Редакция ұсынады

Гипотиреоз бен қант диабеті арасында өзара байланыс бар ма?

Дәрігер-эндокринолог жауап береді

Неліктен эндокринологтар «диабет алды жағдай» диагнозының қойылуын нағыз сыйлық деп санайды? Қазақстандық емханалардағы жоспарлы «қант скринингінің» осал тұсы неде? Неліктен елімізде қант диабетіне шалдыққан адамдардың саны өсіп келеді? Барлығы айтып жүргендей, гипотиреоз соншалықты қорқынышты ма? Осы және басқа да өмірлік маңызы бар көптеген сұрақтардың жауабын дәрігер-эндокринолог Камила Бұрбаевадан алған сұхбатымыздан оқи отырыңыздар.


Біз сұхбатымыздың тақырыбы ретінде гипотиреоз, диабет алды жағдай және остеопороз секілді бүгінде кеңінен таралған ауруларды таңдадық. Гипотиреоздан бастасақ. Бұл дегеніміз не және ол несімен қауіпті? Осы дерт туралы көпшілік айтып отырады, оның айналасында әртүрлі аңыздар баршылық және ол үлкен үрей тудырады.

– Гипотиреоз – бұл қалқанша безден бөлінетін гормондар мөлшерінің жеткіліксіздігі кезіндегі ағзадағы жағдай. Жалпы қалқанша без дегеніміз не? Бұл эндокринді мүше, біздер, яғни, эндокринологтар оны – зат алмасудың патшайымы деп атауды ұнатамыз. Ол біздің ағзамыздағы барлық нәрселерді: жүректің қандай жылдамдықпен соғатындығын, ішектің қандай жылдамдықпен босатылатындығын, сіздің температураға қалай төзетініңізді, көңіл-күйіңіздің қандай жылдамдықпен өзгеретіндігін реттеп отырады. Демек қалқанша без өзінің гормондары арқасында барлығын да бақылайды. Ал гипотиреоз – бұл гормондардың жеткіліксіздігі кезіндегі жағдай. Әдетте мен науқастарға қалқанша без гормондарының отын секілді екендігін түсіндіремін. Егер отын жақсы, сапалы, әрі оның керекті мөлшері болса, көлік жақсы жүретін болады. Ал егер отынның сапасы нашар, мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда көлік те дарылдап, тұрып қалады, әрі жолдағы кез келген төмпешік сезіледі. Гипотиреоз туралы айтар болсақ, бұл жерде де дәл осындай жағдай.

Алайда баршамыз білетіндей, гипотиреозбен өмір сүруге және онымен жұмыс істеуге болады, солай ғой? Егер ағзаны алуан түрлі ББҚ, дәрумендермен қамтамасыз етсек, анализдерді қадағалап жүрсек болғаны. Осындай диагноз қойылғанда өзіңді күту мен қалыпты өмір сүрудің жолы қандай?

– Иә, гипотиреозбен өмір сүре беруге болады. Тіпті, жүкті болуға да мүмкін. Бәрі де жақсы болып, ол туралы тіптен ұмытып кетуге де болады. Дегенмен, әрине, ем қабылдау керек, әрі дәрігердің қарауында болған маңызды. Гипотиреозды емдеу жолы оның түріне байланысты болып келеді: бұл йод қоспалары немесе гормондарды алмастыру терапиясы болуы мүмкін. Негізінен дәл осы гормондар қажет.

Мұндағы қауіп неде? Егер гипотиреозды асқындырып алсаңыз, мәселен, ем қабылдаудан бас тарту немесе дәрігердің қарауында болмау секілді жайттар болса, онда гормондардың жетіспеушілігі тек күшейе түседі. Гормондардың мөлшері барған сайын азаяды, ал оларға деген қажеттілік өсе береді, өйткені осыған дейін айтқанымдай, гормондар – бұл дегеніміз отын, бұл адамның ресурсы болып саналады. Өміріңіздің белгілі бір кезеңдерінде осы ресурстарыңыздың көп болуға тиісті сәттері кездеседі, яғни, күйзелістер, алаңдаушылық, емтихандар, жүктілік жағдайлары болса, гормондарға деген қажеттілік те көбірек болады. Егер олар жеткіліксіз мөлшерде болса, онда сіз өзіңізді нашар сезініп, әлсіздікке ұшырайсыз. Мұндай науқастардың, тіпті, дәрігердің қабылдауы барысында ұйықтап қалуы да әбден мүмкін. Осындай жағдайда адам енжарлыққа тап болып, ешнәрсеге қызығушылық танытпайды. Кейде тіпті, науқас дәрігердің қабылдауына өз бетімен бара алмайтын жағдайлар да болады, оны туысқаны, не болмаса жақын адамы әкеледі, бұл науқастың бейжайлық, яғни, апатияға соншалықты қатты ұшырағанын білдіреді. Әрі ең асқынған жағдайды алатын болсақ, бұл реанимациялық жайттарды қажет ететін гипотиреоидтық кома болып келеді. Осындай қауіптің бар екендігі туралы әрдайым есте ұстаған жөн. Гормондық түйткілдер – бұл күрделі жайт. Бұған көңіл бөлген маңызды. Әрі дәрігердің міндеті – сендіру, қауіптер жайлы, сондай-ақ мүмкіндіктер туралы айту. Ал пациенттердің міндеті – тағайындалған емді қабылдау. Әдетте өз пациенттеріме былай деп айтамын: егер мен қойған диагнозға және тағайындаған емге байланысты қандай да бір күмән, не болмаса қорқыныш сезімі туындаса, сіз әрдайым басқа маманның кеңесін ала аласыз. Мен мұны толық қолдаймын. Сізге қойылатын кез келген диагнозды, әсіресе ол өмірлік мәнге (ал гипотиреоз – бұл өмірлік диагноз) ие болса, сіз ол туралы басқа дәрігердің пікірін естіп, растай аласыз, әрі тағайындалған емнің дұрыс екендігіне көз жеткізе аласыз. Мен пациенттің шындықты іздегенін, өзі үшін ең жақсы емді іздегенін әрқашан қолдап отырамын.

Гипотиреоз бен қант диабеті арасында өзара байланыс бар ма? Адамдарды былай деп жиі қорқытып-үркітеді: егер сен қалқанша безіне күтім жасамасаң, онда бұл қант диабетіне әкеліп соқтырады. Яғни, бұл әрдайым жоғары деңгейдегі инсулин, әрқашан жоғары ТТГ және т.б. мәселелер.

– Шыны керек, иә, дәл солай, гипотиреозды қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, бұл гормоналдық бұзылыс. Ал диабет – бұл сәл өзгеше сала болып келеді. Дегенмен ол да инсулин гормонымен байланысты. Алайда бұл байланыс тікелей емес. Яғни, егер сіз гипотиреозға шалдыққан болсаңыз, демек қант диабетіне 100% тап боласыз, немесе керісінше, диабетпен ауырсаңыз, міндетті түрде гипотиреозға шалдығасыз деуге болмайды. І типті қант диабетінің неліктен пайда болатындығы туралы зерттеулер жүргізілген. Дегенмен біз әлі де себебін білмейміз. Теориялардың бірі – бұл аутоиммундық зақымдану. Адамның иммундық жүйесі «есінен танып», инсулинді бөлетін ұйқы безінің жасушаларын бұза бастайды. І типті қант диабеті де гипотиреоз секілді аутоиммундық сипатқа ие деген болжам баршылық. Егер адамда аутоиммундық аурудың бір түрі болса, онда ол автоматты түрде барлық қалғандарына да бейім келеді деп саналады. Бұл гипотиреоз да (егер бұл аутоиммундық тиреоидит болса) болуы мүмкін, ревматоидті артрит те болуы бек мүмкін, бұл тіпті, витилиго да болуы әбден ықтимал. Аутоиммундық дерттердің тізімі өте үлкен, әрі осал тұс қай жерде екендігі – адам ағзасына ғана байланысты болып отыр.

Егер ІІ типті қант диабеті туралы айтар болсақ, бұл жерде аутоиммундық зақымдану болмайды, мұның себебі басқада жатыр. Алайда ІІ типті қант диабетіне шалдыққанда, шынымен де, гипотиреозға біршама бейімділіктің бар екендігін растайтын зерттеулер бар. Сондықтан егер адамда қант диабет болса, біздер әрдайым қалқанша безін де тексеруге тырысамыз. Ондай хаттаманың жоқтығына қарамастан, өзіңнің пациентіңе мұқият көңіл бөлуге ұмтыласың. Егер қандай да бір шағымдар болса, міндетті түрде тексеру керек. Дегенмен тікелей корреляция жоқ.

Сондай-ақ оқу Генетикалық фактор: отбасының тарихы денсаулыққа қалай әсер етеді?

Бүгінгі таңдағы кеңінен таралған тағы да бір термин – диабет алды жағдай. Бұл терминнің салыстырмалы түрде жақында ғана енгізілгені белгілі. Әрі соңғы кездері оны да көптеген адамдарға диагноз ретінде қояды. Осы диагнозға қатысты неден қауіптену керек? 

– Мен медицинаның диабет алды жағдайды анықтауды және оны емдеуді үйренгенін айта аламын, әрі бұл нағыз сыйлық дер едім. Өйткені диабет алды жағдай – қант диабетіне апаратын алғашқы саты. Олар қант көрсеткішінің төмендігімен ерекшеленеді: біз мұны глюкозаланған гемоглобин бойынша, глюкоза бойынша қараймыз. Қарапайым сөзбен айтар болсақ, егер диабет алды жағдайды емдемесек, ол қант диабетіне ұласып кетеді. Ал қант диабеті – бұл өмір бойғы, созылмалы ауру, бір өкініштісі, одан құтылуға болмайды. Ал диабет алды жағдайды емдей аламыз. Бірақ диабет алды жағдайды анықтай алу үлкен сыйлық іспетті, өйткені оны дәл сол жерде дереу «ұстап алып», қажетті емдеу тағайындалады. Сонымен бірге, егер адам ем-дом шараларын ұстанса, қант диабеті жағдайларының 80% құтылуға болады. Бұл науқас үшін де, дәрігер үшін де нағыз тарту деп білемін. Мен диабет алды жағдайдың емделгенін, қант деңгейінің қалыпты екендігін, сонымен бірге қант диабеті енді пациент үшін қауіп төндірмейтіндігін көрген кезде қатты қуанамын. Әлбетте, алғышарттар болғанымен алдағы 10-15 жылда пациент бұл дертке шалдықпайтынын нақты айтуға болады. Бұл өте керемет жайт деп ойлаймын!

Қант деңгейінің артуымен байланысты барлық жағдайлардың айналасы аңыздарға тола. Негізінен адамдардың пайымынша, мұның белгілері – ауыз қуысындағы құрғақтық сезімі, шөлдеу, несептің жиі шығуы, жаралардың нашар жазылуы және т.с.с. Дегенмен бұл белгілердің барлығы да қант диабетінің «өтілі» жоғары болған кезде ғана пайда болады, демек адам өзі сезінбейтін асқынуларға ие болған кезде, яғни, қант деңгейі шамамен 15-20 дейін жеткенде болады. Осының салдарынан уақыт зая кетеді, тамырлар, көз, бүйрек, аяқ және т.б. байланысты жағдайлар асқынады. Осыдан бірнеше ай бұрын мен бір конференцияға қатысқан едім, ол жерде Грузиядан келген профессор диабет алды жағдай кезеңінің барысында-ақ науқаста оның өзі сезбейтін асқынулар кездесетіндігін айтып берді, өйткені ауру белгілері әлі жоқ. Сондықтан мен барлық адамдарды жасына қарамастан, салмақ және тұқым қуалаушылыққа қарамастан, жыл сайын қант деңгейін тексеруге шақырамын. Егер жоғарыда айтылған сол бір гликирленген гемоглобинге анализ тапсыру (ол шамамен 3000 теңге тұрады) мүмкіндігі болып жатса, миллиондаған адамдардың болашағына деген пайдасы айтарлықтай зор болары сөзсіз.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласы да ілгерілеп, салауатты өмір салты мен скринингтерден өтуді насихаттау жұмысы кең етек жаятынына үміттенемін. Демек қант диабетін анықтау ісі де айтарлықтай артып, біздер диабет алды жағдайды ерте кезеңдерінде байқап, әрі оны емдейтін боламыз.

Адамдардың назарын емханаларымызда скринингтердің бар екендігіне аудартқым келіп отыр – сіздер скринингтерден, тіпті, медициналық сақтандырусыз да өте аласыздар, дәл осы тексерулерге глюкоза мен холестерин деңгейін анықтау кіреді. Алайда бұл тұста келесі бір жайт баршылық, қантты тексеру үшін қанды аш қарынға тапсыру керек. Ал аш қарынға оның деңгейі барлық адамдарда дерлік жақсы болып шығады. Сондықтан пациенттеріме әрдайым түсіндіретінім, егер анық-қанығына жетеміз десек, онда гликирленген гемоглобин талдауын тапсырған абзал. Немесе мұның баламасы – бұл қант деңгейі екі мәрте өлшенетін глюкозаға толеранттық тестін тапсыру.

Біз гипотиреоз, диабет алды жағдай және қант диабетін талқыладық. Ал осы дерттердің барлығының да зиянын қалай төмендетуге болады? Мысалы, темекі шегуден, тәтті тағамдардан, алкоголь және т.б. нәрселерден бас тартуға дайын емес адамдар кездеседі. Олар үшін құрамында қанты жоқ тәттілер, алкогольсіз сусындар, әрі денсаулыққа зиян келтіретін жану үдерісі болмайтын темекіні қыздыруға арналған жүйелер ұсынылған. 

– Ең алдымен дәрігердің кеңестеріне құлақ асу қажет. Дәрігердің міндеті әрдайым аурудың асқынуларының алдын алу, науқастың жалпы өмір сапасын жақсарту болып келеді. Өйткені, егер ауру белгілері бар болса, олар әрине адамға кедергі ететіндігі белгілі болып отыр. Екіншіден, адам өзінің өмір салтын өзгерту керек. Демек қандай да бір физикалық белсенділіктің болғаны маңызды. Тамақтануды қадағалау. Дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектерді қабылдау. Тұрақты түрде дәрігердің қарауында болу. Көптеген адамдар (соның ішінде қант диабетіне шалдыққан науқастар) дәрігердің қабылдауына 5 жылда бір рет келуі мүмкін, яғни, тағайындалған дәрілерді қабылдай беріп, тексерілуге келмей жүруі жиі кездеседі. Үшіншіден, бұл жаман әдеттерден бас тарту және ұйқыны қалыпқа келтіру қажет. Бұл жерде ұйқы өте маңызды рөлге ие. Бүгін ғана сомнология бойынша конференция өткен еді, мұнда ұйқының маңыздылығы туралы біраз айтылды. Ұйқының мәнін ескермеуге бомайды, өйткені ол өміріміздің жартысын дерлік алып жатады, сол себептен ұйқыны реттеу, күн тәртібін сақтау міндетті нәрсе болып саналады.

Егер ең залалды әдеттер, яғни, алкоголь ішу және темекі тарту туралы айтар болсақ, әдетте мен пациенттен «Сіз күніне қанша темекі тартасыз?» деп сұраймын. Егер адам бір күнде темекінің бір қорабын шегетіндігін айтса, онда былай деп жауап беремін: «Жарайды, темекіні қалдырайық, дегенмен сіз өзіңізді қинаймай-ақ, темекінің санын біртіндеп азайтатын боласыз». Мәселен, адамда бір күнге жететін бір қорабы болады, енді сол қорапты екі күнге жеткізуге тиіс. Екі күнге созу қолынан келсе, демек осылай әрі қарай да жеткізіп тұруға болады. Кейіннен үш күнге созамыз. Осылайша, бірте-бірте, темекіге деген тәуелділікті төмендетіп отырамыз.

Сонымен бірге мен менталды денсаулықты қосар едім. Күйзелістерді бастан өткере алу қабілетін дамыту, психологпен бірге жұмыс істеу. Күйзеліс гормондары адам ағзасына теріс әсер етеді. «Аурулардың барлығы да жүйке жүйесінің тозғанынан пайда болады» деген мәтелді естіген шығарсыз. Дәл осы кортизол және норадреналин күйзеліс гормондары ағзадағы барлық зат алмасу түрлеріне: нәруыздың, майдың, көмірсудың алмасуына ықпал етеді. Сондай-ақ ұйқы гормондарына да, қан қысымына да, қалқанша безіне де әсер етеді. Жалпы алғанда барлық нәрсеге де ықпалы зор.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

55
4
1

Тақырып бойынша тағы оқыңыз