Редакция ұсынады

Экомазасыздық: ғаламшар экологиясы үшін күйіну сезімімен не істейміз?

Экомазасыздық: ғаламшар экологиясы үшін күйіну сезімімен не істейміз?:

Жоғары сезімталдық па әлде психикалық бұзылыстың жаңа түрі ме? «ниЖевред» қоршаған ортаның жағдайы туралы сөз қозғалғанда жиі айтылатын құбылысқа түсініктеме береді. 


Жер экологиясы қиын-қыстау кезеңді кешіруде. Орташа әлемдік температура біртіндеп жоғарылап келеді, соңғы онжылдық бүкіл метеобақылау тарихындағы ең жылы онжылдық болды. Табиғи ресурстар сарқылуда, жыл сайын адамзаттың тұтыну көлемі арта беруде, ал ғаламшар оның орнын толтыра алмайды. Күн сайын тірі организмдердің 200-ге жуық түрі жойылуда.

Жоғарыда айтылған деректер сізде үрей тудырса, сіз жалғыз емессіз – бүкіл әлем бойынша мыңдаған үрейлі жан бар. Адамның мұндай күйді басынан кешіруін экомазасыздық деп атайды. Ол қалай пайда болады және оны қалай жеңеміз? Осы сұрақтарға жауап беріп көрейік. 

Экомазасыздық дегеніміз не?

Экомазасыздық әлі медициналық диагноз болып танылмады, осы себепті оған қатысты бірыңғай көпшілік қабылдаған анықтаманы тауып айту қиын. Ең дәл сипаттаманы Американдық психологиялық қауымдастық берді: экологиялық апаттан үнемі қауіптену.

Кәдімгі мазасыздық пен экомазасыздықтың ұқсас симптомдары бар. Экомазасыздық үрей мен депрессияға бейім адамдарда жиі кездескенмен, ол жайшылықта мұндай психологиялық жай-күйді сезінбейттін жандар да туындауы мүмкін. Осы себепті көп сарапшылар мұндай жағдайды жеке психологиялық бұзылысқа жіктейтін кез келді деп есептейді.

Дегенмен ТМД аумағында осы күнге шейін менталдық денсаулық туралы шындап сөз қозғала қоймайды, және көп жағдайда экомазасыздық батыс қоғамның жоғары сезімталдығымен түсіндіріледі. Алайда экология мәселесі Қазақстанда жоқ емес, осының салдарынан, мұндай күйзелісті сезінетін адамдардың саны артып келеді.

Экомазасыздық қалай және не себепті пайда болады?

Экомазасыздық жағдайында адам күдер үзген күйге түсіп, әсіресе экологиялық дағдарысты мойындамайтын немесе қоршаған орта үшін зиянды әдеттерін өзгертуге талпыныс жасамайтын адамдарға ашуланып, содан үмітсіздікті сезінеді.

Сондай-ақ экомазасыздықпен бірге экзистенциалдық дағдарыс, климаттың өзгеруіне жәрдемдесумен байланысты болатын кінә мен ұят сезімі, депрессия қатар жүреді. Көп адамның ұйқысы қашып, тәбеті бұзылып, зейіні төмендейді.

Әдетте өткерген табиғи апаттарды (жер сілкінісі, су тасқыны, цунами, сұрапыл дауыл және т.б.) еске алу, үнемі экологиялық проблемалар тақырыбындағы жаңалықтарды естіп-білу және қоршаған ортаға өзіңнің тигізетін ықпалың үшін азап шегу – осының бәрі үрейлі күйдің туындауына себеп болады.

Мұндай сырқатқа кімдер жиі ұшырайды?

Экомазасыздық деңгейі адамның жасына байланысты әртүрлі болады. АҚШ-тағы Гэллап Институты жүргізген сауалнамаға сәйкес, 34 жасқа дейінгі жастардың 70%-ы экомазасыздық белгілерін сезінеді. Ал сауалнамаға қатысқан 55 жастан асқан адамдарда бұл көрсеткіш 56% құрайды.

Егде жастағы адамдар климат өзгерісінің салдарын көрмейміз деп есептейді. Жастар, өз кезегінде, өз болашағы үшін алаңдайды. Он жас адамның төртеуі климат дағдарысына байланысты балалы болмағанды қалайды. Жасөспірімдер де жан күйзелісін сезінеді. 

Экомазасыздықты қалай жеңеміз?

Психологтар бірнеше стратегия ұсынады:

1.    Үрейді әрекет арқылы жеңу. Өз әдеттеріңізді зерделеп, қолыңыздан келеді-ау дегендерін өзгертуге тырысыңыз. Жеке көліктің орнына қоғамдық көлікті пайдаланудан бастауға болады, пластиктен жасалған ыдыс пен пакеттерден бас тартып, қоқысты түр-түрімен сұрыптауға болады.

Алматыда қайталама шикізатты қабылдау пунктерінің ең көп саны шоғырланған: KWR, Taza Qala, Rocket Plastic және басқалары. Қазақстан бойынша да олардың саны аз емес. 

2.    Егер сіз үшін үрейді жеңу күрделі іс болса, ниеттес адамдардың арасынан қолдау іздеп көріңіз. Активистердің айтуынша, оларға үмітсіздік сезімін еңсеруге волонтерлік экожобаларға қатысу көмектескен.

Қазақстанда экологиялық таза өмір салтын қолдайтын және насихаттайтын көптеген қауымдастықтар жұмыс істейді: Recycle Birge, Ecosen, Aua group, Ecology Sparta Astana, Экомаңғыстау, Атырау ЭКО, EcoAktau және басқалары.

3.    Өз денсаулығыңызға көңіл бөліңіз. Психологиялық стресс физикалық жай-күйіңізге әсерін тигізеді. Дұрыс тамақтануды, ұйқы гигиенасын ұстануды және ара-тұра жұмыс пен экоактивизмнен, сондай-ақ негативті жаңалықтарды оқудан демалып отыруды ұмытпаңыз.

4.    Экологиялық дағдарыс бір адам үшін шамадан тыс ауыртпалық болып көрінуі мүмкін, және оның ауқымы өзіңді және әрекеттеріңді мардымсыз етіп көрсетеді. Түңілген күйге түспеу үшін, назарыңызды мәселенің бір аспектісіне ғана аударып көріңіз.


Аударған Алмас Өтебай

Фотоколлаж yanlaurentxo

Понравилась ли вам статья?

2
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз