Редакция ұсынады

Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы нұсқаулық

Төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ережелері туралы нұсқаулық:

Қаланы лаңкестер мен ұры-қары талан-таражға салып, терезенің түбінде атыс басталып, интернет пен ұялы байланыс жоғалған кезде не істеу керек? Бірінші кезекте, кез келген, тіпті бейбіт күннің өзінде ең әуелі өзімізге ғана толық сене алатынымызды түсіну қажет. Сондықтан «ниЖевред» қиын-қыстау сәтке дайын болуға көмектесетін кеңестерді әзірлеп қойды. 


Халықтың көпшілігі секілді «күрделі жағдайда керек болар шабадансыз» өмір сүретіндердің қатарынан болсаңыз, қауіптің алғашқы белгілері байқалғанда: 

«КЕРЕК ЖИНАҚ» ӘЗІРЛЕУ

  1. Үйде ұзақ сақтауға болатын азық-түліктің жеткілікті екенін тексеріңіз. Бұл – жарма, макарон, консервілер, ұн, кепкен жеміс, жаңғақ, шәй және кофе. Үй жануарларын да ұмытып кетпеңіз. Әрине, асып-сасып, дүкенде бар затты түгел сатып алудың, сәйкесінше жасанды жетіспеушілік тудырудың да қажеті жоқ.
  2. Ішуге жарамды су қорын әзірлеп қойыңыз (ең дұрысы, бір адамға 5 литрден).
  3. Дәрі-дәрмек пен жеке гигиена құралдарын әзірлеп қойыңыз. Аптека қобдишасын жаңартпағалы көп болса, медикаменттердің жарамдылық мерзімін тексеріңіз.
  4. Смартфон, пауэрбанк, гаджеттерді қуаттап алыңыз. Қуаттағыш құралды оңай жерде ұстаңыз.
  5. Қолшам, батарейкаларды әзірлеп қойыңыз. Майшам да қол жетер орында болсын.
  6. Сымсыз құлаққап қолдансаңыз, қарапайым, «баяғы заманның» сымды құлаққабын да алыңыз. Интернетсіз және ұялы байланыссыз қалсаңыз, мұндай құлаққап антеннаның рөлін атқарып, Android смартфондардың көпшілігінде бар FM-қабылдағыштарды пайдалануға мүмкіндік береді. Ал смартфоныңызда FM-тюнер болмаса, қосымшаны дәл қазір жүктеп, орнатып алыңыз (бұл жағдайда эфир тек интернет бар кезде қолжетімді болады). Ал Apple гаджеттерінің бірде-бірінде әзірге орнатылған FM-тюнер жоқ, радиостанцияларды тек интернетте тыңдауға болады.
  7. Қолма-қол ақша ұстаңыз. Банкомат ірі купюра бермесе, майда ақша түрінде шешіп алуға тырысып көруге болады.
  8. Шұғыл түрде эвакуация жасау керек болса, қиналып қалмас үшін ақша мен құжатты сенімді, сонымен қатар оңай алуға болатын жерге қойыңыз. 

МҮЛІКТІ САҚТАУ ҚАЖЕТ

  1. Банк карталарыңызда интернет арқылы сауда жасау мүмкіндігін жауып қойыңыз. Аласапыран кезеңде киберқылмыс саны әдетте күрт артады. Сондықтан ақшаны сақтауды ойластырыңыз: алаяқтардың қолына өтпес үшін шотыңызды, мобильді нөмірлеріңізді және жеке мәліметтеріңізді қалай қорғауға болатынын зерттеңіз.
  2. Балкон мен лоджияда газды баллон, бензин құйылған канистр және басқа жылдам тұтанып, өртенуі мүмкін заттарды қалдырмаңыз. Көршілерге де түсіндіріп өтіңіз: аталған заттарды пәтерде немесе балконда сақтамауды және алып тастауды талап ете аласыз, себебі бұл – ұжым қауіпсіздігі мәселесі.
  3. Терезеге сырттан бөтен зат тисе, қалай сақтануға болатынын ойластырыңыз. Ең қарапайым әдіс – шкафты жылжыту, фанераны қалқан ретінде пайдалану. 

МЫНА ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕЛЕРДІ ҰСТАНУ КЕРЕК

  1. Қалада тәртіпсіздіктер басталса, ең дұрысы, үйден шықпай отыру.
  2. Толқулар басталған сәтте сыртта, мәселен, кеңседе немесе туыс-достарыңыздың үйінде қонақта болып қалсаңыз, жағдай тұрақталмайынша, сол орында қала берген жөн.
  3. Терезеге жақындамаңыз, балконда тұрып, не болып жатқанын қарауға тырыспаңыз.
  4. Мазасыздық пен үрейді жеңуге қарапайым әрекет атқару көмектеседі. Отбасы мүшелері қиын сәтті өткізуге көмектесетін пайдалы іспен айналысса жақсы. Мысалы, жолға шықсаңыз, керек болып қалар дүние-затты түгендеп, әзірлеуге болады.
  5. Телефоныңызға төтенше жағдайлар қызметі, полиция, өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем секілді барлық маңызды ақпаратты жазып алыңыз. Бұдан бөлек көмек сұрап хабарласуыңыз мүмкін жекелеген дәрігерлер мен басқадай тұлғалар жайлы ұмытпаңыз. Жалпы, мұны күрделі жағдайда емес, алдын-ала жасап қоюға болады.
  6. Керек қызметтердің нөмірі қол астыңызда болсын: 
  • 1414 – зардап шеккендер, іс-түзсіз жоғалғандар туралы ақпарат беру және психологиялық қолдау көрсетуге арналған тікелей желі
  • 1406, 8 (7172) 67-41-33, 8 (7172) 67-41-34, 8 (7172) 67-40-92 – Төтенше жағдай кезеңінде медициналық жәрдем және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі мәселелері бойынша консультация
  • 115 – бас прокуратура call-орталығы, мұнда күдікті тұлғаларды байқаған жағдайда хабарласуға болады  
  • + 7 701 534 05 80 – қазақстандық туристерді қайтару мәселелері жөніндегі call-орталық
  • + 7 771 348 83 84 – еріктілер қолдауы жөніндегі азаматтық бастамаларды қолдау орталығы
  • 1477 – Қазақстан Ұлттық банкі байланыс орталығы
  • 1432, 8 800 080 80 10, 8 (7172) 91 93 00 – Кәсіпкерлердің «Атамекен» ұлттық палатасы байланыс қызметі.

Аударған Димаш Зиядин

Фотоколлаж yanlaurentxo

Понравилась ли вам статья?

0
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз