• Басты бет
  • Адамдар
  • Пульмонолог зиянды әдеттердің салдарын қалай емдеуге болатыны жайлы
Редакция ұсынады

Пульмонолог зиянды әдеттердің салдарын қалай емдеуге болатыны жайлы

Бекдәулет Әкімниязовамен сұхбат


Экология өкпемізге қалай әсер етеді? Темекінің балама нұсқалары шылым тартудың зиянын төмендетуге септігін тигізеді ме? «Өтілі» жоғары шылымқұмар өкпе ауруларынан толықтай айығып кете ала ма? Жаман және жақсы әдеттердің ортақ тұстары қандай? Қандай екі әдет өмір сапасын тұтастай өзгерте алады? Осы сұрақтардың жауабы мен көптеген басқа да қызықты жайттарды І санатты дәрігер-пульмонолог, торакалды хирург Бекдәулет Әкімниязовамен жүргізілген әңгімеден табуға болады.

Өкпенің қатерлі ісігінен басқа, темекі тартудың салдарынан қандай аурулар пайда болуы мүмкін екендігін айтып беріңізші?

Өкпенің қатерлі ісігі туралы бәрі де біледі, сонымен бірге барлық адамдар бұл індет әйтеуір жанымыздан өтіп кетеді дегенге сеніп отырады. Алайда қатерлі ісікке әкеліп соқтыратын жасушадағы мутациялардың дамуынан бұрын, темекі тарту, ең алдымен, шырышты қабықтың түйткілдерін қоздырады. Тыныс алу мүшелері: кеңірдек, ауатамыр, өкпе – қоршаған ортамен тікелей байланыста болады. Әрі біздер тыныс алатын ауаның құрамы бірден қорғаныс қабаты – кеңірдектің, ауатамырдың, өкпенің, альвеолалардың шырышты қабығына әсер етіп, қабынуын тудырады. Бірінші кезекте бұл созылмалы сипатқа ие қабыну пайда болатын орындар және бұл адамды үнемі мазалап тұрады. Осындай қабынудың салдарынан трахеиттер, бронхиттер, одан әрі пневмониялар дамиды. Осылайша, тіпті, өкпенің созылмалы обструктивті ауруына дейін де жетеді. Не болмаса қазіргі таңда, әсіресе Алматыда кеңінен таралған идиопатиялық деп аталатын, яғни, «себепсіз» өкпе аурулары пайда болады. Бұл аурулар өкпе жасушаларының бұзылуын тудырады. 

Көптеген адамдар шалдығатын бронхит ауруы – бұл, шын мәнісінде, үлкен бір мәселенің басы. Ауамен, соның ішінде темекі түтінімен байланысты ауатамырдың қабынуы бақылаусыз жүріп жатады. Қабыну дегеніміз не? Бұл кезде біздердің жасушаларымызға лейкоциттер, яғни, қорғаушыларымыз – макрофагтар, эозонофилдер қабаттасады. Егер осыған дейін қорғаныс қабаты жұқа, әдемі, қызғылт түсті болса, енді ол жайылып өсіп, қабынудың тұрақты ошағына айналады екен.

Созылмалы обструктивті бронхит темекі тартудың, түтіннің әсер етуі тоқтамаған жағдайда туындайды. Оның үстіне ластанған ауа да бар. Бұл жерде тұтас өкпенің бұзылуы жүріп жатады. Өкпенің кішігірім жасушалары – альвеолалар болады, әрі олар адам ағзасы үшін өмірлік маңызға ие оттегіні жеткізіп отырады. Олардың бұзылуы белгілі бір қуыстардың (мен оларды тесіктер деп атаймын, шын атауы – буллалар) пайда болуына әкеледі де, саны жағынан ұлғайған сайын олар өкпенің қалыпты тінін тартып алады. Соның орнына өкпе қызметін атқармайтын, әрі «өлі» кеңістік болып келетін үлкен ауа учаскелері пайда болады. Адам тұншыға бастайды. Осының барлығы да өкпенің созылмалы обструктивті ауруына ұласып кетеді.

Келесі – демікпе. Темекі тартудың өзі демікпенің себебі болып саналмайды, дегенмен бұл демікпе ағымын ауырлата түседі. Бұл ауру науқастың бақылауында болуы тиіс. Шылым шеккен кезде демікпе бақылаусыз қалады да, науқас ұдайы тұншығып отырады. Егер осы факторлардың барлығын, артық нәрселерді алып тастасақ, онда пациенттің тыныш өмір сүруінің пайыздық көрсеткіші, темекі тартумен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары болмақ.

Қазақстанда өкпе ауруларының арасындағы ең кеңінен таралған диагноз қандай? Өкпенің қатерлі ісігінен басқа.

Қазақстандағы статистика әлемдік статистикамен корреляцияланған. Дүние жүзінде «ӨСОАшылар» саны артып келеді, өйткені шылымқұмарлар саны көбейіп жатыр. Біздің Қазақстанда да дәл осындай жағдай. Әрі егер біздер бұрындары темекі тарту ер адамдарға тиесілі басымдық деп ойлаған болсақ, қазірде мұндай жоқ. Әйелдер де, ер адамдар да ауырады. Сол аталмыш бронхиттермен де, демікпемен де, созылмалы обструктивті аурумен де… Сонымен қатар ерте жасынан бастап созылмалы ауруларға шалдыққан балалар да пайда болған. Әдетте созылмалы аурулар жылдар өте келе дамиды. Ал, мәселен, қазіргі уақытта 15 жастағы балада ұзаққа созылған қабыну кездесуі әбден мүмкін.

Сонда бұл немен байланысты?

Бұл ауа сапасымен байланысты. Менде бір науқас болған, ол 24 жасында Тараздан Алматыға көшіп келеді. Жұмыс пен тұрғылықты жерін өзгертеді, әрі алты айдан кейін ол бронхитке тап болады. Анықтай келе, ол науқаста генетикалық фактордың да, аллергиялық фактордың да жоқтығын білдік. Оның анамнезінде – бұрынғы кездерде де, қазіргі уақытта да темекі тарту жоқ болып шықты. Ал Алматыда өткізген 6 ай ішінде ластанған ауаның салдарынан ол адамда бронхит басталады.

Алматының ауасы өте лас. Әрі оны ары қарай ластаудың керегі жоқ. Біздің қаламыздың желдетілуі онсыз да нашар, оның үстіне пайдаланылған газдар, жылыту құралдарын қолдану тағы бар. Ал осының барлығына адам темекі тартуды қосатын болса, мұның нәтижесі қандай болары айдан анық.

Демек, адам темекі тартпай, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануы мүмкін… Алайда ол Алматыда тұрғандықтан, оның өкпесі бәрібір мінсіз күйде болмайды, солай ма?

Мінсіз болу мүмкін емес. Жаңағы мен айтқан Тараздан Алматыға көшіп келген, әрі өкпесі ешқашан мазалап көрмеген жас ер адамның мысалы – алматылық ауаның ықпал етуінің кезекті бір дәлелі болып келеді.

Өкпе – бұл ашық мүше. Әрі ол біздерді қоршайтын ауаны желдетіп келіп, оны өз ішінен өткізеді де, біздер үшін қажетті – оттегіні алып береді. Ал біздерге қажеті жоқ кішкентай және үлкен бөгде бөлшектер ағзамыздағы қорғаныш қасиеттердің арқасында қайта сыртқа шығарылады. Ауатамырларда шағын қылшықтар болады, олар соның барлығын «жөтеліп» шығарады. Әрі біздер осыны сыртқа шығару үшін жақсы жөтеліп қақырынсақ, ауырып қалу қаупі төменірек болады. Егер қорғаныш қасиеттер жақсы қалпында қала берсе, онда өкпенің сау болуы және мұның ұзақ уақытқа созылуының ықтималдылығы – жоғары, 80-90%. Осындай жағайда өкпе үшін мазасызданудың қажеті жоқ. Сонымен бірге спортпен шұғылданатынымыз туралы жайт та – инфекцияны жұқтырып алу қаупін төмендете түседі. Адам денсаулығының кепілі дәл сіз тізіп шыққан нәрселерде жатыр: белсенділік, дұрыс тамақтану, су ішу, таза ауа – ал оны темекімен қосымша ластаудың – еш керегі жоқ.

Демек, кез келген жағдайда да, алматылықтар экологияның салдарынан өкпе ауруларының қосымша қауіпіне ұшырайды ма?

Дұрыс. Дегенмен біз қазір нақты темекі тарту туралы айтып отырмыз. Алайда, шыны керек, егер ауаның ластануы туралы ақпаратқа зер салатын болсақ, Алматының рекордшы атағына үміткер екендігін байқаймыз. Іле Алатауының тау бөктері әрқашан ауа сапасының жоғарылылығымен ерекшеленген. Бірақ желдетудің жоқтығынан қалада мүлдем жел соқпайды. Мен әдетте өз пациенттеріме, қай жерде болса да, бөлмелердің ішін желдетіп отыруды ұсынамын. Осы тұста адамдарда автоматты түрде келесі сұрақ пайда болады: «Дәрігер, қалай желдетемін? Терезені ашып қалсам, бірден күйе түседі!». Ондай болса, терезені таңертең ерте ашқаныңыз абзал, сағат 4-6-ларда. Демек, жақсы таза ауаның қандай да бір мөлшері болса да, бөлмеңізге түсуі үшін осылай жасау керек.

Ал осы ауа тазартқыштары, ылғалдандырғыштары жайында не айтуға болады? Олар шын мәнісінде де көмектеседі ме?

Әрине, олар көмектеседі. Дегенмен, ауаның ең үздік тазартқышы – бұл біздің мұрнымыз болып саналады. Бұл автоматты әрі автономды механизм, ол адам ағзасына түспеуге тиіс заттарға автоматты түрде әрекет етеді. Шылымқұмарлардың ағзасында не болып жатады? Олардағы аталмыш қылшықтар (мукоцилиарлы деп аталатын аппарат) бірлесіп, шырышты түзеді де (семдіреді), жөтеліп қақыру қызметі зардап шегеді. Бұл қызмет іс жүзінде жоқ болып шығады, ол жойылып кетеді де, ауатамырлар қорғана алмай қалады. Әрі барлық бөлшектер келесі кезеңге – тыныс алу жолдарының төменгі бөліктеріне өтеді. Нәтижесі ретінде – олар қабынуға тап болады.

Өкпеге деген зиянды төмендету мүмкіндігі бар ма өзі? Мәселен, көптеген шылымқұмарлардың айтуынша, олардың тәуелділігі темекі шегуден бас тартуға мүмкіндік бермейді. Мұндай адамдар үшін қазіргі уақытта алуан түрлі балама нұсқалар баршылық: темекіні қыздыруға арналған жүйелер, никотиндік жабыстырғыштар, никотинді алмастыратын терапия… Осындай секілді құралдардың көмегімен темекі тартудың зиянын төмендетуге, барынша азайтуға бола ма? Өйткені өкпеге неғұрлым зиянды никотиннің өзі емес, темекі түтінін деммен жұту тигізеді емес пе?

Рет-ретімен айтып шығайық. Темекі тарту – зиян. Әрдайым және әр жерде. Мен темекі тартуды тоқтату – адамның өз денсаулығының пайдасы үшін жасай алатын ең үлкен нәрсе дегеннің жақтаушысымын. Әлбетте, жасы келген науқастар болады, олар қанша өмір сүрсе, сонша темекі тартып келетіндері рас. Кей кездерде 50 жыл, 60 жыл секілді темекі тарту «өтілдері» кездесіп жатады. Олар өз өмірлерін темекісіз елестете де алмайды. Олардың қолдарынан темекіні тартып алып көрсеңіз, оларда бірден психикалық-неврологиялық бұзылыстар басталады. Осы кезде біздер оларға алмастырғыш терапияны ұсынамыз. Бұл никотинді алмастыратын терапия, бұл темекіні қыздыруға арналған жүйелер, не болмаса вейптер. Сонымен бірге психологиялық көмекті де ұсынамыз. Бұл жерде адам үшін мүмкіндігінше ыңғайлы жолды таңдау керек. Сындарлы қабылдау кезінде науқастың өзі шеше алмайтын түйткілді анықтау өте маңызды болып келеді. Оған белгілі бір жұмысты, физикалық белсенділікті берсең, темекі туралы автоматты түрде ұмытып кететін пациенттер кездеседі. Осы тұста, әрине, баламалы тәсілдерді қолдану керек, мен мұны қолдаймын. Алайда баламалы тәсілдер – бұл темекі шегуден бас тартуға көмектесетін тәсілдер екендігін ұғыну қажет. Кез келген түтін шығаратын заттарды тұтынуды айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді. Темекі тартудың балама нұсқалары кезең ретінде болуға әбден құқылы. 

Кейде адам темекі тартуға байланысты рәсімге деген әуестенуінен, жүйке-бұлшықет тіндері әрекеттерінің белгілі бір алгоритміне үйреншіктігінен шылым шегуден бас тарта алмай жатады. Бұл пациент үшін қандай да бір қауіпсіздік сезімін беретін іспетті. Мұндай байланыстың үзілуіне, әрине, балама тәсілдердің барлығы да атсалыса алады. Әрі темекіні қыздыруға арналған жүйелер қолайлы болуы әбден мүмкін.

Яғни, егер темекіні қыздыруға арналған жүйелер, никотинді алмастыратын терапия – секілді тәсілдердің арқасында зиянды азайтсақ, онда осының барлығы да өз пайдасын тигізіп, темекі шегуден біржолата бас тартуға көмектесе ала ма?

Пайдалы болуы ықтимал, иә. Менде бір пациент болған, өзі жас жігіт. Соңғы алты ай ішінде ол екі рет пневмонияға шалдыққан болатын. Бұл жалпы қалыпты нәрсе емес, өйткені жас ағза, кем дегенде, кез келген инфекцияға төтеп беруі тиіс. Әрі менің оған берген ұсыныстарым арасындағы бір пункт – темекіден бас тарту болатын. Алайда адам бұл ақпаратты қабылдаған жоқ, әрі темекіні тастаған емес болып шықты.

Мен оған тағы да темекіден бас тарту емдеудің бір бөлігі екендігін түсіндіріп өттім. Дегенмен бір аптадан кейін сол жігіт маған электронды темекіге, дәл осы жағдайда вейпке ауысқанын қуана хабарлайды, бұл әрекет ол үшін темекіден біржолата бас тарту жолындағы үлкен қадам екендігін айта кеткен жөн. Әрине, мен мұны тек қана қолдайтыным, тек қана құптайтыным рас. Алайда адамға бұл бар болғаны түпкі мақсат, яғни, темекіден мүлдем арылуға, салауатты өмір салтын ұстануға әкелетін белес екендігін түсіндіру қажет.

Ал сіздің тәжірибеңізде «өтілі» жоғары темекі тартатын адамның өкпе ауруларының барлығынан толықтай айыққан жағдайлар болды ма?

Менің тәжірибемде ұзақ уақыт темекі шеккен әрі ковидке шалдыққан бір адам болған, ол ауруханаға жатқызудан бас тартып, амбулаторлық түрде емделген еді. Төрт айдан кейін оның сап-сау болып шыққанын айтуға әбден болады. Ол темекіні тастап, көбірек жаяу жүруді бастап, одан кейін жүгірумен айналысып кетті. Қазірде ол марафоншы атағына үміткер болып отыр. Адам өз өміріне деген көзқарасты мүлдем өзгерте алды. Оның темекіден бас тартқаны аз ба, тіпті, тамақтану тәртібін, су ішу тәртібін ретке келтіріп, марафондарға қызығушылық таныта бастады.

Салауатты әдет, жаман әдет секілді келеді. Оны да қалыптастыру қажет. Ол өздігінен пайда бола қоймайды. Бұл да жаман әдет іспетті, адам әуелі бір темекіні тартады, сосын екеуін, он талын, бір қорабын шегіп тастайды. Сол секілді салауатты әдет те: әуелі 50 қадам жасайсың, сосын 100 қадам, одан кейін 150, ал осыдан барып марафонда жүгіресің. Осындайда бірдей механизмдер іске қосылады.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

85
11
7

Тақырып бойынша тағы оқыңыз