Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Дофамин ашығуының сыры

Немесе психика саулығы деп жүріп жынданып кетпеудің жолы қайсы?

Дофамин ашығуының сыры: Немесе психика саулығы деп жүріп жынданып кетпеудің жолы қайсы?

Бір кездері Кремний алқабында жүргеннің бәрі дофамин детоксына «отырып» алған болатын. Артынша бұл дүрмекке бүкіл әлем ілесіп кетті. Неге өйттің дейтіні жоқ, себебі Калифорниядағы ақылды әрі табысты жандарға сенбей, кімге сенесің? Бүгін осы трендтің не және нақты сізге несімен пайдалы болуы мүмкін екені туралы сөйлесеміз. 


Дофамин ашығуын кім не үшін ойлап тапты?

Калифорниялық психиатр Кэмерон Сепах минут сайын айналамызда пайда болып жататын бұрыс стимулдарға деген тәуелдікті азайту әдісі ретінде «дофамин ашығуын» ұсынған болатын. Мұндай стимулдарға хабарламаларды, мемдерді, видеоларды немесе жаңа қызықты көрмекке, жаңа тауарды сатып алмаққа шақыратын ұсыныстарды жатқызуға болады. Сепахтың идеясына сәйкес, адам өзін жалғыз және іші пысқандай сезінуі қажет. Немесе қарапайым, табиғи тірліктерден ләззаттануды, осылайша өмірін бақылауға алуды үйренгі дұрыс. 

Проблема неде?

Басқа да көптеген осы тақілеттес жағдайдағыдай, игі ниеттің ақыры бастапқы ойға қайшы келетін сан алуан нұсқаға алып келді. «Дофамин детокста» жүрмін дейтін адамдар бәрінен тыйыла бастады: дәмді тамақ жемейді, спортпен айналыспайды, музыка тыңдамайды, елмен сөйлеспейді, артық сөз айтпайды немес, мәселен, жарқылмен фотоға түспейді. Себебі олар дофминнің қалай жұмыс істейтінін түсінбейді. Тәп-тәуір бастаманың мың құбылып, зиянды ментал вирусқа айналуының тамаша мысалы деп осыны айтуға болады. Тіпті доктор Сепахтың өзі «қап-ай» деп, ел алдына шығып, «Ағайын, менің айтпағым мүлдем басқа еді!» деп жатыр. 

Дофамин не үшін керек?

Түр ретінде адамзат аса қауіпті, қиындыққа толы ортада пайда болып, қалыптасты. Тамақ іздеу қиын. Аңға шығу тіпті де қатерлі. Өсіп-өніп, көбеюдің де машақаты жетерлік, оның үстіне алдымен әйел үшін төбелеске түсесің, сосын ген қорын беру үшін сүйгеніңді қуып жетіп, жүрегін жаулап алуың керек.

Қысқасың, мұның бәріне жәй ғана қара күш һәм шыдам жеткіліксіз, яғни өте қуатты мотивация керек. Дофамин, міне, осы үшін жауап береді. «Алар марапатаң әне тұр» деп бізді итермелейтін күшің бұл.

Басқаша айтқанда, дофамин – ләззаттың өзі емес, ләззат болып қалады-ау деп дәмелену.

Дофаминді көп жағдайда серотонин және эндорфинмен шатастырып жатады, алайда біздің бүгінгі бас кейіпкер бақыт сезімін сыйламайды. Алайда шабыттанып, ынталанып жүрудің ештеңе істегің келмей, құр отырғанға қарағандай әлдеқайда жағымды екені рас. 

Сондай-ақ оқу Әппақ маймыл жайлы ойланба! Немесе тыйым салудың еш нәтиже бермейтіні жайлы

Мұндай дофамин бізге керек емес

Алайда бүгінгі күні адамдар жылдам әрі «арзан» дофаминнің бомбылауынан тұрақты зардап шегеді. Гаджеттер, әлеуметтік желілер, жарнама мойның жар бермейтін жұмыстан қашу сезімімен тұтасып, бізді дымға да қажеті жоқ ойын ойнап, шопинг жасап, басқа пайдасыз тірлікпен айналысуға «мәжбүрлейді». Күнделікті күйбең тірліктен алаңдататын, жалға марапатпен қызықтыратын жылтыраған дүниеге автоматты түрде назар аударамыз, салдарынан ақшадан да, уақыттан да, түптеп келгенде өмірден де айрылып қалып жатырмыз.

Тек бұл жағдайда ешқандай марапат жоқ, болған күннің өзінде тым қысқа уақытқа ләззат сыйлайды. Есесіне сіз жан-тәніңізбен қалаған дүние кез келген басқа аддикциядағыдай азаптап, қинайды.

Дофамин диетасы нақты сізге керек пе?

Сепахтың айтуынша, бірде-бір тәуелдіктен зардап щегіп жүрмесеңіз (жаман әдеттер, шопоголизм, ойынқұмарлық, интернетке тәуелді болу, сексоголизм, адреналин іздеу), онда дофамин аштығын тақырыбына басыбүтін «сүңгудің» еш қажеті жоқ.

Алайда мұндай пәк жан арамызда жоқ, әйтеуір бірдеңеге құмар боламыз да жүреміз. Істі кейінге қалдыра беру де дофамин, яғни мотивация жетіспеушілігінен туындайды. Күнделікті міндеттерді, жұмысты, спортпен айналысуды ысырып, дүйсенбіден бастап бәрі өзгереді деп ойлаудың салдарынан біз «жақсы» әсері көбірек іске, мәселен, мағынасыз интернет-серфингке, шопингке, ішімдікке салынуға, порно қарауға, чатта бос әңгімелесуге қашамыз.

Өзіңіз бір сәт мән беріп көріңізші: мәселен, тәтті тамаққа, темекіге немесе телефонға қол созған кезде, бұлай істеуге сізді не итермелейді? Қандай ләззат аламын дейсіз? Шын мәнінде, мұның артында өткінші әрі әлсіз рахат бар екенін байқауға болады. Есесіне таразының екінші басында сіз жоғалтқан уақыт, ақша мен денсаулық, мінсіз тәнім жоқ деген комплекс тұр. 

Сауатты адамның дофамин детоксы

Арзан дофамин керек емес екенін түсінсеңіз, не істеу керек? Аздан бастаңыз, мысалы, телефонға ең болмаса бір сағат жақындамай, бұл уақытта жұмысқа, тіл игеруге немесе жаттығуға арнаңыз. Бір күн темекі тартпайтын деп уәде беріп көріңіз. Сосын тағы бір күнді осыған арнаңыз.

Дофаминнің қалай жұмыс істейтінін түсініп алсаңыз, осы уақытқа дейін қашып келген іске итермелейтін мотивацияны да жетілдіруге болады. Әрдайым темекі немесе тәттіден бас тартсам, қандай марапат аламын деген ой басыңызда тұрсын. Немесе осы айда жаңа зат сатып алмасаңыз, қанша ақша үнемдер едіңіз?

Мұнда «Тағы бір қадам... тағы біреу... енді екеу... Тамаша, тағы бес қадам» деген тәсіл жақсы келеді. Әр жаңа қадамнан кейін өзіңізге деген сеніммен мен тәуелдіктен арылуға көмектесетін мотивация күшейе береді. Сіздегі дофамин детоксы, міне, осы болмақ.

 

Аударған Димаш Зиядин

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз