Редакция ұсынады

Сауық-сайранның зияны : ішімдікті тұрақты ішу миымызды қалай бұзады

Алкогольді қойып кеткіңіз келмесе, не істеу керек?

Сауық-сайранның зияны :  ішімдікті тұрақты ішу миымызды қалай бұзады: Алкогольді қойып кеткіңіз келмесе, не істеу керек?

Алкоголь әлемнің көптеген халқының мәдениетінде берік орын алған. Оның зияны туралы айтып жүрген дәрігерлер жақын арада бұл жағдайды өзгерте алмас. Достармен бас қосқанда тұрақты түрде ішілетін алкогольді сусындардың миды біртіндеп қалай бұзатыны және мұндай зиянды қалай азайтуға, тіпті мүлдем жоқ етуге болатыны туралы әңгімелейміз.


Әлдебір аса көңілді отырыстың ертесіне міндетті түрде пайда болатын, тұла-бойды күйдіріп-жандыратын ұят сезімін ересек адамның көбі біледі. Алайда күшті спиртті сусын «сыйлайтын» жалғыз дүние бұл емес. Ғалымдардың айтуынша, алкогольдің зиянсыз дозасы жоқ – ерте ме, кеш пе, тән не ментал саулық үшін ол қандай да бір проблема туғызбай қоймайды. Ішімдіктің миға қалай әсер ететіні, оның неге әкелетіні және не істеуге болатындығы туралы әңгімелейміз.

«Бас жазу» (Мальчишник в Вегасе) трилогиясының бас кейіпкерлері достармен өткен, бір қарағанда пәлендей зияны жоқ кештен кейін қандай қиындықтарға тап болғаны есіңізде ме? Әрине, көбіміз мұндай тек кинода болуы мүмкін деп ойлаймыз. Шын мәнінде, олай емес. Алкоголь не есірткі қабылдаған адам (әсіресе үлкен көлемде) ағат, есер әрекетке баруы мүмкін. Апта сайын жора-жолдаспен барда жиналып тұру да орта және ұзақмерзімді перспективада «нәтиже» көрсетпей қоймайды: әлеуметтік проблемалар мен денсаулыққа төнген қатерден бөлек ментал саулық үшін де зардабы бар. Қандай дейсіз бе?

Алкоголь тәуелдігі біртіндеп арта береді, оны адам сезбейді де. Алдымен толерант қатынас пайда болады, яғни бұрын бір саптыаяқ сырадан кейін масайып қалса, уақыт өте келе қызу үшін екі, тіпті үш кружка қажет болады. Мұндай жағдай басқа сусындарға да қатысты. Екіншіден, барлық отырыс пен кездесудің артында жанға жағатын сезім тұр: жақындарыңмен жолығасың, көңіл көтересің, демаласың. Бұл мида оң сезімдер мен спиртті сусындар арасындағы байланысты қалыптастырады. Бірте-бірте алкоголь бос уақытта жақсы өткізудің өзге амалдарының бәрін ысырып шығарып тастайды.

Ішімдіктің миға саяхаты

Бірінші жұтымнан кейін миға жету үшін алкогольге бар болғаны 30 секунд қажет деп жазады АҚШ-тың медицина ғылымдарының докторы Кэрол ДерСаркисян «Алкоголь тәніңізге қалай әсер етеді» деген медициналық шолуда. Миға түскен соң ол мұндағы химия процестерін және жасушалар арасындағы ақпарат алмасу жылдамдығын баяулатады. Осының салдарынан рефлекстер төмендейді, тепе-теңдік ұстау қиынға соғады, болған оқиғалар ұмытылып қалады. Ұлыбританияда жүрген ауқымды зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар алкогольді сусындар ішу мен сұр зат көлемінің қысқаруы арасында тікелей байланыс бар екенін анықтады. Және бұл байланыс аталған көрсеткішке әсер ететін өзге факторларға қарағанда күштірек болып шыққан.

Әрине, ішімдіктің миға тигізер зардабы бір бұл емес. Алкогольді тұрақты және ұзақ уақыт ішу миды бұзып тынады: зиянды сусынның кесірінен жасушалар өзгереді, кейде тіпті көлемі азайып кетеді. Яғни спирті күшті ішімдікті жиі, көп іше берсеңіз, уақыт өте келе миыңыз кішірейіп қалады. Соның кесірінен, мәселен, ойлау, есте сақтау, білім алу секілді қабілеттер нашарлайды, яғни когнитив функцияларда ауытқу пайда болады.

Ішімдікке салыну кезіндегі ең кең таралған психоз – алкогольді делирий немесе «маскүнем елірмесі».

Ұзақмерзімді перспективада осының бәрі алкогольді жиі тұтынатындардың ағзасында деменцияның, Корсаков синдромының дамуына, галлюцинацияның, психоздың пайда болуына, көңіл-күйдің жиі құбылуына және адамның жеке тұлғасының өзгеруіне алып келеді.

Барынша аз ішкен дұрыс

Ішімдік зияны туралы зерттеулерге қарамастан демалыста достармен бірге барға кіріп шығудан бас тарта алмасаңыз, алкоголь сапасы мен көлемін саналы түрде бақылау арқылы өзіңізді қорғауға тырысыңыз. Сапасыз ішімдікден, мысалы, уланып қалуыңыз мүмкін, ал ұсынылған дозаны сақтап отырсаңыз, естен танғанша ішу қиындау болады.

Ауруларды бақылау және профилактика жөніндеі америкалық орталық кәмелетке толған азаматтарға мынадай кеңес береді: алкоголь әйелдер үшін бір порциядан, ал ерлер үшін екі порциядан артық болмауға тиіс. Порцияның жалпыға бірдей қабылданған көлемі 10 г спиртке тең. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, күштілігі 5% 1 банка сырада 13 г спирт, 12%-дық бір бокал шарапта 13,3 г спирт, ал 40%-дық күшті сусын рюмкасында 12,6 г таза спирт бар. Бұл ретте ішімдікке тәуелді болудың күшті сусындарды да, сыра секілді әлсіз сусындарды да ішкен кезде пайда болуы мүмкін екенін айта кеткен маңызды.

Алкоголь ағзаға жан-жақты соққы беретінін естен шығармаңыз, сондықтан ішкенге дейін және кейін бауырға күтім жасаңыз. Мысалы, көңілді отырыстың ертесіне өзіңізді сезінуіңіз нашарласа, калориясы жоғары тамақ жеуге болады, бұл жағдайды жақсартады.

Бұл мәселеге саналы түрде қарауға зиянды біртіндеп азайту концепциясы көмектеседі. Ол алкогольді сусындарды ішуді тоқтатқысы келмейтін адамдардың таңдауын ескереді және ішімдік салдарынан туындайтын зиянды азайту үшін орта құруды ұсынады. Қалайша? Мәселен, сізде алкогольсіз сусын және спирты аз не градусы төмен алкогольдің бірін ішу таңдауы пайда болса, алдыңғысын жөн көру керек. Ең бастысы, аш қарынға ішпеңіз, араластырмаңыз және алкогольдің әр жұтымынан кейін су ішіп отыруды ұмытпаңыз.

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз