Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Өсімдік сүті бойынша гайд

Қоңыр сиырларды зейнетке шығарып салуға дайын адамдарға арналады

Өсімдік сүті бойынша гайд: Қоңыр сиырларды зейнетке шығарып салуға дайын адамдарға арналады

Астықты қалай «сауады»? Баламалы сүттің қандай пайдасы бар? Ішеміз бе, әлде ішпейміз бе? «НиЖевред» бұл өнімге қатысты сауалдар қалмас үшін қолдан келгенін жасады.


Сүтсіз сүт

Соңғы уақытта күллі әлем сиыр сүтіне өшігіп жүр. Одан аллергия пайда болады, артық салмақ та қосылады, онкологияның даму қаупі де жоғарылайды деген сияқты сөздер айтылып жатыр. Оның салауатты тамақтанудың өнімі ретіндегі абыройына бірнеше себепке байланысты қауіп төнген болатын: фермерлердің жануарларға қатігездік танытулары, өндірушілер антибиотиктерді қолданып келеді, ал жалпы сала қоршаған ортаға теріс әсерін тигізіп отыр.

Осының салдарынан әлем сүттің баламасы туралы ойланып қалды. Жоқ, ештеңе ойлап таппады, қайта, табиғи өсімдік негізіндегі сусындарды еске түсірді десек дұрыс болар, бұл сусындар көптеген елдер мен халықтардың (көбінесе Шығыс, Азия елдерінде, Индонезияда, Колумбқа дейінгі Америкада, сондай-ақ Африканың кейбір аймақтарында) дәстүрлі үй тағамдарында кездесетін және сыртқы түрі мен консистенциясы бойынша сүтқоректілердің әдеттегі сүтіне ұқсас болған.

Заманауи баламалы сүт дегеніміз не? Бұл тұқымдар, жаңғақтар, дәнді дақылдар және өскіндерден алынатын сығынды, ол ұнтақталады да, белгілі бір пропорцияда сумен араластырылады, одан кейін сығылады және сүзіліп өткізіледі. Міне, сусын дайын. Бұдан соң оның құрамына кез келген жемістерді, табиғи тәттілендіргіштерді, даршын, ваниль, теңіз тұзы секілді дәмдеуіштерді қосуға болады. Осыдан кейін барып бұл сусынды қандай да бір себептермен кәдімгі сүтті жақтырмайтындарға көмекке жібере беруге болады.  

Айтпақшы, өсімдік сүтінің дүниежүзілік күні де бар – 22 тамыз.

Оны нақты неден жасайды?

Жаңғақтардан: бадам, балқарағай, кокос, пісте, сонымен қатар кешью, макадамия, бразилиялық жаңғақ, грек жаңғағы, пекан, талшын және орман жаңғағынан жасалады.

Астық және бұршақ тұқымдастардан: күріштік (ақ, қоңыр және жабайы күріштен), соялық, сұлылық, қарақұмық, асбұршақтық, жасымықтық, тәжігүлдер, жержаңғақты, спельтадан, тарыдан, киноадан, теффадан жасайды.

Дәнектерден: көкнәр, күнжіт, қарасора, чиа тұқымдары, күнбағыс және асқабақ дәндерінен жасалады. 

Астықты «сауу» дегеніміз не?

Кәсіпқой сленгте бұл мынадай мағына білдіреді. Астық ұсақталады, содан кейін үлкен күбінің ішінде 1,5-2 сағат бұқтырылады, бұл жерде ферменттеу үдерісі жүріп жатады екен. Нәтижесінде астықтың құрамындағы пайдалы заттардың барлығы да су фракциясына бөлініп шығарылады. Осыдан кейін алынған масса центрифугалардың ішіне түседі де, қатты қалдығы алынып тасталады, ал сұйық фракция «сүтке» айналады.

Баламалы сүт өнімдерінің пайдасы неде?

Өсімдік негізіндегі сүті термиялық өңдеу кезінде ыдырауға ұшырамайтын табиғи минералдарға, амин қышқылдарына, дәрумендерге, өсімдік майлары және ақуыздарға бай. Сонымен қатар оның құрамында лактоза, казеин және холестерин жоқ. Дегенмен мұндай сүттің адам ағзасына деген әсері сиыр сүтіне қарағанда әлдеқайда аз зерттелген. Себебі әрбір бастапқы өнім өзіндік жеке құрамы мен қасиеттерге ие болып келеді. Сондықтан кез келген баламалы сүт түрінің тағамдық құндылығын да жекелей зерттеген және қарастырған абзал. Ең танымал түрлерін алып қарастырайық.

Сондай-ақ оқу Кейінгі ұрпақ не жейді? Қоңыздан жасалған тамақ, басып шығарылған бургер және жұма күнгі стейктің орнына таблетка жұта салу: біздің рационды күтіп тұрған «Болашақтың тамағы: Өзгерістер дәмі» кітабында келтірілген жаңалықтар жайлы әңгімелейміз.

Кокос. Бұл өзінің құрамы бойынша ең пайдалы түрі болып саналады. Мұнда 24 түрлі амин қышқылы, барлық топтарға жататын дәрумендер (D тобынан басқасы) және көптеген микроэлементтер бар. Құрамында майдың ыдырауы мен шығарылуын жақсартуға көмектесетін орташа тізбекті үшглецеридтер кездеседі. Сонымен бірге кокос сүтінде каприл майы болады. Ол қабынуға қарсы әсерге ие, ішектің шырышты қабығын қалпына келтіруге көмектеседі, вирустық инфекцияларға қарсы төтеп беруде тиімді септесіп, саңырауқұлақшалармен күреседі, әрі репродуктивті денсаулықты нығайтады. Мұндай сүтті өзінің тері мен шаш жағдайын жақсартуға, сондай-ақ күйзеліспен тиімді күресуге тырысатын адамдар таңдайды.

Соя. Құрамында жаман деп аталатын холестериннің мөлшерін төмендетуге көмектесетін фитоэстрогендер бар. Ал вегетариандықтар оны жеңіл сіңірілетін ақуыздар үшін асыра мақтайды. Сонымен бірге сүт адам ағзасындағы зат алмасу үдерісін қалпына келтіріп, жасушалардың регенерациясын жылдамдатады, климакс кезінде әйел ағзасын қолдайды.  

Бадам. Өсімдік протеині және ең мықты антиоксидант – Е дәруменінің қайнар көзі болып саналады. Ол сүейктерді қатайтады, тіс, тырнақ және шаштың жағдайын жақсарта түседі.

Күріш. Құрамында глютені жоқ диеталарды ұстанатын адамдар үшін қолайлы нұсқа. Ол қант диабетімен ауыратын, аллергияға шалдыққан және орталық жүйке жүйесінің аурулары бар адамдар үшін қауіпсіз. Темір, мыс, магний және B тобындағы дәрумендерге қанықтырылған. Бұлшықеттердің ширығуын жеңілдетеді, жүйке жүйесін нығайтады, ас қорыту үдерісін қалпына келтіреді, қабыну процестерімен күресуге көмектеседі.

Жалпы алғанда мамандар өсімдік сүтін ақылға қонымды мөлшерде тұтынуды және барлық түрлерін ауыстырып ішуге ұсынады. Осындай айналымның арқасында ас мәзіріңіз макро- және микроэлементтері бойынша алуан түрлі бола түседі.

Құнарлығына қатысты не айта аласыз?

Міне, 100 мл көлеміндегі өсімдік сүтінің кейбір түрлерінің шамамен алғандағы калориялылығының мөлшерін көрсетейік:

  • бадам – 17 ккал;
  • сұлы – 30 ккал;
  • соя – 54 ккал;
  • банан – 42 ккал;
  • кокос – 230 ккал;
  • күріш – 47 ккал;
  • қарақұмық – 42 ккал.

Салыстыру үшін: 100 мл мөлшердегі дәстүрлі сүттің энергетикалық құндылығы – шамамен 42 ккал құрайды.

Өсімдік сүтін тұтынудың жанама әсерлері

Өсімдік негізіндегі сүттің барлық түрлері барша адамдар үшін пайдалы емес. Холецистит, панкреатит, несеп-тас және өт қабына тас байлану аурулары бар жандар үшін кез келген баламалы сүтті тұтынар алдында дәрігерден кеңес алған дұрыс.

Аллергиясы бар адамдарға да сүттің құрамына назар аударып отыру керек – сусынның құрамында кездесетін құрамдас заттарға және өсімдіктердің фитонцидтік элементтеріне реакциялар болуы әбден мүмкін.

Жеке тұлғалық жайттарға байланысты кейбір жағдайларда әлсірететін немесе күшейтетін әсерлердің көріністері болуы ықтимал.

Бұдан басқа өсімдік негізіндегі сүттің шектен тыс тұтынылуы арықтауға көмектеспей, теріс ықпалын тигізеді деп саналады, өйткені оның құрамында жеңіл сіңірілетін көмірсулар мөлшері аса жоғары болады, ал, мысалы, бадам сүтінде полиқанықпаған омега-6 май қышқылдары өте көп.

 

Аударған Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

2
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз