• Басты бет
  • Адамдар
  • «Темекі тарту сілекейдің қорғаныс қызметін бұзады»– дәрігер-стоматолог
Редакция ұсынады

«Темекі тарту сілекейдің қорғаныс қызметін бұзады»– дәрігер-стоматолог

Шылым шегудің тіс пен қызыл иек үшін салдары қандай, неліктен сілекейдің ағзамыз үшін маңызы зор, егер темекі шегуден бас тартуға дайын болмасаңыз, тістерді сау қалпында сақтаудың жолы қандай, темекінің ауыз қуысына тигізетін зиянын қалай төмендетуге болады? Осы және басқа да маңызды сұрақтардың жауабын дәрігер-стоматолог Сергей Винокуровтан алған сұхбатымыздан оқыңыздар.


Барлық шылымқұмарлардың ең жиі қоятын сұрағынан бастасақ. Темекі тарту тіс пен қызыл иекке қалай әсер етеді?

– Ең негізгі және ең айқын жайт, әрі ол баршамызға да белгілі, – бұл тістің бетінде шылымқұмар өңезінің пайда болу мәселесі. Соның нәтижесінде тістеріміз сарғыш түске (никотиндік дақтар) ие болады. Біздің тістерімізде дәл теріміздегі ұсақ тесіктер секілді қуыстықтар болады. Осы қуыстықтар жеп-ішетінімізді, ал берілген жағдайда тартатын темекіні де сіңіріп алады. Темекідегі шайыр материалды өте оңай бояуға мүмкіндік беретін қасиеттерге ие болып келеді. Шылым шегу немесе темекіні тұтыну сілекеймен араласқан кезде сары немесе қоңыр дақтардың пайда болуына әкеліп соқтырады. Темекі тарудан болатын дақтар тістің кіреукесіне тереңірек еніп кетеді, сондықтан бұл оларды кетіруді қиындата түседі. Әрі бұл эстетикалық тұрғыдан да ұнамсыз көрінеді. Осындай никотиндік дақтары бар тіс кіреукесі қоректік заттарды жеткілікті дәрежеде ала алмай, оған аз мөлшерде ие болады да, сәйкесінше әлдеқайда әлсіз және борпылдақ болады. Сондай-ақ тісжегі және тістің бұзылуына апаратын басқа да факторлардың әсеріне көбірек ұшырайды.

Сонымен бірге никотин шырышты қабыққа одан да көп зиян келтіретіндігін айта кеткен жөн. Қызыл иектің шырышты қабығына, ұрттың шырышты қабығына, еріннің шырышты қабығына, таңдайға зиян тигізеді. Никотиннің тұрақты әсер етуінен басқа темекі ауыз қуысын күйдіріп те жібереді. Осындай ұдайы болып тұратын термиялық жарақат қатерлі ісікке әкеліп соқтыруы әбден ықтимал. Бәріміз де мұның темекі қораптарында жазылатындығын көріп отырамыз. Бұл тектен-тек емес. Ауыз қуысының қатерлі ісігі, тілдің қатерлі ісігі – осының барлығы да темекі тартудың кесірінен болуы бек мүмкін.

Ауыз қуысы мен көмекейдің онкологиялық ауруларын адам темекі тартқан кезде алатын никотиннің өзі емес, ал дәл осы шайыр мен жану үдерісінің басқа да канцерогенді өнімдері тудырады деген пікір баршылық. Бұл рас па?

– Әлбетте, никотинмен салыстырғанда температура әсерінен күйіп қалу мен шайыр бірлескен кезде айтарлықтай теріс әсер ететіні сөзсіз. Егер біз мысал ретінде темекіні қыздыруға арналған жүйелерді (ТҚЖ) алатын болсақ, онда бұл жерде жану үдерісінің жоқтығын айта кеткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда мұның өзі жақсы жайт болып келеді, өйткені осында термиялық күйік болмайды. Дегенмен бұл толықтай қауіпсіз дүние деуге келмейді, бұл тақырыпқа байланысты қосымша зерттеулер жүргізу керек. Менің пациенттерімде, яғни, кәдімгі темекіден ТҚЖ-ға ауысқан шылымқұмарларда, өзім көріп отырғанымдай, өңез айтарлықтай азайған. Ол бар, алайда ол аз. Жай көзбен қарағанның өзінде мұны бірден байқауға болады. Бұрын темекі тартқан пациенттерім бар, олар жарты жыл сайын тіс тазалау процедурасына келетін еді. Кейіннен олар қыздырылатын темекіге көшкен кезде өңездің анағұрлым азайғанын байқадым.

Дегенмен мына бір нәрсені түсінген абзал: егер адам темекі тартса, демек бұл оның тістеріне байланысты түйткілдерді тудырып, әрі өңез, дақтар және басқа да жайттар өмірлік серіктеріне міндетті түрде айналады дегенді білдірмейді. Бұл олай емес. Өйткені осыған сан алуан факторлар әсер етеді. Асқазан сөлінің құрамы, сілекейдің құрамы, гигиенаны сақтау, тістердің орналасуы, яғни, тығыз орналасқан ба, әлде жоқ па, т.с.с. жағдайларға байланысты болып келеді.

Көптеген адамдарға темекі тартудың салдарынан өкпенің қатерлі ісігі болуы мүмкін екендігі белгілі. Алайда көмейдің қатерлі ісігі немесе еріннің обыры туралы білетін адамдар кемде-кем. Бұл аурулар қалай дамиды? 

Ауыз қуысының қанмен қамтамасыз етілуі өте жақсы жүреді, себебі мұнда лимфа тамырлары аса көп. Сондықтан ол жерде қатерлі ісік айтарлықтай жылдам дамиды, әрі бүкіл ағза бойынша жылдам таралады және метастазалар пайда болады. Ауыз қуысында барлық заттардың сіңуі де тез жүріп жатады. Әрі бұл жерге никотин, шайыр түскен кезде, демек олар да адамның бүкіл ағзасына тез сіңіп кетеді. Стоматология – тар сала. Дегенмен дәл осы бөлік арқылы барлық нәрселер ағзаға түседі.

Сілекей тістеріміз үшін қорғаныс қызметін атқаратын қасиетке ие екендігі белгілі. Темекі тартқан кезде оның құрамына шайыр және басқа да заттектер түссе, осы қорғаныс қызметі төмендей ме?

– Сілекейдің негізгі қызметтерінің бірі – қорғаныс функциясы. Соның ішінде тіс кіреукесін қорғау мен тісжегінің пайда болуына жол бермеу. Темекі өнімдеріндегі химиялық заттектер сілекейдің ауызға қалай ағатындығына ықпал етеді. Яғни, сілекейдің құрамы өте маңызды нәрсе, ал темекі осы құрамды өзгертіп жібереді. Табиғи ағым бұзылған кезде сілекейдегі пайдалы ақуыздар мен минералдар өз жұмысын жөнді атқара алмайды, сол себептен бұл тіс өңезінің түзілуіне әкеліп соқтырады. Ал осы өңез шамадан тыс мөлшерде болған кезде тіс тасы пайда болады, яғни, бұл өңездің тастану формасы. Сілекей көп мөлшерде бөлінуі тиіс, ауыз қуысы әрдайым ылғалды болуы керек, демек ешқандай құрғақтық болмауы қажет. Сонымен бірге сілекей біздің тістеріміздің бетіндегі нәрселерді шайып тастап қана қоймай, шырышты қабықты, қызыл иекті жуады, – оның құрамында кездесетін заттектер тісті қорғайтын ерекше биоүлдірді түзеді. Сондықтан осы жайтқа назар аударған дұрыс, яғни, адамда сілекейдің мөлшері жеткілікті ме екен. Егер ауыз қуысында үнемі құрғақтық сезімі болса, бұл қандай да бір аурудың бар екендігін көрсетіп тұруы мүмкін, мәселен, қант диабеті. Бұл тістер үшін де, қызыл иек үшін де жаман болып келеді.

Сондай-ақ оқу Темекіні қыздыру жүйелері vs дәстүрлі темекі: айырмашылығы неде?

Адамдарға, тіпті, олар темекі тартса да, тіс пен қызыл иекті сау қалпында сақтау үшін қандай кеңес берер едіңіз?

– Баршамыз білетіндей, темекі тарту адам денсаулығы үшін тигізетін теріс салдары көптеп кездеседі, алайда стоматолог өз пациентінің әдеттері мен өмір салтына байланысты мін айта алмайды. Біздер тек әдеттің зиянын төмендетуге көмектесе алатын шешімдер мен пайдалы кеңестерді ғана ұсына аламыз, егер пациент сол әдетінен бас тартуға дайын болмаған жағдайда. Шылымқұмарларға айтатыным – темекі шегуден бас тарту керек. Егер бас тарта алмасаңыз – темекіні азырақ тартыңыз, гигиенаны жақсартыңыз, стоматологтың қабылдауына, сондай-ақ ауыз қуысын кәсіби тазалау процедураларына жиірек келіп тұрыңыз. Өздеріңіз де ерінде, шырышты қабықта қанайтын фрагменттердің пайда болуына, ауыратын жерлерге назар аударып жүргеніңіз абзал. Егер адам өзін-өзі шектей алмаса немесе жаман әдетінен бас тарта алмаса, онда дәрігердің қабылдауына жиірек келгені дұрыс. Соның ішінде темекі тартпайтын адамдарға қарағанда шылымқұмарлар маманның көмегіне жиірек жүгінуі керек, өйткені бұл қосымша қауіп факторы болып есептеледі. Дегенмен адамдар негізінен бір жері ауырғанда ғана немесе тісі түсіп қалған жағдайда келіп тұрады. Сонымен бірге қызыл иектің қанағанын ешқашан назарсыз қалдырмаңыздар. Егер қан ақса, демек қандай да бір түйткіл бар деген сөз. Әрине, біржолғы жарақаттар кездесіп тұрады. Мәселен, сүйекті мүжіп жедіңіз делік – қанап кетті. Бұл тұста қорқатын түгі де жоқ, мұның ешқандай да салдары болмайды. Алайда қызыл иек жиі қанаса, сондай-ақ жағымсыз иіс бар болса, демек мұның қайдан пайда болғаны және осы тұста не істеуге болатындығын білу үшін міндетті түрде тіс дәрігері тексеруі керек.

Ал темекі тартпайтын адамдарға арналған қандай әмбебап кеңестер бар?

– Қызыл иек денсаулығы мен тістердің денсаулығы бала туылғанға дейін басталатындығын есте ұстаған маңызды. Ұрық ана құрсағында жатқан кезде тістердің негізі қалыптасады. Ананың жүктілігі қалыпты өтуі тиіс. Жүктілікке дейін ол өзінің тістері мен қызыл иегін емдетіп алуы керек. Әйел жүктілік кезінде дұрыс тамақтануға тиіс, сондай-ақ осы уақыт аралығында мүмкіндігінше ауырмағаны абзал, өйткені бала тістерінің негізі қалыпты дамуы үшін ешнәрсе әсер етпеуі қажет. Осыдан кейін ғана, яғни, тіc пайда болған кезде, – гигиенаны сақтау, жақсы тамақтану, жалпы алғанда салауатты өмір салтын ұстану керек. Сонымен бірге тістем де аса үлкен маңызға ие, тістердің тығыз орналасуы да теріс ықпал етеді, тістемге байланысты тағы да басқа түйткілдер болады. Балалардың тыныс алуына да назар аударған маңызды. Бала да, ересек адам да тек мұрынмен тыныс алуы керек, яғни, ауыз бен ерін жабық болуы тиіс. Егерде бала мұрынмен тыныстаса, демек бәрі де дұрыс дамып келе жатыр деген сөз. Ал егер қандай да бір себеппен мұрынмен тыныс алу болмаса, әрі мәжбүрлі түрде ауызбен тыныстау пайда болса, – тіл мен жақтың орналасуы өзгеріске ұшырап, тіс доғасы да мәжбүрлі түрде бұзылуы бек мүмкін. Шоколад кәмпиттерін көп мөлшерде, әсіресе, кешкісін жеудің қажеті жоқ. Оның барлығы да тістерге жабысып қалады, біз болсақ, солайымен ұйықтап қаламыз. Ал ересек болған кезімізде осының салдарымен – тісжегі, тесіктер, қызыл иек мәселелерімен күресіп жүреміз. Әрі қолымыздан келетін бір-ақ нәрсе – бұл пломбаны қою.

Сізді, дәрігер ретінде, стоматология саласының қандай заманауи жаңалығы ең қатты таң қалдырғанын айта аласыз ба?

– Мені негізінен науқастарды емдеуге көмектесетін техниканың дамуы таң қалдырады. Микроскоптар, сканерлер, жаңа материалдар, сондай-ақ сол бір винирлерді айтуға болады. Жабысқақ материалдар – желім, оның арқасында біз енді винирлерге арналған жаңа материалдарды – жұқа керамиканы жасай алу мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Желімнің жұқа құрылымды жабыстыра алу қасиетіне келсек, мұндағы тіс пен керамика тура бір монолит іспетті бола түседі. Микроскоп болса, бізге бұрын жай көзбен көре алмаған нәрселерді көруге мүмкіндік беріп отыр, бұл емдеу сапасын арттырады және осыған дейін емдей алмаған жерлерді емдеу мүмкіншілігін ұсынатыны сөзсіз.

Бір жағынан, стоматология – прогрессивті сала болып саналады. Ал екінші жағынан қарайтын болсақ, осыдан мың жыл бұрын болған тісжегі күні бүгін де баршылық, әрі ешкім де оны жеңіп көрмеген. Осыған дейін болған пародонтит, бүгін де бар. Біз әлі де оны жеңген емеспіз. Егер микробилогия саласымен салыстыратын болсақ, ол жердегі микробтардың барлығы қандай да бір дәрежеде антибиотиктер немесе басқа құралдардың көмегімен әлдеқашан жеңіліске ұшыраған. Ал бұл жерде біздің қолымыздан ешнәрсе келмейді. Сондықтан барлық емдеу шаралары мен прогресс тек қана салдармен күрес жүргізуге бағытталып отыр.

Неліктен стомотология осыншама қымбат сала болып келеді? 

– Стоматологияның, әсіресе жақсы стоматологияның, арзан еместігі рас. Әрі бір өкініштісі, егер адам дәрігер қабылдауына ұзақ уақыт келмесе, оның тістерге байланысты түйткілдері тек жинақтала береді. Содан соң маманға келген кезде оған келесідей жайттар айтылады: мына бір жерді емдеу керек, мына жердегі тісті жұлу керек, үш имплант қою қажет, оған қоса тіссауытты орнату керек. Нәтижесінде шот үлкен болып шыға келеді. Ал егер үнемі келіп тұрсаңыз, жарты жылда бір рет болсын, бәрі де жақсы болатыны айқын. 10 жылдап келмеген кезде, әрі тісті күтпеген жағдайда ғана оны емдеу қымбатқа түсетіні сөзсіз. Мұнда бәрі де бір-біріне ықпал етеді, егер бұзылған тіс болса, көрші орналасқан тістер жылжи бастайды, оларды орнына қайтару қажет болады, сондай-ақ жарықшақтар да пайда болуы ықтимал. Осының барлығы да жинақтала келіп, стоматологтың жұмыс көлемін ұлғайтады, сәйкесінше шығатын сома да арта түседі. Кейде, тіпті, бүкіл тістерге де винирлерді қою қажеттілігі туындайтын жағдайлар болып жатады. Әрі бұл әдемілік үшін емес, қалған тістерді сақтап қалу мақсатында керек. Адамдардың бәріне де айтатыным: стоматологқа баруды ешқашан кейінге қалдырмаңыздар. Тіске байланысты түйткілдерді жинаудың еш қажеті жоқ.


Аударған: Рита Сәрсенова

Понравилась ли вам статья?

4
1
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз