Сіздерге жақсырақ болу үшін не істеуіміз керек?

Сауалнамадан өту
Редакция ұсынады

Тамақ іш, сүй... дұға ет

Онкологияға тап болудың айқын және онша емес себептері

Тамақ іш, сүй... дұға ет: Онкологияға тап болудың айқын және онша емес себептері

Темекі шегуден басқа адамның күнделікті әдеттерінің қайсысы қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі? Неге олай? Және бұнымен не істеу керек?


Алкогольді тұтыну

Бәрі де алкоголизм – зұлымдық деген тұжырымымен таныс. Алайда ішімдіктің мүлдем қауіпсіз мөлшері болмайтыны жайында есте сақтайтындар кемде-кем. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алкогольдің адамды онкологтың кабинетіне апаруға қабілетті заттек ретінде қарастыратыны турасында халық біле бермейді. Сонымен бірге Lancet Oncology журналында жарияланған зерттеуде «2020 жылы алкогольді тұтынумен байланысты 740 мыңнан астам қатерлі ісіктің жаңа жағдайларының орын алғаны» көрсетілген.

ДДСҰ көрсетіп отырғандай, спирттік ішімдіктер қатерлі ісіктің кем дегенде жеті түрін тудыруы мүмкін: ауыз қуысы, тамақ, көмей, өңеш, бауыр, сүт безінің қатерлі ісігі, ішектің қатерлі ісігі (тоқ ішек және тік ішек).

Егер әйел күніне шараптың төрт бокалын ішсе, сүт безі қатерлі ісігінің пайда болу қаупі 50%-ға артады, ал егер сегіз бокал ішсе, онда тәуекел 130%-ға дейін жоғарылайды.

ДДСҰ алкоголь құрамындағы ең басты канцероген – этанол екендігін көрсетеді. Бұзушы әрекет тікелей, сонымен қатар жанама әсер етеді екен. Бір жағынан, алкоголь жасушаларды зақымдауы мүмкін және олардың жаңадан пайда болуы кезінде қатерлі ісік қаупін арттырады, ДНҚ құрылымына ықпалын тигізеді. Екінші жағынан, әдетте, ішетін адамдардың ас қорыту қызметі бұзылған, әрі онкологиялық аурулардан қорғайтын микроэлементтер, дәрумендер және антиоксиданттардың жетіспеушілігі байқалады. 

Қазақстанда алкоголь өлім-жітімнің негізгі 50 себебі арасында 21-ші орында тұр. Ал ішімдік тудыратын онкологияық аурулар тізімінің алғашқы екі ондығына енеді. 

Тамақтану әдеттері

Бір таңқаларлығы, әлемдегі өңеш пен асқазанның қатерлі ісіктерінің таралуы бойынша фастфуд тағамдарын кеңінен тұтынатын елдер емес, тамақтану мәселесінде салыстырмалы түрде «экологиялық таза» саналатын Жапония елі бірінші орында тұр. Зерттеулер көрсеткендей, жапондықтардың өте ыстық тағамдарға деген ерекше махаббаты бәріне кінәлі болып отыр. Бұл жаңа ғана «оттан алынған» тағамдарды тез ішу дәстүрі.

Осындай әдеттер өңеш пен асқазанды қаптайтын жасушалардың күйіп қалуы және деформациясына әкеліп соқтырады, бұл онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін едәуір арттырады. Сонымен қатар ыстық тағамдар асқазанның созылмалы ауруларын күшейтіп, тұрақты қабыну ошағын тудыруы мүмкін, осылайша қатерлі ісік ауруларының қаупі жоғарылайды.  

Медициналық орталарда «өңеш қатерлі ісігінің белдеуі» деген термин де қолданылып келеді. Бұл өте ыстық сусындарды дәстүрлі түрде ішетін аудандардың бейресми аталуы. Жапониядан басқа осы аймаққа Иран, солтүстік Қытай және Орта Азияның көптеген республикалары да жатқызылады.

Қазақстанда өңеш қатерлі ісігінің таралуы, әсіресе, батыс облыстарда – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, сонымен қатар Қызылорда облыстарында жоғары деңгейде қалып отыр. Біздің мамандарымыз күйдіретін шайды (температурасы 60 градустан жоғары) ішу әдеті онкологиялық аурулардың ықтимал себептерінің бірі екендігін айтып отырады.

Бұдан бөлек, отандық онкологтардың бақылауларына сәйкес, өңеш және асқазан қатерлі ісіктерінің пайда болу жиілігі негізінен еліміздің тағамдары крахмалға бай (нан, картоп, ұннан жасалған өнімдер), әрі қақталған және тұздалған тағамдарды көп жейтін халық тұратын аймақтарында жоғары келеді. Әрі бұл жерлерде тамақтану рационында жануарлар нәруызы, сүт, жаңа піскен көкөністер мен жемістер жеткіліксіз. Оңтүстік облыстарда дастарханда жаңа піскен көкөністер мен жемістер мөлшері жеткілікті болғандықтан қатерлі ісікпен ауырып қалу жағдайларының көрсеткіші төмен.

Сондай-ақ оқу Химия сабағы Тамақ құрамындағы жасанды қоспалар және олардың қаупі жайлы

Сонымен қатар онкологияның даму қаупі құнарсыз тамақты үнемі тұтыну мен тамақты нашар шайнаудың салдарынан да болуы мүмкін.

Тәртіпсіз жыныстық қатынас

Онкология тікелей жыныстық жолмен берілетін ауруларға жатқызылмайды. Алайда жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін адам папиллома вирусының (АДВ) кейбір түрлері – жатыр мойны обырының ең көп тараған себебі болып саналады. Қазақстанда жыл сайын шамамен 1700 әйел осы ауруға шалдығып, олардың үштен бірі қайтыс болады. Сонымен бірге АДВ әйелдерде сарпай және қынаптың қатерлі ісігін қоздырады, ал ер адамдарда тік ішек пен жыныс мүшесінің қатерлі ісігін тудырады. Ауыз жұтқыншағы және өкпенің қатерлі ісігі дертіне әкеледі.

АДВ-ға қарсы вакцина бар. Жаппай вакцинациялау (әсіресе қыздар арасында) 10 жылдан бері әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде көрші жатқан – РФ және Өзбекстанда жүргізіліп келеді. Он бір мемлекет, соның ішінде Аустрия, Швейцария және Италияның кейбір аудандарын қоса алғанда, АДВ-ға қарсы вакцинаны қыздарға да, сол секілді ұлдарға да егуді ұсынады. Қазақстанда осыны енгізу бойынша мәселе пысықталу кезеңінен өтіп жатыр.

Онкологтарға жолданған тағы бірнеше маңызды сауал

Қатерлі ісікпен ауырмайтыныңа көз жеткізу үшін онкомаркерлерге қан тапсыру керек пе?

Әзірше бұл адамзаттың арманы ғана екендігі өкінішті. Осы бағытта әзірлемелер жүргізіліп жатыр. Дегенмен бүгінгі таңда қанды талдауға тапсыру арқылы онкологиялық аурудың бар-жоқтығын анықтау мүмкін емес. Онкомаркерлер – бұл ісіктің дамуы барысында адам ағзасында пайда болатын заттектер. Бұл ісіктің қан құрамына бөліп шығаратын ақуыз болуы мүмкін. Немесе ісіктің пайда болуына деген жауап ретіндегі ағзаның өзі бөлетін заты. Олардың динамикасы емдеу кезінде бақылауға алынады. Алайда алғашқы диагностика жүргізілгенде онкомаркерлердің пайдасы жоқ.

Соңғы жылдары қатерлі ісік ауруын емдеудің қандай жаңа әдістері пайда болған?

Иммунотерапия нағыз серпіліс жасады деуге болады. Егер қысқаша ғана айтар болсақ, бұл иммунитетті нығайту емес. Яғни, сарымсақ пен адамшөп тамыры жайында сөз қозғалмайды. Бұл емделушінің иммунитетін қатерлі ісікпен күресуге үйрететін дәрі-дәрмектер турасында. Қатерлі ісік пайда болған кезде адамның иммундық жүйесінің жасушалары онкологиялық үдеріспен күресу қабілеттілігін жоғалтып алады, демек, өзгеріске ұшыраған жасушаларды анықтай және жоя алмайды. Иммунотерапия адам ағзасын осыны қайта жасауға үйретуге арналған.

Онкологиялық аурулардың пайда болу қаупін өз бетімен төмендетудің жолы қандай?

Дәрігерлердің бірінші кезекте кеңес беретіні – жағымсыз әдеттерден бас тарту. Не болмаса, зиянды төмендету тұжырымдамасын есте сақтай отырып, зияны аздау балама нұсқаларға көшу.

Алкогольді тұтыну жүйелі сипатқа ие болмауы керек, әдетке айналмауы тиіс. Мұндағы ең жақсы шешім – алкогольсіз сусындарға өту.

Ыстық тамақты емес, жылы тамақты ішкен дұрыс. Құрамында жеңіл көмірсулар бар өнімдерді шектен тыс тұтынбаңыз. Тамақтану үлесіне жаңа піскен көкөністер мен жемістерді міндетті түрде енгізгеніңіз жөн. Онкологтар ағзадан канцерогендерді шығаруға қабілетті тағамдар тізіміне әдетте мыналарды қосады: брокколи, сарымсақ, цитрус жемістері, саңырауқұлақтар, зығыр тұқымы, теңіз балдырлары, қаражидек, қызанақ, жасыл шай, жүзім және қара жапырақты көк шөп.

Тәртіпсіз жыныстық қатынастарға жол бермеңіз. Қорғаныңыздар. АДВ-дан ең жақсы қорғаныс – тұрақты әрі сенімді жыныстық серіктестің болуы.

Сонымен қатар тұрақты түрде тексеруден өтіп тұрғаныңыз абзал. Флюрограмма – жылына бір рет. 50 жастан асқан адамдарға жыл сайын нәжісті жасырын қанға міндетті түрде тексеру қажет. Әйелдер үшін жылына бір рет маммограмма жасау және гинекологиялық тескеруден өту керек. Асқазан ішек жолының созылмалы ауруларын уақытында емдеуді ұмытпаңыздар.

 

 Аударған Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

2
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз