Редакция ұсынады

Көз қуысындағы түтін: темекі шылымқордың жанарына зиянын қалай тигізеді?

Көз қуысындағы түтін: темекі шылымқордың жанарына зиянын қалай тигізеді?:

Темекі тартқаннан бірінші кезекте адамның өкпесі зиян көреді деген қалыптасқан пікір бар. Ал офтальмолог Сергей Климов бұл мәселеге басқа тұрғыдан қарауға көмектесті. 


Темекі түтінің құрамын зерттеп көрсең, органикалық және бейорганикалық химиядан шағын курс алғандай боласың. Қызарған шоғы бар шылымдағы барлық зат пен олардың байланысы адам ағзасы үшін еш пайда әкелмейді, ал көбі тіпті мутаген және канцерогенді саналады. Осының кесірінен зақымдалатын мүшелердің алдыңғы қатарында көзіміз тұр. 

Көздегі қан айналымын бұзатын аурулар

Ғалымдардың көпшілігі темекіні тамыр уы деп атайды. Мұндай атау бекер берілген жоқ. Шылым түтінінде кездесетін көптеген зат, оның ішінде никотин қан тамыры жүйесіне кері әсер етеді, яғни тамырларды күрт тарылтып жібереді, осының кесірінен ағза мүшелері қанмен дұрыс қамтамасыз етілмейді. Адамның көзі – сезімталдығы жоғары, тез зақымдаланатын, түрлі тамыр мен қылтамырдан тұратын мүше. Сәйкесінше оның жұмысына кері әсер ететін кез келген дүние ұлпаны құртады, яғни көру қабілеті не нашарлайды, не мүлдем жоғалады.

Шылымқорларда, мәселен, көз ішкі тор қабатының (ғылыми тілмен айтқанда, макулдың) сары дағының бүлінуі бірнеше есе жиі кездеседі. Бұл ерекше дақта миллиондаған таяқша мен түтікше бар, ал мұндай фоторецепторлар бізге күндіз жақсы көруге және ұсақ-түйекті байқауға көмектеседі. Көз торының бұл аймағының бұзылуы қара дақтардың, көлеңкелердің пайда болуына, орталық көру қабілетінің зақымдануына алып келеді. Мұндай диагнозы бар пациент мәтін оқығанда әріптердің «түсіп» қалуын, жолдардың қисайғанын байқайды. Айналадағы заттар да басқаша көрінеді. Теледидар қарау, көлік жүргізу, тіпті таныс-жақын адамдардың бет-жүзін тану қиынға соғады.

Темекіге үйір болу кәрілік катарактасының пайда болу қатерін арттырады. Көз шынысының патологиялық түрде «лайлануы» – ең қауіпті аурулардың бірі. Көз шынысы табиғатынан мөлдір және биологиялық линза міндетін атқарады. Алайда ол «кірленсе» жарық өткізе алмайды, салдарынан көру қабілеті нашарлайды. Адам әлемге буланған әйнек арқылы қарайды, заттар қосарланып көрінеді, қатты жарыққа деген сезімталдық артады, түнде көру қабілеті бұзылады, уақыт өте келе соқырлық пайда болады.

Увеит – көздің тамыр қабығының қабынуы. Бұл да шылымқорларда жиі кездесетін сырқат. Қатты ауырады, қызарады, жарыққа қарай алмайды, жас аға береді. Дұрыстап ем алмаса, увент те соқырлыққа апаруы мүмкін. 

Қалқанша без жұмысының бұзылуы көзге қалай кері әсерін тигізеді?

Темекі түтіні қалқанша без қызметін бұзады. Бұл Грейс гипертиреозның пайда болуына жол ашатын механизмді іске қосуы мүмкін. Аталған сырқат Базедов ауруы немесе бадырақ көз деген атаумен де белгілі. Ол пайда болғанда йод бөлу және жеткізу қызметінде ауытқу пайда болады, салдарынан көздің айналасындағы жұмсақ ұлпа мен бұлшық ет қабынып, іседі. Нәтижесінде патологиялық өзгерістер пайда болады. Адам аурудан қиналады. Күрделі косметикалық проблемалар туындайды. 

Көру қабілеті және көз ұлпасындағы оттегі жетіспеушілігі

Темекі түтінің құрамында цианидтер, атап айтқанда өлімге апаратын у ретінде белгілі көгерткіш қышқыл тұзы бар. Бұл заттың тұтқындарды өлтіру үшін газ камераларында, соғыс кезіндегі химия шабуылы барысында улаушы ұрыс қаруы ретінде қолданылғанын немесе оның көмегімен көптеген танымал тұлғаның қаза болған яки өз-өзін өлтіргенін еске сала кетуге болады.

Цианидің өлімге апармайтын көлемін қабылдау әлсіздік, бастың айналуы, жүрек айнуын, құсуды, аритмияны, қол-аяқтың қалтырауын, ауызда металл дәмінің пайда болуын тудырады. Бұл заттардың улау қасиеті оның қанға оңай сіңіп кетуімен байланысты. Ары қарай ол қан арқылы ағза мүшелеріне оп-оңай жетіп, жасушаның тыныс алуына жауапты, құрамында темірі бар ферменттермен байланысып, олардың белсенділігін төмендетіп, ұлпадағы оттегі жетіспеушілігін тудырады. Ағза оттегін игеру қабілетінін айрылады.

Бір шылымның түтінінде шамамен 240 микрограмм сутегі цианиді бар. Бір қарағанда, аз көрінуі мүмкін. Алайда шылымқор темекіні әр жолы аузына салғанда цианидті аз-аздан жұтып отырады. Зиянды әдет ұзақ жылдарға созылғанда, ағза қалпына келіп үлгере алмайды, кері әсер жинала береді, ақыры жүйке жүйесі бұзылады, көру жүйкесінің ретробульбар невриті пайда болуы үшін «қолайлы» орта қалыптасады.

Бұл аурудың алғашқы белгілері – көру аумағының тарылуы және скотоманың, яғни түрлі формадағы дақтардың әр жер-әр жерде пайда болуы. Скотома бар тұста айнала бұлдырап көрінуі немесе мүлдем көрінбеуі мүмкін. Көз қуысы сыздап ауыра бастайды, көз қозғалғанда, ол үдей түседі. Бас ауырады. Аяқ астынан, бар болғаны бір-екі күн ішінде көр қабілеті алты диоптрийге дейін күрт нашарлап кетеді. Тіпті соқыр болып қалуы да мүмкін. 

Басқа аурулар

Ғалымдар цианид жұтумен контрастты суретті жоғалту мен түстерді көрудің бұзылуын да байланыстырып отыр. Адам күніне бір қорап шылым шегетін болса және мұны ұзақ уақыт бойы қоймаса, оның түстерді танып, ажырату қабілеті біртіндеп әлсірей бастайды. Бұл жасыл, қызыл, сары және көк реңктерге қатысты. Қандай да бір түсті дәл табу қасиетінің жоғалуы дәл осындай ретпен жүреді. Бұған қоса «тәжірибелі» шылымқорлар қартайған шағында мүлдем көруден қалады.

Аллергиялық конъюнктивит пен құрғаз көз синдромы – бұл аурулардың да пайда болуына кей жағдайда темекі түтініндегі түрлі заттардың қоспасы кінәлі болып жатады. 

Көзге қалай көмектесе аласыз?

Ең бірінші кеңес – темекіні қою. Әрине, біз шылымды оп-оңай тастап кетуге болмайтынын түсінеміз. Сондықтан жабық орында, мәселен, үй ішінде емес, таза ауаға шығып, «түтіндетуді» ұсынамыз.

Сонымен қатар никотин қабылдаудың электронды темекі немесе темекіні қыздыру жүйесі секілді түтінсіз әдістерін байқап көруге болады. Мұның алғашқысында құрамында никотині бар арнайы сұйықтық қолданылады, ал екіншісі тұтынушыға қажет никотин бөлінетіндей температураға дейін темекіні қыздырып береді. Яғни кәдімгі шылымға қарағанда улы заттарды әлдеқайда аз бөледі, зиянды байланыстар да көптеп түзіле қоймайды. Себебі шылымға қатысты зиянның басым бөлігі никотиннен емес, оны азғазаға тасымалдайтын түтінге байланысты туындайды. Сондай-қ бұл құрығылар шылымқор адам үшін аса маңызды «темекі тартып келу» салт-жорасының сақталуына көмектеседі.

Осы айтылғанның бәрі зиянды біртіндеп азайту концепциясынан туындайды. Бұл тәсілді көптеген дамыған ел қолданып отыр. Ғалымдар мен дәрігерлер зиянды әдеті бар адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратудың еш нәтиже бермейтінін баяғыда түсініп, саналы жолды ұсынып отыр, яғни келер қауіп-қатерді әркім өзі сезінуге тиіс. Зиянды біртіндеп азайту әдісінің мәні осыда.

Өзіңіз темекі тартпайтын болсаңыз, алайда шылымқорлармен жиі аралассаңыз, залалдан барынша қорғануға тырысыңыз, мәселен, әріптестеріңізбен бірге темекі тартуға шығуды қойыңыз, үйде шегуге тыйым салыңыз. Шылымқордың жанында түтінді бірге жұтып тұру да қауіпті.

Микроэлементтері және лютеині бар полидәрумендерді ішіңіз. Дәрумендер, әсіресе В12  түтіннің ағзаға тигізер әсерін азайтады.

Дене шынықтыру жайлы ұмытпаңыз. Бұл тамыр жүйесі жұмысының тиімділігін арттырады және жалпы ағзаның қалпына келуіне көмектеседі.

Ең басты дүние. Көзіңізді тұрақты түрде офтальмологқа көрсетіп тұрыңыз. Кем дегенде жарты жылда бір рет тексеріліңіз. Бұл әдетке айналсын. Және өз бетіңізбен емделуге тырыспаңыз.


Аударған Димаш Зиядин

Фото дереккөзі Shutterstock

Понравилась ли вам статья?

1
0
0

Тақырып бойынша тағы оқыңыз