Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Денсаулық
  • Ойран қылған ойын: «Кальмар ойыны» сериалының мысалында лудомания проблемасын талдайық
Редакция ұсынады

Ойран қылған ойын: «Кальмар ойыны» сериалының мысалында лудомания проблемасын талдайық

Ойран қылған ойын: «Кальмар ойыны» сериалының мысалында лудомания проблемасын талдайық:

Ойынға деген құмарлықтың сонша күшті болуының себебі неде, ел осының кесірінен онколог кабинетіне қалай тап болып жатады және бәске жәй ғана денсаулық емес, өмірдің де тігілгенін қалай түсінуге болады? 


2019 жылдың мамыр айында 72-ші Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) мүше елдердің саулығына жауапты 194 делегат ойынқұмарлықты (мұның лудомания немесе гэмблинг деген өзге атаулары да бар, яғни алуан сипаттағы түрлі ойынға патология деңгейінде тәуелді болу) Денсаулыққа қатысты аурулар мен проблемалардың халықаралық статистикалық жіктелуіне (АХЖ-11) қосуға дауыс берді. Құжаттың жаңартылған редакциясы 2022 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.

Бұл шешім жәйдан-жәй қабылданып отырған жоқ. Лудомания іс-әрекет тәуелділігіне жатады, алайда адамның саулығы мен психикасына алкоголь немесе есірткі секілді химиялық тәуелдіктен кем түспейтін зиян келтіреді. Ал ойын саласының электронды кеңістікке ауысқанын ескерсек, бұл мәселенің ғаламат масштабқа айналғанын аңғарамыз.  

Лудоман адам эмоция және тән деңгейінде қандай күйде болады?

Ойын кезінде адамның ағзасында бақыт пен қуаныш жағдайына жауап беретін нейрогормондардың қуатты дозасы бөлінеді. Қанға түскен адреналин дофамин және серотонинмен бірлесіп, аса күшті оң эмоциялар тудырады және адам бұл сезімді есінде сақтап қалады. Осындай күйді бастан өткеру үшін ол қайта ойнауға асығады. Бір қызығы, ұтылу және осы сәтте бөлінетін кортизолды адам қайғымен, өкінішпен байланыстырғанымен, бақыт пен қуанышты тек ойын сыйлай алады деген түсінікте болады. Гормондар осылай жұмыс істейді.

Уақыт өте келе лудоманның ағзасында биохимиялық деңгейдегі өзгерістер жүреді: стресс гормондарына шұғыл ауысатын бақыт пен қуаныш гормондары деструктив механизмдер қалыптастырады. Қозып, оталып кету әдетіне ұшырататын жоғары дозадағы адреналин суицид идеациясына дейін апаруы мүмкін бірқатар психикалық ауытқу тудырады. Тән тұрғысынан алғанда, ұйқысыздық, ашушаңдық, бас ауруының жиілеуі, жаңғалақтық, жабырқау, көңіл-күйдің күрт өзгеріп отыруы, тез шаршау, тәбеттің төмендеуі, жүрек ауруы секілді жайсыз белгілер байқалады.

Сондай-ақ ойынқұмардың омыртқасына да үлкен салмақ түседі: ұзақ уақыт бойы бір күйде отыра беру адам қаңқасына орнына келтіруге қиынға соғатын ауытқу береді. Осыдан келіп желке, бас ауырады, остеопороз пайда болады. Сонымен қатар қозғалыссыз бір орында отыра берудің кесірінен жамбас органдарында қан мен лимфа қызметі бұзылады, салдарынан несеп жолдары жүйесіне залал тиеді, тік ішек ісігінің пайда болу қатері артады. Қан айналымы дұрыс жүрмегендіктен тамырларда тромб пайда болуы мүмкін, ал бұл адамның жалпы жүрек-тан тамырлары жүйесіне зиян тиеді. Оған көру деңгейінің нашарлайтынын қосып қойыңыз. 

Дабыл қағатын кез қашан?

Ойынға деген тәуелдіктің қандай мотиві, белгілері және деңгейі болатыны туралы Оңтүстік Кореяның көпшілікке танымал болған «Кальмар ойыны» сериалының мысалында қарастырып көрейік.

Бірінші бөлімде біз жолы болмай жүрген, отбасынан айрылған, қарызға батқан бас кейіпкер Сон Ки Хунның анасының «қызыңның туған күніне» деп берген ақшасын бәске тігіп жібергенін көреміз. Ол қала берді, Ки Хун құпиясөзді долбарлап отырып тауып, анасының картасынан ақша ұрлайды. Артынша ат шабысында үлкен сома ұтып алады, қызына уәдені үйіп-төгіп береді, алайда сәтсіздік кезекті рет бүкіл жоспарының күл-талқанын шығарады.

Мұнда ойынқұмарлық ауруының белгілерін бірден байқауға болады:

  • негізгі міндеттерін орындамайды, ескермейді;
  • өтірік айтады, бұлтарып кетеді, ойын үшін ойлап таппайтыны жоқ;
  • айналадағылармен, отбасымен қарым-қатынасы бұзылған;
  • ойынды басты орынға қояды, өмірінің қалған тараптарын құнсыздандырады;
  • тоқтай алмайды. 

Адам неге ойын ойнайды?

Лудомандыққа итермелейтін бірнеше себеп бар. Сон Ки Хунның мысалында соның бірнешеуіне куә бола аламыз.

Әлеуметтік бейімделудің әлсіз болуы

Өзіңе сенімсіз болу, эмоциялық тұрақсыздық, отбасымен арадағы қарым-қатынастың сау болмауы, жеке өмір мен қызметтің дұрыс қалыптаспауы, басқалармен байланыс орната алмау, шарасыздық сериалдың бас кейіпкерін қабылданған шешімдер мен өз өмірі үшін жауапкершілік ала алмайтындай жағдайға түсірді, сәйкесінше ол шындықтан қашып, ойынның құшағына барып тығылды.

Адамның өз-өзін бағалауда қиындыққа ұшырауы және ойын туралы қате түсінікте болу

Жеңіске жетіп, бәсі ұтқан жағдайда лудоман тек жақсы сезімге ғана емес, өзінің парқын көтеруге мүмкіндік беретін себепке де ие болады. Ол басқадан басым болу туралы адамға тән қажеттіліктік қанағаттандырады, әлемге өзіңнің мықты, қайталанбас тұлға екеніңді хабарлағандай күйді бастан кешіреді. Со Ки Хунда бұл мотив аса қатты байқалмайды, әйтсе де ол бұрынғы жұбайына, қызына өзінің қаншалық маңызды екенін, қолынан әлдене келетінін дәлелдегісі келеді, тек ол үшін қате жолды таңдайды. Бас кейіпкердің өз-өзін бағалауы жалпы алғанда ақшаның болу-болмауына байланысты.

Көп күш салмай жылдам байып кетуге деген құштарлық

Метро платформасындағы көрініс есіңізде ме? Кейінірек өлім ойынына шақыратын әлдебір белгісіз ер адам сериалдың басында Сон Ки Хунға бәстесуді ұсынады емес пе? Оңай келген ақша үшін біздің бас кейіпкер осы жерде тіпті қорлыққа да көнеді. 

Ойынға деген тәуелдіктің қалыптасу кезеңдері

Мұның бірнеше нұсқасы бар. Біз Кекелидзе-Шемчук классификациясын негізге алайық.

Клиникаға дейінгі кезең – тұлғаның өзгеруі анық байқалмайды, болар-болмас қана жүреді. Бұл кезеңде адам қарапайым қисынды басшылыққа ала отырып ойланса және басымдықты дұрыс қоя алса, ойынға деген қажеттіліктен құтыла алады.

Сериал кейіпкерлері қатысқан ең бірінші ойынды еске алайықшы. Бұл қатысушылардың жартысын өлтірген және тірі қалғандарды өлім ойынынан шығуға итермелеген сұрыптау кезеңі болатын. «Қандай ақша болмасын, өміріме тең келмейді» деген қарапайым һәм қисынды тоқтамға келеді ойыншылардың бірі. Нәтижесінде ойынды тоқтатуға өз еркімен көбірек адам дауыс береді. Жоба тоқтайды. Сон Ки Хун мұндай шешімді алғашқылардың бірі болып қабылдайды.

Клиника өзгерістері кезеңі – психикалық тәуелдіктің пайда болуы, ойын туралы ойға бату және оны іздей бастау.

Үйіне оралып, бұрынғы проблемаларға қайта ұшыраған бас кейіпкер басына түскен қиындықты жылдам шешудің жолы ойын екені туралы ойланады. Және өзі үшін үйреншікті жолды таңдайды, яғни ойынға қайта барады.

Клиникалық тәуелдік кезеңі – психиканың эмоция-ерік-жігер деңгейінде өзгеруі (сезімдердің кедейленуі, рақымсыздық, қатігездік, айналаға бей-жай қарау), ойынға деген терең психикалық тәуелдіктің пайда болуы.

Басқа қатысушылардың өлімін, тамақ үшін таласты, әр жолы ойын шарттарының қатаңдай түсуін Сон Ки Хун да, өзге ойыншылар да қалыпты деп қабылдайды. Бұл жолы «кетемін» деген әңгіме жоқ. Басты мақсат – күмбез астындағы ақшаға қол жеткізу. 

Тұлғаның құрылымы өзгеруі кезеңі – психиканың эмоциялық құрамы нығыздала түседі, рационал ойлау қабілеті жоғалып, оның орнына сиқыр, символ деңгейінде ойлау келеді.

Осыған дейін ойынның ең адамгершілігі мол қатысушыларының бірі болып келген Сон Ки Хун алтыншы бөлімде алдап, сатып кетуге барады. Ол жеңіс үшін мұның алдында өзі оң көзбен қараған қарсыласының кәрілігін, алжығанын (мейлі, кейін оның өтірік екені белгілі болса да) пайдаланып кетуге, солайша оны өлімге байлауға дайын. Ал бас кейіпкердің бала кезден бірге өскен досы Чхо Сан Ву бұдан да қатал әрекет жасайды. Бір кездері үздік студент болған, болашағынан үлкен үміт күттірген ол қаржы сарапшысы қызметінде жүріп, ақшадан қиналып, проблеманы шешу үшін ойынға қатысқан болатын. Бастапқы кезде дұрыс адам секілді көрінеді, алайда ойын барысында кісі танымастай өзгере бастайды. Абдул Әлиді алдап, «жеңіп» кетеді және мұны еш саспастан, керемет салқынқандылықпен орындайды, нәтижесінде әйелі, кішкентай баласы бар пәкістандық жұмысшы оққа ұшады. Ал соңғы бөлімдерде Сан Ву адамды өз қолымен өлтіре алатынын да көрсетеді.    

Психикасы сау адамға мұндай ойынға өз еркімен қатысуды елестетудің өзі қиын. Алайда сериалда көрсетілген шешімді көп ретте бәрімізге таныс күйге түскен, яғни жұмысынан айрылған, қарызға батқан, жалғыз қалған, сырқатқа ұшыраған, отбасында қиындық пайда болған жандар қабылдайды. Сәйкесінше мұндай жағдайға кез келген адам тап болуы мүмкін. 

Не істеуге болады?

Ойынға тәуелді болу проблемасын шешу кешенді түрде жүруге тиіс. Сіз немесе жақын, таныс адам бұл қатерлі топқа кірсе, үндемей сырт қалмаңыз және алған бетіңізден қайтпаңыз. Еш әрекет жасамау мәселені асқындырып жібереді. Интернеттен қолдау тобын іздеңіз, тегін және аноним түрде кеңес беретін мамандар да көп. Олар проблеманың бар екенін түсініп, қабылдауға көмектеседі.

Тәуелдік клиника деңгейіне жетсе, мәселені өз бетіңше шешу қиынға соғады. Дәрігерлердің жәрдемі қажет. Бұл кезеңге енді тап болсаңыз, нейрохимиялық арылуды, яғни ойын ләззатынан уақытша бас тарту әдісін қолданып көруге болады.

Сонымен қатар ләззат нейромедиаторларын басқа жолдармен алуға болатынын есте сақтаңыз. Мейлі оған көп күш кетсе де. Мейлі жету жолдар күрделі болса да. Достармен жиі бас қосыңыз, көп оқыңыз, жаңа дүние үйреніңіз, таза ауада көбірек жүруге тырысыңыз, спорттың экстремал түрлерін байқап көріңіз, саяхаттаңыз. Бір сөзбен айтқанда, өз жолыңызды іздеп, өз-өзіңізге құлақ түріп, не керек екенін анықтауға күш салыңыз.


Аударған Димаш Зиядин 

Фотосурет дереккөзі Shutterstock

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз