолог, тәбеттік мінез-құлық жөніндегі кеңесші Ләйлә Дудуева жауап береді.


Интуитивті тамақтану дегеніміз не?

Бұл өзіңіздің физиологиялық тұрғыдағы қажеттіліктеріңіз бен тамаққа байланысты сезімдеріңізді мұқият қабылдауға негізделетін тамақтану тәсілдемесі. Интуитивті тамақтанудың ең басты идеясы өз денеңді тыңдай білу және оның қажеттіліктеріне жауап беруде жатыр. Бұл дегеніміз қатаң ұсыныстарды ұстану мен калорияларды есептеп отырудың орнына адамның өзіндік табиғи түйсіктеріне сенуін білдіреді. Адам ағзасы денсаулығы мен күш-қуатын демеп тұру үшін ненің қажет екендігін хабарлай алады деп ұйғарылады. Мәселен, қызанақтарға деген зор құштарлық ақуыздың тапшылығы туралы дабыл қақса, шоколадқа деген құмарлық – магнийдің жетіспеушілігі жайлы, ал борды жеуге деген құлшыныс темір тапшылығы туралы айтып тұратын айқын белгі болып келеді. Дегенмен ағзадағы қоректік заттардың деңгейін дәлірек анықтау мақсатында дәрумендер мен макро- және микронутриенттерге талдау жүргізген абзал, әрі нәтижелерді кәсіпқой түрде түсіндіруді қамтамасыз ету үшін мұны дәрігердің бақылауымен тапсырған дұрыс.

Интуитивті тамақтанудың негізгі қағидаттарының бірі – кінәлік сезім мен азық-түлік алдындағы қорқынышты сезінусіз азықты қабылдай білу. Кейбір тағамдарды тұтынған кезде кінәлік сезімге ерекше көңіл аударудың, әрі тамақ түрлерін «жақсы» және «жаман» деп бөліп отырудың орнына, интуитивтік талғампаз жегіштер тепе-теңдікке және икемді болуға ұмтылады. Олар өздерінің қажеттіліктерін ести білуді, шынайы аштық сезімін эмоционалдық аштықтан ажыратуды және қуаныш пен қанағат сыйлайтын тағамдарды таңдауды үйренеді.

Сондай-ақ интуитивті тамақтанудың тағы бір негізгі идеясы – бұл өз ағзаңа деген құрмет таныту болып келеді. Бұл саналы түрде тамақ қабылдауды, әдейі баяу шайнау мен тоқтық сезімі пайда болған кездегі белгілерге деген көңіл қою секілді жайттарды қамтиды. Осы қағидаттарды ұстана отырып, адамдар өздерінің қажеттіліктерін әлдеқайда жақсы түсіне алады және өздерінің артық тамақтануының алдын алуы мүмкін.

Тағамды емес, денеңді жақсы көрген маңызды.

Сонымен бірге аталмыш философияны таңдаған кезде тамақтану рационының алуан түрлілігін атап өткен жөн. Мұнда белгілі бір азық-түлік түрлері немесе тамақ топтарына қандай да бір қатаң шектеулер қойылмайды. Оның орнына алуан түрліліктің мәні және адам ағзасына пайдасын тигізіп қана қоймай, сондай-ақ ләззат сыйлайтын тағамдарды ас үлесіне қосудың маңыздылығы көрсетіледі. Дегенмен кез келген тамақтану көзқарасы секілді интуитивтік тамақтану да мұқият көңіл бөлу мен саналылықты талап етеді. Бұл табиғи емес өнімдерді бүтіндей тұтыну және шамадан тыс тамақтану үшін сылтау бола аламайды. Физикалық аштықты эмоционалдық аштықтан ажырата білуді үйрену, сонымен қатар дәмдік әуестенушіліктерді қанағаттандыру мен ағзаның қоректік заттарға деген қажеттіліктері арасындағы тепе-теңдікті таба алу маңызды жайт болып саналады.

Физикалық аштықты эмоционалдық аштықтан қалай ажыратамыз?

Тамақ қабылдауға деген саналы көзқарас үдерісінде эмоционалдық және физикалық аштық сезімдері арасын ажырата білген өте маңызды, өйткені олардың екеуі де әртүрлі көңіл аудару мен реакциямызды талап ететін ағзамыздың бірегей белгілері болып келеді.

Физикалық аштық – бұл ағзамыздың энергия мен қоректік заттарға деген табиғи физиологиялық қажеттілігі. Аштық сезімінің осы түрі адам денесінің нақты физикалық қажеттіліктерімен байланысты болып отыр. Физикалық аштықтың белгілеріне қарын ашу немесе беттің қызаруы, күш-қуаттың төмендеуі және кейде, тіпті, сәл ашуланшақтық сезімі де жатқызылады. Ағзаға қажетті ресурстарды бере отырып, тамақтану қажеттіліктерін қанағаттандырған аса маңызды.

Эмоционалдық аштық – бұл, керісінше, физикалық қажеттіліктен емес, эмоционалдық немесе психологиялық факторлардың салдарынан тамаққа деген құлшыныс. Бұл күйзеліс, шаршағандық, көңілсіздік немесе, тіпті, қуаныш сезімдерінен де болуы мүмкін. Эмоционалдық аштық сезімі кезінде ағзамыздың физикалық тұрғыдан қаншалықты аш болғандығына қарамастан, көбінесе тамақтан «жұбаныш іздеуге» ұмтыламыз. Мұндай мінез-құлық бұрыс тәбеттік әдеттер мен артық тамақтануға әкеліп соқтыруы ықтимал.

Аштық сезімінің осы екі түрін ажырата білу тамақтануға деген салауатты қарым-қатынасты сақтау ісіндегі аса маңызды жайт болып келеді. Физикалық аштық сезімінің белгілерін айырып тануды білсек, онда ағзамыз үшін дәл сол кезде қажетті қоректік заттарды ұсына аламыз. Екінші жағынан қарайтын болсақ, эмоционалдық аштық белгілерін саналы түрде ұғынған кезімізде тағамдарға жүгінбей-ақ, сол эмоцияларды тиімді басқаруға арналған стратегияларды дайындай аламыз.

Сондай-ақ оқу Үйден тыс тамақтанудың зиянын қалай азайтуға болады Диетолог айтып береді

Интуитивті тамақтану кімге зиян келтіруі мүмкін?

Интуитивті тамақтану тәсілінің өзіндік жағымды жақтары болғанымен, кейбір адамдар үшін олардың нақты қажеттіліктері мен денсаулық жағдайына байланысты бұл әдістің қарсы көрсетілімдері бар болуы мүмкін екендігін ескерген маңызды.

1.    Медициналық шектеулер. Қант диабеті, аллергия немесе созылмалы аурулар секілді белгілі бір медициналық жағдайларға тап болған адамдарға өз денесінің интуитивті белгілеріне толықтай сүйену қиынға соғуы ықтимал. Мұндай жағдаяттарда диета бойынша қатаң бақылау және ерекше талаптарды ескеріп отыру аса маңызды жайттарға айналады.

2.    Тәбеттік мінез-құлықтағы ауытқулар. Анорексия, булимия немесе семіздік секілді тәбеттік мінез-құлықтың бұзылыстарынан зардап шегетін адамдар үшін интуитивті тамақтану күрделі және, тіпті, қауіпті болуы әбден мүмкін. Олар физикалық аштық пен эмоционалдық аштық арасындағы айырмашылықты ажыратуда қиындықтарға тап болуы ықтимал.

3.    Салмақ пен физикалық белсенділікке қойылатын талаптар. Салмақ пен физикалық формаға байланысты белгілі бір мақсаттары бар спорттық іс-шаралар немесе жаттығуларға атсалысатын адамдар тек қана интуитивті белгілерге ғана сүйеніп отырса, қиындықтарға тап бола алады. Олар үшін керекті макро- және микроэлементтердің тепе-теңдігін қамтамасыз ету мақсатында тамақтануды бақылау қажеттігі туындауы мүмкін.

4.    Жүктілік және бала емізу кезеңі. Жүктілік және бала емізу кезеңдерінде әйелдердің белгілі бір қоректік заттарға деген қажеттіліктері арта түседі. Бәлкім, интуитивтік тамақтану осы кезеңдер барысында толыққанды тамақтануды қамтамасыз етуде барынша дәл тәсіл болмауы да ықтимал.

5.    Психологиялық және эмоционалдық факторлар. Депрессия немесе мазасыз ауытқулар секілді күрделі психологиялық, не болмаса эмоционалдық тұрғыдағы бұзылыстарға ұшыраған адамдар өздерінің қажеттіліктері мен дене белгілерін дұрыс қабылдауда қандай да бір қиындықтарды бастан кешіруі мүмкін, бұл тұста интуитивті тамақтану олар үшін сәйкес келмейтін әдіс болып саналады.

Байқап көруге тұрарлық нәрсе ме?

Сонымен бірге интуитивті тамақтану ұзақмерзімді диеталар түйткілдеріне тап болатын, не болмаса тамаққа байланысты қандай да бір күйзелісті сезінетін адамдар үшін ерекше пайдалы бола алады. Бұл тәсілдеме жалпы тамаққа деген көзқарасты қайта қарауға, кінәлік сезімді төмендетуге және ас қабылдау айналасындағы мәселелерге байланысты әлдеқайда жағымды тәжірибені қалыптастыруға септігін тигізеді. Алайда интуитивті тамақтану әдісін ұстану туралы шешім қабылдамас бұрын дәрігер немесе диетологпен ақылдасқан абзал, әсіресе, егер адамда қандай да бір медициналық жайттар немесе ерекшеліктер болған жағдайда міндетті түрде маман кеңесін алған дұрыс. Ол нақты берілген жағдайда аталмыш тәсілдеменің қаншалықты қауіпсіз және тиімді болатындығын анықтауға көмектесе алады.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

9
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз