Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
  • Басты бет
  • Орта
  • Қауіпті дуэт: қандай екі зиянды әдетті біріктіруге болмайды
Редакция ұсынады

Қауіпті дуэт: қандай екі зиянды әдетті біріктіруге болмайды

Егер қауіпті жұп туралы ойласаңыз, көз алдыңызға ең алдымен кімді елестетесіз? Бонни мен Клайдты ма? Мистер және миссис Смитті ме? Әлде Джокер мен Харли Квинді ме? Осылардың ешқайсысын шын мәнісінде қауіпті жұп: темекі және алкогольмен салыстыруға да келмейді. Бұл комбинацияның қауіптілігі ағзаның бөлек мүшелері мен жүйелеріне деген теріс әсерінде ғана емес, сондай-ақ әртүрлі ауыр дерттердің даму қаупінің артуында жатыр. Осы мақалада неліктен темекі тарту мен алкоголь – бұл double trouble екендігін, олардың адам ағзасында қалай әрекеттесетіндігі мен жаман әдеттің біреуі немесе екеуінен бірдей бас тарту арқылы денсаулық үшін қауіпті қалай төмендетуге болатындығын қарастырамыз.


Алкоголь мен темекі шегу арасындағы байланыс

Бір уақытта темекі тартатын және ішімдікті тұтынатын адамдар осы екі әдеттің бірін-бірі теңгерімді түрде толықтыратындығын жиі байқайды, мәселен, алкогольді ішкен кезде қосымша бір темекіні шегіп алу немесе керісінше құлшынысты тудырады. Осындай қабылдау әлеуметтік-мәдени факторлардың темекі тарту мен алкогольді тұтынуға деген әсерін зерттейтін зерттеулердің бірінде расталған. Нәтижелер көрсеткендей, зерттеу жүргізу кезінде алкогольді тұтынатын ересектердің 36,9%-ы шылымқұмарлар болған, ал темекі шекпейтіндердің саны небәрі 17,5%-ы құрған.

Бүгінде алкоголь мен темекі тартуды тығыз байланысқа біріктіретін үш маңызды себеп белгілі. Біріншіден, бұл әдеттің екеуі де көбінесе әлеуметтік салт-жоралар немесе релаксация мен демалудың құралы ретінде қарастырылады. Әртүрлі мәдениеттерде олар әлеуметтік оқиғалар мен кездесулердің ажырамас бөлігіне айналып отыр, әрі ішімдік пен темекі тарту арасындағы белгілі бір байланысты құруда. Екіншіден, алкоголь мен никотиннің психикалық белсенді әсерлерінің өзара күшеюі де баршылық. Зерттеулер көрсеткендей, осы заттардың біреуін қолдану екіншісін тұтынуға деген ұмтылысты ынталандыруы мүмкін, әрі бұл екі заттың да ағзаға әсерін күшейтетін синергетикалық ықпалға әкеліп соқтырады. Сонымен бірге әлеуметтік-мәдени мәнмәтін мен психологиялық факторлар да маңызды аспектілер болып саналады. Әлеуметтік тұрғыдағы мақұлдау немесе айналадағылардың қысымы, сондай-ақ стрестік жағдайлар шиеленісті жеңілдету немесе жағдайларға бейімделу құралы ретінде бір уақытта ішу мен темекі шегуді ынталандыруы ықтимал.

Микстің салдары

Қысқа мерзімді әсерлері

Алкоголь мен темекіні араластырудың қысқа мерзімді әсері соншалықты сыни болмағанымен, алайда ағзаңыз үшін жағымсыз болып келетіні хақ. Егер сіз барда болып көрсеңіз, онда бір уақытта ішімдікті ішу мен темекі тарту көптеген адамдар үшін – кеңінен таралған тәжірибе екендігін білетін шығарсыз. Алкоголь мен темекі тартуды үйлестірудің негізгі қауіпі – оның біреуі депрессанттық зат, ал екіншісі стимулятор екендігінде жатыр, әрі бұл алкогольдің сіздің ағзаңызға қаншалықты ықпал ететіндігін түсінуге кедергі келтіруі бек мүмкін. Бұл жалпы өзін-өзі сезінудің нашарлауына ғана емес, сондай-ақ үйлестірудің жоғалуына, реакцияның төмендеуі мен шынайылықты «бұлыңғыр» түрде қабылдауға әкеліп соқтыруы ықтимал. 

Ұзақ мерзімді әсерлері

Адам ағзасының әртүрлі ерекшеліктеріне байланысты кейде мүлдем болжауға келмейтін ұзақ мерзімді салдар туралы айтатын болсақ, алкоголь мен темекінің үйлесімі аурулардың айтарлықтай үлкен спектрін дамыту қаупіне апарады. British Journal of Psychiatry журналында жарияланған зерттеулердің бірі темекіні мүлдем тартпайтын әрі орташа ішетін адамдармен салыстырғанда алкогольді көп мөлшерде тұтынған шылымқұмарлардың 36%-ы жылдам үдемелі когнитивті құлдырауды бастан кешіргенін көрсетті. Зерттеу тобы 10 жыл ішінде 45 пен 69 жас аралығындағы 6473 ересек адамды (4635 ер адам және 1838 әйел) бағалаған. Темекі тарту мен алкогольді шамадан тыс тұтыну жиі қатар жүреді және олардың когнитивті функцияларға бірлескен ықпалы олардың жеке әсерлерінің қосындысынан да көбірек болуы әбден мүмкін.

Сондай-ақ оқу Бас тарту: ішімдік әуесқойы бір айға алкоголь ішуді қойды Кейіпкеріміз өз-өзіне тәжірибе жүргізіп, өз-өзінен сұхбат алды

Темекі тарту және алкоголь тұтынудың қауіптері

Алкоголь мен темекіні бірге тұтыну қатерлі ісіктің пайда болу қаупін арттыратындығы дәлелденген. Осыған дейін атап өткендей, адамдардың көбі үшін темекі тарту мен алкогольді тұтыну қуырылған шұжықша мен жұмыртқа секілді жиі қатар жүреді. Дегенмен қатерлі ісік қаупі туралы айтатын болсақ, онда бұл «бензин мен сіріңкеге» көбірек ұқсайды, деп санайды терапевт Стивен Линч. Алкоголь мен темекі бөлек түрде бірден бірнеше қатерлі ісік ауруының даму ықтималдылығын арттыра түседі. Ұлттық онкологиялық зерттеулер институтының мәліметі бойынша, іс жүзінде тек темекінің өзі ғана қатерлі ісіктің 17 түрінің даму қаупінің жоғарылауына әсер етеді. Ал алкогольді шамадан тыс тұтыну ауыз қуысының обыры мен әйелдер арасындағы сүт безінің қатерлі ісігін қоса алғанда, жеті түрлі қатерлі ісікке дейін даму қаупінің артуымен байланыстырылады. 

Дегенмен зерттеушілер қатерлі ісікпен ауыратын науқастар мен бұл дерттен аман қалғандардың үштен екі бөлігі диагноз қойылғаннан кейін де темекі тартуды жалғастыратындығын анықтады. Бұл факт ауруханаға жатқызу мерзімін ұзартып қана қоймай, сонымен қатар науқасты қалпына келтіру үдерісіне де қауіп төндіреді. Мәселен, темекі түтініндегі токсиндер химиотерапиялық препараттардың метаболизміне де әсер етуі мүмкін, бұл оларды уытты етеді немесе тиімділігін айтарлықтай төмендетеді.

Зиянды төмендетудің жолы қандай?

Темекі тарту және алкогольді тұтынудың қауіптілігі жоғары екендігі шүбәсіз, әсіресе бұл екі әдет біріктірілген кезде аса қауіпті болып келеді. Сондықтан тәуекелді төмендету өте маңызды және мұндағы ең жақсы тәсіл – бір немесе, тіпті, екі әдеттен де біржолата бас тарту, егер, бұл қолыңыздан келмесе, ең болмағанда оларды тұтынуды айтарлықтай азайту немесе қауіпі әлдеқайда төмендеу балама нұсқаларға ауысу керек.

Темекі шегуден бас тарту – бұл біршама басымдылықты мақсат, әсіресе алкогольге қатысты түйткілдер болмаған жағдайда. Темекі тартуға қарсы күрес жүргізудің көптеген әдістері бар, соның ішінде жабыстырғыштар, сағыз, ингаляторлар, шайналатын темекі, сонымен бірге дәрі-дәрмектерді қолдану секілді никотиннің балама өнімдерін қолдануға болады. Ал темекіні қыздыруға арналған жүйелер темекі түтіні мен шайыр салдарынан болатын зиянды төмендетуге көмектеседі. Олар зиянды заттарды 95%-ға азырақ шығарады. Осы стратегиялардың бірін мінез-құлық терапиясымен біріктіру темекі шегуден бас тарту мүмкіндігін барынша арттыруы мүмкін.

Алкогольмен күрес жүргізу әдістері туралы сөз қозғайтын болсақ, онда алкогольсіз сыра, алкогольсіз шарап және тағы сондай секілді баламаларды қарастыруға болады. Бұл туралы біз алкогольсіз сусындар туралы материалымызда егжей-тегжейлі әңгімелеген едік. Қалай болғанда да күні бүгінге дейін темекі шегуден және алкогольді тұтынудан бас тарту сіздің амандығыңызға салынатын инвестициялардың бірі болып қала бермек.

 

Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

6
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз